Күркелі ауылының жұртшылығы асыл дінімізге ақ-адал ниеттерін танытты
Жан сарайымызды рухани қуаныш пен нұрға бөлеген Алла Тағаланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың дүниеге келген айы - Мәуліт Күркелі ауылында барынша сән-салтанатпен атап өтілді. Баянауыл ауданына қарайтын бұл елді мекеннің тұрғындары ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан асыл дініміздің ұлық мерекесіне осылайша өз сүйіспеншіліктері мен қуаныштарын білдірді.
Ауыл тұрғындары Мәуліт тойына жыл басынан тыңғылықты әзірленген екен. Ауыл имамы Рүстем Әбдиевтің бастамасымен қолға алынған игі іске әр шаңырақ өз үлесін қосуға тырысыпты. Шараны жақсы деңгейде өткізу үшін азаматтар ортақ қазанға қаржы жиып, сән-салтанатпен қоса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне арнап ас берді. Осы жерде туып-өсіп, бүгінде бірі қызмет, бірі оқу жағдайымен сыртта жүрген ел азаматтары да тойға барымен мүбәрак айта келді. Ислам дінінде қалыптасқан дәстүрдің жалғастығын тауып, оның жаңа заманға сай ерекшелініп өткізілуінің өзі өсіп келе жатқан жас буынға айрықша әсер еткендігі де айқын.
Күркелі клубына жиылған жұртшылықтың қарасы қалың болғаны соншалық, ине шаншар жер болмады. Аудан имамы Саян Арыстанұлы шараның тұсаукесерін жасап, жеткіншек намазхан Әділет Әбди пайғамбарымыздың аруағына құран оқыды. Атап өтерлігі, осыдан біраз жыл бұрын ашылған ауылдық мешітте былтырдан бастап арабша курс жұмыс істей бастаған. Онда бүгінде елудей жасөспірім діни сауаттарын ашуда. Ауыл жастарының көбісі имандылық жолына түсіп, жас буын арасында рухани тәлімі мол шаралар жиі ұйымдастырылады. Мерекеде шәкірттер діни хадистер оқыды. Алла Тағала ұлықталып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар айтылды. Діни әуендерді нақышына келтіре орындаған балалардың өнеріне халық дән риза болды.
Ауыл ақсақалы Нығмет Жәмінов Мәуліттің бұл ауылда осындай деңгейде аталып өтілуі тұңғыш рет орын алып отырғандығын айтып тебіренді.
- Жас ұрпақтың санасына рухани және имандылық тәрбие негізін сіңіруде Мәуліт мерекесі өте сәтті қадам болды. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі әрі сардары Мұхаммед пайғамбарымызды ұлықтау арқылы өз діни сенімімізді бекіте түсеміз,-деді Нығмет қария. – Мұндай ауқымды шараның өткізілуі - ауылдағы ағайынның бірлігі мен ынтымағының, қазақы қаймағының бұзылмағанының көрінісі. Оны ерекшелеп тойлауға мүмкіндік алғанымыз қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасы. Ауыл имамы Рүстем баламыз - жұртты имандылыққа шақырып, дінге ұйытып отырған елге сыйлы азамат. Жас та болса, үлкен іске бас болған оған ақсақалдар атынан шексіз алғысымды айтамын. Алла қаласа, Мәулітті жыл сайын атап өтілетін дәстүрге айналдырамыз.
Ауыл әкімі Ерғанат Ысқақов пен аудандық мәслихаттың депутаты Теміртай Әбиев те өнегелі шараның қоғам үшін аса пайдалы екенін жеткізді. Жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі жағымсыз жағдайлардан сақтануға шақыру - ел ішінде кездесіп жататын түрлі ерсі қылықтардың алдын алатыны анық.
Сәулеті алыстан көз тартқан ауыл мешітіндегі асқа төрт жүзге жуық адам жиналды. Мұнда құран оқылып, уағыздар айтылды. Мерекеге жиналғандардың дені - жастар. Олар ақ-адал ниеттерін танытып, Алла үйіне бағалы сыйлықтар тарту етті.
Астан соң, ауылдықтар өңірімізге танымал айтыскерлер – әкелі-балалы Жұмкен және Тілек Сейітовтердің діни айтысын тамашалады. Ауыл мектебінің мұғалімі Асхат Семеев жастар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырды. Гир тасын көтеруде Д.Қайкен, Д.Әбдікәрімов, А.Семеевтер мықтылықтарын танытты. Ал қол күресте біленіп шыққан білекті жігіттердің арасында гир тасын дөңгелетуде де алдына жан салмаған Д.Әбдікәрімов жеңімпаз атанды.
Мереке соңында ауыл ақсақалдары мен жергілікті имам той-думанды ұйымдастыруға атсалысып, қолдау білдірген ел азаматтарына алғыстарын айтып, бірқатарының иығына шапан жапты.
Асыл дініміздің құндылықтары ұлықталған діни шара ел есіңде ұзаққа сақталып, ағайынның басы қосылған жерде айтыла жүретіндей мағыналы да сәнді өтті.
Мұрат АЯҒАНОВ,
Баянауыл ауданы,
Күркелі ауылы.
Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті мен «ХИКМЕТ-ТРЕВЕЛ» қажылық компаниясы «Екі дүние Сардары, адамзаттың Асыл Тәжі – Мұхаммед Пайғамбар өмірі – біз үшін өнеге» атты облыстық әдеби шығармалар байқауын жариялайды. Оны ұйымдастырудағы басты мақсат алдымен, дін тақырыбына қалам тербейтін жас таланттарды анықтау болса, екіншіден, күллі әлем үшін рахмет болып жіберілген, екі дүние Сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың ғибратқа толы өмірін және жалпы адами құндылықтарды, гуманизмді, ізгілікті насихаттау.
Байқауға Павлодар облысының барлық студенттері мен мектеп оқушылары қатыса алады, қатысушылар саны шектелмеген. Байқауға жіберілген шығарма «Екі дүние сардары, адамзаттың Асыл Тәжі – Мұхаммед Пайғамбар өмірі – біз үшін өнеге» деген тақырыппен жолданады.
Жоғары оқу орындарының студенттері мына тақырыптардың біреуіне ғана жазуы керек:
- «Мұхаммед (ғ.с.) Пайғамбар – жетімдер қамқоршысы»;
- «Тәлімі мінсіз Тәлімгердің Қоштасу құтпасының маңызы»;
- «Қоштасу құтпасы және қазіргі адамзат».
Ал мектеп оқушылары үшін «Менің сүйікті Пайғамбарым – Хазірет Мұхаммед (ғ.с.)!» тақырыбы берілген.
