«Баянтау» - Баянаула байрағысың!

Өткен сенбіде Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Басылымның ұжымын, оқырмандарын – жалпы баянауылдықтарды құттықтауға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев келді. Аймақ басшысы алдымен «Баянтау» газетінің редакциясында болып, редактор Шәкрат Шалбайды, сондай-ақ ұжымды 80 жылдықпен құттықтады. Биылғы жылы жөндеуден өткен редакция ғимаратымен, газет шығаруға арналған жаңа мүмкіндіктермен танысты.

Одан соң облыс әкімі Б.Сағынтаев аудан орталығындағы С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік салтанатты жиынға қатысты. Тойға жиылған қауым аудандық «Баянтау» газетінің тарихы туралы түсірілген бейнефильмді тамашалады. Осы бейнефильм арқылы басылымда әр жылдары еңбек еткен аға буынның ой-пікірлері, ізгі лебіздері тыңдалды.

Оқырманға ең алғашқы номері 1931 жылы жол тартқан басылымның бірінші атауы «Ленин туы» болатын. Тұңғыш редакторы Ғалым Малдыбаев болған басылым кейін «Жеңіс» аталды. Ал тәуелсіздік алған тұста «Баянтау» деген асқақ атты иеленді.

Салтанатты жиында облыс басшысы Б.Сағынтаев сөз сөйлеп: «Газеттің тойы – баршамыз үшін ортақ той. Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осы үлкен тойымыз құтты болсын», - деді. Сонымен қатар, облыс басшысы «Баянтаудың» терең тамырлы тарихы әрі талай жылдардан бері серік етіп келе жатқан тұрақты оқырманы бар екендігін, кезінде қанша қиындықтар орын алып жатса да, аудан өмірінің айнасы болған «Баянтау» жұмысын еш тоқтатпағанын бөле-жара атады. «Ұлы Отан соғысы жылдары бұл газет жұмысын қарқынды жалғастырып, жеңіске деген жігерді еселеді», - деді Бақытжан Әбдірұлы.

Облыс басшысы талай аға буын ардагерлердің ізі қалған газет редакциясында қазіргі күні жалындаған жастар көп екенін тілге тиек етіп, бұл ретте редакция басшылығының жас буынды еңбекке тартып, тәрбиелеу бағытындағы ұстанымына ризашылығын білдірді. Жоғары білім меңгерген дипломды мамандар соңғы жылдары аудандар мен ауылдарға зор қызығушылықпен барып жатқанын, олардың бәріне қажетінше қолдау мен қамқорлық жасалатынын айтты. Журналист мамандардың да аудандық жерлерде үлкен сұранысқа ие екенін атап көрсетті.

Облыс әкімі атап өткен тағы бір мәселе – облыс аудандарында қазақ тілінде шығатын дербес басылымдардың болуы. Соңғы жылдары бұл бағытқа әкімдік деңгейінде маңыз беріліп, облыс басшысы Б.Сағынтаев аудан басшыларына қазақ тіліндегі дербес газет шығару бойынша тапсырма берген болатын. Қазіргі уақытта сол тапсырма нақты жүзеге асып отыр. Мысалы, бүгінге дейін Железинка, Қашыр, Павлодар аудандарында мемлекеттік тілде шығатын дербес газеттер оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта олардың желісі ұзарып, өзге де аудандар қосылады деп күтілуде. Осының бәрін атай келе, облыс әкімі Б.Сағынтаев: «Өңіріміздің аудандарында ашылып жатқан қазақтілді басылымдарға терең тарихы бар «Баянтау» үлгі-өнеге болуы қажет. Тіпті, олардың журналистеріне тәжірибе таратудың арнайы шараларын да жолға қойса болады» деді.

Аймақ басшысы Б.Сағынтаев «Баянтаудың» мерейлі жасы тек баянауылдықтар үшін ғана емес, тұтастай облысымыз үшін абыройлы меже деп атап көрсетті. Қандай қиыншылықтар болса да, басылымның туын жықпай, беделін түсірмей алға бастап келе жатқан, 51 жыл өмірін «Баянтауға» арнап отырған, соның ішінде 41 жыл бойы редакторлық етіп келе жатқан Қазақстанның Құрметті журналисі атағының иегері Шәкрат Дәулетжанұлы Шалбайдың еңбегі аса зор деп бағалады. Облыс басшысы қоғамдық өмірдегі белсенді де берекелі еңбегі үшін Шәкірат Шалбайға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін салтанатты түрде табыс етті. Қаламгерге алдағы уақытта да шығармашылық шалқар шабыт, мықты денсаулық тілей отырып, иығына шапан жапты, ақшалай қомақты сый ұстатты.

