Бір аптаға созылған «Түркі тілдес халықтар жазбаларының күндері» апталығы өз мәресіне жетті. Облыс көлемін қамтыған апталық аясында елуден аса іс-шара ұйымдастырылды. Қорытынды кеш «Достық үйінде» өтті. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2013 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында өткізілген апталыққа аймағымыздағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері белсене атсалысты.
Көне түркі жазуларын еске алғанда алдымен Төныкөк, Күлтегін ескерткіштері мен Орхон-Енисей жазбалары ойға оралады. Тамыры тереңге тараған жазбалар бүгінде түркі халықтарының баға жетпес мол мұрасы болып табылады. Бұл құндылықтар - барша түркі халықтарына ортақ дүние. Облыс орталығында өткен шара осыны айғақтайды. Қазақ, әзірбайжан, ұйғыр, татар және тағы да басқа түркі тілдес халықтардың өкілдері бар өнерлерін ортаға салып, қорытынды кештің көркін қыздырды. Салтанатты шарада сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов апталыққа үн қосып, шама-шарқынша атсалысқан азаматтар мен бірлестіктерге ризашылығын жеткізді. «Түркі тілдес халықтар жазбаларының күндері» апталығы барлық аудан орталықтарында, ауылдарда ұйымдастырылды. Шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен және 1 Мамыр - Қазақстан халқы бірлігі күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын апталық биылғы жылы ерекше сипатта өтті. Қуантарлығы, осынау апталыққа қатысушылардың қатары жыл санап өсіп келеді. Бұдан көне тарихымызға, қазақ тіліне деген қызығушылықтың еселенгенін байқаймыз»,- деді басқарма бастығы. Т.Әбілқасымов көпшілік қауымға апталық аясында шығарылған шағын кітапшаларды ұсынды. Сондай-ақ, ол кітапшаның жүздеген данасын Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясына сыйға тартты.
Шараның ең маңызды сәті тіл жанашырлары мен «Түркі тілдес халықтар жазбаларының күндері» апталығына белсене қатысқан азаматтарды марапаттау болды. Апталыққа қатысушыларға Т.Әбілқасымов дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Ұлттық өнер ұлықталған кеште әсем ән шырқалып, түрлі этностардың билері орындалды.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

