дейді Қазақстанның халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ
Қазағымыздың театр өнері дара тұлғаларға бай. Маңдайымызға бақ болып біткен саңлақтарымыздың жолын қуып, ұлттық өнерді дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар тұлғалардың бірі - Қазақстанның халық әртісі, профессор, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі директоры Есмұхан Обаев.
Әкемтеатрдың өңіріміздегі гастрольдік сапары кезінде Есмұхан ағамызбен тілдесудің сәті түсті. Әңгіме барысында Есмұхан Несіпбайұлының өнердегі «ауруы» – тек театр екеніне көзіміз жетті.
- Аға, сізді қалай атасақ екен, Жеңісхан ба, әлде Есмұхан ба?
- (Күліп). Иә, Есмұхан атануымның өзі бір хикая ғой! Біздің балалық шақ соғыстан кейінгі қиын кезеңде өтті. 1942 жылы әкем Несіпбай майдан даласына аттанды. Сол жылы мен дүниеге келіппін. «Біз жауды жеңеміз!» деген ұранға орай әке-шешем атымды Жеңісхан қойыпты. Кейін халық арасында Есмұхан болып аталып кетіппін.
- Әңгіме басында «Мен – тау баласымын» деп айтып қалдыңыз...
- Иә, мен - тау баласымын. Алатаудың сұлу бөктерінде орын тепкен Кеген деген жерденмін. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, туған жерімдегі Тәңіртауларға қарап, арманшыл болып жетілдім. Заңғар биіктерге көз салып, құс қанаты жете бермейтін шыңдарды бағындыруды, оларға теңелуді аңсайтынмын. Соған қалайша жетемін деп өстім. Сол кезде ауылымда үнемі жел соғып тұратын. Шіркін, туған жердің жел гуілі де әсем әуен іспеттес қой! Әке-шешелеріміздің ыңылдап, ән салмайтын күні болмайтын. Бойымызда өнерге деген, әнге деген бір құштарлық болса, солардан, жерімнің тау-тасынан, ағаш-бұтасынан жұқты. Мені өнерге, театр әлеміне жетелеп, бойымдағы іңкәрлікті тәрбиелеген туған жерімнің мөлдір бұлағымен келген осы - құштарлық. Адам өнерге тектен-тек келмейді ғой... Ауылымызда сұңқылдап сөйлейтін жалғыз радиомыз болатын. Содан тау-тасты жаңғыртып ән салатын күміс көмей әншілеріміздің шығармаларын тыңдап, бойымызға сіңіріп өстік.
- Балалық шағыңызда ән айтыпсыз. Алайда, әнші емессіз. Режиссура әлеміне қалай тап болдыңыз?
- Он жылдық білімді тәмамдаған кезім. Күндердің күнінде ауылға Алматыдан бір топ ұстаздар келді. Мақсаттары – Құрманғазы атындағы консерваторияға талапкерлерді қабылдау еді. Үйде шаруаларыммен жүргенде сұр киімді, сусар бөрікті, өктем дауысты бір адам: «Әй, Обаев, бері кел!» деп шақырып алып, ән айтқызды. Бейтаныс адам Асқар Тоқпанов деген профессор еді. Алдына келіп ән айтып, тақпақтарды да шумақтадым. Ақыры көңілінен шықтым. «Кешікпей консерваторияға кел, актерлік бөлімге түсесің!» деп нұсқау айтты. Ауылдың аңғал баласымын ғой, Алматыға қыркүйекте бір-ақ бардым. Сөйтсем, кешігіп қалыппын. «Дауысың қырылдап тұр, түспейсің!» деген сөгіс естідім. Сондықтан, Бекен Жылысбаев ағамыздың жетекшілігімен режиссерлік бөлімге түстім. Шыны керек, сол кезде мен режиссерден дирижерді де айыра алмайтынмын.
- Есмұхан аға, ұлттық өнеріміздің қара нарлары – Жаяу Мұса, Жұмат Шанин, Иса Байзақов, Жүсіпбек Аймауытов сынды тұлғаларды тудырған киелі Кереку топырағы сіз үшін бөтен болмас?
- Әрине. Мен үшін Ертістің Павлодар өңірінің орны бөлек. Осы елдің тума таланттарымен консерваторияда оқып жүргенде-ақ танысқан болатынмын. Зейтін Ақышев, Шәкен Айманов, Қаукен Кенжетаевтың көзін көріп, сабақ алғанмын. Қазағымның осындай ұлдары 100 жылда бір рет өмірге келеді ғой! Айтқан ақыл-кеңестері мен үшін өмірлік мектепке айналды. Олар – ұлық болса да, кішік болған жандар. Шәкен ағам мені «Ес» деп қысқаша атайтын. Жалпы, мәдениет, білім мен өнердің өлкесі – Павлодар өңірін ерекше құрмет тұтамын. М.Әуезов атындағы драма театрға келген бойда алғашқы рет осы жердің тумасы - Жаяу Мұсаның өміріне арналған тырнақалды туындымды ұсынған болатынмын. Тума талант иесінің шығармашылығымен таныспын, әндерін жатқа білемін деп мақтанышпен айта аламын.
- Сіз бүкіл жан-тәніңізбен режиссерлік кәсіпке берілген өнер иесісіз. Режиссер мамандығының бет-пердесі қандай?
- Қазіргі буын білмейтін шығар, біздің кезімізде «Партия - ум, честь, совесть наши эпохи» деген ұран болатын. Мен оның өңін айналдырып: «Режиссер - театрдың ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» деп үнемі айтамын. Режиссер – кез келген театрдың жүрегі, ұстыны. Бұл мамандық болмаса, театр атты киелі шаңырақтың ғұмыры өміршең болмайды. Біз – театр иммунитетін күшейтетін адамдармыз. Театрдың өсуі де, өшуі де режиссерге байланысты дейтінім де сондықтан. Бұл – әйел адамның мамандығы емес, нағыз ерлерге тән құбылыс. Режиссердің бойында, бірінші кезекте, ұлттық мінез-құлық атойлап тұруға тиіс. Яғни, ол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің білгірі, өз ұлтының патриоты болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, режиссердің бойында ішкі-сыртқы үйлесімділік, көркемділік, көрегенділік, шыдамдылық, білімдарлық қасиеттері топтасуы керек. «Жақсы режиссер әртістердің бойында «өледі» деген сөз бар емес пе? Актерлерді өнер шыңына жетелеуге барын салып, жан-тәнімен еңбектенуі керек.
- Аға, шығармашылық ғұмырыңызда 100-ден астам спектакль қойыпсыз. Сонда, сіз қай пьесаны дайындау барысында «өлдіңіз»?
- Мына шығармам жақсы, мынауым жаман деп бөле-жара айта алмаймын. Мен кез келген қойылымды дайындау барысында актерлермен бірге «өлемін».
- Бүгінде қоғам арасында жастар түгілі, аға буын өкілдері театрға сирек барады деген пікір қалыптасқан. Көрермендердің аз болуы кімнің кінәсі? Бүгінгі уақыттың көрермені қандай?
- Бүгінгінің көрермені – талғампаз, зиялы, талапшыл. Ал оларды театрға тартып, өнерге тәрбиелеу кез келген театрдың қолынан келе бермейді. Өнердегі басты мақсатымыз да осы – көрермен тәрбиелеу. Ал олардың театрға бас сұқпауы – өнер ордасының осалдығы.
- Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын жергілікті университеттің ректоры болған кезінде жыл сайын өзінің туған күнінде бір спектакльдің билеттерін студенттерге сатып алып, таратып, сый жасайтын. Алматыда осындай үлгі аларлық дәстүрлер бар ма?
- Бәрекелді! Қазақ өнерін бағалайтын мәрт жігіттер біздің өңірде де баршылық. Мәселен, қыздар педагогикалық, политехникалық, медициналық және тағы басқа институттардың басшылары жылына 5-6 қойылымның билеттерін өз қаражаттарына сатып алып, студенттерге беру игі дәстүрі қалыптасқан.
- Театрдан кино өнеріне ойыссақ. Жуырда жалпақ көрерменге жол тартқан Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалаған боларсыз. Қандай әсер қалдырды, айтар сыныңыз бар ма?
- Иә, тамашаладым. Батыр халықтың ұрпағы - біз үшін бұл кино керемет әсер қалдырды. Ол - халқымызға деген мақтаныш, абырой сезімі. Ең бастысы, кинодағы әртістердің ойынынан ұлтымызға тән батырлық пен батылдықты сезіндім. Қазақ халқының мінезін паш еткендей! Алайда, айтар сыным да жоқ емес. Ең бірінші, назар аударған тұс – актерлік ойынның жетіспеуі. Жас әртістер қазақи намысшыл мінезді толыққанды жеткізе алмады. Екіншіден, музыкалық көркемдеуі көңілімнен шықпады. Н.Тілендиевтің «Аққу», Құрманғазының «Сарыарқасы», Естайдың «Қорланы» - бәрі «сапырылысып» кеткен. Менің ойымша, осы әуендерді біртұтас композицияға топтастыру қажет. Бір айтарым, Ақанның «Жаужүрек мың баласы» «Көшпенділерден» асып түседі.
- Емен-жарқын әңгімеңіз үшін «Сарыарқа самалы» газетінің атынан алғыс білдіремін!
Сұхбаттасқан – Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Облысымызда ұлттық өнеріміздің жалауын желбіреткен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының гастрольдік сапары өтіп жатқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Еліміздің маңдайалды әртістерінің сахналауымен жүріп жатқан қойылымдар жергілікті талғампаз көрермен тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болуда. Айрықша ықыласқа бөленген «Абай» және «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектакльдерінен суретті репортаж ұсынамыз.
Белгілі тележүргізуші Аяулы Нұрғалиева
Бүгінгі кейіпкеріміз – кезіндегі облыстық «Дидар» (қазіргі «Қазақстан-Павлодар») телеарнасының дикторы, белгілі тележүргізуші, журналист жерлесіміз Аяулы Аманжолқызы Нұрғалиева.
Сыңғырлаған дауысымен, көркем мінезімен, сүйкімді келбетімен көрермендердің жүрегінен жол таба білген дикторды іздеп жатқандар аз емес.
Елінің елеулісі болған Ертістің ерке қызын көптің сұрауы бойынша «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандарымен табыстырғанды жөн көрдік.
- Сәлеметсіз бе, Аяулы! Көгілдір экраннан көрінбей кетуіңіздің себебі неде?
- Сәлеметсіздер ме, құрметті жерлестер!
Мен қазір Астанадағы мұнай-газ саласындағы компаниянда баспасөз қызметінің басшысымын. Бірақ, телевизия саласынан да қол үзген жоқпын. Эфирден көрінбегенім болмаса, республикалық арналардың тележобаларына қатысып, редакторлық қызмет атқарып жүрмін.
- Астанаға қарай ойысуыңызға не түрткі болды?
- Павлодар облыстық телеарнасында диктор болып жүргенімде «Астана» арнасы жұмысқа шақырды. Ол кезде тұрмыс құрмаған болатынмын. Басым бос, өзім жаспын дегендей... Содан ойланбастан келісім беріп, 2003 жылы Астанаға бет алдым. Аллаға шүкір, қазіргі жағдайым жаман емес. Елордада өмір сүріп жатқаныма өкінбеймін.
- Өмір жолыңызға байланысты сәл шегініс жасасақ... Жалпы, телевизия саласына қалай келдіңіз?
- Әкем облыстық «Дидар» телеарнасында қызмет істеді. Бір күні мені жұмысына ертіп барды. Сол-ақ екен, аңсарым телестудияға ауып, сонда жұмыс істеуді қатты армандадым. Мектебім де телеарна ғимаратының дәл жанында болатын. «Дидардың» биік мұнарасын көрген сайын қиялға бой алдыратынмын... Кейін институтқа оқуға түсіп, филология факультетін бітірген соң, конкурс бойынша облыстық телеарнаға диктор болып жұмысқа қабылдандым. Осылайша, журналистік өмірім басталды.
- Облыстық және республикалық телеарналарда диктор болдыңыз. Сіздің пікіріңізше, қазіргі заманның дикторы қандай болуы керек?
- Дикторларға сұлулық, сымбаттылық және дауыс тазалығы керек. Сондай-ақ, дауысты, дауыссыз дыбыстарды айырып, орфоэпия заңдылықтарын білу маңызды. Осыдан біраз жылдар бұрын дикторлар дайын мәтінді оқи салатын. Ал қазіргі дикторларлар заман талабына сай жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Қысқасы, кез келген диктор жүргізушінің, тіпті, журналистің міндетін атқара білуі тиіс. Сонымен қатар, міндетті түрде шығармашылық қабілеті болғаны жөн. Өйткені, көгілдір экранның ар жағында отырған көрермендерді тарту үшін диктор өзі оқып отырған жаңалықтың мән-маңызын терең түсініп, оператордың бейнекөрінісімен үйлестіре білуі қажет.
Өкінішке қарай, біздің елде «диктор» деген мамандыққа баулитын оқу орны да, олардың біліктіліктерін арттыратын орталық та жоқ. Сондықтан, қазақстандық белгілі дикторлардың көбі Мәскеуге барып, тәжірибе алмасады екен. Осы мәселені біздің елде де қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
- Көптеген белгілі тележүргізушілер жасы егде тартқан соң экраннан алыстап кетеді екен. Мұның сыры неде?
