Павлодар қаласындағы «Суворовский» деп аталатын қабірстаннан шойын шарбақтарды тонамақ болған тұлғалар әшкере болды. Қызметте жүрген жол полициясы өкілдері аталмыш қорым маңынан күдікті адамды және «Газель» автокөлігін байқап қалыпты. Артынша, сол жерге жетіп, жүргізушінің және онымен бірге болған тағы бір азаматтың құжаттарын тексереді. Одан соң, автокөліктің ішін тексеріп, нәтижесінде көлікке шойын шарбақтар тиелгенін анықтапты. Қорымда жүрген жігіттер шойын шарбақтарды молалардың қоршауынан бұзып, тиеп алғандарын мойындапты. Белгілі болғандай, қорым қарақшылары бас-аяғы 3 қабірдің қоршауларын бұзып алған.
Осы істің мән-жайын анықтау барысында ұсталғандардың бірі бұдан бұрын Павлодар қаласындағы жерлеу салт-жоралары бойынша қызмет көрсететін ЖШС-де жер қазушы болып қызмет еткені мәлім болыпты. Оңай олжаны місе тұтқан жігіттердің темір-терсек тапсырып, табыс тапқысы келгендері айқындалды. Олардың «арқасында» келтірілген шығын көлемі - 100 000 теңге.
Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыптылардан ешқайда кетпеуі жөнінде қолхат алыныпты.
Асыл ӘБІШЕВ.

