МЕДИЦИНА ЖАРШЫСЫ

Қатерлі ісік – қоғам жарасы

Жұрт арасында «жаман ауру» деп аталып кеткен қатерлі ісік кеселі соңғы кездері елімізде дендеп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2007 жылғы мәліметі бойынша, осы дертке әлем әйелдерінің бір жарым миллионы шалдыққан екен. Олардың қатарында қазақстандық қыз-келіншектер де бар. Елбасы халыққа Жолдауында онкологиялық ауруларға қарсы күресті күшейту керектігін баса айтып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасауды тапсырды.

Талайдың тағдырын талқан еткен осынау індеттің пайда болу себептері мен алдын алу жолдары жөнінде Павлодар қалалық №2 емхананың әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі Айжан Мақанова әңгімелейді.

 

Елемеген ауру жаман

Бұрын бұл аурумен жасы егде тартқандардың ілуде біреуі ғана ауыратын болса, қазір жас та, жасамыс та жапа шегуде. Әйтсе де, сырқатты анықтаудың сатыларына байланысты неғұрлым ертерек ем-дом жасалса, оны 90 пайызға дейін айықтыруға медицинаның мүмкіндігі бар. Ол үшін Үкімет арнайы бағдарламалар қабылдап, қатерлі ісікке қарсы түрлі шараларды қолға алуда. Бүгінгі таңда республика бюджетінен қыруар қаражат бөлініп, шет елдерден сәулемен емдейтін аппараттар, құрал-жабдықтар алынуда. 2008 жылдан бері Еуропалық стандартқа сай жаңа медициналық қондырғыларға қол жеткізген аймақтағы онкологиялық диспансердің тыныс-тіршілігі бұрынғыдан едәуір жақсаруда. Мұндағы Чехословакия елінен шыққан «TERASIX» аппараты рак клеткаларының қай жерде екенін дәл анықтауға мүмкіндік берсе, «TERAGAM» қондырғысында компьютерлік бағдарлама арқылы сәулелі терапия жасалады. Ем қабылдаушылардың 70 пайызы осы жерде емделеді. Ал Германияда жасалған «MULTISOURCE» аппараты әйелдердің жатыр мойнындағы қатерлі ісіктерді емдейді.

Жалпы, ісік ауруына шалдыққандарға медицинада үш түрлі тәсілмен ем жасалады. Олар: хирургиялық (ота жасау арқылы ісікті алу), сәулемен емдеу (радиоактивті аппараттар арқылы) және химиятерапиялық (нәтижесі жоғары химиялық дәрілермен емдеу).

Аты жаман аурудың емін алуды кез келгеннің қалтасы көтермейді. Сондықтан, Еуропа елдерінде қолданылып жүрген сәуле мен хирургиялық операция жасайтын аппараттар және химиялық дәрілердің шығынын мемлекет өз мойнына алып отыр. Соған қарамастан, адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы көңіл бөлетіні өкінішті.

 

Індет қалай пайда болады?

Негізінен, ісік ауруларының пайда болу себептерін жіктеп айту қиын. Бірақ, бір нәрсе айқынол сау жерден шықпайды. Мәселен, ұзаққа созылған, толықтай айықпаған немесе асқынған сырқатпен ауырғанда, ағзадағы иммунитетті сақтау мүмкіндіктері нашарлағанда, сондай-ақ, ішкі-сыртқы әсерлердің дендеп, бәрінің бірігуінен қатерлі ісік пайда болуы мүмкін. Қатерлі ісік жасушаларықан тамыры, лимфа жолдары арқылы бүкіл денеге тарайды. Ал қатерсіз ісік - қатерлі ісіктің баспалдағы деген сөз. Мысалы, бұл індет сүйектің саркомасы, ал әйелдер арасында сүт безі, жатыр ісігі гармондардың өзара тепе-теңдік байланыстарының бұзылуы, созылмалы қабыну, т.б аурулардың әсерінен пайда болады.

