Таяуда есімдері жырсүйер қауымға етене жақын ерлі-зайыпты ақындар - Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбек Асанов Павлодар жерінде болған еді. Біз ақындарды демалыс үйіне арнайы іздеп барып, аз-кем әңгімелесіп қалғанбыз. Төменде сұхбатты оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
- Кешелері күміс көмей Майраның әндері әуелеген, Иса ақын желдірмесін төгілткен, Естай ақын махаббатын аялап өткен Кереку жеріне қош келіпсіздер. Бұл жерге алғаш аяқ басып келіп тұрсыздар ма?
Қайырбек Асанов: - Жоқ, маған Павлодар жері таңсық емес. Бұрын мен «Лениншіл Қазақстан» газетінде қызмет істедім. Отыз бес жыл бұрын маған Павлодар қаласынан КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайланған депутат Шәкира Ниезбаева жөнінде очерк жазып әкелу тапсырылған еді. Сонда Кереку топырағын алғаш басқанмын. Сол кезде осы жердің табиғаты қатты ұнап қалған болатын. Жанға жайлы мекен, ауасы таза. Кейін түрлі әдеби-мәдени жиналыстарда келіп тұрдық. Соңғы бес-алты жылда арнайы демалуға келіп жүрміз.
Бұл жер қасиетті деп ойлаймыз. Келген бойда Баянауылға бардық. Бұрын ол жерді бала кезімде бір көргенмін. Бірақ есейгенде барғаным осы. Алған әсерлерімізді айтып жеткізу қиын. Баянауыл - бабаларымыздың әдеби мұраларда жазып қалдырған ғажайып жері. Жасыбай көлін көрдік. Ондай сұлулық еш жерде жоқ. Біз анау Швейцария секілді небір шетелді керемет аңсап барып-келіп жатамыз ғой. Ал нағыз демалатын жерді, Баянауыл табиғатын білмейміз. Соның қадіріне, қасиетіне жете алмай жатырмыз.
Жалпы, Павлодар облысында әдебиетке өшпес ізін қалдырған, мол мұрасын сыйлаған тұлғалар көптеп шыққан. Бұқар жырау, ұлы ғалымымыз Қаныш Сәтбаев, қазіргі заманның ақын-жазушылары Диқан Әбілев, Мұзафар Әлімбаев, Ахат Жақсыбаев, Қалмұқан Исабаевтар – киелі мекеннің тумалары. Оларды қазақ елінің мықты тұлғалары деп есептеймін.
- Жазушылар одағында қызметте болған жерлесіміз, көрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысовпен шығармашылық байланыстарыңыз болған жоқ па?
- Мына сұрағың орынды болды. Қабдыкәрім Ыдырысов 1970 жылдардың соңында «Жалын» баспасының директоры болды. Күләшті сол баспаның поэзия бөліміне қызметке алды. Өзі бір аңқылдаған ғажап адам болатын. Нағыз ақынның тұлғасын сол кісіні көргенде байқадым. Бізді қатты құрметтеп сыйлайтын. Жақсы араластық. Ол кісі ұзақ өмір сүргенде туған жеріне деген құрмет-сыйын, махаббатын өлең жолдарымен молынан кестелеп беретін еді. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Бір рет ауруханада жатып қалғанда, Күләш маған: «барып келсейші», деді. Мақұл дедім. Күләш жақсылап тұрып мәнті жасап берді. Ағаға апарып «мына тағамды ыстықтай жеп алыңызшы, Күләш беріп жіберді» дедім. Бір-екеуін аузына салды да, «мынау дәмді екен, мен мұндай мәнтіні өмірі жемеп едім. Қайырбек, сен қандай бақыттысың, осындай мәнтіні күнде жейсің ғой!» деп әзілдеген болатын. Шындығында да, Қабдыкәрім Ыдырысов балалар әдебиетін дамытқан, қалыптастырған ақынның бірі. Өзіміздің әдебиетімізге елеулі үлес қосқан адам болды, поэзияда өзіндік орны бар. Қабдыкәрім ағамыз елдің жүрегіне жеткен әндердің сөзін жазған қаламгер. Нұрғиса Тілендиевтің әніне жазылған «Баянауыл вальсі» бүкіл қазақтың вальсіне айналып кетті ғой. Ол әуелеген сәттерде барлық жастар билеп жүрді. Қабдыкәрім Ыдырысовтың баспада істеп жүргенде идеологияға қырын келетін шығармаларды ебін тауып бастыруда көрсеткен ерлігі де баршылық болатын. Ұлтымыз дегенде жанын да қиып жіберетін еді.
- Әңгіме ауаны әдебиетке ойысып кеткен екен. Күләш апай, жырларыңызды оқығанда, қазақтығымызды, ұлттық болмыс-бітімімізді қадірлеп, сақтау мәселесі сізді көп толғандыратынын байқайтынбыз. Бүгінде қандай тақырыптағы өлеңдер жазып жүрсіз?
