Церебралдық сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту шараларының кешеніне дәрі-дәрмектік емдеумен қатар, физиотерапевтік ем-шаралар жүргізіледі. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектік электрофарез, импульстік ток, жоғары және ультражоғары жиілік токтары, жылу және су емдері.
Физио ем-шаралары бұлшықет тонусының орталық және перифириялық жағдайын қалпына келтіру, бұлшықеттердің тырысуын төмендету, гиперкинездерді бәсеңдету, мидың метаболизм үрдістері микроциркуляциясының, қан айналымын жақсартады.
«Кемтар балаларды сауықтыру облыстық орталығында» кешенді емдеу жүргізу үрдісінде оңалтудың ыңғайлы әдістері – ем-шаралардың қарқындылығы, бірізділігі, ұзақтығы, баланың жалпы күйіне, жасына, патологиялық үрдістердің сипатына орай арнайы курс таңдалады.
Орталықта қолданылатын физиотерапияның негізгі әдістері туралы тәжірибелерім мынадай:
Жылумен емдеу. Жылумен емдеу адам ағзасындағы ұлпаларды қыздырады, қан тамырларын кеңейтеді, қан және лимфа айналымын күшейтеді, трофикалық, регенераторлық үрдістері жақсартады, бұлшықет тонусын төмендетеді, буын, байламдардың серпінділігін жоғарылатады. Емге озокерито-парафин қолданылады. Ал электростимуляция (электро-ынталандыру) емі әлсіреген бұлшықеттердің қызметін жақсарту, тонусы мен күшін жоғарылату, дистрофиялық өзгерістерді азайту үшін жүргізіледі.
Церебралдық сал ауруы бар балаларды оңалту кезінде гальвандау мен дәрі-дәрмектік электрофарез қолданылады.
Ультрадыбыстық терапияны ересек жастағы балалардың контрактураларын емдеу үшін жиі қолданады. Инфрақызыл сәулелерін тарату, лазер - сәулелі емдеудің жаңа түрі – биоптронтерапия деп аталады. Биоптронтерапия қабынуға қарсы және ауруды басатын әсер береді. Жалпы алғанда «Биоптрон» аппаратымен сәулелендіру ағзаның қорғаныш күштерін жоғарылатады, көңіл-күйді жақсартады, қалжырауды басады және белсенділікті нығайтады. Сондай-ақ, физикалық оңалту кешенінде гидрооңалту маңызды орынды алады.
Церебралдық сал ауруы кезіндегі қоғзалыс жүйелерінің бұзылыстарын түзетуде жүзу әдісі кең қолданылады. Ол 3 жасқа дейін өте тиімді, бірақ, кез келген жаста қолдана беруге болады. Емдік жүзу сабақтарында фронтальды және көлбеу қозғалу, судағы жалпы нығайту және тыныс алу жаттығулары, сүйеу болатын құралдар (тақтайшалар, қолғаптар, ауа ойыншықтары, таяқшалар), т.б. су ойындары қолданылады.
Емдік жүзу церебралдық сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтудың өте тиімді әдісі, бұл - тірек-қимыл аппаратының, тыныс алу, жүрек - қан-тамыр және орталық жүйке жүйесінің қызметтеріне жағымды әсер беріп, баланың психоэмоцияналдық күйін жақсартады. Сондықтан, церебралдық сал ауруына шалдыққан балаларға 12-15 рет емдік курсын жүргізіп, 32-340 С температурасында 30 минуттан аспайтын су жаттығулары мен жүзу ұсынылады. Бұдан басқа, бүрікпе судың түрлері де өте пайдалы. Мәселен, циркулярлы, атпа су, шарко, су асты сылауы бар бүрікпе су қолданылады. Емдеу процесінде механикалық тітіркенулерге бейімделу пайда болады, бұлшықеттердің тонусы, қан айналым жүйесі жақсарады, компенсаторлық және бейімделу механизмдері белсенді бола түседі.
Сайып келгенде, физиотерапияның түрлі әдістері церебралдық сал ауруына шалдыққан балалардың денсаулығын нығайтуға, қозғалыс жүйесінің бұзылыстарын қалпына келтіруге, оңалтуға өте пайдалы.
Перизат АРЫНОВА,
физиотерапевт, «Кемтар балаларды сауықтыру облыстық орталығы» КММ.