Онколог мамандар рак тудырғыш мынадай жағдайлардан абай болуды ескертеді:

• Сәби кезінде баланың тісіне көп көңіл бөлу керек. Дұрыс шықпаған немесе ауру тістер ағзада ісіктің пайда болуына жағдай туғызады;

• Артық салмақ қосу;

• Бір орында қозғалыссыз ұзақ отыру;

• Ішімдікті үнемі және шектен тыс пайдалану;

• Ұзақ уақыт шылым шегу;

• Дұрыс тамақтанбау, соның ішінде құнарлылығы аз, консервант тағамдарды пайдалану және күйген тамақты жеу;

• Қыстың қамын ойлап, жаз маусымында тұздап сақтаған қияр-қызанақтардың, қайнатылған тосаптардың ұзақ тұрып қалуы;

Сонымен қатар, күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелерден терінің қатерлі ісігі пайда болады. Сондықтан, 17 жасқа дейінгі балаларды күн сәулесіне күйдірмеген абзал. Әсіресе, күндізгі сағат 11.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейінгі аралықта ультракүлгін сәулелер көп бөлінеді. Бұл уақыт аралығы өте қауіпті. Бүгінде «солярий», яғни ультракүлгін сәулелерінің жасанды түрі шығып жатыр. Оны жас балаларға пайдалануға мүлдем болмайды. Себебі, теріде қатерлі ісік пайда болуы ықтимал.

 

Алдын алу жолдары

• Үнемі бір түрдегі азықтарды пайдаланбау;

• Тамақтану кезінде тамақтың дәмділігі мен қоректілігіне мән беру;

• Тоя тамақ жемеу;

• Ас қорыту жүйесінде жарақаты бар адамдар сыра ішпеуі керек. Өйткені, сыраның құрамында көп мөлшердегі көмірқышқыл газы болатындықтан, асқазандағы көмірқышқылының мөлшерін одан ары арттырып, жараның тесілу қаупін туғызады.

• Темекіні шектен тыс, тіпті мүлдем тартпау;

• Тұзды тағамдарды аз тұтынып, қуырылған тамақтарды жемеу;

• Шектен тыс шаршамау;

• Көңіл-күйді көтеріңкі ұстау;

• Жеміс-жидектер мен көкөністерді көп пайдалану;

• Еңбек ету мен демалу тәртібін сақтау;

• Дене шынықтыру белсенділігін арттыру.

 

Міне, осы айтылғандарды мұқият орындасаңыз, бұл аурудың алдын ала аласыз.

Қатерлі ісік ауруы алғашқы сатыларында-ақ анықталғанда, дерттен 100 пайыз айығуға болады дейді мамандар. Ол үшін әрбір адам денсаулығын уақытылы тексертіп тұруы қажет. Ең бастысы, әркімнің өз денсаулығы –өз қолында екенін естен шығармау қажет.

 

Керек дерек

Облыс бойынша 2010 жылы 1274 сырқатта осы дерттің белгілері анықталды. Оның 52 пайызыалғашқы сатыдағы сырқаттар. Ал 12 пайызы ауруын өткізіп алып, дәрігерге кеш келгендер.

Қатерлі аурудың салдарынан өңірде 2009 жылы – 813, ал 2010 жылы -746 адам көз жұмды. Республика бойынша 2009 жылы 100 мың адамға шаққанда сырқатқа шалдыққандар 158,5 пайыз болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 165,5 пайызға дейін артқан екен.

 

 

 

Сұраңыз, жауап береміз...

Құрметті оқырман! Дәрігердің ақыл-кеңесіне мұқтаж болсаңыз немесе медицина саласына байланысты өзіңізді толғандырған сауалыңыз болса, редакциямызға хабарласыңыз.

«Сұраңыз, жауап береміз...» айдары сізді алаңдатқан сауалды білікті мамандарға жолдап, көмек көрсетуге әрдайым әзір.

 

Сұрақ.

НҰРТАЙ, Павлодар қаласының тұрғыны.

- Мойыныма сыздауық шықты. Ауруым жаныма қатты батып жүр. Не істесем екен?

 

Жауап:

- Бізге сауал жолдап отырған оқырман уақыт өткізбей, бірден дәрігерге қаралғаны жөн. Сыздауық асқынып кетсе, оның жазылуы қиынға соғады. Әсіресе, мойынға шыққан сыздауық өте қауіпті. Себебі, қан тамырлары арқылы аурудың уыты миға шауып, адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Тіпті, сыздауыққа қарсы емдеу шаралары дер кезінде қолға алынбаса, ол өршіп кетуі ықтимал. Тағы бір айта кетерлігі, мойынға шыққан сыздауықты қолмен сығып, инемен немесе түйреуішпен шұқуға болмайды.

Үй жағдайында сыздауықты емдеу үшін пиязды екіге бөледі де, бір жартысын табаға күйдірмей қыздырады. Былқылдап босағаннан кейін ыстық күйінде сыздауықтың аузына тартып, таңып тастайды. Пиязды 4 сағат сайын жаңалайды. Көп кешікпей әлгі сыздауық жарылып, тез жазылып кетеді. Есте сақтайтын жайт, сыздауық шыққан адам тазалық сақтауы тиіс.

