немесе қазіргі жастар келбеті
Қазіргі жастар және олардың бүгінгі келбеті мен мінездемесіне анықтама іздер болсақ екі қызықты жайтқа тап боламыз. Біріншісі, аға ұрпақтың пікірі. Оны қоғамдық десек те болады. Ал екіншісі, жастардың өзінің қөзқарасы. Үлкендердің ұлағатты ойы барлығымызға жақсы таныс. «Жастардың тәрбиесі таяз», «жастар үмітті ақтамауда» деген негіздегі пікірлер әрбір үйде асхананың «трендті тақырыбына» айналған. Қызығы, жастардың өздері жайындағы пікірі. Тағылымы мен тағдыры қатар ұштасқан тек осы екі тақырыптан тұздыққа тұшымды ақиқат іздеп көруге болады. Сонымен...
Осы арада бірнеше қызықты жайттарды атап өтуге болады. Бүгінгі жастар психикалық-моральдық тұрғыдан бейқам келеді. Яғни, бозбала-бойжеткендеріміз есеюге асықпайтын сияқты. Олар ересек өмірдің жауапкершілігінен қорқады, дейді мамандар. Мысалы, мектепті бітірген түлек енді өзінің бәсекелестік жоғары ортаға түсетіні және онда өзінің интеллектуалдық немесе тұлғалық қажеттілігін дәлелдеуі керектігі жайында қорқынышпен ойлайды. Әрине, өмірге деген көзқарастар сан-алуан. Көп жағдайда олар қоршаған ортасына сай қалыптасатыны хақ. Бүгінгі жас өмірге таусылмайтын ұлан-асыр той, мейрам ретінде қарайды. Аз ғана күш салсаң бәрі орындалып, бола қалатындай сезінеді. Ал «нағыз» өмірдің оңай емес екенін алғашқы қиындықтар кезіккенде-ақ түсінеді. Еш нәрсенің оңайлықпен келмейтінін ұғады. Бұл әлдебіреулерді жасытып тастауы мүмкін. Енді бірі керісінше, өзінің қалағанын алу үшін керек десеңіз заңды да бұзуға дайын болады. Мұның барлығы сыртқы әсерлердің салдары.
Бүгінгінің эталоны: қыздарға - «cool girl», жігіттерге - «мачо»!
Сыртқы әсер демекші... Аталған эталондардың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ибалы қыз, инабатты келін тәрбиелеген қазақ қоғамына жат екені сөзсіз. Себебі, Бритни Спирс «инабатты келін» емес, немесе Перис Хилтонды «ибалы қыз» деп атай алмассың! Не себептен жаттың жағымсыз өмір сүру образы, біздің қоғамымызды жайлап кетті?!
Бритни Спирс дегеннен шығады... Студент кезімізде ұстаздарымыздың бірі «Әлемдегі ең сұлу әйел кім?» деген сұрақ қойды. Әрине, бұл сауалға ер жігіттердің бірден жауап бермесі анық, ал қыздар жағы жапа-тармағай Дженифер Лопес, Бритни Спирс, Мадонна сияқты тағы басқа көптеген әлемге сұлу әйел ретінде танылған әнші-актрисалардың есімін тізіп шыққан еді. Сұраққа жауап естіген ағай «жеткен жеріміз осы екен-ау» дегендей көңілі түскен күйі төмен қарап, аудиториядан шығып кетті... Осылайша, бүгінде шын сұлулықты да бағалай алмайтын дәрежеге жеттік.
Қазақтың белгілі «Гауһартас» әніндегі мына бір өлең жолы естеріңізде болар. «Ажарың ашық екен атқан таңдай, Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай...». Бұл әнді естісең көз алдыңа қазақ қызының сұлу келбеті бірден елестейді. Кейіпкердің көркіне де, оны бейнелеген ақынға да риясыз риза боласыз. Жалпы, жер шарында адам атаулының сұлулыққа құштар емесі жоқ. Адам қиялынан туған шығармашылық туындылардың барлығы дерлік сұлулыққа құштарлықтан, оған сүйсінуден, тамсанудан туған. Осы тамсану Ф.Достоевскийге «Сұлулық – әлемді құтқарады» деген сөзді айтқызғаны мәлім.
ТYЙIН...
Ауыл қариялары өзіне жақсылық жасаған жастарға батасын беріп, «жүзі жылы, иманы бар бала екен» деп жататын. Кейде ел арасына іріткі салып, ауызынан шыққан бір жақсы сөзі жоқ жастарды көргенде, «тілеуі құрғыр» деп кейитін. Үлкендердің батасын алуға лайық болайық, замандас. Өзгенің қаңсығы бізге пайда әкеле қоймас...
Әзірлеген – Д.АЙТПАЙ.
