Жақында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің колледжінде «Ислам өркениеті және Мәшһүр Жүсіп тағылымы» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің дәстүрлі облыстық семинары өтті. Шараның басты мақсаты – биылғы жылы еліміз төрағалық ететін бүкіл әлемдік Ислам конференциясы шеңберінде Мәүшһүр Жүсіп Көпейұлының Ислам діні жайлы жазған шығармаларын жаңғырту, насихаттау. Дәстүрлі семинарды аталмыш оқу ордасындағы Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Шара барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы веб-сайттың тұсаукесері болды. Семинарға қатысушылар баяндамалар оқып, атақты жерлесіміздің бала тәрбиесіне қатысты өлеңдерін оқытудың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев «Ислам конференциясы ұйымы мен Мәшһүр Жүсіптің рухани мұрасы» атты тақырыпта баяндама жасады. Ол Елбасы Н.Назарбаевтың «Балапан» бағдарламасының негізінде ой өрбіте отырып, Мәшһүртануды балабақшадан бастап үйрету керек екендігін алға тартты.
Семинарда Павлодар қаласындағы №6 балабақшаның тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ,
С.Торайғыров атындағы ПМУ «Білік» газетінің редакторы.

