Павлодар облысы бойынша кедендік бақылау департаменті контрабандамен күрес басқармасының бас маманы 50 мың теңге көлемінде пара алу үстінде ұсталғаны туралы бұған дейін жазылған еді. 13 дана ескі монеталарды контрабандалық жолмен шекарадан алып өтпекші болған Агаповқа (тегі өзгертілді) қатысты қылмыстық іс қозғамау туралы заңсыз қаулы шығаруды ұйғарған кеден қызметкері сол үшін пара алуды жөн санапты.
Қарағанды облысы Шахтинск қаласының тұрғыны болып табылатын Агапов Қарағанды қаласынан Ресейдің Новосібір қаласына автобуспен шыққан. «Қосақ» кеден бекетіне келгенде одан 13 дана ескілікті монета табылады. Шекара қызметінің өкілдері бұл жайда экономикалық контрабанданың белгісі бар екенін анықтап, сәйкес материал түзіп, оны одан әрі қарау үшін Павлодар облысы бойынша кедендік бақылау департаментіне жолдаған. Департамент қызметкері ұсталған тұлғадан пара алуды ұйғарып, өз «ұсыныстарын» көлденең тартқан екен. Агаповтың қалтасында дәл сол сәтте 10 мың ресей рублі бар екенін, біздің ұлттық валютаға шаққанда ол 50 мың теңгені құрайтынын білген кеден қызметкері осы соманы беретін болсаң, істі сенің ыңғайыңа реттеймін дейді. Кеденнің лауазымды қызметкерінің әрекеті заңсыз екенін аңғарған Агапов болса, мәселені қаржы полициясына жайып салып, өтініш түсірген. Одан кейінгі іс-қимыл әдеттегідей: Агапов 50 мыңды ұстап алдын ала келісілген жерге барады, параны береді, кеден қызметкері алады, артынша қаржы полицейлері пара алушыны құрықтайды. Қылмыстық іс қозғайды.
Таяуда осы қылмыстық істі қараған Павлодар қалалық №2 соты бұрынғы кеденшіні 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және 3 жылға мемлекеттік қызметті атқаруға шектеу қою туралы үкім шығарды.
Асыл ӘБІШЕВ.