- Диктор - телеарнаның айнасы деп айтуға болады. Сондықтан, көрермендердің алдында жас әрі көрікті диктор жаңалықтарды жүргізіп отырса, қандай тамаша! Бірақ, ол жаңалықты көрермен жүрегіне жеткізе білуі үшін тым жас болмағаны жөн. Негізінен, тәжірибелі әрі кәсіби тележүргізушілердің көбі 30-40 жас шамасында ғой. Ақыл тоқтатқан, кез келген сәтте сабырмен салиқалы ой айта білетін осындай адамдар телеарнаның абыройын асқақтатпаса, түсірмейді.
- Павлодарлық журналистердің біразы Астанада қызмет етуде. Олар сол жақта қандай баға алып жүр?
- Иә, Астанада жұмыс істейтін павлодарлық журналистер көп. Қуантарлығы, олардың арасында биіктен көрініп жүрген жерлестеріміз де баршылық. Мәселен, кезінде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі болған Айбек Қобдабай - бүгінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының беткеұстар тілшілерінің бірі.
Жалпы, Астанадағы кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының редакторлары «Павлодардан келген журналист» дегенді естігенде елең етеді. Себебі, біздің әріптестеріміз өз қабілеттерін, кәсіби шеберліктерін дәлелдей білді.
- Жерлес журналистердің қарым-қатынасы қалай?
- Өте жақсы. Астанадағы павлодарлық журналистер кем дегенде екі айда бір рет бас қосып, бір-біріміздің жұмысымызға пікір айтып, келелі кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Мұндай шара біз үшін дәстүрге айналды десек те болады.
- Журналистиканың бірнеше саласы бар. Сіз қайсысын жоғары бағалайсыз?
- Өз басым баспасөзді жоғары қоямын. Өйткені, газет - баяғы заманнан бері келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының қайнар бұлағы. Ол – тарих. Ол – тәрбиенің құралы. Сол үшін де газет ешқашан өлмейді және өшпейді. Әрине, жылдам ақпарат таратуда телеарна мен радионың алар орны ерекше. Бірақ, бүгінгі ақпараттық технологияның дамыған заманында телеарна мен радионың алдында интернет келе жатыр. Ал қазір көптеген газеттердің интернет-сайттары бар екенін ескерсек, баспасөздің беделді әрі мүмкіндігі зор екенін тағы бір мәрте мойындауға тура келеді.
- Газет оқисыз ба?
- Қолым қалт ете қалғанда, газеттерді шолып шығамын. Онсыз болмайды ғой...
- Елордада тұрғаныңызға 10 жылға жуық уақыт болыпты. Қандай танымал адамдармен араласасыз?
- Кезінде республикалық арналардың бірінде «Эксклюзивті сұхбат» бағдарламасын жүргізгенде әртүрлі саладағы танымал тұлғалармен кездесіп, сұхбаттастым. Ал қазіргі уақытта белгілі саясаткерлермен немесе өнер жұлдыздарымен жақсы араласып тұрамын деп айта алмаймын. Мұнай-газ саласында жауапты қызмет істегендіктен, бір орында отырып, күннің қалай батқанын да аңғармай қаламын. Сонымен қатар, PR жұмысымды журналистикамен ұштастырып, осы саланың белгілі, қызықты адамдарымен және ардагерлерімен кездесіп, сұхбат жазып алуға тырысамын. Шынымды айтсам, ойнап-күлуге уақыт жетпейді.
- Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің ойыңызша, аймақ журналистері олардан нені үйренуі керек?
- Отандық журналистика дамып келеді. Осыған орай, жүргізушілерге қойылатын талап та жоғары. Кешегі телеарна жаңалықтары мен бүгінгіні салыстыруға мүлдем келмейді. Сондықтан, қазіргі журналистер заман ағымына сай өршіл, яғни креативті болуы керек. Мәселен, хабар жасау немесе мақала жазу үшін сол тақырыпты басқа қырынан ойнатып беру арқылы көрермен мен оқырманның назарын аудару-креативтілікке жатады. Мұндай қасиет республикалық БАҚ-тарда қызмет істеп жүрген әріптестеріміздің бойында бар деп айта аламын. Өйткені, олар шетелдік белгілі журналистердің шеберлік сыныптарына жиі қатысып, тәжірибе алмасып тұрады. Ал аймақ журналистеріне мұндай мүмкіндік туа бермейді. Сол үшін олар көп ізденіп, креативті болудың не екенін үйренгендері жөн деп ойлаймын. Ең бастысы, заман көшінен қалмау керек.
- Шығармашылық бар жерде бәсекенің де болатыны белгілі жайт. Осы орайда, жұмыс барысында аяғыңыздан шалғандар болды ма?
- Мүмкін, болған да шығар. Бірақ, мен ондай жағдайды сезінген жоқпын. Шыны керек, біздің қоғамда екіжүзді адамдар көп қой... Өзімнің арам ойым болмаған соң, «анау дос, мынау қас» деп, адамдарды алалаған емеспін.
- Өзіңізді патриотпын деп есептейсіз бе?
- Мен - патриотпын. Оны ісіммен де көрсетіп жүрмін деп айта аламын. Алайда, кейбір адамдар «патриот» деген ұғымның мән-мағынасын терең түсінбейтін сияқты. Олай дейтінім, өзінің туған тілінде сөйлей алмай жатып, «біз патриотпыз!» деп құр айқайлаудан аса алмайтындарды жиі көріп жүрміз. Осыдан кейін оларды қалай патриот деп айтуға болады?.. Патриот адам алдымен өзінің ана тілін, елін, жерін құрметтеуі керек емес пе?! Анасының сүтімен даруға тиіс ана тілін білмеген адам қалай Отанын сүйеді? Кейбіреулер кезінде орысша оқығанын сылтау етеді. Мен ондайларды түсінбеймін. Себебі, мен де орта мектепті он бір жыл бойы орысша оқыдым, бірақ, туған тілімді ешқашан ұмытқан жоқпын. Бұл – патриоттық сезімнің құдіреті деп білемін.
- Туған қалаңызды сағынасыз ба?
- Әрине, сағынамын. Балалық бал күндерім Павлодар қаласында өтті. Бүгінде ай сайын төркініме барып, ағайын-туыстың амандығын біліп, аймақтың жаңалықтарын естіп қайтпасам, көңілім көншімейді.
- Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...
- Қазір тұрмыстамын. Үш жасар ұлым бар. Жолдасым энергетика саласында қызмет істейді. Астанада үлкен үй салып жатырмыз. Амандық болса, алдағы жазда қоныс тойын тойлаймыз деп жоспарлап отырмыз.
- Енеңізбен сыйластығыңыз қалай?
- Жақсы. Мен енемді өз анамдай көремін. Ол да мені қызындай аялап, үнемі қамқор болып жүреді. Жолдасым бір үйдің жалғыз ұлы болғандықтан, жаңа үйге көшкен соң, ата-енемді қолыма аламын. Кейбір келіндер енесімен бірге тұрудан қашқақтайды. Өз басым ондай ойдан аулақпын. Қолымнан келгенше ата-енемнің көңілін тауып, сыйлап өтуге тырысамын. Ертең өзім де ене боламын ғой...
- Болашақтағы мақсатыңыз не?
- Менің әкем де, анам да - өнер адамдары. Осындай отбасынан шыққан соң ба, әйтеуір болашақта шығармашылық жұмыстармен айналысқым келеді. Біраз тың идеяларым бар. Соны жүзеге асырамын деген сенімдемін.
- Қандай арманыңыз бар?
- Армансыз адам болмайды... Ұлымның артынан еретін кішкентай қарындасы болса екен деп армандаймын.
- Жерлестеріңізге не айтасыз?
- Барша павлодарлықтарға зор денсаулық, амандық тілеймін. Әрдайым ашық аспан аясында жақсылықпен ғана жүздесе берейік деймін!
- Әңгімеңізге рахмет!
Тұлғаны көпшілікпен табыстырған – Нұржайна ШОДЫР.
дейді монғолиялық өнерпаздар
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жақында облысымызға Монғолия мемлекетінің этно-фольклорлық «Хөгсүү» тобы гастрольдік сапармен келіп қайтқан болатын.
Шетелдік өнер ұжымының жетекшісі Чингис Өнөртүвшин мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі әрі Монғолиядағы мәдени орталығының төрағасы Хабсатар Омарұлы редакциямызға арнайы келіп, сұхбат берді. Сонымен, «Қонақжайдың» бүгінгі қонақтары - шекараның ар жағынан келген монғолиялық өнер жұлдыздары.
- Қазақстанға қош келіпсіздер! Сапарларыңыздың мақсаты не?
Чингис ӨНӨРТҮВШИН:
- Тәуелсіз Қазақстан Республикасына келіп, өнер көрсету – біз үшін үлкен абырой. Осы жақтың халқы барлығымызды жылы жүзбен қарсы алып, барынша қолдау көрсетті. Оларға деген ризашылығымыз шексіз. Біз қазақ еліне жайдан-жай келіп отырған жоқпыз. Биыл Қазақстан мен Монғолия мемлекетінің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Монғолия мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен қазақстандықтарға монғол халқының этно-фольклорлық өнерін көрсетуді жөн көрдік. Біздің шығармашылық ұжымның құрамында қазақ ұлтының талантты азаматтары да бар. Сондықтан, репертуарымызда қазақ өнеріне де кең орын берілген. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ пен монғол халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті ұқсас, яғни бір киіз туырдықты ел десе де болады. Ендеше, қазақ-монғол жұртының ғасырлар бойы ұмыт бола бастаған ұлттық өнерін неге төрткүл дүниеге насихаттамасқа?! Алдағы уақытта Түркия, Ресей, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерге барып, өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз.
- Алдымен, Павлодар облысына ат басын бұруларыңыздың сыры неде?
Хабсатар ОМАРҰЛЫ:
- Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Монғолиядағы көптеген қазақтар тарихи атамекеніне қоныс аудара бастады. Бүгінде олардың басым бөлігі Павлодар өңіріне шоғырланған екен. Содан да болар, бүйрегіміз бірінші осы облысқа бұрды. Монғолия мемлекетінде қазақтар мен монғолдар өте тату-тәтті, сыйластықта өмір сүрді. Ондағы қандастарымыз атажұртына ағылғанда, жергілікті монғол халқының қимай қоштасқанын көріп, көңіліміз босаған еді. Бәлкім, бұл да әсер еткен болар. Сонымен қатар, біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалымен тығыз қарым-қатынас жасап тұрамыз. Соның да ықпалы тиді деуге болады.
- Өнер ұжымының «Хөгсүү» деп аталуының себебін түсіндіре кетсеңіздер...
Чингис ӨНӨРТҮВШИН:
- «Хөгсүү» сөзі қазақ тіліне аударғанда «Көксеу» деген мағынаны білдіреді. Мұның астарында терең ой жатыр... Біз этно-фольклорлық топ болғандықтан, монғол мен қазақтың жоғалып бара жатқан көне өнер түрлерін қайта жаңғыртуды көздедік. Мәселен, әртістеріміз көмей сазы, таңдай қақпасы, әуенді ысқыру сынды байырғы өнер түрлерін көрсетеді. Мұндай өнердің шет жағасын үлкендер көргенімен, қазіргі жастар біле бермейді. Сол үшін ел сағынышына айналған ескі өнерді көксегендердің, яғни ұлы мәдениетке басын иетіндердің құрметіне арнап топтың атын «Көксеу» деп атадық.
- Шығармашылық топтың өнері өз елдеріңізде қандай баға алып жүр?
Чингис ӨНӨРТҮВШИН:
- «Хөгсүү» – Монғолиядағы белгілі де беделді өнер топтарының бірі. Репертуарымызда ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени құндылық қорына Монғол елінен енген бірқатар өнер түрлері бар. Атап өтер болсақ, моринхур, сыбызғы, көмей, уртын дуу (ұлттық ұласпалы ән), т.б. Сондай-ақ, өнерпаздарымыз ән шырқап, би билеумен қатар, домбыра, сырнай, кучир, шанз, садақ хур, дудар, тобшур сынды көне аспаптарда ойнайды. Басты ерекшелігіміз – өнерімізде ешқандай да жасандылық жоқ. Әртістеріміз де осал емес. Барлығы Монғол Халық Республикасына (МХР) еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, мәдениеттің озат қызметкерлері. Бір қызығы, олардың әрқайсысының 20-дан астам өнері бар, ән салып, би билеумен қатар, көптеген музыкалық аспаптардың құлағында ойнайды. Қысқасы, «Хөгсүү» тобының мүшелері бес аспап десе де болады. Сондықтан, еліміздегі барлық үлкен шараларға қатысамыз. Шетелдер де шақырып жатады.
- «Сырт көз - сыншы» деген бар. Қазақстандағы мәдениеттің дамуы жайлы қандай пікірдесіздер?
Хабсатар ОМАРҰЛЫ:
- Мәдениет саласы жоғары деңгейде дамыған елдердің бірі – Қазақстан деп білеміз. Монғолияда отырып, осы елдің барлық телеарналарын тамашалаймыз. Әсіресе, қазіргі қазақстандық жастардың өнеріне тәнтіміз. Жалпы, осы жақтан үйренетін дүние көп.