Күләш Ахметова: - Менің шығармашылығымның негізі - азаматтық лирика. Қазақ деген елміз. Оның болашағы қалай болады? Жас ұрпақ қалай өсіп жатыр?. Біз де осы мәселелерге өз үнімізді қосып отырмыз. Десе де, қазір өзімше жол іздеудемін. Соңғы кезде мен имани жырлар жазып жүрмін. Ұлы Жаратушының бізге дарытқан үлкен сыйы - өмір. Табиғат, Жер, Адамзат проблемасы үнемі ақынның ойында болады. Осындай нығметтерді сыйға тартқан Алла Тағалаға біз де қызмет етуіміз керек. Осы мәселелерге ақындық көзқараспен қарағым келеді. Оқырмандарыма жаңа бағыттағы жырлар берсем деймін. Осыдан біраз уақыт бұрын «Сен қазақсың!» деген өлеңім «Егемен Қазақстан» газетіне шықты. Өлеңге байланысты пікір білдіргендер көп болды. Мынау өлеңіңіз ұлттық рухта жазылған екен деді. Оралдан оған ән жазсам деген тілекпен азамат хабарласты. Міне, мен осындай ел-жұртым оқитын тіл, діл секілді тақырыптарды имани, мөлдір, нәзік сезіммен жеткізсем деймін.
- Мұқағали ақын «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» деген еді. Айтып отырған әңгімеңіз осыған келе ме?
- Дұрыс, соған келеді. Қайрекең бәріміз Мұқағалиды жағалап жүріп едік. Жақсы өлең жазғандарына куә болдық. Мұқағалидың айтқаны - жүрек сөзі. Бәрі махаббаттан басталды. Осыған дейін жарға, балаға деген махаббат өлең өзегіне айналса, енді Жаратушыға, өмірге, ұлтқа, елге деген махаббатты арқау еткен жырлар жазамын. Бұл - ғажап сезім.
- Қайырбек аға, сізде де лирикалық өлеңдер баршылық қой? Жалпы, өзіңіз жастық шағыңызда кімдерді пір тұттыңыз?
Қ.Асанов: - Иә, дұрыс айтасың. Азаматтық лирика, туған жерге, отанға деген махаббаттан туған өлеңдерім бар. Жетінші сыныпта оқып жүргенде Қасым Аманжоловтың бір томдығы қолыма түсіп, бас алмай оқып шықтым. Қанаттанып, сол кісідей ақын болсам екен, керемет даңқты болсам деген балалық ой мен сезім болды. Әрине, мектеп бағдарламасында Жамбыл бабамызды, басқа да ақын-жазушыларды оқытты. Бірақ Қасымның оттай жалындаған өлеңдері менің поэзияға келуіме әсер етті. Одан кейін ол кезде көзі тірі Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды сол заманның нар тұлғалы, шабытты ақындары болды. Солардың өлеңдерінен сусындап, осындай дәрежеге жеттік деп ойлаймын.
- Оқырмандарымыз үшін де қызықты деп ойлаймын. Ерлі-зайыпты екеуіңіз де - ақынсыздар. Сіздерді поэзия табыстырды ма?
К.Ахметова: - Бұл - бізге жиі қойылатын сұрақ. Қайрекең екеуіміздің оқуға түскен кезіміз еді. Күзгі мезгілде жастарды жүзім жинауға жіберген болатын. Сол жүзімбақ ішінде бір-бірімізбен танысып, табыстық. Сондай бір думанды, қызыққа толы шақтар еді. Биыл отау құрғанымызға қырық жыл толып отыр.
- Өмірде түйген ойларыңызбен бөліссеңіз деймін. Отбасының ұйытқысы әйел адам деп жатамыз. Бір шаңырақтың туын жоғары ұстап жүргендеріңізге қырық жыл толып жатса, онда да мына сіздің әйел-ана ретінде қосып отырған үлесіңіз, еңбегіңіз бар. Осындайда қазіргі қазақ қыздарының бойында көрініп жүрген ұнамсыз қылықтар ойға оралады. Келешек отаудың шырағын жағатын қыздардың мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?