Әр үміткер бір ғана шығарма ұсына алады. Қатысушылар шығармаларын Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінінің
Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript
электронды поштасына жолдайды немесе электронды нұсқасын мешітке әкеліп тапсырады. Байқауға қатысушының өзі туралы ақпарат-хатында автор жайында толық мәлімет (аты-жөні, қысқаша өмірбаяны, мекенжайы, телефоны, электронды поштасы) болуы керек. Байқауға мәтіні күмәнді болған, ұлтаралық және дінаралық қатынастарға сызат түсіретін, адам құқықтарын таптайтын, ҚР Заңдарына қайшы келетін шығармалар қатыстырылмайды және қарастырылмайды.
Байқауға ұсынылатын жұмыстарға қойылатын талаптар:
- Жіберілген шығармалар қазақ тілінде болуы керек;
- Берілген тақырыптың біреуін ғана таңдау қажет;
- Шығарма көлемі 3 беттен кем болмауы және 5 беттен аспауы тиіс;
- Байқауға жолданған шығарма төмендегі талаптарға сай болуы керек;
- Word форматында, Times New Roman әріп таспасында, әріп көлемі 12, жолдар арасы 1,5.
2012 жылдың 15 ақпанына дейін байқауға қатысушыларды тіркеу, шығармаларды қабылдау, ұйымдастыру комиссиясының жіберілген шығармалар мәтінімен танысу жұмыстары жүргізіледі. Ал 15 ақпан мен 17 ақпан аралығында ұйымдастыру кеңесінің шешімімен жеңімпаздар анықталады. 19 ақпанда байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері www.pvlmeshit.kz сайтында жарияланып, оларды облыстық деңгейде өтетін Мәуліт мерекесіне шақырып, салтанатты түрде марапатталады.
Бірінші орын алған студентке 50 мың теңге берілсе, үздік атанған оқушыға 30 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қалған орындарды иемденген қатысушылар қомақты ақшалай сыйлықтарға ие бола алады.
Қапы қалмаңыздар! Шығармалары-ңызды 15 ақпанға дейін жолдаңыздар!
Ұйымдастыру комитеті.
Бүгін барша мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Мәуліт айы басталды
Мәуліт айы - Ислам дініндегі қасиетті мейрамдардың бірі. Бұл айда Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз дүниеге келген. Биылғы Мәуліт мерекесі ақпан айының төртінші жұлдызына сәйкес келеді.
Рабиуль аууаль айының он екінші түнінде әлем ерекше нұрға бөленді. Дүние жүзі халқы сағына күткен қасиетті Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз дүниеге келді. Осы кезден бастап адамзат үшін жаңа өмір басталды. Жер жүзінен лағнет пен зұлымдық жойылып, көп діншілдіктің тамырына балта шабылды. Бұл оқиғаларды тарихшылар Кисра сарайындағы діңгектер құлап, Аллаһ Тағаланың елшісі туған күн деп жазады. Дәл осы уақытта отқа табынушылардың оттары сөнді, Сауа көлі құрғады. Иранның жоғарғы императорлығы ыдырап, пұтқа табынушылық жойыла бастады.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) құрайыш тайпасының белді отбасында дүние есігін ашқан. Арғы тегі хазіреті Ибраһим ғаләйһиссаләмға барып тіреледі. Әкесі Ғабдұлла Ғабдұлмүтәліптің ұлы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) анасы - хазіреті Әмина. Аллаһтың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрып, әкесі Ғабдұлла осыдан біраз уақыт бұрын Мәдениеде қайтыс болған. Келіні Әмина ұл тапқан соң атасы Ғабдұлмүтәліп үлкен той жасайды. Құрайыштың ақсақалдары сүйікті немересінің есімін қалай қою керектігін сұрағанда: «Мұхаммед деген ат қойдым» - дейді. Бұл есімді қоюдағы мақсатыңыз қандай? - деп сұрасады көпшілік. «Оны көкте хақ, жерде халық өте мақтайды деп үміттенемін. Өйткені, Мұхаммед деген сөздің мағынасы – мақтан, мақтаулы дегенді білдіреді» - дейді. Анасы қайтыс болғаннан кейін Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды Халима анамыз бауырына басып, емізеді. Ол жетім баланы емізу пайдалы еместігін жете түсінгенмен, кейін осы ісіне қатты қуанады. Өйткені, аталмыш жетім бала күтпеген жақсылықтар алып келеді. Сөйтіп, Мұхаммед (с.ғ.с.) Халима ананың отбасында бес жыл тұрады.
Мұхаммед (с.ғ.с.) анасымен бір жыл тұрады. Алты жасында анасынан айырылады. Әмина ана о дүниеге аттанайын деп хал үстінде жатқанда ұлына қарап: «Әр жаңа ескіреді, әр нәрсе жоқ болып кетеді. Мен де өлемін бірақ, оған қайғырмаймын. Өйткені, сендей пәк бір ұлды өмірге әкелдім, дүниеге аса қайырымды перзент қалдырып бара жатырмын», - дейді де мәңгілікке көз жұмады. Осыдан кейін Мұхаммедті (с.ғ.с.) атасы Ғабдұлмүтәліп өз қолына алып, тәрбиелейді. Атасы қайтыс боларда Алла елшісін (с.ғ.с.) Әбутәліпке тапсырады. Сөйтіп, ол (с.ғ.с.) Әбутәліптің қолында тұрады. Жиырма бес жасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазіреті Хадишаға үйленеді. Ол кезде Хадиша қырық жаста еді. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Қасым, Ғабдулла, Ибраһим есімді үш ұлы және Зейнеп, Рұқия, Үммігүлсім, Фатима есімді төрт қызы болады.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) қырық жасқа толғанда пайғамбарлық келе бастайды. Бір күні Хира тауындағы үңгірде Жәбрәйіл (ғ.с.) періште келіп: «Оқы» - дейді. «Жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін қаламмен үйреткен» (Ғалақ сүресі).
Сөйтіп, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз бүкіл адамзатқа Аллаһ Тағаланың ең шынайы, ең дұрыс дінін жеткізді. Ол мінез-құлықтың ең жақсысын жетілдіру үшін жіберілген. Адамдар арасында сүйіспеншілік, теңдік, әділдік орнатты. Тату өмір сүруін, өз ризығына разы болып, ешкімнің қолындағысына қызықпауды үйретті. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз адамдармен жылы сөйлесетін, қалжындасып та отыратын. Сәбилерді жақсы көретін. Бай – кедей, құл демей әркімнің халын сұрап, көңілін көтеретін. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз таза киінетін және жұртшылықты тазалыққа шақыратын. Ол (с.ғ.с.) «Тазалық - иманның жартысы» - деп насихаттайтын. «Дүниеде төрт нәрсені жек көремін. Олар – қорқақтық, сараңдық, жалқаулық және ластық» - дейтін.