 

АДАМ АҒЗАСЫ ҮШІН

 

дәрумендердің алар орны қандай?

Дәрумендер - адам ағзасы үшін өте қажетті биологиялық белсенді зат болып табылады. Олар ағзаға күнделікті ішіп-жейтін тағамдар арқылы беріледі. Сол үшін тағамның құнарлы болғанына көңіл бөлген жөн. Ал бірыңғай құнарсыз тағамдарды тұтыну - дәруменнің жетіспеушілігін туғызады.

Дәрумендер – ерекше органикалық заттар болып саналатындықтан, адам олардың аз мөлшерін ғана пайдаланады. Бірақ, дәрумендерсіз ағзаның қалыпты жұмыс істеуі және жетілуі мүмкін емес. Ғалымдар адамзаттың ой еңбегін арттыруға, өсуін дамытуға, сондай-ақ, ағзаның ауруларға қарсы тұруын қамтамасыз ету үшін дәрумендердің пайдасы мол екенін анықтаған. Егер тағам құрамында дәрумендер жеткіліксіз болса, ағзаның жұмысы нашарлап, соның салдарынан адам түрлі ауруға тез шалдығады екен.

Дәрігерлердің айтуынша, дәрумендер өсімдіктер мен жануарлардың өнімдерінен алынатын азық-түліктерде болады.

Медицинада дәрумендерді А, В, С, D, және т.б. латын әріптерімен белгілейді. Адам ағзасы үшін олардың әрқайсысының түрлі қасиеттері мен пайдалы жақтары бар. Мәселен, А дәрумені ағзаның өсуіне және дамып, жетілуіне әсерін тигізеді. Көздің көргіштігін жақсартып, теріде зат алмасуды реттеуге ықпал етеді. Ол – нәлім (треска) балығының бауырында, теңіз алабұғасында, сары майда, сәбізде, қызанақта көп болады.

В дәруменінің мынадай бірнеше түрі бар: В1, В2, В6, В12, В15. Сондықтан, оларды В дәрумендер тобы деп атайды. Олар: нанда, жеміс-жидектерде, ашытқыларда болады. В дәрумендер тобы бұлшық ет пен жүйке жүйесінің жұмысына әсер етеді. Бұл дәрумендер жеткіліксіз болғанда, адам әлсіз әрі ашуланшақ болады. В12 дәрумені жілік майында қызыл қан түйіршіктерінің (клеткаларының) жетіліп, қанға түсуіне және оттегін тасымалдауға әсер етеді. Бұл дәрумен жеткіліксіз болса, қаназдық ауруы пайда болады. В15 дәрумені – жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады.

С дәрумені ағзаның түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Сол үшін оны қыс және көктем мезгілінде көбірек пайдаланған дұрыс. Бұл дәрумен ағзада жеткілікті болуы үшін көкөніс пен жеміс-жидектерді, ашыған қырыққабатты тағамға пайдаланған жөн.

Д дәрумені ағзада күн сәулесінің әсерінен түзілді. Ол жетіспесе, балалар мешел (рахит) ауруына шалдығуы ықтимал. Мұндай сырқатқа душар болғандардың ұйқысы нашарлап, қаңқасы дұрыс қалыптаспайды, аяқ сүйектері қисайып, басы мен іші үлкейіп кетеді. Бұл аурудан сақтану үшін бала таза ауада, күншуақта көбірек серуендеуі қажет. Сонымен қатар, оған берілетін тамақтың құрамында дәрумендер жеткілікті мөлшерде болуы керек.

Айта кетерлігі, дәріханалардан сатып алынған дайын дәрумендерді дәрігердің рұқсатынсыз пайдалануға болмайды. Себебі, оны мөлшерден көп тұтынған адам түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін.

К дәрумені қан құрамындағы қан ұюға қатысатын заттарға әсерін тигізеді. Сондықтан, бұл дәрумен жетіспеген жағдайда жарақаттанған адамнан қан көп кетеді. К дәрумені қырыққабатта, қызанақта және бауырда болады. Оны ішектегі микроағзалар түзеді.

Азық-түлікте ұзақ уақыт бойы дәрумендер болмаса, ағзаның дәруменді сіңіру қабілеті бұзылып, «авитаминоз» ауруы пайда болады. Авитаминоз дәрумендердің жетіспеушілігінен ғана емес, кейде ағзаның дәрумендерді табиғи, физиологиялық, психологиялық және тағы басқа да факторларға байланысты көп қажет етуінен туындайды. Авитаминоз салдарынан адам ағзасында зат алмасу процесі бұзылып, иммунитет төмендейді, адам түрлі созылмалы және жұқпалы ауруларға шалдығуы мүмкін. Ал дәрумендердің жетіспеуінен болатын құбылысты «гиповитаминоз» деп атайды.