- Менің байқағаным, өмір деген тез өзгереді екен. Біздің кезімізде қыздардың, жігіттердің бейнесі бөлектеу болатын. Жігіттер қазіргідей емес. Бұл соғыстан кейінгі уақыт еді ғой. Жүректері жақсылыққа толы, сертте тұратын, уәдеге берік, қыздарға қорған болатын, оқығысы келетін, мақсатты болды. Қыздардың да ол кезде мінезі ауырлау, қазіргіге қарағанда ар-намыс, ұят деген мәселеге қатты мән беретін. Менің құрбыларым оқуға талпынды. Адамгершілікті, қазақы тәрбиені жоғары ұстады, қымбат көрді. Қарап отырсам, заман тез өзгерді. Бұрын жігіттер хат жазатын, махаббатын хатпен білдіретін. Ол кезде қаланың телефоны да бола бермейді. Қазір қолда – телефон, алда – интернет, компьютер. Бүкіл әлемнен алуан түрлі ақпарат келуде. Сондықтан қыздарымыз да еліктейтін болды. Онда да Еуропаға, Америкаға еліктеуі де көп болып тұр. Әсіресе, киім киістері, өзін-өзі ұстау мәнері өзгерді. Жүріс-тұрысында жеңілтектік бар көрінеді. Ұстамдылық, қазақ қызына тән арлылық жетпей тұрған секілді. Соған көңіліміз көп тола бермейді. Қыздарымыз өздерінің табиғат берген көріктерін сәнді, жарасымды киімнің, озық технологияның, осы заманғы макияждың мүмкіндігімен жарқыратып көрсетсе керек еді. Өткенде бір әнші-қызды теледидардан көрсетті. Үріп ауызға салғандай әп-әдемі. Екі аяғын көтеріп, өзі жерде ән салып жатыр. Үсті бәрі - жалаңаш. Тек шынтағының астына жастық салып қойған. Қазақ қызына жараспайтын қылық. Ешкімге үлгі бола алмайды.
Қазақ қыздарына менің тілегім – қазақы болмысты сақтасын, киім киюде әдептен озбасын. Жапон деген ел бар. Әлемде мәдениетімен ерекшеленетін, бүгінде технологиямен алға шыққан мемлекет. Жапонның мәшинесін мінбейтін ел жоқ. Ал қыздарын көрсеңіз, ежелден мұра болып қалған дәстүрін ұстайды. Киім үлгісін сақтайды. Кіндігін көрсетіп жүрген жоқ. Білімге деген құштарлығы жоғары. Жапондар қандай дәстүрден болсын, шай қою немесе шиегүл-сакураның гүлдеуі болсын, айырылмаған ел. Бүгінгі болмыс-бітімі өзінің мәдениетімен тығыз байланысты. Шетелге еліктеулері енді дәл біздей емес. Сондықтан қыздарымыз бойындағы арын сақтаса екен, білімге ұмтылса екен, отбасын құруға асықса екен деймін. Исламда шын мұсылман қыз адал қосылады, адал баланы дүниеге әкеледі, адал тамақ береді. Біздің қыздарымыз 25-30 жасқа дейін жүріп алады. Бұл дұрыс емес. Қазақтай данышпан халық аз. Салтымыз өте көп. Соларды қыздарымыз сақтап, келер ұрпаққа берсе, жақсы болар еді деймін. Әйел байғұс күтуге жаралған, мінезі шыдамды, бала тәрбиесімен айналысады. Мен қыз баланың болашақта қандай жар болу керектігін мектепте үйретсе деймін. Отбасының іргелі болуы - бақыт, әрі мемлекетіміздің байлығы.
Ер адамның да мойнында жауапкершілік болуы керек. Жарыма арнап жазған жырларымда отбасының бақытын жырлауға тырыстым. Өлеңде ойыңның бәрін жаза бермейсің. Бірақ мен мақала жазып тұрамын. Ұлт мүддесін, ұрпақ мәселесін айтамын. Халқымыз аз, даламыз кең. «Сәбиді дүниеге көптеп әкелмесек, бала тууды шегере берсек, күні ертең азайып қаламыз ба, олай болса жеріміз кімнің қолында қалады?» деп те қауіптенеміз. Сондықтан жастарға айтарым, жылдам отбасын құрып, сәби әкеліңдер. Тұрмыстық қиыншылықтан қорықпаңдар, әр баланың нәсібі болады.
- Уақыт өзгерді дедік қой. Қазіргі поэзияның бағыты қалай?
Қ.Асанов: - Қазіргі жастар поэзиясы басқа кезіндегіге ұқсамайды деп айтылып жүр. Рас деп ойлаймын. Кеңес тұсында қысып тастады. Еркін ойлаудан, құндылықтарды сақтаудан ада болдық. Көзқарастарымызды шектеп қойды. Артық ауыз сөз жаза алмаймыз. Ленинді, партияны мақтасаң болды, жағасың. Поэзияда да солай болды. Қазір тәуелсіздік арқасында кең мүмкіндік берілді. Жастар поэзиясына, шынымды айтсам, қатты сүйсінем. Маралтай Ыбыраев, Жанарбек Әшімжан, Серік Қажы, Ерлан Жүніс деген жастар келеді. Ақын қыздарымыз бар. Олардың өлеңдерін оқып қарасам, еркіндік сезіледі, ой қабілеттері де мол сияқты. Еркін көсіліп ойлағаннан кейін сондай поэзия өмірге келеді. Адам өмірге бір рет келгесін қабілетін көрсету керек.