Қазір әрбір сәбиге нәресте күнінен бастап памперс кигізіледі. Бұл ата-ана үшін тиімді. Өйткені, бүгінгі ата-аналар бұрынғы уақыттағыдай баланы бесікке жатқызбайды. Бесікте бала жылы әрі құрғақ болатынын біле тұра, еркін өсуі керек дегенді алға тартады. Сонымен, памперс деген пайда болды. Бұл қаншалықты пайдалы десек, әрине, жиі-жиі жаялық жуудан қол босайды. Дегенмен де, оның өте-мөте зиянды екені көп ретте ескерілмейді. Бір ғана мысал, егер ер баланың жыныс мүшесі бір сағаттан астам уақыт 1 градусқа қызатын болса, бұл келешекте оны бедеулікке шалдықтырады екен. Қазіргі уақытта «памперстен шыққан» балалардың алғашқы легі отбасын құра бастады. Кезінде памперспен өскен сол балалардың алды отбасын құрды. Көбінің балалары жоқ.
Естеріңізде болса, памперстер алғаш шыққанда оның орамында «Нәрестемен алыс жолға шыққанда немесе қыдырғанда 2-3 сағат қана кигізіледі» деген ескерту жазылатын-ды. Қазір бұл ұмытылды.
Памперсті күндіз-түні кигенде ағзада жылулық компресі пайда болады. Жыныс мүшесінің қыздырылуынан ер балада жыныстық гормон – тестостерон пайда болып, бұл келешекте белсіздікке ұрындырады. «Баланы жылы ұстау керек» деген қағидамен көптеген ата-аналар памперстің сыртынан колготки, шалбарды қабаттап кигізеді.
Қазіргі памперстер үш қабаттан тұрады. Оның бірі полимерден жасалған. Одан ешқандай ауа өтпейді.
Психологтардың айтуларына қарағанда, бұл «жаялықтың» тағы бір зиянды жағы – бала 4-5 жасқа дейін өзінің дәретке баратын уақытын білмейді. Кез келген уақытта, кез келген жерде табиғи қажетін өтей беретін көрінеді. Әбден ес біліп, есейгенше, балада осындай ыңғайсыздықтар туындайды. Бұл - баланың бүйрегіне, қуығына да зардабын тигізетін көрінеді. Сондықтан сәбиіңіз ұл болса да, қыз болса да, жасанды жаялықты жиі пайдалана көрмеңіз!
Әзірлеген -
Сая МОЛДАЙЫП.
Бруцеллез адам мен жануарға тән жұқпалы, біріккен микробтар тобынан туындайды. Бұл сырқатқа әдетте үй жануарларының барлық түрлері шалдыққанымен, ірі және кіші ұсақ малдар арқылы тез тарайды.
Бруцеллез адамға қандай жолдар арқылы жұғады?
Осы сырқатпен ауырған мал төлдегенде, оларды күткенде, қырыққанда, терісі, жүні және етін ұстағанда;
Шикі сүт пен одан дайындалған тағамды пайдаланғанда;
Ауру жануар тұрған орынды тазарту және оларды қырқу кезінде құрамында бруцелласы бар тозаңмен тыныстағанда және зертханаларда бруцелламен жұмыс істеген кезде адамға жұғады.
Бруцеллез адамнан адамға таралмайды. Бұл сырқат адамға жұққаннан кейін 1-4 аптадан соң біліне бастайды. Оның белгілері мынадай: түнде терлеу, қалтырау, ұйқышылдық, бел бұлшық етінің ауруы, бас ауру пайда болады.
Бруцеллез балаларға жұқса, ауыр түрде өтеді, тіпті, асқынуы да әбден мүмкін. Ал дер кезінде емделмесе, созылмалы формаға ауысады.
Бұл сырқатты жұқтырып алмау үшін, әсіресе, базарларда ет сатып алғанда абай болу керек, сатушыдан еттің сапасына қатысты және қауіпсіздікті растайтын құжатты талап етіңіз. Сондай-ақ, мал иелері жыл сайын көктем мен күзде бруцеллезге зертханалық жұмыстарын жүрігзу үшін мал дәрігеріне барлық малды көрсетіп, тексерткен жөн.
Бруцеллез – ауыр өтетін сырқат болғандықтан, оны жұқтырған жағдайда бірден дәрігерге қаралып, белгіленген ем-домды уақытында пайдаланыңыз!
Құралай Әбдірахманова,
облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау
станциясы карантин және қауіпті
инфекцияларды эпидемиялық бақылау бөлімінің бастығы.
