Қазақтың атадан балаға мирас болып, жалғасып келе жатқан мәдени мұрасының бірі – «Ру шежіресі». Кеңес үкіметі тұсында қуғын-сүргіннің өтінде болған дін мен шежіреміз мешелденіп, құруға айналғаны баршамызға мәлім. Сұрапыл заманның зұлматына қарамастан, кезінде ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинап, бастырған Павлодар өңірінің «Қазақ шежіресі» ұлтжанды азаматтардың еңбегімен жалғасып, шығып жатты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Мәшекеңнің шежіресі жеке кітап болып басылып, оқырман қауымның жүрегіне жол тартты.
Ал бертінгі өңірлік шежірешілерден Елеуке Қалданов, Жеңіс Марданов, Тілеукен Еңсебаев секілді азаматтарды ерекше атап өтуге болады. Енді сол адамдар туралы толық мағлұмат бере кетсем. Ленин кентінде мектеп директоры болған Елеуке Қалданов 1971 жылы зейнеткерлікке шықты. Содан кейін шежіремен тікелей айналысып, облыстың ауыл-ауылдарын аралады. 1971-92 жылдары сол кездегі көзі тірі қариялардан ру шежіресін, аңыз-әңгімелерді жазып алған. Өкініштісі, Елеуке аға қайтыс болғаннан кейін оның жинаған мұрасы ұрпақтарында сақталмаған. Оның топтастырған қолжазбалары түбегейлі жиналмай, жеке адамдардың қолында кеткен. 2012 жылы Елеуке ағамыз 100 жасқа толады. Осыған орай ағамыздың артында қалған мұрасын жинап, топтастырып, кітап етіп шығарса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ата-баба шежіресін жинақтаумен айналысқан азаматтардың бірі – Жеңіс Марданов. «Дауа» газетінде жұмыс атқарып, облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған Жеңіс «Шежіре» деген атпан аймағымызды мекендейтін қазақтар шежіресінің 1 томын жарыққа шығарды. Өкініштісі, 10 мың данамен таралған еңбектің басым бөлігі өз оқырманын таппай, автордың қоймасында қалды. Әрине, қысылтаяң кезде өз қаражатына шығарылған кітап сатылмай қалса, авторды тығырыққа тірейтіні ақиқат. Сондықтан болар, жоспарланған шежіренің екінші томы басылмай қалды. Кейіннен автордың өзі де дүниеден өтті.
Павлодарлықтар арасында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры болған, шежіреші Тілеукен Еңсебаевтың еңбектері көптеп таралған. Жас кезінен шежіреге, ұлт тарихына қызығушылықпен қарайтын ол аспирантурада оқып жүрген кезінен бастап шежіре жинаумен айналысқан. Ол Ленинград кітапханаларында сақталған Ресей мемлекетіндегі қазақтар туралы құжаттарды тауып алған. Шежірелерді қолмен көшіріп, кейіннен Павлодар өңірі шежірелерін топтастырып, көптеген ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы атанды. Тілеукен ағамыз 2009 жылдың 26 желтоқсанында дүниеден озды. Соған қарамастан Т.Еңсебаевтың жарияланбай қалған еңбектеріне асыл жары Зеннат пен ұл-қыздары айрықша көңіл бөлуде. Көзі тірісінде «Қанжығалы шежіресі» атты кітабы ғана толықтай жарық көрді. Өзі жинаған «Уақ шежіресіне» редколлегия мүшесі деген атпен енсе де, еңбектің жарық көргеніне қуанып өткен Тілеукен ағаның біраз еңбектері көзі тірісінде басылмай қалды. Ағамыз бақилық болғаннан кейін Сүйіндік руының шежіресі және Алтынбек Нұхұлымен бірлесіп жазған «Баянаула перзенттері» кітабының екінші томы жарық көрді. Сонымен қатар, «Қаракесек шежіресінің» үш бөлімді еңбегі аталмыш ру ұрпақтарының ерен еңбегінің арқасында басылып, өз оқырманын тапты.
Тілеукен Еңсебаев - Павлодар өңірінің шежіресін жинап, артына елеулі еңбек қалдырған адам. Сондай құнды еңбектерінің бірі – «Бәсентиін шежіресі» атты еңбегі. Ертістің жағасын жағалай қоныстанған Арғынның үлкен атасы, кезінде Малайсары батыр шыққан Бәсентиін руынан көптеген игі жақсы адамдар тараған. Өкініштісі, аталмыш ру туралы еңбектің басылып шығуына Бәсентиін ұрпақтары қауқарсыздық танытуда. Осы ескерілсе екен деген ниетім бар. Ең бастысы, ата-баба өткенін ұлықтау ұрпақ борышы екенін ұмытпасақ болғаны.
Мүсәйіп СЫДЫҚОВ,
шежіреші.