- Екі ел арасында мәдени байланыс бар ма?
Чингис ӨНӨРТҮВШИН:
- Әрине. Басқасын айтпағанда, соңғы бес-алты айдың ішінде Қазақстанның атақты өнер жұлдыздары – «МузАРТ» тобының жігіттері, әнші Рамазан Стамғазиев және Сара Тоқтамысова бастаған бір топ белгілі айтыскер ақындар Монғолияға келіп, өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Ондағы халық қазақ елінің өнерпаздарын жылы шыраймен қарсы алып, бір қуанып қалды. Міне, біз де дәм татып осы жаққа келіп қалдық. Павлодарда ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінде де концерт қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл - екі ел арасындағы мәдени байланыстың жоғары деңгейде екендігі.
- Монғолиядағы қазақтардың қазіргі тыныс-тіршілігі қалай?
Хабсатар ОМАРҰЛЫ:
- Ондағы ағайынның күн көрісі жаман емес, ел қатарлы тірлік кешуде. Десе де, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, шетте жүрген қазақтың қай-қайсысы да атамекенін аңсайды. Шыны керек, ол жақта Қазақстанға оралғысы келетін ағайындар өте көп. Өкінішке қарай, қазір «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтап қалды да, шеттегі қазақтардың тарихи Отанына оралуы қиындап кетті. Сондықтан, ел ағалары осы мәселені дұрыс жолға қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі таңда онда әлі 150 мыңдай қазақ тұрады.
- Осы жаққа оралған кейбір ағайындар қайтадан сонда кетіп қалыпты деген әңгімелерді естіп жатамыз. Мұның себебі неде?
Хабсатар ОМАРҰЛЫ:
- Иә, ондай оқиғалар бар. Қазақстан мен Монғолияның климаты екі түрлі ғой. Сондықтан, климат өзгергендіктен, бірлі-жарым жасы үлкен адамдар денсаулықтары сыр беріп, осы жақты жерсінбей, қайтадан ескі жұртына көшіп кетті.
- Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, осында әр этностың мәдениеті мен әдебиетін дамытатын ұлттық орталықтар жұмыс істейді. Ал Монғолияда қазақтар үшін мұндай мүмкіндіктер жасалған ба?
Хабсатар ОМАРҰЛЫ:
- Монғол елінде қазақтың ұлттық өнерін дамытуға ешқандай шектеу қойылмаған. Бірақ, қаражат жағы қолбайлау болғандықтан, қазақ өнері біраз ақсап тұр. Есесіне, ондағы қазақ балаларының өз ана тілдерінде білім алуына мол мүмкіндік жасалған. Мәселен, Монғолияның Баян-Өлгей аймағында он жылдық 50 мектеп бар болса, оның 49-ы қазақ тілінде білім береді. Бұл – қазақтарға деген үлкен қамқорлық.
- Тәуелсіз Қазақстан халқына айтар тілектеріңіз...
- Жас мемлекеттеріңіздің болашағы жарқын, Отандарыңыз тыныш, халқы аман болсын!
- Әңгімелеріңізге рахмет!
Нұржайна ШОДЫР.
Хазірет Ғабдылуахит Тіленшіұлы – өз заманының ойшылы, білгірі атанып, ислам дінін халық арасына таратқан әулие адам болғаны көпшілікке белгілі.
Ғабдылуахит Тіленшіұлы алғаш Семейдегі Қапияш, Шархы, Шәмші, Шериазидден деген білікті ұстаздардан дәріс алып, білімін одан әрі жетілдіру мақсатымен он төрт жасында қиыр шетке сапар шекті. 1536 жылдан бастап жұмыс істеп тұрған Бұхарай-Шәріптегі «Мір араб» медресесіне 1873 жылы түсіп, онда 15 жыл оқиды. Сөйтіп, бұл оқуды 1888 жылы үздік оқып бітіріп, жоғары діни хазірет атағына ие болды.
- Хазірет бабамыз бен біздер аталас боламыз. Атамыз Бидалы уақ болса, біз Жансары уақтан тараймыз. Кезінде Шарбақты өңірінде (Павлодар облысы) руы Жансары уақ Нұрмұхаммедтің немересі Темірғалы деген би өткен. Он екі мың жылқы біткен Темірғалы халыққа ислам дінін таратып, имандылықты уағыздау үшін Есілбай ауылында (қазір Темірғалы ауылы) аспан түстес 500 адам сиятын көк мешіт салдырған екен, - дейді әңгімесінде белгілі сынықшы Жақып Қалиасқарұлы. - Осы мешітте 1907-1921 жылдарда Ғабдылуахит хазірет имам, ал медреседе ұстаздық етіп, жүздеген шәкірттерге дәріс берді. Кейін 1913 жылдар шамасында «Келдіқыз» деген жерде өзі салдырған Алла үйінде де осы қызметін жалғастырды. Шәкірттерінің арасында Әубәкір, Смағыл, Сәдуақас деген азаматтар Троицк қаласындағы жоғары діни мектепке түсіп, оқып, хазірет атағын алды.
Ғабдылуахит хазірет ислам шарттарының алдыңғы төрт парыздарынан туындайтын мұсыл-мандықтың ұқыпты орындалуын қадағалап, қажылыққа аттанатын-дардың дайындықтарына қапысыз көмек көрсете білді. Сонау жылдарда бұл аймақтан қажылыққа Мекке мен Мединеге жүз адам аттанса, солардың қасиетті орынға барып, Аллаһ тағалаға құлшылық ету, мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылықты орындауда атқаратын міндеттерін егжей-тегжейлі баяндап отырған.
Хазірет баба мешіт-медреседе имам болып, ислам дінін тарату, шәкірттерді оқытумен бірге елді имандылыққа тәрбиеледі, ағартушылық салада да көп жұмыстар атқарды. Бұхари-шәріп медресесінде алған білімі мен дарындылық қасиеттерін дін жолына түскен шәкірттеріне тегін үйретті. Олар есеп, жағрафия, діни ырым-жорадан туындайтын емшілік, шығыс поэзиясы мен философиясының ілімдерінен дәріс алды. Шәкірттерінің көбі хазіретке тән сәуегейлік, болжағыштық қасиет пен терең діни білім алды. Белгілі дін қайраткері, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Ғабдылуахит хазіретті арнайы іздеп келіп, сәлемдесіп, көрісіп, бір-бірінің рухани байлығын, білім-білігін танып, қатты сыйласқан деседі елдегі көнекөз қариялар.
Иә, Арқа өңірі терең діни білімді, әулие адамдардан кенде болмаған. Солардың бірі Ғабдылуахит хазіреттің әулиелігі жайлы ел арасында аңызға айналған әңгіме көп. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында дін жолындағы адамдарға қатты қысымшылық жасалғаны белгілі. Мешітте жайнамаз үстінде отырған хазіретті орман ішіне апарып, атып өлтіруге ниеттескен «қызыл жағалылардың» қайғылы жағдайға ұрына жаздағандары соның бір ғана мысалы болса керек. Әулиелігі, көріпкелдігі, білімдарлығымен аты шыққан Ғабдылуахит хазірет 1926 жылы қайтыс болады. Ол Шарбақты ауданы Арбиген ауылы Келдіқыз деген жерге жерленеді. Марқұмның денесі 30 жылға таяу бұзылмай, тек кебіні ғана аздап сарғайған деседі ел арасында. Сондай-ақ, 1940 жылы жазда Шалдай орманында қатты өрт шыққанда хазірет жерленген зиратқа қауіп төнеді. Сонда сумаңдаған тілсіз жау ғұламаның үйіне жақындай бере екі айрылған екен. Кейінгі жылдарда өрттен аман сақтау үшін хазіреттің қабірін қоршаған ағаш үйін бұзбай бәйбішесі Бөпежанның қабіріне жылжытып, орнына елуінші жылдардың басында мазар тұрғызылыпты.
Бір өкініштісі, Ғабдылуахит хазіреттің үш ұлы - Қарақұл, Сарықұл және Сабанқұл Ұлы Отан соғысында мерт болып, қасиетті атадан ұрпақ қалмады. Бірақ, артындағы ел-жұрты қанша жылдар өтсе де хазірет бабаны жадында сақтап, аруағын қадірлеп, құрмет көрсетуде. Қатты сырқаттанған адамдар, бала тумаған әйелдер әулиенің басына түнеп, Алладан шапағат-мейір тілейді. Бидалы мен Жансарыдан тараған екі арыс Ғабдылуахит хазірет пен Темірғалы қажының аруақтарын ерекше қасиет тұтады. Олардың туғанына 140 жыл толуына орай Лебяжі, Шарбақты аудандарының жұртшылығы 1992 жылдың шілде айында екі зираттың басында дұға оқып, ас беріп, үлкен шара ұйымдастырған екен. Мерейтойдың алдында зират аумағы ретке келтіріліп, кесенесі биіктетіліп, біраз жұмыстар атқарылды.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, жылдар өткен сайын әулие басындағы мазарды, адамдар келіп түнейтін үйді жаңарту уақыт талабынан туындайтыны белгілі.
- Осыдан 4-5 жыл бұрын облыс әкімдігі хазіреттің мазарына баратын бес шақырымдай жолды арнайы қаражат бөліп, жөндеген болатын. Әйтпесе, атамыздың басына жазда ғана бара алатынбыз, ал қыста жол жабылып қалатын. Қазір хазіреттің қабірінің басына жаңадан мазар салу қолға алынды. Кезінде өзім ұйтқы болып салдырған адамдар түнеуге арналған үлкен ағаш үй де күрделі жөндеуден өтеді, сырты кірпішпен қапталады. Алдағы уақытта жылдың қай мезгілінде болмасын келуге мүмкіндік болады, - дейді сынықшы Жақып ата әңгімесінде.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп тегін айтпайды. Қазіргі уақытта қасиетті хазірет ата мазарының салтанатпен бой түзеуі үшін ел-жұрттың тәу етуіне лайықталып, күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Сәтін салса, бұл шара биылғы қасиетті Рамазан айына дейін аяқталып қалуы тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Ғабдылуахит хазіреттің мазарын көтеруге қайырымдылық жасаймын деушілер үшін банктен арнайы есепшот ашылғанын хабарлаймыз. Осынау игілікті істен аймағымыздағы мұсылман баласы шет қалмай, тиісінше үлес қосады деп сенеміз. Төменде есепшотты ұсынамыз.
МОО «Адал»
Мем. тіркеу тур. куәлігі 15572-1945-ОО 21.10.2008 ж.
РНН 451500255818
БИН 081040014056
КБЕ 18. АО «Цеснабанк» Павлодар қ. БИК TSESKZKA
ИИК KZ 13998FTB0000110317.
Сая МОЛДАЙЫП.
|
 Күйші-композитор Секен Тұрысбеков
Жақында Павлодарға қазіргі қазақ күйінің дарабозы, күйші-композитор, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің жетекшісі Секен Тұрысбеков келді. Күйші Екібастұз, Павлодар қалаларында концерт қойып, күй өнеріне сусаған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Өнер иесімен кездесіп, ұлттық өнер, күй әлемі жайында сұхбаттастық.
- Секен Кәрімұлы, біздің аймақта күй өнерін төбесіне көтеріп, әс тұтатын тыңдаушылар баршылық...
- Әрине, әр қазақтың жүрек лүпілі, тамыр бүлкілінде күй сарыны атойлап жатуы тиіс қой. Мен Павлодардағы музыка колледжінің оқушыларымен кездестім. Осы оқу орнында сабақ беретін Нұрзия Назарбекқызымен консерваторияда бірге оқып, екеуіміз де күйші-композитор, профессор Мәлгаждар Әубәкіровтен тәлім алдық. Семейдің музыка училищесінде Рыскүл Сабековамен бірге оқыдым. Бірақ, мен оқуымды аяғына дейін жеткізген емеспін. Мектепті 8-сыныптан соң тастап кеттім, училищеден де кетіп қалдым. Жалпы, мен өмірде бәрін ерте бастаған екенмін. Жасым жиырмаға жетпей ерте үйлендім. Отыздан жаңа асқанда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағын алдым. Жасым елуден жаңа асты, ал немерем екінші сыныпта оқиды...
- Бәрекелді! Баянды болсын! Секен, көпшіліктің көкейінде жүрген бір сауал бар еді... Біздің Алматыда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы, Астанада Ұлттық өнер университеті бар. Екі оқу орны да музыканы сан алуан қырынан оқытады, түрлі мамандықтар бойынша білім береді. Бәрі жақсы-ақ. Әйтсе де ұлттық күй өнерінің жоғары мектебін ашудың уақыты жеткен жоқ па?
- Әрине. Біздегі музыкаға оқытатын жоғары оқу орындарының бірінде пианино, бірінде скрипка үні салтанат құрды. Мен Жәния Әубәкірованы да, Айман Мұсаходжаеваны да сыйлаймын. Бірақ, ұлттық күй өнерін естен шығармауымыз керек. Қазақ – шет елдің музыкасымен емес, өзінің құнды күйлерімен ерекшеленуі, осы өнерді биікке көтеруі тиіс.