Атам қазақ: «Жақсы келін - келін, жаман келін – келсап», «Ырыс- келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» - деп бекер айтпаса керек. Отауға түскен жас келінге келін ретінде қарамай, қыздарымен бірдей көріп, әлпештеп, аялаған біздің қазақ. Келіннің де түскен әулетке деген құрметі ерекше болған. Қайын атасының алдынан кесіп өтпек түгілі, қайын ағаларының атын атамай, ат қойған. Тіпті, керек десеңіз, қайын інілері мен сіңлілерінің әрқайсысына түр-тұрпатына қарап, мінез-құлқына байланыстырып еркелетіп ат қойған. Қазақта мұны «ат тергеу» дейді. Тарихтан бір ғана мысал, үш жүздің әйгілі батыры Қаракерей Қабанбай бозбала кезінде-ақ алып тұлғалы болыпты. Нар түйенің ар жағында тұрғанда, төбесі бергі жақтағы адамға көрініп тұрады екен. Тау тұлғалы батырды бітім-болмысына қарап жеңгелері еркелетіп «Нарбала» деп атаған көрінеді. Міне, ел арасында осындай тарихи әңгімелер, шешендік сөздер, тіпті, аңыз әңгімелер, ат тергеуге байланысты мысалдар өте көп. Соның тағы біріне тоқталсақ.
Баяғы өткен ғасырда сегіз ұлы бар Сексенбай деген ақсақал өмір сүріпті. Абыз қарттың малы аман, басы түгел болса керек. Ең кенже ұлымды үйлендірсем, бұл өмірде басқа арманым жоқ дейтін көрінеді. Қарашаңырақтың иесі ер жеткен соң әкесі өзі таңдап жүріп, баласын бір сұлуға үйлендіреді. Текті жерден шыққан қыз аса ақылды болса керек, абысындары оның әр ісіне қызғанышпен қарап, іштарлық танытады. Жас келінді қайтсе де ата-ененің алдында ұятқа батырудың түрлі жолдарын қарастырады. Ойлаған жанға жамандық табыла кетеді ғой. Ойлай-ойлай абысындары жас келінді тұзаққа түсірудің амалын өздерінше табады. Сексенбай қарт ақбоз үйдің төрінде ақсақалдармен бірге малдас құрып, қымыз ішіп отырғанда, жас келіннің ең үлкен абысыны кіріп келіп, қымыз құйып отырған кіші абысынына:
- Шырағым, базарға бара жатыр едім, мына тиындарымды санап, мына орамалға түйіп берші, - деп бір уыс бақыр тиынды жас келіннің қолына ұстата салады. Жас келін ештеңе ойламастан дауыстап санай жөнеледі. Тиынның саны біршама болса керек, ұзын саны жетпіске барғанда Сексенбай қарттың іші әлде бір жамандықты сезгендей болады. Үйдің іші тым–тырыс. Бәрі іштерінен тынып отыр. Келін болса, саспастан, дауыстап санауда. «Жетпіс бір, жетпіс екі», Сексенбай қарт терлей бастайды. «Жетпіс жеті, жетпіс сегіз...» Қарттың жаны қысылып, кірерге тесік таппай тыпыршиды. Кейін болса, аспай-саспай:«Жетпіс тоғыз, атам, атам бір, атам екі, атам үш», деп жалғастыра беріпті. Отырғандар ду етіп күлісіп, жас келіннің тапқырлығына тәнті болып, қариялар ақ батасын береді. Бұл - тәрбиелілік пен тапқырлық, парасаттылық пен үлкенге деген құрмет.
Ал бүгін ше? Жаңа заманның келіндері қайын жұртын қаншалықты сыйлай біледі? Мүлдем сыйламайды деп бар пәлені отауға түскен жас келінге де жауып қоя алмаймыз. Себебі қазақ, «әйелді бастан, баланы жастан» - дейді. Демек, отауға түскен ақ келінді қолда аялап ұстай білу, ата-ененің өзіне де байланысты. Әрбір тойда немесе неке қию орындарында менің қарнымды қатты ашыратын бір жайт, жас келіннің тегін (фамилия) таңдау барысында шатасатындығы. Неке қию қызметкерлерінің: « Құрметті қалыңдық пен күйеу жігіт» - деп басталатын ұзын- сонар әңгімесін баршамыз білеміз. Заңға қарсы шығайын деген ойым жоқ, тек кешегі қызыл империяның санамызға сіңіріп кеткен салт-дәстүрімізге томпақ келетін әрекетіне көңілім қынжылады. Азаматтық неке қию барысында келіндердің барлығы дерлік күйеуінің тегін алып жүр. Бұған мұңаюдың орнына неке қызметкерлерінің: «Бүгін бәленшиевтердің әулетіне тағы бір адам қосылды» деген сөзіне, шашуымызды шашып, аққайнарымызды аспанға атып қуанатынымыз өтірік емес.
Бұл - ертең кез келген мекемеге барғанда, күнделікті күйбең тірлікте де жас келін қайын атасының есімін қысылмай айта береді деген сөз, себебі, заңды түрде еркіндік беріп қойған өзіміз. Ал сонда ата салтын аяққа таптағанымыз ба? Шаңырағын жаңа көтерген жас отбасында, атасының атын айтар келіннен ұлықты ұл мен қылықты қыздың өмірге келеріне сіз сенесіз бе?..
Алпысбай ХОНЖ,
Павлодар қаласы.