«Ақ мешіттің» баспасөз қызметі.
Аллаға - мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) – салауат!
Он сегіз мың ғаламға- сәруар болған МҰХАММЕД (с.ғ.с)!
Отыз үш мың асхабқа-сардар болған МҰХАММЕД (с.ғ.с.)!
Аш-жалаңаш жүргенге- қанағат берген МҰХАММЕД (с.ғ.с.)!
Үмбетіне рақым етіп, шапағат берген МҰХАММЕД (с.ғ.с.)!
Мәуліт – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың дүние есігін ашқан күні. Үмбет болып артынан ерген мұсылмандар Пайғамбарымызды үнемі жадынан шығармайды. Сондықтан да, қасиетті Мәуліт күні Пайғамбарымызды жүректерінде қайта жаңғыртып, Оған (с.ғ.с.) сансыз салауат айтып сәлем жолдайды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау - имандылығымыздың белгісі.
Екі дүние сардары, адамзаттың Асыл Тәжі - Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) адамзат тарихының дамуын күрт өзгертіп, рухани әрі қоғамдық салада ең ұлы төңкеріс жасады. Адамдардың ой санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады.
Соңғы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, күллі адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешуде еді. Адамгершілік қадір- қасиеті аяқасты етіліп, күштілер әлсіздерге әлімжеттік жасаған қараңғы дәуірде Алла Тағала сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық міндетін жүктеді. Мейірім мен мейірбандылықты, адамгершілік пен парасаттылықты, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез - құлықтың үлгісін паш етсін деп Оны (с.ғ.с.) күллі әлемге тек рақым етіп жіберді.
Құранға иман келтірген адам хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.), ал хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман келтірген адам Аллаға иман келтірген болып саналады. Құранға сенбеген адам хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) сенбеген, Аллаға иман келтірмеген болып саналады. Міне, нағыз мұсылмандықтың өлшемі осындай.
Құран Кәрімде «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» (Әнбия,106) деп айтылса, Алла Елшісі бұл Алла берген мейірімділік қасиетін паш ету үшін бүкіл өмірін сарп етті. Пайғамбарымыздың рақымдылығы - тек адамзатты ғана емес, барлық болмысты қамтыған және әлі де қамтып келе жатқан, бұдан кейін де қамти берер терең сүйіспеншілік болмағы әмбеге аян ақиқат.
Алла Елшісінің барша мұсылман, күллі адамзаттың жүрегінен жеке-жеке орын табуының өзі Оның (с.ғ.с.) нағыз Пайғамбар екендігінің айқын дәлелі болса керек. Он төрт ғасыр өтсе де, арғы-бергі тарихтағы ұлы тұлғалардың арасында аты жеке-дара аталатын хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) даңқының қияметке дейін сөнбейтіндігіне күллі ғалам куә. Ол өзі өмірден озғанымен, үмметіне қалдырған хадистері әлі күнге халық жадында. Іс-әрекеті мен қимыл-қозғалыстары да дәл көзі тірі кездегідей үмбетіне жол сілтеп келеді. Арада қаншама ғасыр өтсе де, Оның сүннеті Құранмен қатар мұсылмандардың шабыт қайнарына айналды.
Хазіреті Мұхаммедтің ұлы тұлғасын мұсылмандар ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу ынсапты басқа дін мен мәдениет өкілдері де мойындап, бас иді. «Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе өлшенсін, бірақ, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығынан ұлы пенде жоқ» (Ламартин). «Біздер, Еуропа халықтары, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес» (Гете). «...Егер дүниеде халықты дін қағидаларымен соңынан ерте білген біреу болса, ол - Мұхаммед. Ол ешқашан өзін асыра бағаламады. Пайғамбар болу еш күмәнсіз оған тән еді. Қазір оның өмірі мен асыл мұратын түсінген кім болса да оның ұлылығына бас иері сөзсіз...» (А.Бесант). Осылай көптеген тұлғалардың сөз тізімін санамалап жалғастыра беруге болады. Мәселен, даңқты қолбасшы Бисмарк «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін... Адамзат сен сияқты ерекше тұлғаны бір-ақ рет көрді, бұдан кейін көре алмайды. Мен сенің алдыңда құрметпен бас иемін»,- дейді. Шын мәнінде хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірімен жете танысып, жүрек пен санаға тигізген әсерін ой елегіне салып зерделеген жан Оның пайғамбар екенін сөзсіз мойындайды.
Пайғамбарымыздың өмірі жайында мәліметтер көп-ақ. Олардың әуелгісі Жаратушының жарлықтарын қамтыған қасиетті Құран Кәрім, содан кейінгісі хадис кітаптары, «арабтардың архиві» саналған өлең-жырлар, пайғамбарымызды қатты жақсы көрген кісілердің өздерінен кейінгі буынға мұра етіп жеткізген ауызша хабарлары. Соңғы Пайғамбар жайындағы негізгі қайнар көздер мен оқиғаларға куәлік еткен мәліметтердің мұнша көптігі одан бұрынғы және кейінгі ешбір тұлғада кездеспейді.
Адамзат тарихы ешқашан билеуші, даңқты жаулаушы, танымал реформатор, ұлы тұлғалардан кенде болған емес. Алайда, олардың әрбірі өз саласында ғана көзге түскен. Ал осы қасиеттердің барлығы бір ғана тұлғаның бойында жиналуы өте сирек оқиға, тіпті болған да емес.
Уақыт өткен сайын тарихта өмір сүрген мемлекет басшылары мен қоғам көсемдері жайлы естеліктер уақыттың қатпарында қалып шаңға көміліп жатса, жаңаша лебіздер мен хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік күн сайын жаңарып, жаңғыра түсуде.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау – имандылығымыздың белгісі. Өйткені, Құранда Аллаһ: «Шынында да Алла мен Оның періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» (Азхаб,36), - деп бұйырған.
Пайғамбарымыз өзіне салауат айтудың маңыздылығын былайша білдіреді: «Қиямет күнінде маған ең жақын болған кісі - ең көп салауат айтқан адам» (Тирмизи).
«Кім маған бір салауат оқыса, Алла оған он рақым мен сый береді» (Нәсәи).
«Жер бетін аралайтын Алланың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді» (Нәсәи).