Консерваторияның фольклорлық кабинетінде көптеген әндер мен күйлер жатыр. Соларды жүйелеп, ретке келтірсе, партитураларын шығарса, күй өнерін барынша насихаттаса деп ойлаймын. Бізде игерілмей жатқан дүние өте көп. Ал күй мектебі дегенге келсек, бұл мәселені мен талай жерде айттым. Бірақ, «жоғарғы» жаққа жетпеді. Кең байтақ қазақ жерінде ұлтымыздың әні мен күйіне жас ұрпақты баулитын, ұлттық музыканы дамытатын жеке-дара бір жоғары оқу орны керек-ақ. Қазір қарап отырсаң, күйді алас-күлес тартып шығатындар, ән айтқанда бірін-бірі қайталайтындар өте көп. Кезінде телеарнаға, сахнаға, жалпы, көпшілікке жететін музыканы саралайтын көркемдік кеңес деген болды. Қазір жоқ. Енді міне, «шөп те өлең, шөңге де өлең» болып кетті.
- Сіздің күйлеріңіз халық арасына бірден тарайды. Әндеріңіз де дара сарынды болып келеді. Құпиясы неде?
- Бұған мен мынаны айтар едім: негізінде, қасіреттіден ғана қасиетті күй туады. Мен күй сарынын табиғаттан іздеймін. Тіпті, судың сылдырынан, жаңбырдың тамшысынан, желдің уілінен музыка тапсам деймін. Табиғатпен мұңдаспаған, сырласпаған адамнан қандай күй туады?! Менің «Жазғы қар» деген күйім бар. Жазғы қар! Жазда қар болушы ма еді? Болады. Биік тау басынан мәңгі қар арылмайды. Адамның басындағы ой мен мұң да солай. Осыны мен «Жазғы қар» деп атадым. Адамның ойындағы қиялды, ащы ойды тәтті мұңға айналдырғым келді. Бетховен 26 жасында музыка жазды. «Элизаға арнау» атты туындысын табиғат үнімен үйлестіріп жазған екен. Менің «Көңіл толқыны» атты күйімде де осындай үндестік бар. Бұл еліктеушілік емес, бұл - табиғатты жүрекпен есту, түсіну деген сөз. Біздің көптеген күй орындаушыларымызда осы қабілет жоқ. Жүректен шыққан қасиетті дүние жүрекпен орындалуы тиіс.
- Қазір бір ансамбльдер, топтар «қазақ музыкасын шет елдерге танытамыз» деп күйлерімізге рок жанрын араластырады. Ал шетелдіктер «музыкамыз қазаққа жетсін, қазақ табынсын» деп ешуақытта шығармаларына қазақтың күйін, аспабын қосқан емес. Осы ойымды шет елге шығып, қазақ күйлерін әлемге «танытып» жүрген белгілі бір ансамбльдің жетекшісіне айтқанымда тарс етіп ашуланды. «Мен осы арқылы қазақты әлемге таныттым» деп салды. Сіздің ойыңыз қалай?
- Бірде телеарнадан осы мәселе сөз болып жатқанда бір қазақ әйелі «Ойбай-ау, қазақ күйін шет елге таныстырамын деп рок дей ме, не араластырса да мейлі, екі қолымды көтеріп, жақтаймын» деген болатын. Мен «екі қолыңды да шауып тастаса» дедім іштей. Күйдің тек қазақ домбырасы мен қобызына лайықталған өз иірімі, өзіндік бояуы бар емес пе?! Ұлттық өнеріміздің тыңдаушысы тек қазақ қана. Менің ұлтымның күйін, музыкасын өзге жұрт тыңдамай-ақ қойсын, бірақ, әр қазақтың жүрегіне жетсін деген тілектемін. Қазақтың күйін рокерлерге тыңдатамыз деп, ластамай-ақ қояйық. Әне, қазақтың 1000 күйі жазылған жинақты жарыққа шығардық деп желпініп жүрміз. Тыңдап қарасам, соның арасында көп болса бір жиырма-отызы ғана жарамды, басқасы күлдібадам. Нұрғиса ағамыздың әйгілі «Аққу» күйін тарсыл-тұрсылға толтырды. Сонда Нұраға «Ойпырм-ай, Секен, мыналар аққуды торғайға айналдырып жіберді» деп айтқан. «Ендеше, бұған тыйым салсаңызшы» деп ем, «жо-о-ға, енді қайдан, бұларды қалай тоқтатарсың?!» деп кейіді. Әдетте, жағымсыз іс тез тарағыш келеді. Міне, қазір не көп? Тарс-тұрс тартатын, күй табиғатын сезінбейтін орындаушылар жетіп артылады. Бұлар алдындағыны жайпап келе жатқан алапат сел секілді.
...Қазір жастар арасында талантты күй орындаушылар бар, бірақ, олардың талабын ұштай білетін оқытушылар сирек. Күй табиғаты жайлы айтарым, қазақтың домбырасының үні қоңыр үн, әрбір күйді осы қоңыр үнмен сылқылдатып, адамның жан жүрегіне әсер ететіндей бабымен орындау керек. Өйткені, әрбір шығарманың өзіндік айтар ойы, мағына-мазмұны бар. Сондықтан, күй тартушы жастарға әр күйдің шығу тарихын, авторын, табиғатын біліп, оның бәрін санада сараптап, ой елегінен өткізу керек дегім келеді. Мен концерттерде, т.б. жерлерде күй тартарда оның шығу тарихын айтып отырамын, тыңдаушының жүрегінде, санасында қалса нұр үстіне нұр. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» атты романын оқып, қатты тебірендім. Соның әсерінен «Шығыс жұлдызы» кейін «Аруана» деп өзгерттім, күй-дастан дүниеге келді. Күйде Найман ананың желмаяға мініп, белден-бел асып, баласын іздеп бара жатқаны, сол оқиғаның қайғымен аяқталғаны сөз болады. Шыңғыс аға кітабыма: «Секен! Өзіңе шоң ризашылық менен!» деп қолтаңбасын жазған еді. Иә, күйді ұға білу керек, сөйлесе, сырласа білу керек. Бұл – өте маңызды.
- Атақ-даңқ туралы не айтар едіңіз?
- Мен етікші болсам да, атақты-даңқты болар едім. Менің ұстанған қағидам - бір саланы бетке алдың ба, соның шыңына шығуға талпыну керек. Ал өнерге келсек, бірінші кезекте бойда туа бітті талант болсын. Ал дарынсыз адам жалтақ келеді. Дарынға бөгет болатындар да солар.
- Сіздің әндеріңіздің де табиғаты бөлек. Ән де, күй де шығарасыз. Осы екеуінің қайсысы жаныңызға жақын?
- Әрине, күй. Бірақ, екеуіне де қатаң талаппен қараймын. Қазір менде жиырма шақты ән бар. Мен үшін олардың саны емес, сапасы маңызды.
«...Алыстан тербетерсің,
Аңсатып шөлдетерсің.
Мен қалып, сен кетерсің,
Аяулы арман, дүние.
Қайтып сен оралмайсың,
Жұлдыздай көктен,
Сәулесін төккен,
Жеткізбей елесіңе
Мені алдайсың».
Сөз қандай! Жалпы, мен әнді күрделендіргім келеді. «Айхай, заман», «Аяулы арман, дүние» - екеуі де философиялық мән-мағынасы басым әндер. Әннің, әсіресе, иіріміне мән беремін. «Күй мен ән қалай туады?» деп сұрақ қоюшылар бар. Күй де, ән де қасіреттен, үлкен ойдан туады дер едім. Әнге мәтінді көп ретте ақын Несіпбек Айтұлына жаздырамын. Менің негізгі орындаушыларым - «Ақ жауын» оркестрі. Бұл өнер ұжымын кезінде өзім құрғанмын. Елбасы Н.Назарбаевтың шақыруымен Астанаға келдік. Еңбегіміз жемісті болды. Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия сынды ірі-ірі елдерде болып, қазақ өнеріне бас идіріп қайттық.
- Өзіңізге дейінгі қандай күйшілерді әз тұттыңыз?
- Құдайға шүкір, еліміз хас талант күйшілерден кенде емес қой. Мен, мәселен, Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Айтқали Жайымов сынды күйшілердің орындаушылық иірімдеріне көңіл бөлдім. Қазіргі домбырашылар күйді бірсыдырғы төгіп өтеді. Шауып өткен ат секілді, ондайда көңіліңде не қалады? Музыканың құдіреті – үн. Оны жүрекке салу керек!
- Күйге бейнеклип түсіретін болдық. Бұған қалай қарайсыз? Сізде осыдай «өнім» бар ма?
- Күйдің табиғатын ашса, неге түсірмеске?! Бірақ, кейбіреулер күйдің атауына қарай клип түсіре беретін болды. Мысалы, Тәттімбеттің «Саржайлау» күйіне бейнеклип түсіріпті. Жайлау, дала, шауып келе жатқан жылқы... Бұл жайлауға арналмаған күй. Күйші қатты сырқаттанып, өмірден озар шағын біліп, өзінің соңғы күндерін сарғайған сары күзге теңеген екен. Менің күйдің тарихын, мазмұнын білу керек дейтін себебім де сол. Өз басым күйге клип түсірейін, насихаттайын деген емеспін. Керек дүниені халық өзі де тауып алады. Ал «Батыр Баян» фильмінде менің «Дарабоз», «Өкініш» атты күйлерім орындалды. Осы секілді 5-6 кино, 16-17 деректі фильмге музыка жаздым. Қазір «Қазақфильм» киностудиясы «Секен-жүрек» атты шығармашылығым жайлы фильмді аяқтап қалды. Оған Астанада өткен концертімді пайдаланды. Орыс тілді қазақтарға жетсін деп фильмді орыс тілінде де сөйлеттік.
- Секен Кәрімұлы, шығармашылық еңбегіңіз жемісті болсын! Қазақ өнері биікке өрлесін!
Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.
Өткен уақыттың өн бойына, әсіресе, Кеңестік кезеңнің жетпіс жылдық тарихына байыпты көзбен барлай қарасақ, орындары ойсырап тұрған олқылықтар мен кемшіліктерді кездестіретініміз қалыпқа айнала бастағандай. Өйткені, коммунистік идеологияның қасаң қағидаттарымен шектеулі шеңбердің тар құрсағында қалған өлшеулі түсініктер мен пайымдар адымымызды аштырмай, таптауырын негіздемелердің табанына салып, аяусыз жаншып келгенін енді біліп, сезіп жатқандаймыз. Әсіресе, ұлттық болмыс пен сана мәселесіне келгенде төменшіктеп, көзіне қамшы тиген аттай қорғалап, жасқаншақтап қалғанымыз өтірік емес-ті.
Қоғамдық формацияның ауысуы, ғасырлар тоғысында еліміздің жарқын тәуелсіздікке қол жеткізуі қоғамдық санада зор сілкіністердің тууына, ұлттық руханияттың жаңаша серпін алып, тың мазмұн мен мәнге ие болуына мүмкіндік туғыза бастады. Қалай дегенмен, гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар саласында зор ілгерілеушіліктің болып жатқандығына көз жұмбайлықпен қарай алмаймыз. Соның ішінде, барша ғылымдардың арғы атасы саналатын даңғайыр дана философияға бүгінгі күннің талап тұрғысына келудегі соны сораптардың түрен сала бастауы, «қазақ философиясы» деген ұғым мен түсінікке сай ұлттық болмысты саралайтын жаңаша көзқарастар мен тұжырымдардың қалыптаса бастауы, соның негізінде философиялық тың зерттеулерді арқалаған еңбектердің жарық көруі көкірек көзі ояу әрбір азаматты қуантуға тиіс. Санада сілкініс тумай, сара жолды таңдай алмайтынымыз бесенеден белгілі. Бұл дегеніңіздің өзі, ең әуелі өзіңді тану, сөйтіп барып өзіңді өзгелерге паш ету арқылы жалпы өркениеттің өрелі биігіне құлаш ұру емес пе?!
Әсілі, «философия» деген термин мен оның ғылыми негізі, қадау-қадау категориялары бізге беймағлұм емес десек те, «ой тәуелсіздігінің ордалы шаңырағына айналуға тиісті дәл бүгінгі ұлттық философиямыздың байыпты көшін кімдер бастап келеді?» - деген заңды сұраққа қарай ойыса бастасаңыз болғаны, әлмисақтан шоғырлары аздау болса да, шоқтықтары биіктеу көрінетін осынау «ойсоқтылау» оқымыстылардың оқшау болмыс-бітімдерін былай қойғанның өзінде, олар жасап жатқан сан тараулы тамаша еңбектері еріксіз еліктіріп, қызықтырып, өз тереңіне қарай тарта бастайтыны ғажап! Осы орайда, белгілі философ, жазушы Ғарифолла Есімнің есімін мақтанышпен ерекше атар едім.
