Тәжібай ШӘЙМЕРДЕНОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ардагер ұстаз:
- Мамыражай мамырдың ең алғашқы шуақты күнін «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп атаудың өзі тегін емес. Бүгінгі күн сонысымен де ерекше маңызға ие. Сондықтан да, көп ұлтты мемлекетіміздегі халықтар достығын жоғары бағалап, ел ертеңі болар кейінгі жас буынның осы сара жолды жалғастыруына көпшілік болып жол көрсетуіміз керек. Мемлекеттік маңызы бар көптеген мерекелер ән-жырмен, концертпен ғана шектеліп жатады. Әрине, ол да керек. Дегенмен де саяси, тарихи құндылығы зор дәл осындай мерекелердің түпкі төркінін кішкентай бүлдіршіндерден бастап жоғары оқу орнының студенттеріне дейін жан-жақты түсіндіріп, білім беру мекемелері мен басқа да орындарда арнайы тәрбие сағаттары, іс-шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, біздің мемлекетте ел арасындағы береке-бірлік, достық қарым-қатынастарын сақтау мәселесі оң жолға қойылған. Елбасымыздың осындай сындарлы саясатының арқасында елдегі тыныштық сақталып, өзге мемлекеттерге үлгі болудамыз. Міне, осы тұғырдан айырылмауымыз қажет. Ең бастысы егемен еліміздің бірлігі жасасын!
Венера ИВАНОВА,
Татар-башқұрт қоғамдық мәдени орталығы төрағасының орынбасары:
Мен алдымен Қазақстанның азаматы болғаным үшін мақтанамын. Сондықтан да, мен үшін ынтымағы жарасқан, болашағы зор осындай бейбіт елдегі әрбір мерекенің орны бөлек. Әсіресе, бүгінгі – 1 мамыр мерекесінің маңызы зор, әрине. Өйткені біздің ұлтымыз басқа болса да ел қатарлы, тамағымыз тоқ, бауырымыз бүтін бақытты, бейбіт күн кешудеміз. Тек біз ғана емес, кейінгі үрім-бұтағымыз да Қазақстанның азаматы болып, болашағына үлкен сеніммен қадам басуда. Осынау жайдарлы тірлігіміз үшін, мұндағы түрлі ұлттар арасындағы мызғымас достық үшін жүрегі кең қазақ ұлтына деген алғысымыз шексіз. Әрдайым Елбасының ұстанған саясатын қолдап, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуден аянбаймыз. Мен ана ретінде өз балаларымды да тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің дамуына, қазақ тілі мәртебесінің өсуіне өз үлестерін қосуға баулудамын. Қазақ елінен бақыт тауып, ас-суын ішіп отырған өзге ұлтты ағайындар да бұл ұлы достықтың қадірін білуде.
Темірхан БАЙҒОЖИНОВ,
«Нұр Отан» ХДП-ның Успен аудандық филиалының бастығы:
- 1 мамыр мерекесі елімізде тәуелсіздік алғаннан бері, 20 жыл бойы тойланып келеді. Бұл – еліміздің еңселі, келешегінің кемел екендігінің көрсеткіші. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүреді. Олардың ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына, жасына, басқа да жеке басына қатысты жағдайларына қарап, бөлу деген жоқ. Елбасымыз жүргізген осы саясаттың нәтижесінде еліміз үлкен жетістіктерге жетуде. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, елуден астам мемлекетті басқарып, солардың достығын, ынтымағын сақтауының өзі өзге елдерге үлкен үлгі-өнеге болды. Сайып келгенде, бұл да тәуелсіз мемлекетіміздегі ұлтаралық татулық қасиетінің деңгейі жоғары екендігін байқатады. Міне, елдегі болашақ үшін, халықтың тыныштығы үшін жасалынып жатқан осындай игі істерді біз көріп, өзімізге сабақ алуға тиіспіз. Сол үшін де баршамыз 1 мамыр мерекесінің тамыры терең екенін мойындап, оның маңыздылығын түсінуіміз қажет деп ойлаймын.

