Бейсенбі күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Түркі тілдес халықтар жазбаларының күндері» атты апталықтың ашылу рәсімі өтті. Аталмыш кітапхана мен тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма бірлесіп ұйымдастырған шараға аймағымыздағы түркі тілдес ұлттық-мәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыс филиалының өкілдері қатысты.
Бір аптаға созылатын шараның басты мақсаты - өркениет тарихындағы түркі жазулары мен мәдениетінің ролін және олардың қазіргі мәдениет кеңістігіндегі хал-ахуалын айқындау. Жалпы, мәдениет пен жазбалар күнін әлемнің көптеген елдері атап өтеді. Дәстүрлі мерекеге айналған түркі тілдес халықтардың жазбалары күні жүз отыздан астам ұлт өкілдері өмір сүретін Қазақстан аумағында кең көлемде аталады. Павлодар облысы да аталмыш мерекеге барынша үлес қосуда.
Шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Қ.Еділбай бұл мерекенің бауырлас түркі халықтары үшін маңызы зор екенін жеткізді. Түркі жазуларының шығу тарихына тоқталған ол Күлтегін, Орхон жазулары жайлы кеңінен баяндады. Облыстық поляк этно-мәдени бірлестігінің төрағасы В.Свинцицкий славян және түркі халықтарының арасындағы үндестіктерді тілге тиек етсе, облысымыздағы Мұсылман әйелдері лигасының төрайымы Зара Қабдешқызы көне жазулардың ерекшеліктеріне тоқталды. Әсіресе, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Ә.Әміреновтің өңірімізден табылған көне жазулар туралы айтқан деректері қатысушылар үшін қызықты болды. Сондай-ақ, ол шараға жиналған оқушылар мен студенттерді туған жердің тарихын жетік білуге шақырды.
Шарада «Түбі бір түркі тілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда түркі тілдерінің пайда болуы және даму тарихынан мол дерек беретін кітаптар қойылды. Қатысушыларға көрнекті шығыстанушылар, түркологтар Н.Ядринцевтің, В.Радловтың, С.Маловтың, В.Бартольдың, Л.Гумилевтің еңбектері ұсынылды. Сондай-ақ, түркі халықтарының археологиясына, тарихы мен этнографиясына байланысты кітаптар көрсетілді.
Апталық 22 сәуірге дейін ұласады. Бұл аралықта түрлі шаралар ұйымдастырылып, семинар-сабақтар өткізілетін болады.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