«Философия дегеніңіз - даналыққа құштарлық» екендігі рас болса, бағзыда Платон ара жігін ашып көрсеткен күйбең тіршілік пен ой қызметінің алшақтығы күні бүгінге дейін сақталып келсе, енді оған не дауа, тым өкінішті-ақ. Сол себепті де болар, біз өзгелерден гөрі өз замандастарымызды аз біліп, олардың ой қажап, көз суарып жазған кітаптарын аракідік парақтап, сараң сараптайтынымыз өтірік емес. Мүмкін бұл үшін өрелі түйсік, өрісті таным, өлшемді кәсіби біліктілік керек те шығар. Әйткенмен де, философияны тар мағынасында өзіңді тану деп алсақ, осының өзі кімге де болса өмірлік қажеттілік болмай ма екен?.. Әлбетте, адам мен қоғам туралы сөз айтқанда фәлсафаның дуалы аузына жүгініп, анау Аристотельдерден жеткен арналы бастауларға ден қоясың. Әлмисақтан философия дегеніңіз күрделі һәм қызықты екен. Бұл - айнымайтын ақиқат. Мен философ-жазушы Ғарифолла Есімнің «Адамзат», «Данышпан Шәкәрім», «Саяси философия», «Социализм (күнә мен кінә туралы роман)» қатарлы еңбектерін зерделей оқып шыққан соң, осы бір шындыққа тағы да бір көз жеткізгендей болдым да, осылар жайында түйген ойымды қағазға түртіп, баспаға жариялауды өзімнің азаматтық парызым, жазушылық борышым деп санадым.
Адамзаттың болмысы жайында философтардың да, жазушылардың да жазғандары аз емес. Әсіресе, кешегі кеңестік заманда адамның әлеуметтік-таптық болмысы басты нысанаға айналғаны белгілі. Не бір әйдік деген ғажайып шығармаларды дүниеге әкелген жазушылармыз да осынау шындықсымақтың шырғалаңында қалғаны рас. Тұтас бір дәуірдің әдеби-көркем, эстетикалық-рухани мұралары осылай жасалынды. Басқаларды айтпағанда, Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» романының күрделі жүйелі құрылысына, образдық бейнелеріне, тақырыптық мазмұнына, идеялық ұстанымына, сайып келгенде, жазушының суреткерлік қуатына өз көлеңкесін түсіргенін жазып та жүр.
Философия ғылымындағы осы тақылеттес жетімсіздікті әрине, бізден гөрі олардың өзі жақсы біледі. Жақсы білгендігі сол шығар, философ Ғарифолла Есім осынау олқылықтардың орнын толтыру мақсатында философия тұжырымдардың мүлдем жаңа ұғым, түсініктерін қалыптастыратын байсалды уәжілерін ұсынады. Ол былай дейді: «Менің түсінігімде адам болмысына қатысты мынандай сегіз жүйе бар, олар: тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі, ар жүйесі, тылсым жүйесі... Адам мен адамзат деген ұғымдарды жеке-жеке, дербес мәндерінде түсінемін. Адам деген идея, ол реалды шындық емес, Адамзат деп отырғаным - адам деген идеяның заттық қасиетке ие болатын көрінісі. Адамзат дегенде оның таза заттық қасиеттерімен қоса (тәні, нәпсісі), оның рухани қасиеттерін (ақылы, рухы, көңілі, жаны, ары) бірге айтамын. Бұл - нақтылы өмір сүріп жатқандарға ғана қатысты айтылатын мәселелер. Адамзат туралы әңгіме, осы жалған дүниедегі адам болмысы туралы сөз.»/ «Адамзат» 3-4 беттер. /Адамның жаратылысы, адамзаттың тарихы жайында пікірталас - әнеу замандардан бері философтардың «бас ауруына» айналған күрмеуі қатты, шешілуі қиын мәселе.
Атам заманнан жеткен діни аңыздар мен мифтер, кейінгі кезеңдегі әртүрлі философиялық ілімдер мен концепциялар - осының айғағы. Адамның арғы тегін маймылдан таратқан, оны субстанция деп қарап, жаратылыстағы эволюциялық дамудың жемісі деген атеистік көзқарастан әлі де болса айналып кете алмай жүргеніміздің бір ұшығы философияға келіп тірелмей ме екен? Сонымен бірге, адам жаратылысын тек діни тұрғыдан түсіндіруге бейім ұстанымдар да белең алып кетті. Адамның болмысы һәм жаратылыс тарихы тек қана мифтер мен діни қағидалар шеңберінде қабылданып жатса, осының өзі дүниетанымымыздағы біржақтылық болмай ма екен? Шындығына келгенде, осы мәселеге бүгінгі философиялық методология қалай қарай бастады? - деген сұрақтарға жауап іздеу дұрыс та шығар.
Философтың аталмыш эсселеріне ой дүрбісін қадап отырғанда жаңаша пікірлер мен байламдарға кез боласыз. Мұның өзі тосын секілді болғанымен де қызықты һәм уәзипалы. Философ Ғарифолла Есім адам тарихы мен адамзат тарихын екі аспектіде ала отырып, оның аражігі мен өзара тұтастығын дәлелді әңгімелейді. Адамзат тарихын жан мен тәннің бірлігінен, бір сөзбен айтқанда, идея мен заттың тұтастануынан, яғни, ең алғаш рет Адам Атаның жаратылуынан өрбітсе, адам тарихын оның жер бетінде пайда болғанға дейінгі рух ретіндегі мүмкіндікпен, бізше айтқанда Ұлы Жаратушының құдіретінен іздейді, «тіршіліктің бәрі тіршіліктен» деген принципке жүгінеді. Ол былай дейді: «Адам Атаға дейінгі адам туралы қандай шындық болған, не рас болған дегенге келсек, оған дейін адам туралы идея болғанын мойындамасқа амал жоқ. Адам туралы идея шындық ретінде нақтылы тәні-жаны бар тіршілік иесіне дейін болған. Соның нәтижесінде Адам ата пайда болған, не жаратылған. Яғни, адам туралы идеядан адамзат тарихы бастау алған. Демек, адам тарихы адамзат тарихынан бұрын басталған болып шығады. Сонымен, адам тарихы адам туралы идеядан, ал адамзат тарихы Адам Атадан басталмақ» /сонда 7-бет/ Мұнан әрі Абайдың «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегенін дәйектей отырып, адам болмысының уақытша тәндік, мәңгілік жандық болып бөлінетініне риясыз сендіреді.
Философтың «Мәңгі өлмейтін адамның идеядағы шындығы, олар - ақыл мен жан. Адамның идеялық шындығы - ақылмен түсіндірілмейтін оның тылсымдық болмысы» - деп тұжырымдауы қасиетті Құран сүрелеріндегі «Әлбетте, сендер біздерге қайтасыңдар» деген аяттардың ақиқатын меңзейтін тәрізді. Ғалым-философ, жоғарыда айтқанымыздай, адамзат болмысын сегіз жүйеге бөліп, әрқайсысын жеке-жеке қарастырады. Шәкәрімнің «мақсатсыз біткен тән бар ма?» - дегеніне жауап іздегендей болып отырып, оның, яғни, тәннің заттық сипатына, пайда болуы турасына және тәннің табиғи реттілігіне толымды тоқталады.
Расында, тән - мәселенің басы. Ғарифолла Есімше айтсақ, адам суретінің бар болуы туралы ілкі ізденістер діни, мифтік және ғылыми бағытта өрістегенін көреміз. Әрқайсының өз айтары, өз дәлелдері бар. Осы ретте, ғалым даулы мәселеге қатысты өз ұстанымын темірқазық ете отырып, адам суретінің, яғни, кескін- келбетінің, бой-тұрпатының жер бетінде белгілі бір аралықта «дамып» жетілгендігін шындық деп танитын эволюциялық ұстаныммен келісе алмайтындығын ашық айтады. Оның ақиқатына қатысты көзқарастар мен түсініктемелердің көп екендігін, түптеп келген Адам жаратылысындағы Тәңірлік сипат турасында әлі де болса ғылымның әлдене айтуға дәрменсіз екендігін жасырмайды. Сонымен бірге, тәннің өзін-өзі сақтаушы, қорғаушы және өзін-өзі қиратушы, бұзушы қасиеттерінің бар екендігін түсіндіреді. Шындығында, не бір ғаламаттар мен кесапаттар адамның ақыл-ойынан бастау алып, соның қолымен жасалынып жатқан жоқ па?!
Тойымсыз нәпсімен тыныстайтын тәннің жасайтыны қандай харакет? Қазіргі озық ғылым мен технология тәннің заттық табиғатын танып зерттегенімен, оның жанмен ара қатынасын, яғни, өмір мен өлім ақиқатын білген жоқ және білмейтін де шығар. Мұндай абсалютік шындыққа жету мүмкін де емес, жеткен күнде мұның арты ақырзаман деген зор алапатқа алып келетінін қарапайым түйсікпен сезінетін тәріздіміз. Ғарифолла Есім айтқандай, «Ойлану керек...» Шеллердің айқындағындай «адамның табиғи емес, табиғаттан жоғары тұрған рухани жаратылыс екендігін» мойындайтын уақыт әлі алыс секілді. Сайып келгенде, ғалым-философ адамзат болмысына өзінше келіп, өзінше қарастырады. Әрбір жүйеге қатысты дәйектер мен дәлелдерді тиянақ еткенде Ғарекеңнің Құл Қожа Ахмет, Абай, Шәкәрім секілді данышпандардың ойларына, өлең жолдарына, қара сөздеріне һәм қазақтың ауыз әдебиеті інжу маржандарына жүгініп тереңнен сөз сабақтап, биіктен ой қортындылайтыны қуантты. Сонымен қатар, әлемдік көркем ойдық озықтарымен де ой жарыстыра отырып, олардың Шығыстық дүниетаныммен үйлесе бермейтін жақтарына да назар аударады, батыл сынға алады.
Кітаптың екінші бөліміндегі «Философиялық лексикалар» да тың ойлар мен пікірлерге толы. Былай қарағанда, күнделікті өмірде ескерусіз, елеусіз көрінетін қарапайым бір түсініктен, яки ұғымнан осыншама фалсафалық түйін тұжырымдауға, саралауға, салыстыруға болады екен-ау деген ойға қалады екенсің. Мысалы, «Рахат» лексиконының этимологиясына тоқталады да, осы бір сөздің, мүмкін транстық халдің бұрынғы және бүгінгі ұлттық менталитетіміздегі қолданысын барлайды. Ғ.Есім ескерткендей, «рахат» сөзі көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымызды айтпағанда, біздің кешегі бала кезімізде де тым сирек қолданатын секілді еді.
Философтың «рахат деген жұмақ емес, сонда болатын ерекше керемет хал. Демек, ол - жалған дүниеде болмайтын құбылыс» - деуінің жаны бар. Расында, жалғанда рахат жоқ, бейнет бар. Ар мен ұяттың, иман мен ибаның орнына ақша жүрген дәл бүгінгі заманда дүниауи нәпсінің бәрі рахатқа айналды. Қайдан келген, кім жасаған «рахат»? Әрине, ақшаның күшімен, алпауыттың ісімен келген «рахат». Бәзбіреулер үшін іші-сырты байлыққа бөккен салтанатты сарайда тұру, қос-қостап шетелдік автокөлік міну, жақұттан жарқыратып алқа тағу, кербез киініп, кердеңдеп жүру, құтырған құмарлықтың жүгенсіз ойнағы мен саунадағы салдақы сайрансымағы «нағыз рахат» шығар. Әрине, тұрмыстың түзулігін кім жек көрсін, алайда, осы бір әлеуметтк сұраныстың жалпыға тән сипат алып, рухани өмірдің жұтаңданып бара жатқаны алаңдатады.
Ақша мен қисапсыз байлыққа деген ессіз құштарлық етек алып кеткенін несіне жасырамыз. Сондай-ақ, философтың, «байлық не билік ешқашан рахат әкелмейді, байлық деген мазасыздық, билік деген үрей туғызады /сонда. 164-бет/дегеніне толық қосыламын. Атамыз қазақ, «байлықты үш күндік жалғандағы боқ дүние» деп қараған. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған, қолыңнан дәулет кетсе құралмаған...» - деген қара өлеңнің жолдары өмірлік тәжірибеден алынған.
Ал «Күлкі» ше? Мұның да мәні бар екен. Тегінде, қазақтың үш арсыздың біріне күлкіні жатқызғаны тегін емес. Осы күлкінің мәнісі хәкім Абайды да ойландырған екен. Ол, «...әдемілік үшін күлетін бояма күлкі бар» деген болатын. Автор, күлкінің осы түрін бүгінгі «саясаткерлердің» күнделікті машығынан іздейді. «Саясатты мамандық әрі кәсіп еткен соң, өмірің сол, бояма күлкіге салынып жүргенің. Күлкіңе бояу қоспасаң нағыз саясаткер емессің, себебі, саясаттың өзі - бояу. Саясат шындықтың жүзі емес, оның бояу» /сонда. 355-бет/ Тегінде, бояма күлкіні саясаттың сахнасынан ғана іздеу жеткіліксіздеу секілді. Аман-саулықтың өзі сатулы болып кеткен мына кер заманда бақай есеп, бас пайданы көздеген аяр, алдамшы, мүләйім күлкінің бәрі – бояма күлкі. Мұндайлар қазір арамызда аз ба? Қолдан жасаған бояма күлкі қашанда жиіркенішті. Осындай мәселелерді батыл қозғаған «Адамзат» кітабы философиялық ойлау мәдениетіміздегі тың жаңалық екендігі дау тудырмаса керек.