Аутизм дегеніміз не? Аутизм - (грек сөзі autos - өзім) - адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл күйі. Аутизм – әлеуметтік қарым-қатынаста қиындыққа душар ететін психологиялық дамудың ауытқуы, бір сөзбен айтқанда бұйығып, өзімен-өзі болу, адамдармен қарым-қатынас жасамау деген сөз. Ең алғаш аутизм деген терминді 1912 жылы швейцар психиатрі Э.Блэхер ұсынған. Бұл сырқатты ең алғаш ашып зерттеген америка психиатрі – Лео Каннер. Бір ғажабы, аутист балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады. Математика және музыкадан дарынды, бірнеше тілдерді меңгеруі де мүмкін. Бірақ, бұл қасиеттер кейінірек байқалады. Л.Каннер ерте балалық шақтағы аутизм синдромы үш түрлі болатындығын айтады: аутистикалық уайымдар, бір қалыпты мінез-құлық, сөйлеудегі кемістіктер.
Зерттеушілердің айтуларына қарағанда, әлемде осы сырқатпен 60 млн.-нан астам адам ауыратын көрінеді. Біздің елімізде осы дертті анықтап, диагноз қоятын мамандар аз, дегенмен де Алматыдағы республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың медициналық-педагогикалық-психологиялық кеңес беру бөлімінде ресми тіркелген аутист балалар саны 2009 жылы – 326, 2010 жылы - 465 болса, 2011 жылы ол 706-ға өсті, ал үстіміздегі жылы мыңға жақындады. Бір сөзбен айтқанда, жылма жыл аутист балалардың саны ұлғая түсуде. Бұл сырқатпен ауыратын бала, әдетте, сөйлеуі қиындап, көзге тура қарамайды, бір қимылды қайталап, бір нәрсемен ғана айналыса береді. Күлмейді, жыламайды, атын атап шақырғанда үндемейді, бір жері ауырғанды, қарны ашқанды, тоңып не ыстықтағанды сезбейді. Әдетте аутист баланың жүзінде қорқыныш басым болғанымен, аяқ астынан жүгіріп кетеді, өзін-өзі жарақаттайды. Кейде ұзақ дауласып, бәрін керісінше жасайды, тез-тез сөйлеп, ешкімді тыңдамайды, кейде ересек адам сияқты күрделі сөздермен сөйлейді, бірақ, мағынасын түсінбейді.
- Балалар аутизмі психикалық дамудың ерекше ауытқуынан туады. Оның көп себептерінің бірі - ағзадағы зат алмасу бұзылғаннан кейін, мидың нақты бір құрылымдарына кері әсер ететін токсиндер жиналады да, одан аутизм белгілері пайда болады, - дейді Павлодар қалалық «Жас дарын» мамандандырылған орта мектебінің психологы Қызғалдақ Темірғалы. – Қазір мамандар белгілі бір диета арқылы, яғни баланы ұн мен сүттен жасалған тағамдардан шектеу арқылы ағзаны тазартып, сырқаттың бетін бері қаратуға болатынын айтады. Жалпы алғанда, аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Кейбір деректер бойынша жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан сырқат пайда болады, сондай-ақ, мидың органикалық зақымдалуы, тұқым қуалаушылық салдарынан немесе анасы жүкті және босану кезінде алған жарақаттар, нейроинфекциялар да себеп болуы әбден мүмкін.
Ресейлік зерттеушілердің айтуларына қарағанда, балада аутист сырқаты бары ертерек анықталып, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілсе, олардың 60 пайызы жалпы білім беру бағдарламалары бойынша, 30 пайызы арнайы білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабілетті, 10 пайызының отбасында әлеуметтенуге мүмкіндіктері бар. Ал сырқаты дер кезінде анықталмаған балалардың 75 пайызы әлеуметтік ортаға бейімделе алмайтын көрінеді.
Бір атап өтерлігі, аутист балаларға көмек көрсету, емдеу, ортаға бейімдеу АҚШ-та, Батыс Еуропа елдерінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында қолға алына бастаған. Ал 1920 жылы Данияда тіпті арнайы мектеп те салынған екен.
Жалпы, баланың аутизм сырқатына шалдығуы 2-3 жасында-ақ аңғарыла бастайды. Егер баланың сырқаты дәл анықталып, емдеу шаралары кешенді жүргізілсе, онда бала қатарластары секілді жалпы білім алып, кейін тіпті қалаған мамандығы бойынша оқуға түсіп, еңбекке араласа алады.
Қандай сырқат болса да олардың тәуірі жоқ, ең өкініштісі, қазіргі таңда бұрын ата-бабамыз естіп-білмеген ауру түрлері көптеп пайда болып, тез тарауда. Соның бірі, әлем ғалымдарын елеңдетіп отырған аутизм сырқаты. Оның алдын алу, емдеу, бұл сырқатқа шалдыққандарды есепке қойып, көмек көрсету уақыт күттірмейтін мәселеге айналды.
Сая МОЛДАЙЫП.
|
|