Қазіргі таңда қандай бір мұсылман елі болмасын Хақ елшісін (с.ғ.с) естеріне алып, жадында ол жайлы мәліметтері мен білімдерін жаңғыртуы үлкен қажеттілік. Әрі халықтың бір жерге жиналып, Мәулітті атап өтуі – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағынышын, сүйіспеншіліктерін арттыра түседі. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске алу - мұсылман қауымын Алла Тағалаға лайықты құл, оның елшісіне (с.ғ.с) ақыретте мақтан тұтарлық үмбет болдым ба деген ойға жетелеп, мұсылмандығына қайта көз тастауына сеп болары сөзсіз. Мұсылмандардың осындай игі мақсат үшін бір жерге жиналуы - араларындағы бауырластықтың күшеюіне де жол ашады. Адамзат баласын жақсылыққа шақыратын мұндай іс-шараның пайдалы екені, ал әрбір пайдалы да сауапты іс-әрекетті Ислам дінінің қолдайтыны баршамызға мәлім.
Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Сондықтан, Оның (с.ғ.с) дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі - артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Біз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, Оның (с.ғ.с.) тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Бізге ғайып болған ақыреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүниелерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі - мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Ал қуанышты бөлісудің, оны белгілі бір жүйемен көрсетудің, Алла Тағаланың жақсылығы мен нығметіне шүкір мақсатында белгілі дәрежеде мерекелік шара ұйымдастыру жақсылық қана.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуін мереке ретінде атап өту - ең әуелі Алла тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады. Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау әсте мүмкін емес. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мына әлемнің теңдессіз ұлы ұстазы. Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа мына ғалам атты алып кітапты дұрыс оқуды үйретті. Ғаламның бостан - босқа жаратылмағандығын, ондағы әрбір нәрсенің Ұлы Жаратушыдан сыр шертетін әсем де терең мағыналы кітап екенін түсіндірді. Яғни, мына ғалам осы Ұлы Ұстаздың (с.ғ.с.) арқасында түсінікті алып кітапқа айналды. Егер Ол (с.ғ.с.) келмегенде, ғалам атты бұл алып кітап түсініксіз күйде қалар еді. Ал ондай түсініксіз, иесінен хабар бермейтін мағынасыз кітаптың қажетсіз екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, ғалам атты алып кітапты түсінікті кітапқа айналдырған Ұлы Ұстаз (с.ғ.с.) үшін қандай да құрмет көрсетуге лайықты болмақ.
Әртүрлі зиянды яки пайдасыз мерекелер көптеп аталатын бүгінгі қоғамда, саналуан жолдармен ділімізге, салт-санамызға жат ұғымдардың барынша жарнамаланып жатқан қиын да, қым-қиғаш мына заманда Мәуліт мерекесіне «бидғат» деп қарсы шықпай, оны жастарымыздың, жалпы халқымыздың имандылығының артып, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікті нығайту үшін бар мүмкіндікті пайдалана білуіміз керек.
Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні - тек ән салып, ішіп-жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Оның (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, Исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани мереке екенін ұғынғанымыз жөн.
Хақ Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) шынайы үмбет болуды нәсіп еткей! Әмин!
Нариман ИСЕНОВ,
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы.
Ұлу жылы табалдырығымыздан аттаған сәтте Бота Қабыкенұлы Машрапов өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Жақында майлы бояудың сырын ұққан суретшімен тілдестік.
Кенеп және майлы бояу... Бұл заттар - суретшінің ішкі сезімі, көкейіндегі ұшқыр ойы мен шалқар шабытын бейнелейтін құралдар. Кез-келген қылқалам шеберінің қиялынан туған кереметтей шығармаларына үңілсек, бұл дүниелер оның шынайы өмірдегі келбеті мен өзіне тән қасиеттерін аңғартатынына көзіміз жетеді.
Бота Машрапов - Кереку өңірі тұрғындарына мүсінші, суретші-дизайнер ретінде танылған тұлға. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі бірқатар ескерткіштерді сомдаумен қатар, «Балдырған», «Дружные ребята» сынды республикалық басылымдарда да суретшілік қызмет атқарған. Түрлі тақырыптардағы кескіндеме жұмыстарын жазды, сонымен қатар, облыс көлеміндегі жиырмадан астам мұражайлар мен мемлекеттің өзге өңірлеріндегі бірқатар мәдени ошақтардың бой көтеруіне үлесін қосты.
Шынайы мүсіншілердің еңбектерін оқымайсың, көзбен көріп, ішкі түйсігіңмен сезінесің. Оның шеберлігіне әрі қызығасың, әрі тамсанасың. Облыста мұздан бейне жасауды ең алғаш болып қолға алған да - Керекудің Ботасы. Бүгінгі әңгімеміз Бота ағаның шығармашылығын арқау етеді. Нақтырақ айтсақ, суретшінің ішкі құпиялары мен сырларына үңілеміз.
Суретшінің «шимайлары» немесе шабыт қайдан туады?
Шебер бізді шығармашылық «тәртіпсіздік» жайлаған бөлмесіне бастап барды. Мейірімді жүзбен қарсы алған Бота ағаның үйі шағын галерея іспеттес. Жарық бөлмедегі ғажайып суреттер бірден өзіне тартып, көрген жанды өзгеше күйге бөлейді. Оның шалқар шабытынан өрілген туындылары кеңістік пен уақыт иіріміне тартып әкетеді, адамды небір ойларға жетелейді. Мылқау бейнені түсінікті тілмен «сөйлетіп» қою тек талантты өнер иесінің - суретшінің ғана қолынан келмек. Бота аға үшін өнер адамдарының арасында еш айырмашылық жоқ, олардың барлығы бірдей. «Композитор сезімін музыка арқылы, биші би арқылы жеткізсе, мен көкейімдегі айтпақ ойымды майлы бояу мен кенеп арқылы білдіремін», - дейді ол.
«Сурет - өнер туындысы әрі тарих» деген сөз бар. Ал суретші - сол шексіз тарихтың қайталанбас бір сәтін ұзақ уақытқа «тоқтата» алған адам. Б.Машрапов – сондай шеберлердің бірі. Бір қарағанда, суретшінің кейбір картиналары түсініксіздеу сияқты. Бірақ, мән беріп, оқи алған адамға суретшілердің шығармаларында үлкен мағына жатқаны анық. Неміс жазушысы Лион Фейхтвагнер «Суретші шынайылықты сұлулықпен сабақтастыруы керек» деп айтқан екен. Б.Машраповтың туындыларына қарасаңыз, нанымды бейнелерге куә боласыз. Мәселен, «1732», «Түркістанға азалы керуен», «Мен және уақыт», «Шығыс кенішінің ырғағы» атты шығармаларында түрлі сезімдер, махаббат, кек, тіпті ыза да бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір тарихи кезеңнен сыр шертеді. Өткен ғасырдың 80-90 жылдардағы дағдарысты кезеңді бейнелейтін «Мен және уақыт» картинасын көріп, суретшінің өнердегі күйзеліс өмірін еріксіз ұғынасыз. «Өз басым тарихты терең білемін деп айта алмаспын. Дегенмен, түрлі кітаптарда жазылған оқиғалар негізінде сурет саламын», - дейді ол. Шынында да, сурет өнерінің құдіреті арқылы да тарихқа үңілуге, сол замандағы халықтың қасірет-қуанышын сезінуге болады.