Осы біз данышпан Абайды толық танып білдік пе? - деген сұрақ жиі мазалайды. Әрине, бұған толымды жауап бере алмайтынымызды ойлай келе, Абай жайы осылай болғанда, кеше ғана ақтаңдақтардың арасынан аршып алған Шәкәрім Құдайбердіұлының жауһар дүниелерін жан-жақты жарқыратып ашып көрсете алғанымыз шамалы-ау деген күдік пен күмәннің жетегіне еріп кеткенім бар. Әдебиеттану ғылымында суреткердің өмірбаянынан әрі аса алмай, хроникалық тізбектермен көміп тастайтын «еңбектерді» айтпасақ та болады. Философ Ғ.Есімнің «Данышпан Шәкәрім» атты герменевтикалық талдау еңбегін оқығанда осы күмәнімнен айыққандай болдым және салыстырмалы түрде Фридрих Ницщенің Гельдерлин мен Стендальды өзінің рухани бабасы санағандығы еріксіз есіме оралды. Шындығында Ғарифолла Есімнің Абай мен Шәкәрімге ой бұруы заңды құбылыс тәрізді.
Абайдың тәрбиесін көрген, өнегесін алған Шәкәрімнің ақын-философ болмасына хақысы жоқтай. Ар біліміне жүгінген Шәкәрім де Абай секілді айдыны шексіз, аспаны түпсіз, ғибраты мол мұра қалдырды. Абай: «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» десе, Шәкәрім: «Адасқанға кешу бар...» дейді, Абай: «қайран сөзім қор болды тобықтының езіне» десе, Шәкәрім: «Шын наданға білгеніңді ұқтырам деп ойлама,» дейді, Абай: «Білмеген соқыр қайғысыз отыр, тамағы тойса жатуға...» десе, Шәкәрім: «Тәні сау, миы науқастар, ондайға дәрі қона ма?» дейді. Осы тақілеттес ұқсастықтарды тізбелей беруге болар. Алайда, аталмыш кітаптың құндылығы сол, Шәкәрімнің дүниетанымын, көркемдік ой қуатын өзара түсіністік теория негізінде ұлттық мәдени мәтін шеңберінде түсіндіре отырып, байыпты сұхбат жасайтындығында, яғни, Шәкәрім шығармашылығындағы астары қалың, қатпары қыртысты күрделі философиялық тіркестерді жаңа әдістемемен талдап беруінде. Мұны жалаң баяндау жеткіліксіз, сондықтан да оны оқу керек. Осы кітап ұлттық философиялық герменевтикадағы айтулы еңбек болып қалары сөзсіз.
Саяси философияға ден қойып жүргендердің көш басында Ғарифолла Есім тұр десек, әлдекімдердің намысына тиіп кетпес. Оған тәуелсіздігіміздің әр жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген толымды мақаларынан топтастырылған «Саяси философия» кітабы дәлел бола алады. Ол бір мақаласында «Қазақ елі – мәңгілік»-деген ұлттық идеяны ұсына отырып, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұстанымын саралай келе, ел болудың алғы шарттарын тізіп көрсетеді. Соның бірі - ұлттық санадан елдік санаға өту процесі. Саяси сапырылыстарға толы бүгінгі қоғамды саралау үшін терең біліммен қатар, зерделі һәм зейінді біліктілік керек.
Біздің дүниетанымыз тосырқап қабылдайтын «Акме - қоғам мәселелері» жан-жақты қарастырылған. Акме дегеніміз - коғамның кемелденуі. Осы бір философиялық топтамалар әншейін бір жалаң теорияны қаузау емес, бүгінгі Қазақстанда атқарылып жатқан және болашақта болатын кемел істерді прагматикалық тұрғыдан түсіндіру, болжау екендігіне көз жеткізесіз. Автор философ ретінде, саясаткер санатында бүгінгі шындыққа өз байламын айтады, өз қорытындысын жасайды.
Ал философ-жазушының «Социализм» атты роман-баянының (мен бұл кітаптың жанрын осылай атар едім) орны айрықша. Философиялық баянның алғы сөзінде автордың өзі айтқандай, «Социализм - болған оқиға. Ол сонысымен құнды. Социализм - мен секілді миллиондардың өмірбаяны» деуінде боямасыз болмыс, қаны сорғалаған шындық бар.
Бүгінгі жас буын қайдан білсін, сол социализмнің асқақ армандарымен өскен, ержеткен әкелеріміз мен аналарымыздың, ағаларымыз бен әпкелеріміздің және мен тұрғыластардың жел кеулеген жетімек көңілі, жетімсіз тірлігі, жер тістеген өкініштері кетті. Бес тарауға бөлінген роман-баянның әрбір хиқаяттың аннотациясы мен сюжеттік оқиғасы қоспасы жоқ өмірдің шындығынан өрілген. Кейіпкері автордың өзі және өзінің айналасы. Философиялық прозадағы жаңа үлгіні меңзейтін роман-баянда жалаң идеологияға құрылған, әсіре, әлеуметтік-таптық қоғамның құрсауында қалған адамдар тағдырын ұзақ сонар баяндауға ұрындырмай, психологиялық штрихтермен, ұсақ детальдармен, ойнақы көркем тіркестермен бере білген. Сол сияқты, шағын новеллаларының өн бойында нәзік иірімдер, кілтипан кідірістер, жұқалтаң мұңлы сарын, астарлы юмор да бар. Айталық, «Суық жел» новелласында бір үйде тетелес өскен екі ұлдың бірінің басынан өткен болмашы бір жағдай баяндалады. Социализмнің дүкендері мен базарлары таңдап, талғап киінуге қолжетімді ете бермейтін еді ғой. Сықап тұрған дүние жоқ. Бой түзей бастаған бозбаланың жақсы киімге әуестігі бесенеден белгілі. Қоңыртөбелі тіршілікті қанағат еткендердің көбісі бірінің киімін бірі киіп жүре беретін. Әсте ол ерсілік саналмайтын. Оның өзі бір бауырмалдықтың, достықтың, сақи жомарттылықтың белгісіндей көрінетін. Ағасының бір киерін сұраусыз кие беретін, алдындағы асты аңдамай қарбыта беретін бозбаланың көңіліне алғаш рет қаяу түсті. Ол - үйленген аға мен жас жеңгенің арасындағы жаңа қарым-қатынастан өрбіген мұны жатсыну, бөгделендіру синдромы еді. – Бұл костюм ағаңдікі! - деп, жеңгесі айтқан жалғыз ауыз сөз бауырдың кеңілін айран асыр етіп, бауырмал жылы дүниенің арасына суық жел болып еніп кетті. Шындығында енді бұл бұрынғы жомарт пейілді, ақкөңіл ағасынан алыстап бара жатқанын сезінді. Расында, бір емшектен телі емген екі бауырдың осылай алшақтауы, бір-бірін жатсына бастауы етжүректі адамға ауыр екендігі белгілі жағдай. Бірақ, өмірдің заңдылығынан, уақыттың кесімінен асқан қандай күш бар?! Шығарманың фалсафалық түйіні осыны астарлап айтады.
Бір мақалада философ-жазушы Ғарифолла Есімнің төрт кітабын жіліктей бөліп, мүшелеп тарату мүмкін емес. Біздің мақсатымыз, осы бір аз-маз мүмкіндікті пайдалана отырып, көзіміз емес, көңіліміз сенген, саңылауымызда емес санамызда бекіген ой-пікірмен бүкпесіз бөлісу еді. Сөз соңын, Мартин Хайдаггердің «Философия дегеніміз - дербес әрі шығармашылық өмір сүрудің сирек мүмкіндіктерінің бірі» - деген әйгілі анықтамасымен аяқтамақпын. Атақты философ айтқандай, «дербес шығармашылық өмірдің» жемісті жылдары көп болсын! - дегім келеді.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы,
Парламент Сенатының депутаты.
Эстрада жұлдызы Ақбота КЕРІМБЕКОВА
Гитараның қоңыр әрі сабырлы үнімен тыңдарманның жүрегін жаулаған Ақбота Керімбекова өңірімізге ат басын тіреді. Оның осы аспаппен халық алдына шығып, қазақ эстрадасында дараланғаны әлі есімізде.
«Аппақ гүлдер» әнімен қалың жұртшылық арасында танылған Ақбота гитарадан неліктен қол үзіп қалды? Өнер иесінің әндері неге мұң мен назға толы? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеу мақсатында Ақботаның өзімен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Павлодар өңіріне алғашқы рет келіп отыр екенсіз. «Сарыарқа самалы» газеті оқырмандарының ыстық сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіз!
- Сәлеметсіз бе! Кереку елінің өнерсүйер қауымы мені жылы қабылдады, алғысымды білдіремін.
- Гитараны алғашқы рет 9-сыныпта оқып жүргенде қолға алғаныңыздан хабардармыз. Соңғы кездері гитарамен ән айтпай кеттіңіз. Себебі неде?
- Гитара өнер айдынына алғашқы рет келгенде сенімді серігім еді. Осы аспаппен бірінші рет Г.Шәмшиеваның «Гүлiм көктем» және «Анашым» әндерiн орындаған болатынмын. Жалпы, қазіргі кезде гитарадан қол үзіп кеткенім рас. Дегенмен, бұл – уақытша құбылыс. «Заманына қарай көсіл» демекші, тыңдармандардың басым бөлігі эстарадаға бет бұруда. Ал гитарамен сахнаға жиi шықпауымның себебi - оның тыңдарманының аздығы. Бiрақ, гитарамды тастаған емеспiн және репертуарымда осы аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын әндерiм аз емес. Өздеріңіз білетіндей, «Келем дешi» әнiне түсiрiлген бейнебаяныма гитара тартып тұрған сәттерді аз да болса қостық. Осы жылдың жазында жұртшылық мені гитарамен қайта көретін болады. Жанды дауыспен концерт өткізуге қызу дайындалудамын.
- Әндеріңіз екі тақырыпқа бөлінген сыңайлы. Алғашқылары ұлы сезім – махаббат туралы мұңлы әндер болса, келесілері ана атты құдіретке арналған. Не себепті осындай туындыларды таңдайсыз?
- Рас, репертуарымдағы әндердің көбі мұңды, лирикаға толы. Шынын айтсам, олардың бәрі өзімнің жан дүниеме жақын. Көңілді әндер де баршылық. Халық мені жақс ы көріп жатса, демек мұңды әндерімді ұнатып, тыңдайды. Басты мақсатым да сол - халық көңілінен шығу ғой.
- Көбінесе сезім иірімдерін қозғайтын әндерді шырқағандықтан, жұрт «Ақботаның махаббатта жолы болмапты» деп ойлап қалмай ма? Жалпы, махаббатта жолым болды деп айта аласыз ба?
- Жұртшылық не ойласа - өз еркі. Ғашық болмадым деп айта алмаймын. Себебі, біреуді сүюдің өзі бақыт емес пе? Ғашықтық сезімінің шырмауына іліктім, отына күйдім. Бақытты әйел, бақытты ана болуға Аллам нәсіп етті. Мың да бір шүкір! Дегенмен, махаббатта жолым болмаған сияқты. Өзiм де, көңiлiм де жас қой. Өз адамымды әлi де кездестiретiнiме, онымен өткізетін бақытты күндерiм алда екенiне сенемiн, үмiтiмдi үзбеймiн.
– Көңіліңізді мұң шалған сәттерде кімнен немесе неден жұбаныш іздейсіз?
– Өзіңіз байқағандай, шығармашы-лығымда анаға арналған әндер баршылық. Жан күйзелгенде әйелді тек қана әйел түсінеді ғой. Сондықтан, сырымды тек қана анама ақтарамын. Қанша қиналсам да, тағдырыма ешқашан налыған емеспін. Алланың берген ұлдары – тағдыр сыйлаған ең қымбат дүние. Сондықтан, өзімді әлемдегі ең бақытты әйелмін деп есептеймін. Алла Тағала маған қайтпас-қайсар мiнез берiптi. Қиындыққа қаймықпай қарсы жүзетiн, турашыл мiнезiм бар. Өмір жолындағы қиыншылықтарға төтеп беруге анам үнемi қол ұшын созып, көмегiн аяған жоқ. Балаларымды бағып-қағып отырған да сол кiсi. Жеке өмiрiме одан басқа ешкiмнің араласуын қаламаймын. Он алты жыл бойы өнерде келе жатқаным – аяулы анамның арқасы. Өнердегі жолымды байлағысы келмеген ол өз өнерін құрбан етiп, қолынан келгенше мүмкiндiк жасады.
– Өнер иесі үйден гөрі, көбінесе түзде жүретіні рас. Үш ұлыңыз жөнінде айта отырсаңыз. Шығармашылық сапарларға жиі шығасыз, сондайда, үйдегі балаларыңызға көңіл бөлуге уақыт табасыз ба?
– Үлкен ұлым Біржан - өнерге бет бұрып, «СТВ» телеарнасында балаларға арналған «Балауса» бағдарламасын жүргізеді. Оқуына да үлгереді. Екінші балам - Ақанның да шығармашылыққа бейімі бар. Кенже ұлымның аты – Димаш. Әзірге, шығармашылыққа жақындығын анықтай алған жоқпын. Жұмысым қаншалықты қауырт болса да, балаларымның тәрбиесімен айналысуға уақыт табамын. Бала тәрбиесінде анамның алар орны ерекше дегім келеді.