Гиповитаминоз – ағзаға қажет дәрумендер мөлшерінің қалыптан тыс төмендеп кетуінен пайда болады. Әдетте, гиповитаминоз сырқаты қыстың аяғына таман, яғни азық-түлікте дәрумендер мөлшері өте азайған кезде байқалады.

Жалпы, әр адамның денсаулығы үшін дәрумендердің алар орны ерекше. Сол себепті, құнарлы тағамдарды көбірек жеген дұрыс. Ал дайын дәрумендерді пайдаланғанда дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн.

 

СҰРАҢЫЗ, ЖАУАП БЕРЕМІЗ...

 

Құрметті оқырман! Дәрігердің ақыл-кеңесіне мұқтаж болсаңыз немесе медицина саласына байланысты өзіңізді толғандырған өзге де сауалыңыз болса, редакциямызға хабарласыңыз.

«Сұраңыз, жауап береміз...» айдары сізді алаңдатқан сауалды білікті мамандарға жолдап, көмек көрсетуге әрдайым әзір.

Сұрақ.

ЖАНАТ, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Соңғы кездері таңертең ұйқыдан тұрғанда көзімнің алды ісіп, желкем қатты құрысып ауырып жүр. Не істеуге болады?

 

Жауап.

-Көбінесе ауыр жұмыс істеген адамдардың ұйқыдан кейін көзі ісіп, желкесі құрысып ауырады. Бұл жағдай ми тамырларының тарылып, қан қысымының артқанын білдіреді. Сондықтан, осындай кезде жаттығу жасаудың маңызы зор. Айталық, орындыққа отырып, иықты түсіріп, мойынның жоғарғы екі жағынан төменгі жақ сүйектің бұғанасына дейін саусақ ұшымен 1-2 минуттай жайлап уқалау керек. Бұдан кейін оң қолдың саусақтарымен желкедегі шаштың түбіне массаж жасап, тағы біраз уақыт жоғары-төмен уқалаған жөн. Осылайша, желкеге төрт-бес күн үзбей массаж жасаса, құрысқан жер басылып кетеді. Ал көз ісіп кеткенде шайдың самасын басқан пайдалы. Сондай-ақ, дұрыс дем алуды да естен шығармау керек.

Егер осы жағдай ұзаққа созылатын болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

 

 

ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН!

 

КӨЗГЕ ПАЙДАЛЫ ТАҒАМ

Бостондағы Тафт университетінің ғалымдары көздің көру қабілетінің жақсы сақталуы үшін қандай тағамдармен коректену қажеттігін зерттепті. Тәжірибеге 55-80 жас аралығындағы 4 мыңнан астам адам қатысқан екен. Нәтижесінде, көздің көру қабілетінің жақсы сақталуына қарақұмық (гречка) пен қара нан көмектесетіні анықталған. Бұдан басқа, көзге бидайдың қатты сұрыптарынан әзірленген макарон, сұлы жармасы, картоп және басқа да көкөністердің пайдасы бар екені белгілі болды.

 

ШАШТЫ КҮТЕ БІЛІҢІЗ

Егде тартқан адамдардың шашына ақ кіруі - табиғи құбылыс. Жалпы, бірлі-жарым ақ шаштар көбінесе 30-40 жастан бастап көріне бастайды. Ал адам 60-65 жасқа аяқ басқанда, әдетте шаштың бәрі ағарады. Бірақ, кейбіреулердің шашы мезгілінен бұрын ағарып, енді біреулердің шашы қартайғанда да баяғы қалпын жоғалтпайды. Ғалымдардың айтуынша, жас адамдардың шашының ағаруы көбінесе жүйке жүйесінің бұзылуына, эндокрин аппаратының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты болады. Сонымен қатар, ағарған шаш ешқашан өзінің бұрынғы түсіне келе алмайды екен. Сондықтан, шаштың мезгілінен ерте ағарудың алдын алу қажет. Ол үшін В, В1, В2, В6 дәрумендерін қолданып, ағзаны қоректендіру арқылы шаштың өз қалпын ұзақ сақтауға мол мүмкіндік барын есте сақтаған жөн.

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

14 Ақпан 2012, 18.30
ЖОЛДАУ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ.
«Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс».   ҚР Президентінің биылғы...

«Тұлға»

02 Ақпан 2012, 18.30
  ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова   Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29