Өткен аптада Павлодар облысына екі күндік сапармен Қазақстан Республикасы Митрополиттік округінің басшысы Митрополит Александр келді. Оның сапары Благовещенск кафедралды шіркеуінен басталды. Митрополит Александр православтардың қасиетті орнында қала маңындағы Христо-Рождественский храмынан табылған асхана бұйымдарын Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейіне тарту етті.
Музейге сыйға тартылған бұл күміс бұйымдар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына жатады. Музейге тапсырылған жәдігерлердің арасында үлкенді-кішілі сегіз қасық, 48 пышақ, жеміс-жидек пен қант салатын ыдыстар бар. Әсіресе, жәдігерлер ішінен «Кажмир Адамович Бейнарға мәңгілік естелік үшін» деген жазуы бар портсигардың алатын орны ерекше екенін атап өтті Митрополит Александр. «Бұл заттардың барлығы Христо-Рождественксий храмына жөндеу жұмыстары жасалып жатқан кезде табылды. Біздің пайымдауымызша қиын-қыстау кездерде православты халықтар баз-біреулерден қатты қысым көріп, осы бір қасиетті бұйымдарды келер ұрпаққа мұра болсын деп әдейі храмның қабырғаларына жасырған. Аталмыш жәдігерлердің бәрі Павлодар облысының белгілі орманшысы болған Кажмир Адамович деген діндар адамға тиесілі. Енді алға қойылған басты мақсат - бұл жәдігерлерді Кажмир Адамовичке кім сыйға тартқанын анықтау. Бізден кейінгі ұрпақтар бабаларымыздан мынадай жәдігерлер қалған әрі барша православ халықтары тамашаласын деп бұйымдардың барлығын Павлодар қаласының Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейіне табыстауды жөн санадық»,- деді өз сөзінде Митрополит Александр. Музей қорының көне бұйымдармен толыққанын ерекше қуаныш санаған Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің директоры Гүлнар Нұрахметова храмнан табылған жәдігерлердің барлығы өте құнды заттар екенін атап өтті.
Күннің екінші жарытсында «Достық үйінде» Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Шараға облысымыздағы түрлі діндердің өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалына қарайтын этно-мәдени бірлестіктердің басшылары қатысты. Митрополит Александр алдымен «Дала өлкесінің казактар Одағы» аймақтық қоғамдық бірлестігінің «Ертіс шебі» филиалының мұражайын аралады. Мұражайдың құнды жәдігерлерімен танысқан ол ұжымға діни өлеңдер жазылған дискілер табыс етті. Өз кезегінде мұражай басшылығы Павлодар өңіріндегі казактардың тарихы туралы шағын кітапшаны сыйға тарты. Салтанатты жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: «Павлодар облысында көптеген дін өкілдері тұрады. Олардың барлығы қырғи-қабақ болып жыртыспай, тату-тәтті күн кешуде. Митрополит Александрдың қатысуымен өткен бұл шара да - соның айқын дәлелі. Павлодар облысында 182 діни бірлестік жұмыс істейді. Бейбіт күннің біте қайнасқан ортасында өмір сүріп жатқан бұл бірлестіктер облыстың көркейіп, дамуына өз септігін тигізіп жатыр»,- деді өз сөзінде.
- Бұл - менің Павлодар облысына екінші рет келуім. Облыс әкімдігінің қолдауымен православ қауымымен жүздестім. Осындай тамаша сәтті ұйымдастырған Павлодар облысының әкімдігіне, Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалына ерекше алғысымды білдіремін. Жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев Ассамблея сессиясында атап өткендей Қазақстандағы барлық тұрғындар тату-тәтті өмір сүруі керек. Солай болып жатыр да. Мұның бәрі Елбасының салиқалы саясатының арқасы екені анық,- деді Митрополит Александр.
Шара барысында жиналған көпшілік Митрополит Александрға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Диалог түрінде өткен кездесуде жиналғандардың барлығы Қазақстан Республикасы Митрополиттік округінің басшысына алғыстарын айтып, облысымызға жиі келіп тұруын өтінді.
Сондай-ақ, Митрополит Александр Павлодар қаласының Христо-Рождественский храмына барып, мінажат етті. Ал келесі күні Благовещенский кафедралды шіркеуінде діни Литургия өткізді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