Қазірдің өзінде Бота Қабыкенұлы шығармашылық ізденіс үстінде екен. Ол Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқып жатыр. «Бұл тарихи романда XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы шыққан бабаларымыздың батырлығы суреттеледі. Осы оқиғалар тұсында қол бастайтын қаһармандар өсіп, жетіліп шыққандығы туралы көп мағлұмат келтірілген. Міне, Гауһар батырдың ерлігі туралы оқып жатырмын. Бәлкім, жаңа бір дүние пайда болар».
Кез-келген өнер иесімен әңгімелескен уақытта олардың кереметтей туындыларының дүниеге келуіне не түрткі болғанын, не шабыттандырғаны туралы сұрайтынымыз бар ғой. Осындай сауалымызды Бота ағаға да қойдық. Сұрағымызға жауап бермес бұрын қылқалам шебері сөредегі бір қобдишаны ашып көрсетті. Сөйтсек, бұл құпия «сандықта» шағын қағаздар сақталады екен. Дәл осы шығармашылық «шимайлары» суретшінің қиялынан өрбіген туындыларының пайда болуына түрткі болатын көрінеді. Ондай сыршыл қағаздар аз емес...
Жалпы, шабыт туралы айтылып жүрген ойлар әрқилы. Мысалы, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин «шабыт жоқ, бап қана болады» деген екен. Ал Бота аға: «Шабыт деген құдіреттің не екенін білмеймін. Мен үшін шабыт деген ұғым жоқ. Ол - тек қана қажеттілік пен ізденістен туындайтын дүние ғой», - деп жауап берді.
«Армандар көп көкейімде тұнып тұрған...»
Қылқалам шебері осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2002 жылы газетімізге берген сұхбатында дәл осылай депті. Суретшімен сұхбаттасқан сәтте көкейіндегі сол көп армандарға жеткен-жетпегенін білуге асық болдық. Болмысынан сабырлы, сөзге сараң, дегенмен өнер десе көсілуге бейім Бота Қабыкенұлының армандары да ерекше. «Мен ешқашан кәсіби суретші боламын деп ойламаппын. Отан алдындағы борышымды Германияда өтеп жатқанда, анамның төсек тартып ауырып қалғаны туралы хабар келді. Әскерден үйіме келгенде, анам: «Балам, қазіргі кезде суретшілердің табысы жақсы. Суретші бол!» деп айтқан еді. Мен асыл анамның аманатын орындадым»,- дейді ол.
Бота Қабыкенұлы көптен бері жүзім өсірумен айналысуды армандайды екен. Суретшінің әкесі Қабыкен – Баянауыл ауданының тумасы, облыс тұрғындары арасында беделге ие болған азамат. Ол ұлтымыздың ұлағатты ұлдары – Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шөкиннің сыныптасы болған. Қабыкен Машрапов, сонымен қатар, Павлодар қаласын көріктендіруді қолға алған азаматтардың бірі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Содан да болар, кейіпкеріміздің өсімдіктерге деген ықыласы ерекше. «Әкем биология және химия пәндерінен сабақ берген. Әлі есімде, балалық шағымда әкем түрлі өсімдіктерді будандастырып, тәжірибелер жасайтын. Мені де соған баулыды. Жанынан бір елі қалмай, жанталасып жүргенде ол мені «пұшық ит» деп еркелете атайтын! Жалпы, жүзім өсіру - бала кезімнен бері аңсаған арманым. Болашақта осы жемісті өңіріміздің суық табиғатына бейімдегім келеді. Әзірге, оларды өсіру теориясын жасап қойдым. Қазіргі кезде үйімнің ауласында жүзімдерім бар», - дейді ол. Бота ағаның осындай арманы әкесінен дарыған «қасиет» болса, екінші арманына анасы Жәкітай себепші болған екен. Ол география пәнінен сабақ берген, қолы босай қалса тігін тігу, киіз басу, алаша тоқу ісін ермек қылған. «Кішкентай кезімізде ата-анам қонаққа шығарда алаша тоқуға тапсырма алатынбыз. Ағам екеуміз алдымызға жан салмай тоқитынбыз. Арманым, жай ғана алаша тоқумен шектелмейді. Басты мақсат – ата-баба өнерін суретші көзқарасымен жаңғырту. Оның жасалу технологиясын сақтап қалу, насихаттау», - дейді ол.
Өмірін қылқаламмен өрнектеген Бота Қабыкенұлының бүгінгі күнге дейін құпия болған арман-идеясы – көзі көрмейтін азаматтарға арналған көрме ұйымдастыру. «Бұл мақсатымның мәнісі тереңде жатыр. Көрме жарық әлемді көру бақытынан айырылған адамдарға қоршаған ортадағы керемет дүниелерді қолмен ұстатып, санамен сезіндіруді көздейді. Зағип жандар ғана емес, көзі көретін адамдар да «жылулық», «мейірімділік» сынды ұғымдарды қандай да заттарды қолмен ұстап көру арқылы сезінеді. Мәселен, мейірімділікті сездіру құралы ретінде жұмсақ әрі жылы зат қолданылуы мүмкін», - дейді ол.
«Суреттің - өзі өмір» деп тегін айтылмаған. Өйткені дарынды адамның бойындағы рухани байлығы мен көңілінде ұялаған әрбір сәті бейнелі суретке айналып қалып қоятын көрінеді. Тек суретші ғана қас-қағым сәтті қалт жібермей, қылқаламның ұшымен пәлсапаға толы туындыға айналдыра алатыны шындық. Сәнді сурет тек уақытша, ал мәнді сурет - қылқалам шеберінің сезімі мен іңкәрлігін, әрекеті мен мінезін, табиғи дарынын білдіреді десек артық айтпағандық болар. Бота ағаның салған суреттерін көргенде осыған көзің жетеді...