К.Ахметова: - Кеңес өкіметі кезінде бағыт беріп отыратын еді ғой. Ленинді мақтау, Октябрь революциясын мақтайтын өлеңдерді арасында беріп қоймасаң, кітабың шығуы қиын. Қазір енді, Аллаға шүкір дейік, өз шекарамыз бар, ана тілімізде сөйлейміз, Көк туымызды көтердік. Еркіндік бар, еркелік бар ақындардың бойында. Қызығамыз. Десе де, әлі тың бағытын, жаңалығын көрсете қоймаған сияқты. Біздің төңірегімізде жүр ғой деп ойлаймын. Жас ақын сіңлілерім жүрген жерімізде кітаптарын беріп жатыр. Олардың жазғандарын үйге келетін газет-журналдардан оқып отырамыз. Жас ақындар ішінде өзіме кітабын әкеп берген Нәзира Бердалының, Танакөз Толқынқызының өлеңдері ұнайды. Бірақ көбінде әлі бір еліктеу кетпей жатыр. Екіншіден, өлеңдерден жарқын бояулар азайып кеткен. «Заман қалай болар екен?» деген үрей, қорқыныш деген көлеңке түсіреді. Қазір сәулелі жырлар жазатын уақыт.
- Қазіргі кезде кітап оқу сиреп кетті деген пікір бар. Бүгінгі ақындарымыз түгілі, бұрынғы данышпандарымызды да біле бермейтін балалар көп. Бұл жайт сізді толғандырмай ма?
Қ.Асанов: - Дұрыс айтасың. Қоғам неғұрлым дамыған сайын зиян әкелетіні сөзсіз. Техника, технология өрлеген сайын өткенді қарауға, оқуға мүмкіндік бермей жатыр. Күләш екеуіміз Абайды, «Шахнаманы» түпнұсқаларынан оқыдық. Қазір жастар кітапханаға бармайды. Қалағанын интернеттен оқиды. Кітап оқып отырып ойланбайды. Бойына рухани азық сіңірмейді. Өткендерді оқымайды. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаевтардың туындыларын оқыса, поэзияға, прозаға басқаша көзқараспен қарар еді. Салмақтап көрмегеннен кейін, ойлары да басқа, топшылаулары да жеңіл. Бүгінгі жастарда патриоттық сезім аз десе, мен себебін осыған әкеп тірер едім.
Дегенмен аузымызды қу шөппен сүртпейік. Соңғы жылдары Павлодар жерінде де оң өзгеріс байқалады. Қаладағы дүкендердің атаулары қазақшалана бастапты. Бұрын заман басқа еді. Орыстар көп тұрды. Тәуелсіздік алғаннан кейін оларды да ренжітпей, өзімізді де тым асқақтатпай, бірте-бірде қазақы болмысымызды қалыптастыру керек деп ойлаймын. Кезінде орысшасын ешкім айтпай-ақ үйреніп алдық қой. Себебі ол керек болды. Қазақ тіліне де сондай қажеттілік тудыру керек.
К.Ахметова: - Жалпы, Павлодар жері мен үшін ерекше. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет Иса Байзақовтың «Ақбөпе» мен «Құралай сұлу» өлеңдерін оқып, ұмытылмас әсерге бөлендім. Алла нәсіп етіп, сол кісі басқан жерлерге келіп отырмын.
Павлодар десе, Баянауыл көзге елестейді. Әңгімеміздің басында ағаң Баянауылға барғанымызды айтты. Мен де бұрын көре алмай келген едім. Таңғажайып екен. Тауға жақындағанда, меруерт тас сияқты жарқырап жатқан көлді көрдім. Мұнда тастар қолдан қаланғандай екен. Бірде отырған құс сияқты, әртүрлі бейнені елестетеді. Сол тастарды қарағай жарып шығып тұр. «Тамыры тасты жарып шығып тұр» деген сөйлем өлеңімде де бар еді. Аспан көгілдір, алтын күннің сәулесі көл бетінде, таулар жасыл қарағай мен жапырақтары сап-сары қайың. Жаратылыстың ұлы туындысы. Мұндай сұлу табиғатты жаратқан Алланың шеберлігіне таң қаласың. Ол ешбір қаламмен, қылқаламмен, өлеңмен берілмейді. Осындай аңызға айналған жерде болғанымызға мен де, Қайырбек те қуаныштымыз. Бірнеше өлең де жазып үлгердім. Аман-есен елге барсақ, тағы жазармыз.
- Сыр бөліскендеріңізге рахмет! Шығармашылықтарыңызға жеміс тілейміз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.