Облыс әкімі «Баянтау» газеті редакциясының ұжымына жеңіл автокөліктің кілтін де табыс етті.

Сондай-ақ, «Баянтау» газеті редакциясында еселі еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагерлер – Галина Кендірова мен Қорлан Райымбекова облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Қайсыбір газет болмасын, қоғамдық өмірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың күнделікті ырғағын бедерлеп, еңбек майданында жүрген жандардың белсенді де берекелі ісін суреттейтіні белгілі. Сексен жылдан бері «Баянтау» да талай кейіпкерлерді жұртқа танытты, олардың жарқын істерін паш етті. Ауданның сан салалы бағыттар бойынша дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар көп. Бүгінде олардың есімдерін ел ардақтайды. Облыс әкімі сондай тұлғалардың бір тобын Алғыс хатпен марапаттап, иықтарына шапан жапты, сый-сияпат тапсырды.

Аймақ басшысы ауданның аға буын ардагерлеріне мықты денсаулық, алдағы уақытта жастарға лайықты үлгі-өнеге көрсете беріңіздер деп тіледі.

«Баянтау» газетінің редакторы Ш.Шалбай өз кезегінде ұжым атынан облыс әкіміне, той қуанышын бірге бөлісу үшін жеткен барша жұртшылыққа ақ тілек алғысын білдірді.

Газеттің тұрақты оқырманы, өлкетанушы Нығмет Жәмінов, сондай-ақ, еңбек ардагері Бекет Есманов сөз сөйлеп, сексеннің сеңгіріне шыққан «Баянтауға» табыстар тіледі.

«Баянтаудың» тойына арнайы келіп, құттықтаушы қауым аз болған жоқ. Өзінің әріптестерін 80 жылдықпен ішкі саясат басқармасының «Аналитикалық ақпарат орталығы» - облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы да құттықтады. Құттықтау хаты мен сыйлықты «Аналитикалық ақпарат орталығы» директорының орынбасары Жұмабек Сманов табыстады.

Жыр етіп көлді керім, жерді керім,

Жылытқын жұбанышпен ел жүрегін.

Жұртыңның биік ұстар жалауы боп,

«Баянтау», мәңгі осылай желбірегін! - деп ақын, журналист Сайлау Байбосын «Баянтау» - Баянаула байрағысың! аталатын жырға қосқан басылымның тойында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрының әртістері өнер көрсетіп, әулие Мәшһүр Жүсіптің «Баянтауға» бата беруін сахналады.

«Баян әуендері», «Беу, жігіттер!» халықтық ансамбльдері, әнші Жәнібек Мәліков, Райхангүл Жүсіпбекова жиылған қауымды әсем әнмен баурап алды.

Басылымның мерейтойына арналған шаралар «Малдыбұлақ» шатқалында жалғасты. Бұл жерде аламан және тоқ бәйгелері ұйымдастырылды. 21 шақырымдық аламан бәйгеге 16 сәйгүлік қатысып, тартысты додада Темірболат Қасеннің «Хай-поли» деп аталатын тұлпары мәреге бірінші келді. Жеңімпазға «Жигули» автокөлігінің кілті табысталды. Ал тоқ бәйгеге жалпы саны 15 тұлпар қатысып, 17 шақырымдық бәсте Ақсаң ауылынан Төлеген Смағұловтың «Роза» атты сәйгүлігі бірінші келді.

Асыл ӘБІШЕВ,

Баянауыл ауданы.

 

Пікірлер  

 
0 #1 Мерейтой 05.10.2011 19:34
Асыл агай, тойымыз кутты болсын! Шакрат агага да шын журекетен алгыс білдіргім келеді. Ен лагаш өндірістік іс-тәжірибемді осы басылымнан бастагандыктан, мен ушин бұл газеттін орны бөлек. Жасай берсін! Баянауыл баурайынын халкын жагымды жаналыктарымен куанта берсін..!
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 29 30