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
|
Қаңтар айының 19-нан, яғни бүгіннен бастап Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Павлодар қаласының тұрғындарына арналған «Діни сауат ашу» курсы оқыту жұмысын бастамақ. Бұл курста Құран (тәжуид), Ақида (иман негіздері), Фиқһ (ислам негіздері) және намаз оқып үйренумен қатар, уағыз-насихат та екі тілде қатар жүргізілмек. Діни білімін жетілдірем деушілер мен мұсылманша сауат ашушылар үшін жан-жақты мүмкіндіктер жасалған, оқу тегін ұйымдастырылуда.
- Сауат ашу курсында ерлерге, әйелдерге қазақ және орыс тілдерінде білімді де білікті дінтанушы ұстаздар білім береді. Біз облысымыздағы қала, аудан мешіттеріне де діни сауат ашу курстарын ашып, олар бойынша жылына кем дегенде 100 шәкірт қамтуды көздеп отырмыз. Осы арқылы бүгінде еліміздің тұтастығы мен дәстүрлі дінімізге қарсы, жат пиғылды ағымдардың жетегінде кетуден жастарымызды сақтандыру, сондай-ақ, Ислам дінінің құндылықтарын насихаттау - біздің басты мақсатымыз. Сауат ашу, уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру үшін қала, аудан имамдарының арасынан «Жыл имамын» анықтайтын бәйге де ұйымдастырудамыз, - дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының (ҚМДБ) Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов.
Бүгінде орталық мешіттің кітапханасы күнделікті жұмыс кестесін бекітіп, халыққа қызмет көрсетуді бастады. Кітапхана ҚМДБ–ның әзірлеуімен шыққан жаңа діни әдебиеттермен толығуда.
Тағы бір айта кетерлік игі жаңалық - жақында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ғаламтордағы сайты ашылып, жұмыс істеуде. Сайтта облыс көлеміндегі мешіттер жайлы жан-жақты ақпарат беріліп, олардың салыну тарихы көрсетілген. Аймағымызда болып жатқан діни жаңалықтар тұрақты түрде жарияланып, оқырмандар тарапынан түсетін түрлі сауалдарға жауап беру қолға алынған. Бұл шаралардың өңір жұртшылығының діни сауатын көтеруде алар орны зор екені анық.
- Алдағы уақытта Павлодар қаласында 100 адамдық медресені арнайы асханасымен қоса салу жобасын жасап жатырмыз. Алла қаласа, ол ойымыз да жүзеге асатын болады,-дейді өкіл имам.
Жұртшылық, әсіресе, кейінгі жастар үшін маңызы зор жаңа істер нәтижелі жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр.
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.
Баянауыл ауданында Лекер атты шағын ғана ауыл бар. Бала кезімізде «Лекер деген кім екен?» деп ойлаушы едік. Бертін келе ауылдағы ақсақал, шежіреші қарттардан естіген әңгімелер арқылы Лекер атаның қажы болғанын, тіпті халық оны әулие деп танығанын білдік.
Ел ішінде аңыз болып тараған ол туралы төмендегі әңгіме қызықтырмай қоймайды. Бекболат баласы Лекер (Ақбура) әулие, диуана деген атпен белгілі екен. Көнекөздердің айтуынша, ол кісі Бәкі баласы Бақтыбаймен қажылыққа барған. Бақтыбай деген кім дегенге келсек, ол Мұса Шорманұлы мырзаның серігі, сенімді көмекшісі болған деген сөз бар.
«Меккеге жол жүреміз» деген уағдалы күні Бақтыбайдың ауылына үстінде ақ көйлек, ақ дамбалы бар Лекер диуана келе қалыпты. «Бақтыбай, мен үйден жол қаражатымды алып, біржола шықтым. Ал сен дайын болсаң, тездет. Алланың жұмсауымен Шалқыманнан (бәйбішесі – Ж.Қ.) 20 тиын қарызға алдым, өзіме жетіп қалар», – дейді ол. Сөйтіп, жолаушылар жолға шығыпты.
Мекке жолындағы көк теңізге жетіп, кемеге мінейін десе, кеме иесі «жол кірең жоқ» деп, диуананы мінгізбейді. Сонымен кеме кете барады.
Біраз жүргесін теңіз бетінде қатты дауыл тұрып, кемеге батып кету қаупі төнеді. Сол сәтте жолаушылардың бірі: «Бағанағы диуананы бекер алмадыңыз, сол кісі тегін адам емес сияқты еді», – дейді. Кеме ұзағырақ уақыт бөгеліс жасауға мәжбүр болады. Бір уақытта кеме басшысы алысқа көз тіксе, ақ көйлекті диуана судың бетін қара жердей кесіп, зулап келеді екен. Кемедегілер оның тегін адам емесіне көз жеткізіп, кемеге мінгізіп алыпты.
Меккеге келісімен-ақ Лекер әулие көпшіліктен бөлініп, өзі танитын жерге келгендей, шаһарды аралап жүре береді. Межелі уақыт жетіп, кері қайтар кез келгенде, Бақтыбай Лекер диуананы таба алмай қалады. Әрі-бері іздейді, жоқ. Бірқыдыру уақыттан соң ғана Бақтыбай құмның үстінде демалып отырса, диуана сап ете қалыпты.
– Бақтыбай, сен мені тосып отырсың ба? Мен елге қайтпайтын болдым. Айтатын бір-екі аманатым бар, соны саған айтып үлгерейін деп асығыс жеттім, – депті ол. – Мен Шалқыманнан 20 тиын ақшаны қарызға алып едім, міне, апарып бер және Исабай балама сәлем айт.
Бақтыбай ақшаны қалтасына салып, қараса, әулие ұшып кеткендей зым-зия. Тек құм үстінде асатаяғы қадаулы тұр.
Асатаяқты алып, Бақтыбай елге келе сала әулиеге арнап ас беру жабдығына кіріседі. Ас үстінде әулиенің екі аманатын да орындап, 20 тиынды Шалқыман бәйбішеге, асатаяқты баласы Исабайға беріп, ауылына оралады.
Атасының асатаяғын ұстаған Исабайға да бабаларының бағы қонған деседі. Ол әулие Исабай қажы атаныпты. Оның Айтмұхамет (Айтмағанбет), Әлмұхамет атты екі ұлы болған.