- Сіздің сахналық киіміңізді сынайтындар көп. Оған қоса отандық телеарналардың бірінде адамды киімге қарап таңдау - «ақымақтық» деп айтып қалдыңыз...
- «Киіміне қарап қарсы алады» деген үрдіс қалыптасқаны рас. Дегенмен, оған мойынсұнбаймын. Көп жағдайда көңілім қандай киімді қаласа, соны киемін. Себебі, сахнаға көйлегімді көрсету үшін шықпаймын. Ең бастысы, үстімдегі киімім ашық-шашық емес. Қолымнан келгенше әдемі болып, ысырап жасамауға тырысамын. Әншінің міндеті сахнаға шығып сәндену емес, көрерменге рухани ләззат сыйлау, ән айту.
- Ақбота, бала кезіңізде еркекшора болыпсыз. Сонымен қатар, әнші емес, милиция қызметкері болуды армандапсыз. Осыдан бас тартуға кім әсер етті?
- Балалық шақташынымен де, еркекшоралау болып өстім. Тіпті, күреспен айналысып, футболды да серік еттім. Қыз бала сияқты қуыршақ ойнап, қиылып отырған кезім болмапты. Өрімдей кезімде милиционер ағамның киімі мен анамның сахналық костюмдеріне қызығатынмын. «Шіркін, есейіп, осы киімдерді кисем екен!» деп қиялдайтынмын. Жалпы, о баста құқық саласында, яғни ағам сияқты тәртіп сақшысы болуды армандағанмын. Өздеріңіз білетіндей, анам Бибіажар Махамбетова - ҚР Халық әртісі, әнші. Өнерге келуім – асыл анамның аманаты.
- Алтын уақытыңызды бөліп, емен-жарқын әңгімеңізге «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандары атынан алғыс білдіреміз. Павлодарға жиі келіп тұрыңыз!
Сұхбаттасқан – Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Қош, Махаббатым
Сөзі мен әні А.Бижанованікі.
Кірпігімнен үзіледі,
Мөлдір шығы сағыныштың,
Күн деміңмен құрғатшы келіп.
Жүрек үнсіз күрсінеді,
Жанарларым жалынышты.
Алаңдаймын, күтемін сені…
Қайырмасы:
Қош енді, қош, махаббатым,
Махаббатым-аманатым,
Тұмар қылып сақта жүректе.
Болмасақ та бірге енді біз,
Бірге соғар жүрегіміз.
Зарыға аңсап өткен күндерді…
Қош енді, қош, махаббатым,
Махаббатым-аманатым,
Тұмар қылып сақта жүректе…
Керек емес өзге ешкім,
Тағдырыммен ерегестім,
Кездестірген өте кеш сені.
Қоштасуға қолым бармай,
Қал деуге енді арым бармай,
Қиналдым ау, жаным, кеш мені…
Дәмеш Рахманқұлқызы Арынғазиева – қоюшы–режиссер, театр педагогы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Ресей театр қайраткерлері одағының мүшесі.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қазір Д.Арынғазиева Павлодарда Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры әртістерімен тағы бір жаңа қойылымды әзірлеу үстінде.
- ДәмешРахманқұлқызы, театрсаласыжақсыдамығанРесейеліндееңбекетіпжүрсіз. Талай-талайсахналардашетелдікклассиктердіңдрамаларынқойдыңыз. Қазақтеатрларынанежетпейдідепойлайсыз?
- Жақсысұрақ. Қазақтеатрларындакөркемдігі, мазмұныбүгінгікөрерменніңталап-тілегіненшығатындайдрамажоқ. Жақсыдрама– театрменәртістіңбақыты. «Біздешетелдікдрамадангөріұлттықмүдденікөрсететінқазақдрамасыннегеқоймайды?» дейтін жаңсақтаупікірбар. Өнердешеттілі, өзтіліміздегенжоқ. Әрбіршығармадаөмірфилософиясыболуышарт. Cенқазақсыңба, өзбексіңбе, французсыңба, бәрібір, бастысы- адамиқұндылықтарортақемеспе?! ЖазушыМ.Әуезовешқашанұлттықшеңберменшектелгенемес. Ұлыжазушықайтааудармарепертуарарқылыдамығанелдердіңөнерінтәжіриберетіндепайдаланды, әлемдікклассиктердіңқазақтеатрларындақойылуынаықпалжасадыемеспе?!
Шекспир мен Чеховтың драмаларындай драма керек қазаққа. Шекспир - құштарлық пен өшпенділікті кемел парасатпен таза өнер биігіне көтерсе, Чехов өзінің шығармаларында мұндай бейнелерді әзілмен түйіндеп, нақты өмір мен романтикалық сарынды бере білген. Мысалы, Чеховтың «Шағаласын» комедия дейді, бұл комедия емес, өткір эмоцияға толы оқиғаларды көркемдікпен сомдай отырып, әлеуметтік сипатын айқын ашқан күрделі драма. Драманы жазу бар да, оны сахна «тілімен» ойнату бар. Сонда қазақтар арасында жоғарыда Шекспир, Чехов драмаларында кездесетіндей оқиға жоқ деп ойлайсың ба? Бар, жетеді. Бірақ, соларды адам сезіміне әсер ететіндей, гуманистік ой, жарқын идеясымен таңқалдырарлықтай дәрежеде беру жағы жетіспейді.
- Тәжірибелі театр педагогы ретінде Қазақстанда жұмыс істеп, қазақ театрларының деңгейінің көтерілуіне үлес қосқыңыз келмей ме?
- Алдымен алғашқы сауалға толық жауап берейін. Қазақстанда білікті театр педагогтары аз. Режиссерлер дайындау мектебінің деңгейі төмен. Ә.Мәмбетов, Ш.Байғабыл, М.Манап, Е.Тәпенов сынды Мәскеуде білім алған тума таланттардың ізін басатын актер, режиссерлер өте аз. Өзіндік ұстанымдары бар, білікті режиссерлер Б.Атабаев, Ж.Хаджиев, М.Ахманов, Н.Жақыпбайдың да жастары келіп қалды. Бұл – ойландыратын мәселе. Қазақстанда жұмыс істеу туралы айтайын. Мен ресейлік мықты режиссер, театр педагогтарынан сабақ алдым. А.Луначарский атындағы ГИТИС-ті үздік бітіріп, театр педагогикасы бойынша М.О.Кнебельдің мектебінен өттім, сол кісінің жетекшілігімен аспирантура бітіріп, өнертанудан ГИТИС-те диссертация қорғадым. Бірнеше жыл М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында жұмыс істеп, А.Вампиловтың «Үлкен ұл», Е.Шварцтың «Золушка», Ә.Мәмбетовпен бірге М.Әуезовтің «Қаракөзін» қойдым. Әр жылдарда А.Чехов, А.Володина, Ж.Мольер, Г.Белля, В.Шекспир, Т.Уильямстің драмаларын сахналадым. Театр педагогы ретінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Көркемөнер академиясында Ш.Жандарбекова, Ә.Мәмбетов, Р.Андриасянмен бірге жұмыс істеп, бірнеше толқын актерлері, неміс актер тобын, режиссерлерді дайындадым. 1986-1989 жылдарда Ульм-Алматы неміс театр академиясының директоры болдым. Жалпы, өз басым қазақстандық театрларға бір адамдай қызмет жасадым деп айта аламын. Соңғы жылдарда Павлодар театрымен жақсы байланыс орнаттым. Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Мұхтархан Манаппен Мәскеуде бірге оқығанбыз, сондықтан, бір-біріміздің талабымызды жақсы білеміз деп айта аламын.
- Көп жылдар орыс арасында қызмет етіп жүрсіз. Ана тіліңізді жақсы білесіз бе?
- Мен Қызылорда облысында туып-өстім. Ол жақ қазақы салт-дәстүрге тұнып тұрған, ұлттық руханияттың қаймағы бұзылмаған ел. Әрине, ана тілімді ұмытқан жоқпын, ауызекі сөйлеймін, әдеби дүниелерді жақсы түсінемін.
- Еуропалықтарға қарағанда, қазақ халқында театр өнері кенжелеу дамыды. Біз театр тарихы дегенде, қазақ өнерінің көш басында тұрған тұлғалар Ж.Аймауытов, М.Әуезовті бірінші кезекте еске аламыз. Жалпы, біздің ұлттың бойында әр елдің өнеріне, тіліне, мәдениетіне бейімділік бар. Ал актер өнеріне ше?
- О, қазақ жұрты нағыз актер халық дер едім. Қазақтың ұлттық фольклоры деген керемет емес пе?! Мәселен, кісі қайтыс болғанда зармен жоқтау айту тек біздің елде ғана бар. Енді осындағы «актерлік ойынға» қарасаң, кәдімгідей толғанасың. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп қайғырып алып, есін жинап, шаруасына енді кірісе берген әйел, алыстан жанашыр туыстары келе қалса, отыра қалып, көзінің жасын төгіп, жоқтау-зарын айта жөнеледі. Тоқтау айтылса, көз жасын тиып, өз қалпына түседі. Бұл – актерлік өнер емес пе?! Қазақтың тілі бай, құнарлы, ауызша, жазбаша әдебиеті де қазынаға толы. Тек осыны театр драматургиясына шеберлікпен пайдалана білу керек. Әйтпесе, біз мақтап отырған ағылшын, америка, неміс жұрты фольклорының бізден асып-тасып жатқан ештеңесі жоқ.
- Ал қазіргі Ресей театрларының дамуы туралы не айтар едіңіз?
- Олардың қайсыбірін айтарсың... Ресейде 300-ден астам театр, әр театрдың өз көрермендері бар. Солардың арасында «еуропалық театр» дәрежесіне көтерілген Мәскеудегі Фоменконың театрын, Санкт-Петербургтегі Л.Додиннің театрын атауға болады. Жалпы, Ресейде өзіндік қалыптасқан театрлық жүйе бар, талаптары қатты.
Театрдың жақсы театр болып қалыптасуы үшін не керек? Ең алдымен актер, екіншіден, мықты режиссер, үшінші - суретші, төртіншісі - театр педагогы керек. Осы төртеуі бір-біріне сай келгенде ғана театрдың жұмысы алға басады. Мен театр педагогы ретінде актерлер мектебін қалыптастырдым, өйткені, кезінде өзім де ең білікті деген Ресей театр педагогтарынан дәріс алдым. Бұл сала бойынша жинақтаған тәжірибем көп. Ал режиссер... режиссер болып тууы керек, режиссерлік дарын, қабілет театрды жақсы «сөйлететін» үлкен күш.
- Дәмеш апай, қазір Сіз павлодарлық қазақ театрының әртістерімен шетелдік драматургтердің пьесаларынан композиция әзірлеп жатырсыз. Біздің театрдың әлеуеті қандай?
- Павлодарда талантты актерлер баршылық. Жақсы спектакльдерді мықты режиссурамен қойса, біраз театрлардан озып шығатыны анық. Ана жылы осы театрмен Э.де Филиппоның «Филумено Мартурано» қойылымын шығардым. Көңілімнен шықты, республикалық театр фестивалінде осы спектакль бас жүлдені жеңіп алды. Қазір Ерден Тойкенов деген жас режиссер келіпті. Жастық қайратпен жаңалық әкелер деген үміт баршылық.
- Т.Уильямстің «Шыныдан жасалған айуанхана» мен В.Аленнің «Қалықтаған шам» атты екі пьесаны біріктірген сахналық композицияны «Кемпірқосақ» деп атауыңыздың сыры неде?
- Жоқ, ойлана келе бұлай атамауды, драматургтердің өздерінің қойған атауларын қоюды ұйғарып отырмын. Дегенмен, ойланатын тұстар бар. Т.Уильямс пен В.Аленнің драмаларындағы екі отбасының басына түсетін бір-біріне ұқсас жағдайлары қойылымда қатар өріледі. «Пол – керемет сиқыршы, Лаура – жақсы азаматқа тұрмысқа шығып, бақытты әйел болады», міне, осы арманнан туындаған әрекет-оқиғалар композицияның өн бойында бірінен соң бірі өріліп отырады. Мұнда қайғы да, көз жасы да, қуаныш та, бір сөзбен айтқанда комедиялық психологизм бар. Екі отбасының балаларының бойындағы аз-кем мүгедектік олардың өмір ағысымен алға жылжуларына бөгет болмайды. Композиция автордың өткен балалық шағын еске алу, әңгімелеу арқылы баяндалатындықтан біраз сенімсіз фантазия да бар. Мұндай импрессионизм Пикассода, тіпті Шаналда да болған.
- Режиссер ретінде пьесаның негізгі идеясын ашу үшін қандай көркемдік ерекшелік беруді ұйғардыңыз?
