Мәуліт - араб сөзі, қазақ тілінде «туған күн» деген мағына береді. Бұл - Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адам атадан (ғ.с.) басталған пайғамбарлардың соңғысы әрі сардары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етіп қойылған сөз. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар», - деген. Сондықтан да әр жылы ай тізбесінің рабиғул-әууәл айында әз Пайғамбарымыздың мәулітін мерекелеп, Алла Тағала бізді өзінің сүйікті пайғамбары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі етіп жаратқанына алғысымызды білдіріп, сүйікті хабибіне жамағат болып салауаттар айтамыз.
Әдеттегідей биыл да әлемнің көптеген елдері хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың мәулітін атап өтеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Қазіргі таңда бұл мейрамды барлық ислам әлемі ерекше атап өтеді. Мерекеде Аллаһ Тағаланың кәламы – қасиетті Құран оқылып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылып, сәлем жолданады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолы барынша насихатталып, үмметінің Аллаһ Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейе түседі. Мүмкіндікке қарай қасиетті мәуліт күнін себеп етіп жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар атқаруға болады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын түрлі рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекені атап өтудің негізгі мақсаты мен асыл мұраты екенін ұмытпағанымыз жөн. Әйтпесе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күні – тек ән салып, тойлаумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Сондықтан, мәулітті атап өту барысында шариғатқа қайшы түрлі іс-әрекеттерден барынша аулақ болуымыз ләзім. Бұған қоса, жыл сайынғы мәулітке орай ұйымдастырылатын іс-шараларды түрлендіріп, мазмұнын сан алуан тақырыптармен байытып отырсақ, халықтың ынта-ықыласының да артып, оның берер нәтижесі де жемісті болмақ.
Хақ тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазреті Мұхамметке (с.ғ.с.) шынайы үммет болуды нәсіп еткей! Мәуліт мерекесі мүбәрак болсын, мұсылман бауырлар!
Мәуліт мерекесі 14-ші ақпаннан 15-не қараған түні басталды.Қасиетті айда тілеген тілектеріңіз бен бағыштаған дұғаларыңыз қабыл болсын!


Пікірлер
RSS лента .