Таяуда «Ел арна» телеарнасының «Жарайсың!» бағдарламасына қатысқан жерлесіміз, әнші Жанар Доғалованы көріп, «бұл – біздің «Самородный сары алтын!» деп қуанысып қалдық. Жалпы, қазақстандық шоу-бизнес әлеміндегі «жаңа» тұлға болып саналатын Жанардың өнердегі табысты қадамдары туралы ғаламтор да, телеарналар да «шулап» жатыр қазірде.
Eстеріңізде болса, өнерпаз өткен жылдың соңында жарық көрген «Ғашық жүрек-2» фильмінде басты рольдердің бірін сомдап, әртістік қырынан көрінді. Бұл оның кино әлеміндегі алғашқы қадамы болды. Осы жаңалықты «Сарыарқа самалы» газеті де оқырман қауымға асыға жеткізді. Көптен көрмеген «Ғашық жүректегі» кейіпкер Жадырамен, өмірдегі Жанармен сұхбаттасқан кезде «Мен – Баян Есентаеваның жаңа жобасымын» деген мәлімдемені естіген болатынбыз.
Кейін отандық телеарналардың бірінде «Shinе» продюсерлік орталығының директоры Баян ханымның «Кеш УОU» тобының жаңа құрамы құрылғаны туралы айтқанын естідік. Сөйтіп, жерлес әнші топ құрамындағы сұлулар қатарына қосылды.
Ал үстіміздегі жылдың сәуірінде «Қазақ аруы-2012» байқауында «Кеш УОU» жаңа құрамда өнер көрсетті. Қазіргі кезде Жанар ұжымдағы Айдана Меденова және Кәмшат Жолдыбаевамен бірге өнер шыңдарын бағындыруда. Қыздардың «Асықпа» атты алғашқы бейнеклипі де көрермендерге жол тартты.
Бұл топтың әншісі атану үшін қыздарға біраз тер төгуге тура келген. Белгілі болғандай, олар жарты жыл бойы вокалмен, хореографиямен айналысыпты. Тағы бір жаңалық, Жанар барша жұлдыздардың арманына айналған «Славянский базар-2012» халықаралық байқауының іріктеу турынан өткен. Бірақ, әнші байқауда одан әрі өнер көрсетуден бас тартқан.
Жоғарыдағы ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізу үшін Жанардың өзіне хабарластық. Әншінің туған жері - Павлодардан екенімізді естіген ол шығармашылық табыстарымен қуана-қуана бөлісті.
Жанар ДОҒАЛОВА, «Кеш УОU» тобының әншісі:
- Таяуда өзімнің төл туындым - «Сен емес» әніне түсірілген бейнелклип жалпақ жұртшылыққа жол тартпақ. Оны еліміздің танымал режиссерлерінің бірі – Асқар Ұзабаев түсірді. Жаңа бейнебаяндағы сюжеттерге «Ликвидатор», «Ағайындылар», «Мың бала», «Мұстафа Шоқай» фильмдерінде басты рольдерді сомдаған Берік Айтжанов қатысты. Ал «Славянский базар-2012» байқауына қатысудан бас тартқаным рас. Өйткені, топтағы жұмыс кестеміз өте тығыз. Одан қала берді, жазғы уақытқа өзге жұмыстарды жоспарлап қойдық. Ол әзірге құпия түрінде қалғаны дұрыс.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Павлодар өңіріндегі «жұлдызды жауын» толастар емес. Жыл басынан облыс орталығында елімізге танымал әншілердің концерттері әр апта сайын ұйымдастырылуда. Әдемі әуен мен әуезді күй біздің жамағатқа артық етпейтіні анық. Майра Ілиясова, Қарақат пен Қыдырәлі, Ақбота Керімбекова, Маржан Арапбаева, Жанар Айжанова, «Қоңыр» тобы және тағы да басқа өнер иелері жерлестерімізді рухани тұрғыдан серпілтті. Жуырда жұлдызды «тізім» тағы бір әншінің есімімен толықты.
Ол – «Арман» әнімен танылып, ғаламторда семейліктерді «лақтырып» кетті деп шулаған Қайрат Нұртас. Бұл жолы жалғыз емес, сахналас әріптесі Бақыт Алтаймен бірге келіпті. Осыдан біршама уақыт бұрын жұлдызды жұп «Ойлама» бейнеклипінің тұсауын кескен еді. Концерттік бағдарлама «Сені ойлай» деп аталды.
Кеш жоғары деңгейде өтті. Жаңа әндер шырқалып, Қайраттың болашақтағы жоспарлары туралы да айтылды. Концертке Қ.Нұртаспен бірге келген анасы һәм продюсері Гүлзира Үсенқызының айтуынша, баласы қазіргі кезде Мәскеуде өткізетін концертіне қызу дайындалуда. Оның үстіне жуырда Бақыт Алтаймен бірге Моңғолияға гострольдік сапармен барып келген.
Айтпақшы, бұл Қайраттың Кереку еліндегі алғашқы концерті емес. Өнерпаз өңірімізге жыл сайын ат басын тірейді.
Өз тілшіміз.
|
|