- Сахна декорациясы. Мұнда кәдімгі заттар қойылмайды. Бастысы - кейіпкерлердің іс-әрекеті сонымен қатар, әдемі атрибуттар, жеңіл перде, ақ кеме сынды заттар болуы тиіс. Ал басты кейіпкерлер - Пол мен Лаураның ішкі әлемі өзара байланыста болып, қойылым соңында олар кәдімгідей кездесіп, қосылады. Мынау қатал өмірде екінің бірі бай, табысты, атақты болуға ұмтылады, сол үшін күреседі, сол үшін жолындағының бәрін жайпап шығуды көздейді. Мұндай кейіпкерлердің адал, еңбекқор жандарға деген көзқарасы, өшпенділіктен туындаған іс-әрекеті ызалы күлкі тудырады, кейде өздері күлкіге қалады. Мұндағы қарама-қайшылықтың өзгешелігі сол – осы адамдардың ой-бойында жаңағы адал жандарға деген сағыныш, махаббат, мейірім оянады. Қарапайым адамдарды мысымен басып тұрған аспанмен таласқан зәулім сұр үйлер, казино, у-шулы би алаңдары, нашақорлық... міне, балалар есейгенде оларды қабылдап алатын қауіпті әлем осы. Балалар сондай әлемде жүріп, білім алулары, мамандық иесі болулары керек. Бірақ, қалай, қайтіп? Нақты өмір – қаталдық пен прагматизмді талап ететіні анық.
- Сондығымен өміршең дейсіз ғой. Дәмеш Рахманқұлқызы, әңгімеңізге көп рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!
Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП
Таяуда мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері, Мұхтар Әуезов қорының директоры Мұрат Мұхтарұлы Әуезов облыс орталығында болып қайтты. Павлодарлық студент-жастардың шақыруымен өңірімізге келген ғалым аға жұртшылықпен жүздесіп, еліміздің бай тарихы мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары жайында тереңнен толғап, көптеген тың мәліметтерді ортаға салды, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесу соңынан Мұрат Мұхтарұлы облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне сұхбат берді.
- Мұрат аға, Павлодар өңіріне қош келдіңіз!
- Рахмет! Кездесуде айтып өттім, Павлодар жері маған өте ыстық. Өйткені, кезінде Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары «Жас тұлпар» ұйымын құрғанда жақын досым болған Болатхан Тайжан осы өңірдікі еді. Мәшһүр Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды ұлылардың ізі қалған қасиетті өңір қазақтың қай баласына да ыстық деп ойлаймын.
- Мұрат Мұхтарұлы, әкеңіз Мұхтар Омарханұлы кезінде Сіздің қытай тілін меңгеруіңізді қуана құптаған екен. Қытай архивтерінде қазақтың тарихы жайлы жазылған құнды жазбаларға қол жеткізуден үміттенген болар...
- Иә, мен Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің қытай тілі факультетін бітірдім. Әкемнің келісім бергені – шығыс халықтарының ішінде қытай тілі ең күрделі тілдердің қатарында әрі бұл елдің тілін білетін адамдар санаулы болатын. Сонымен қатар, расында да Қытай архивтерінде қазақ елінің тарихы, тағдыры жайлы жазбалар болды. Мүмкін, әкей сол құндылықтарды еске алған болар. Қазір ойлап қарасам, әкем болашақтың жағдайын көрегенділікпен сезген секілді. Оқу бітірген соң Азия және Африка халықтары институтында бір жыл тәжірибеден өттім. Кейін тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті елшісі болдым. Мүмкіндігінше қытай қазақтарының тарихы, әйгілі адамдар жайлы мәліметтер алуға тырыстым. Олардың арасында қызыл империяның саясатына қарсы шығып, бар өмірін күреспен өткізген қазақ күрескерлері аз болмады. Қытайда жақсы еңбек еттім, ол жақтың азаматтарымен жақсы араластым. Қытайдың Қазақстандағы бірінші елшісі болған Чжан, орыс әдебиетін қытай тіліне аударған Гао Ман, Абай прозасын қытай тіліне аударған Сю сынды адамдар...
- Мұрат аға, Сіздің саяси көзқарасыңызды Мұхтар Омарханұлы қалай бағалады?
- Әкем отызыншы жылдардың басында «ұлтшыл» деген айыппен түрмеге қамалды. Сосын бақылауда болды. Қазақтың небір біртуар таланттары сол нәубеттен аман қалған жоқ. Атылды, асылды, жер аударылды, отбасы, бала-шағасы ауыр кезеңді бастан кешті. Сондықтан әкем мені саясаттан сақтандырғысы келді. Бірақ жастарға көп үміт артты. Ал кезінде «Ұлтшыл», «халық жауы» деген қолдан жасалған айыптаулар біздің отбасымызды да айналып өтпеді.
- Айыптау демекші, анаңыз Фатима Ғабитова - қазақтың үш бірдей аймаңдай азаматтарының жары, музасы болды, перзент сүйді. Фатима анадан туған ұл-қыздар жақсы араластыңыздар ма?
- Тағдыр деген қызық әрі күрделі. Анамыз Фатима марқұм талантты, ақылды, білімді әрі келбетті адам еді. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу ісіне зор үлес қосты. Ол кісінің бірінші жұбайы Біләл Сүлеев - Алаш көсемдерінің бірі болған, еліміздің ағарту саласына қызмет еткен екен. Фатима ол кісіге 17 жасында тұрмысқа шығып, Жәнібек, Фарида, Азат есімді сәбилер сүйді. Біләл отызыншы жылдары тұтқындалыпты. Одан кейін Ілияс Жансүгіровке тұрмысқа шығыпты. Анам Ілиясты өте жақсы көрді, сүйді. Оны бізден жасырмайтын. «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды классикалық поэмалар жазған, қазақ әдебиетінің барлық жанрларына қалам тартқан Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитовадан Үміт, Ильфа, Болат есімді балалар дүниеге келді. Біләл аға да, Ілияс аға да атылып кетті. Әкем Мұхтар осы ұлы тұлғалармен көңілдес, жақын дос болған екен. Біләлден айрылған анамыз Ілиясқа тұрмысқа шыққанда ол кісі Біләлдің артында қалған перзенттерін қорғап, әкелеріндей болыпты. Екі әкеден қалған перзенттерімен анамыз үлкен қиындық көріп, отбасына бұлт үйіріле бастаған тұста әкем көмек беріпті. Әкем - Біләл мен Ілиястың соңында қалған перзенттеріне қамқор болуды жақын достарының аманатындай көрді. «Халық жаулары» Жансүгіров пен Сүлеевтің балаларын Алматыға алып келуінің өзі үлкен ерлік емес пе?!
- Ол кісілердің балаларының тағдыры қалай қалыптасты?
- Азат, Ильфа, Болат, Үміт – бәрі де оқуға өте зерек болды. Азат үйде бізге кітап оқып беретін. Кейін ол Мәскеуден оқу бітіріп, түрколог болды. Ильфа – жоғары оқу орнында неміс тілінен сабақ берсе, Болат - талантты киносценарист, философ, ал Үміт білікті дәрігер болып шықты. Менің бір қайран қалатыным, бір отбасында үш әкенің - Алаштың үш арысының балалары Фатима ананың тәрбиесінде болдық. Ол кісі бізді алаламай, қайта ересектердің кішілерге қамқор болуын қатты қадағалайтын. Анамыз көп қиындықтар көрді, қолдан жасалған кедергілерге ұрынды. Бірақ, қажып-талған емес. Бірде сүрінді, бірде оңбай жығылды, енді бірде жеңді, бірақ қайсарлық қалпынан айныған жоқ. Біздің үйдің балалары Мәскеуде білім алдық. Егер анамыз жақсы тәрбие бермегенде «халық жауларының» балалары соншалықты дәрежеге дейін жете алар ма едік?! Білмеймін...
-«Фатима» атты кітапта Ильфа Ілиясқызы Жансүгірованың естелігінен алынған мынадай жолдар бар: «1957 жылы Жазушылар одағында өткен партия жиналысында С. Сейфуллин, І.Жансүгіров пен Б.Майлиннің ақталғандығы туралы хабарланды. Жиналыста анам Фатимаға сөз берілді. Әдемі киініп, кеудесін тік ұстаған анам көпшіліктің алдына мінбеге шығып, от ұшқындаған қара көздерімен залды шолып өтті. Әлдебір күш сиқырлап тастағандай гуілдеп отырған зал тына қалды. Анам әдемі, ашық дауысымен саңқылдай сөйлеп, Н.Хрущев пен Қазақстан үкіметінің «халық жауларын» ақтау жөніндегі саясатына ризашылық білдірді де қолын алдыңғы қатарда отырған әлдекімдерге сілтеп: «Ілиясты көрсеткен сенсің...», «Ал сен оның еңбектерін пайдаланып кеттің...», «Сен оның отбасын пәтерінен қуып шығып, өзің кіріп алдың...». Бұл сөздер көпшілікке сұмдық әсер етті. Мен оның сөздерінің біразын түсінбесем де, оның жан күйзелісін жаныммен ұқтым...»
-Иә, иә. Анамның сол сөздері көпшілікті қатты тебіренткен екен. Жеті баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, небір ауыр кезеңдерді басынан өткізсе де, анам ешуақытта мойыған емес. Сөйтіп жүріп, күнделік жазды, саяси өмірге деген көзқарасын қағазға түсіріп отырды, өлең де шығаратын. Сол қолжазбалардың біразы табылды. Қазақтың үш бірдей арысының ұрпақтарын дүниеге әкеліп, тәрбиелеген анамыздың бойындағы асыл қасиеттерді айтып тауыса алмаспын.
- Ілияс Жансүгіровтің баласы, бауырыңыз Болат жайлы айтыңызшы... Ол кісінің талантты кинодраматург болғанынан хабардармыз...
- Болат Ілиясұлы 16 қарашада 1937 жылы Алматыда туды. Болат өте зерек, талантты болды. Екеуіміз өте тату, бір-бірімізге жанашыр бола білдік. Анамыз да Болатты «Ілиястан аумай қалған шоколадым» деп еркелететін. Кейін мұрт қойған соң, екінші Ілияс болып шыға келді. Болат кино саласына көп еңбек сіңірді, деректі фильмдер жасады, көркем фильм де түсірді. Талант-талабы, кескін-келбеті әкесінен аумай қалған Болат бауырымның адамгершілік тұлғасы, мінезі нағыз қазақ азаматына тән болатын. Жазушы Майра Жанұзақованың «Фатима» атты кітабында біздің отбасымыз жайлы жақсы жазылған.
- Қазақта «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» дейді. Осы тұрғыдан не айтар едіңіз?
-Иә, мен бақыттымын. Әкем ұлы жазушы болса, анам әйел затына тән ақыл, көрік, таланттан кем болмады, поэзияны сүйетін. Осындай адамдардың перзенті болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Олардан асып кетпесек те, ата-ананың атақ-даңқына лайық болуға тырыстық. Ал әке даңқын арқаланып, жеңілдік сұрап, басқа да жағдайлармен ешкімнің алдына барған емеспін.
- Мұхтар Омарханұлының шығармашылық дүниесі әлі де өз өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Ұлтын әлемге танытқан ұлы тұлғаның артында жарық көрмеген дүниелері қалды ма? Осы орайда өзіңіз басқаратын «Әуезов қоры» қандай іс тындыруда?
- Әуезовтану кейінгі уақытта жоғары деңгейге көтерілді деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, М.Әуезовтiң 50 томдық толық академиялық шығармалар жинағының соңғы 50-ші томы баспадан шықты. «Атамұра» баспасы қазiр «Мұхтар Әуезов энциклопедиясын» шығару үстiнде. Жазушының мол мұрасын әлемдік әдебиеттану деңгейінде талдаған зерттеу еңбектер жарыққа шықты. Мен 2007 жылдан Әуезов қорын басқарамын. Қордың алғашқы iрi жұмысы «Абай жолы» роман-эпопеясын орыс тiлiне аударту болды. «Абай жолы» эпопеясын М.Әуезовтiң көзi тiрiсiнде бiрнеше аудармашы аударды, жұмыс асығыс атқарылды, шалалық көп болды. «Абай жолының» сапасы төмен аудармасы түпнұсқаға сай келмейтiн. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қор қазiргi пост-кеңестiк елдердегi білікті орыс тiлдi прозашы Анатолий Киммен жұмыс істеді. Ол жолма-жол аударма жасауға екi аудармашы алып, жұмысқа шұғыл кiрiскен-ді. Қарқынды жүргiзiлген жұмыстың нәтижесiнде роман-эпопеяның алғашқы екi томы 2007 жылы, 3, 4-ші томдары 2009 жылы баспадан шықты. Екi аударманы қазақ тiлiндегi түпнұсқамен салыстырғанда соңғы аударманың көркемдiк деңгейі көңілден шықты. Қор сонымен қатар жаңа заман талаптарына сай көптеген жұмыстарды атқаруда. Олардың қатарында әлемдiк әдебиеттiң үздiк үлгiлерiнiң қатарындағы «Көксерек» әңгiмесiнiң аудиодискiсi мен «Қилы заманның» зағиптарға арналған Брайль әлiппесiмен терiлген нұсқасы бар. С.Саттаровтың «Мұхтар Әуезовтiң ататегi», 2011 жылы А.К.Муминовтың «Родословное древо Мухтара Ауэзова» атты кiтаптары шықты. Екi кiтапта да Мұхтар Әуезовтiң ататек шежiресiмен қатар түркi халықтарына ислам дiнiнiң келу тарихы, қазақ халқының рухани әлемiне дiннiң әсерi, мұсылмандық негiздегi ұлттық дүниетанымның қалыптасуы баяндалған. Бұлар оқырмандар үшін аса бағалы дүниелер дер едім.
- Сұхбатыңызға көп рахмет, аға! Шығармашылық табыстар тілейміз!
Сұхбаттасқан –Сая МОЛДАЙЫП.
|
|