Құрметті оқырман! Дәрігердің ақыл-кеңесіне мұқтаж болсаңыз немесе медицина саласына байланысты өзіңізді толғандырған сауалыңыз болса, редакциямызға хабарласыңыз.
«Сұраңыз, жауап береміз...» айдары сізді алаңдатқан сауалды білікті мамандарға жолдап, көмек көрсетуге әрдайым әзір.
Сұрақ.
НҰРТАЙ, Павлодар қаласының тұрғыны.
- Мойыныма сыздауық шықты. Ауруым жаныма қатты батып жүр. Не істесем екен?
Жауап:
- Бізге сауал жолдап отырған оқырман уақыт өткізбей, бірден дәрігерге қаралғаны жөн. Сыздауық асқынып кетсе, оның жазылуы қиынға соғады. Әсіресе, мойынға шыққан сыздауық өте қауіпті. Себебі, қан тамырлары арқылы аурудың уыты миға шауып, адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Тіпті, сыздауыққа қарсы емдеу шаралары дер кезінде қолға алынбаса, ол өршіп кетуі ықтимал. Тағы бір айта кетерлігі, мойынға шыққан сыздауықты қолмен сығып, инемен немесе түйреуішпен шұқуға болмайды.
Үй жағдайында сыздауықты емдеу үшін пиязды екіге бөледі де, бір жартысын табаға күйдірмей қыздырады. Былқылдап босағаннан кейін ыстық күйінде сыздауықтың аузына тартып, таңып тастайды. Пиязды 4 сағат сайын жаңалайды. Көп кешікпей әлгі сыздауық жарылып, тез жазылып кетеді. Есте сақтайтын жайт, сыздауық шыққан адам тазалық сақтауы тиіс.