Айтмағанбет әулие дүниеден 1967 жылы озған. Ел ішінде оның көзін көрген ақсақалдар бар. Соның ішінде шежіреші Нығмет Жәмінұлы айтқан мына бір жайтқа еріксіз таңғаласың – «1930-31» ашаршылық жылдары Айтекең диуана біздің ауылға даланың еліктерін айдап әкеліп, сауғызып тұрыпты», – деп әкем айтатын. Ақ киім киіп, еліктерді үй малындай қотанға иіріп әкеліп саудырғанда «желінінен ұрмаңдар, ақырын-ақырын» деп зарлап, көзінің жасы сақалынан тарам-тарам болып ағып, ат үстінде жылап тұрады дейтін. Лекер әулиенің асатаяғын Исабайдан кейін Айтмағанбет диуана ұстады. Оның талай сырқатты таяғымен ұшықтап, жазып жібергенін көзімізбен көрдік. Қасиетті асатаяқтың бір кездері қоңыраулары мен шылдырмағы болатын. Біреу ауырса, шамдары жанып, шылдырмақтар сыңғырлап, белгі беруші еді. Асатаяқпен бала кезімде мені де ұшықтап жазғаны есімде.
Ал төмендегі әңгімені Нығмет ақсақалға марқұм Дәрім Смағұлов әңгімелепті.
– Мұрынтал колхозында ферма меңгерушісі болып қызмет еткен Дәрім ақсақал Сағынбек диуана дейтін емшінің үйіне барса керек. Диуананың есігінің алдында сол кезде арба үстінде шаңыраққа керіліп бір әйел адам жатады. Үйге кірсе, төрде келген жолаушы мен пеш түбінде Сағынбек диуана отыр, басқа ешкім де жоқ. Диуананың бәйбішесі ет асып, шайын дайындап, қазандық жақта жүр. Дәрім ата сәлем беріп, төрге жайғасады. Ешкім ештеңе демейді. Әлден уақытта үйге Айтмағанбет диуана кіріп келеді. Ол Сағынбек диуанаға бұрылып: «Осыншама неге асығыс шақырттың? Ат таба алмай, бөгеліп қаламын ғой деп, жаман тайға мініп әрең жеттім, күн де ыстық», – дейді. Дәрім ақсақал аң-таң болып ойланып қалады, себебі Айтмағанбет әулие Сарыөлең ауылынан келіп отыр, ол Мұрынталдан ең азы – 80 шақырым. Ол кезде телефон деген атымен жоқ, сонда екі арадағы хабаршы кім?
«Сізді шұғыл түрде шақыртқаным, – дейді Сағынбек диуана, – өз қолымнан келмейтін, күшім жетпейтін сырқат адамның арнайы шыққанын иелерім сездірді.
Айтмағанбет диуана айтылған сырқат адамды: «Ой, байғұсым, ауырып қалдың ба, жазыласың, ештеңе етпейді», – деп, асатаяғымен ұшықтап, құлан-таза сауықтырып жіберіпті.
Иә, былай қарасаңыз, осының бәрі ертегі сияқты. Ертегі дейін десең, сол әулиелердің өмірде болғаны рас, қайсыбірінің ауылда зираттары жатыр, тіпті көзін көріп, шипасын алғандар да жоқ емес. Бәрінен қызығы, әңгімемізге арқау болып отырған қасиетті асатаяқтың бүгінгі күні осы Екібастұз қаласында екендігі. Айтмағанбет диуана көз жұмған соң, оған марқұм Мүбәрак Жабағин ие болған. Бір жылдары баз бір емшілер «Түсіме әулие атам кіріп, асатаяққа ие болуымды бұйырды» деп, асатаяққа қолқа салып келгенін де құлағымыз шалған. Осындай көлденең көк аттылардың өтініштеріне қарамастан, асатаяққа бүгінде Мүбәрак ақсақалдың үйіндегі Рысжан апай ие болып отыр.
Бұл күні асатаяқтың бұрынғы сылдырмақтары мен шамдары жоқ. Тіпті аздап сынып, қайта жөндеуден өткен. Әйтсе де, сырын жоғалтса да, сынын жоғалтпаған асатаяқтың бойында әлдебір тылсым күш бардай...
Жанаргүл ҚАДЫРОВА.
дейді Алмагүл Әлішева
«Кино – барлық өнерді тоғыстырған дүние» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында әншілік, әртістік, ақындық, шешендік сынды өнер түрлері жатыр. Алайда, павлодарлық жас әртіс Алмагүл Әлішева үшін кино деген құдірет актерлік және режиссерлік атты екі өнерді ұштастырған үлкен әлем болып табылады... Бүгінгі әңгімеміз кино және телеарна әлемін ұштастыра білген жас актрисаның шығармашылығы жайында болмақ.
2011 жылдың сәуірінде Ертістің Павлодар өңірінде «Қазақфильм» киностудиясы өнер тарландарының қатысуымен «Қазақ киносының апталығы» атты шара ұйымдастырғаны естеріңізде болар. Оның барысында павлодарлықтар назарына бірқатар отандық кинотуындылар ұсынылған болатын. Сөз жоқ, олардың қатарындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір белестерін арқау еткен «Балалық шағымның аспаны» фильмі баршамыз үшін ұмытылмас әсер қалдырды.
Әсем Алатаудың баурайын мекен қылған Әбіштің отбасы бір перзентке зар болып, әулиелердің басына түнеп жүріп, жаратқанға жалбарынып сұрап алған перзентінің атын Сұлтан деп қояды. Туындыда осы Сұлтанның (Елбасы) балалық шағы суреттелген. Асқақ Алатаудың бауырында өткен балғын балалық күндерінің бірінде алғаш ұшақты көрген ол жартастың басына шығып, биіктіктің не екенін ұғынады. Осыдан бастап бала жүректе көк жүзіндей биіктікке, асқар таудай асқар шыңға ерекше ұмтылыс орнайды. Осындай әсерлі сәттерден басталған фильмде Президенттің анасын сомдаған актриса қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың дүниеге келген жері - Кереку өңірінің тумасы екенін білгенде, бойымызды ерекше мақтаныш сезімі кернеген еді.
Хакім Абай өзінің жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады.… Біреуі білсем екен дейді» деген екен. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Алмагүл Әлішева бала кезінен-ақ білуге, айналасын тануға ынтық болған. Талапты қызын «өнер» атты бәйгеге өзі баптап қосқан анасы Әлияның айтуынша, ол қаршадай кезінен бастап, өзге балалар сияқты асыр салып ойнаудан гөрі, ән мен биге құмар болыпты. «Қызым үйге келген қонақтарды қаз-қатар тізіп отырғызып қоятын. Сосын алдарына шығып ән шырқайтын. Өнерінің есесіне ду қол шапалақ ұруды сұрайтын. Нағыз өнер адамы сияқты...», - дейді күліп.
Алмагүлдің өнерге деген ерекше ықыласы оны Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кинотану факультетіне түсуге жетелейді. Бүгінгі таңда оның «Ел арна» телеарнасында режиссер болып қызмет еткеніне бес жылдың жүзі болыпты. «Мен - Павлодар қаласындағы №19 мектептің түлегімін. Мектепті тәмамдаған сәтте мені «Кім боламын?» атты сауал мазалаған жоқ. Өмірім өнермен байланысты болатынына сенімді болдым», - дейді жас актриса.
Өнер - бәйге. Өнерде үнемі оқ бойы озық шабу міндет емес. Дегенмен, даралану керек-ақ. «Балалық шағымның аспаны» фильмінде қалың көрермен алдында Президенттің анасы - Әлжан ретінде танылған жас дарын өз актерлік шеберлігімен ерекшеленді. Өнер иесімен әңгіме барысында «Балалық шағымның аспанына» қалай келдіңіз? деген заңды сауал туындады. «Аталған фильмге дейін қазақ эстрадасы жұлдыздарының бейнебаяндарына, телеарнадағы кішігірім роликтерге түскенмін. Сол кездері маған «Бағымды неге үлкен кинокартинада сынап көрмеске» деген ой маза бермеді. Бақытыма орай, соның сәті туды. Осы кезде «Балалық шағымның аспаны» фильміне кастинг жүріп жатқан болатын. Әрине, сәл сенімсіздеу болдым. Неге десеңіз, фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш, басты рольдерде ойнаған Бибігүл Төлегенова, Ерлан Жарылқасынов, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова сынды өнер саңлақтарымен қатарлас тұра аламын ба деп қобалжыдым. Алайда, тәуекел атты желқайыққа мініп, сынақтан өттім. Міне, осылайша, Елбасының өміріне арналған киноға түстім», - дейді А.Әлішева.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Алмагүл қазіргі таңда телеарнадағы режиссер мамандығының қыр-сырын меңгеруде. Ол осы шығармашылық кәсіптің ыстық-суығымен біте қайнасып келе жатыр. Ал көгілдір экранның басқа жағындағы, яғни кинодағы ыстық-суық сәттер қандай болды екен? Алмагүлдің айтуынша, түсірілім алаңы мен телеарнадағы негізгі жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты. Бір анығы, екеуі де еңбекқорлықты талап ететін машақаты мол қызмет.
Аталмыш кинотуындыда Әлжанның келіншек кезіндегі бейнесін сомдаған Алмагүл үшін бұл үлкен кинодағы дебюттік роль екен. Соған қарамастан, жас актриса бір қолымен әлемді, бір қолымен бала тербеткен қазақ әйелінің бейнесін аша білген. Оның экрандағы әрбір қимылы, қозғалысы, көзқарасы, қазақ әйелінің бейнесін ашудағы шеберлігі еріксіз таң қалдырады. Алмагүлдің айтуынша, кез келген бейнені алып шығудың өзіндік қиындықтары бар. Ал, Елбасының анасын, жалпы қазақ әйелінің ролін сомдау жас актриса үшін нағыз шығармашылық сынға айналыпты.
- Әлжанның бейнесі менің рухани әлеміме өте жақын. Дегенмен, шынайы өмірімде бала бағып, ана атанбағандықтан, бұл роль мен үшін сәл алыстау болды. Сондықтан, өзімнің сүйікті анаммен үнемі байланыста болдым. Кинода Әлжан бейнесін нақышына келтіріп ойнауға бірінші кезекте анамның арқасында қол жеткіздім. Сонымен қатар, жанымда Бибігүл Төлегенова сынды киноның майталманы жүргенде, маған соншалықты салмақ түспеді», – дейді ол.
Өнер иесінен аталмыш фильмнің тұсаукесерінен кейін Елбасымен кездескен сәтте қандай сезімде болғанын сұрап едік. «Тұсаукесер рәсімінен кейін Президент кинода ойнаған барлық актерлермен кездесіп, алғысын білдірді. Елбасымызды күнде теледидар арқылы көреміз ғой. Ал, қасында тұрып, алғысын арқалау бір бақыт екен!», - деп ағынан жарылды ол.
Көрермен екі сағатқа жуық уақытқа созылған бұл туындыны бір деммен көріп, ерекше сезімге бөленгені сөзсіз. Себебі, онда қазақ ауылының сол кезеңдердегі тыныс-тіршілігі, ұлттық салт-дәстүрлері мен кең пейілді мінезі үйлесімді көрініс тапқан. Дегенмен, бұл - көгілдір экранның бер жағындағы қалың жұртшылықтың алған әсері. Ал түсірілім алаңында, кадрдың ар жағындағы Алмагүлдің осындай сезімі қалайша өрілді екен... Осы сауалға да жауап алуға асықтық. Алмагүлдің айтуынша, көрерменге көрсетілген фильмде кадрға сыйған да, сыймай қалған да көріністер болыпты. Жас актриса солардың ішіндегі бірнешеуі туралы тебірене айтып берді. «Алғашқы көрініс – Әлжанның ұлды болуының алдында көрген түсі болатын. Сол кадрды түсіруге Каспийге әне-міне деп барғанша қыркүйек айының аяғы болды. Сөйтіп, қара суықта екі күн теңіздің асау толқынымен «алысуға» тура келді. Бірінші күні сәтсіз ойнадым. Екінші күні режиссердің қайрауымен, қиындықты жеңіп шықтым. Есесіне екі күндік еңбегімнің тәуір нәтижесін экраннан көрдім. Ал фильм сюжетіне кірмеген көрініс – балам Сұлтанмен табиғат аясындағы серуендеп жүрген кезіміз. Сценарий бойынша, Сұлтан байқаусызда сарыбас жыланды ұстап алып, ойнап жүреді. Мен болсам, осы сәтте зәрем ұшып, әлгі жыланды лақтырып тастаймын. Ол қорыққаннан жылап жібереді. Сұлтанның көңілін аулау мақсатында мен би билеп, ән шырқаймын. Мен үшін бұл көрініс - ең әсерлі тұстардың бірі еді. Түсірілімге екі апта уақыт кетіпті», - дейді күліп.
Айтпақшы, Алмагүлдің киноөнердегі шығармашылық жолы осымен аяқталмайды. Ол жуырда ғана көрермендерге жол тартқан «Алдар Көсе» атты көпсериялы комедияда басты кейіпкердің жұбайы Айгүлдің ролін сомдады. Біз Отандық киноөнерде таныла бастаған жерлесіміз Алмагүл Әлішеваға «Сарыарқа самалы» газеті мен қалың оқырмандарымыздың атынан өнеріңіз өрге жүзсін деген тілек білдірдік.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері:
- Біздің түсіруші топ пен әртістер қауымы бұл фильм
| |