Дәстүрлі түрде жарияланып келе жатқан «Онлайн-сұхбат» айдарының бүгінгі қонағы өңірімізге танымал ақын Асығат Тұрғанбекпен болып отыр.
- Асығат аға, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын тойлағалы отырған осы шаққа дейін қазақ поэзиясы қаншалықты биіктерді бағындырды деп ойлайсыз?
- Егемендік алған санаулы жылда қазақ поэзиясы ерекше биікке көтерілді. Тіпті, шыңға шықты десе де болады. Небір жас таланттар жарқ етіп, жаңа есімдер әйгілі бола бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында таныла бастаған жас ақындар бүгінде аға буынға айналды. Одан кейін де жастардың жаңа бір зиялы, екпінді легі келе жатыр. Олардың да аяқ алысы ерекше. Алысқа бармай-ақ, Жанаргүл Қадырова, Қуанышбек Шарманов, Серікболсын Дүйсембай, Рауан Қайдаров, Қазбек Сағидолла тағы басқа да бір топ қаламгер жастарды атауға болады.
- Сіздіңше, бүгінгі жастардың ұлттық тәрбие, салт-санамызға деген көзқарасы қандай?
- Бүгінгі қоғамда қазақ мәдениеті мен тілі жастарды соншалық баурап ала қойған жоқ. Алайда, шетелдіктер, әсіресе, батыс елдері біздің өнеріміз бен мәдениетімізге ерекше қызығушылықпен қарауда. Әсіресе, екі ішекті домбырамен өнер көрсеткен күйшілерімізге таңданыстарын жасырмайды. Жалпы,көшпенділер мәдениетінің озық үлгісі бізде сақталған ғой. Сондықтан дамыған елдерде қызығушылық тудырған біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді өзіміздің жастардың да бағалайтын кездері алыс емес. Шет елге шыққан азаматты қазақ ұлтының ерекшелігі арқылы танитын болады.
- Павлодар өңірінде ақындар мектебі қалыптасты ма?
- Ақындар мектебі толық қалыптасты деп айтуға әлі ертерек. Ол үшін мықты әдеби орта қажет. Ал әдеби орта енді қалыптасып келе жатыр деуге болады. Кейінгі жылдарда республикамызда бірнеше мәрте топ жарған талантты жас ақындардың шыққанын білеміз. Мүшәйрада болсын, айтыста болсын біздің өңірдің ақындарының қаламдары қарымды, көші ілгері. Бұл ретте, Арман Қани секілді әдебиет жанашырларының атқарып жүрген істерін ерекше атаған жөн. Ағамыз жастардың дұрыс бағыт табуына барынша қолдау көрсетіп келеді.
- Ал жалпы әдебиетті қолдауға көңіліңіз тола ма?
- Әдебиет – ұлттың келбеті. Сондықтан оны қадірлеу үлкен міндет. Ал бүгінгі сананы тұрмыс билеген уақытта әдебиетті қолдауға көңілім тола бермейді. Айтыстар мен мүшәйралар сирек те болса өтіп жатыр. Бұл жеткіліксіз. Жас қаламгерлердің кітаптарын жариялау, ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттау істері әлі де кемшін.
- Жастар арасында бабына келмей тұрған басты мәселе не деп ойлайсыз?
- Бүгінгі қоғам арасында ұлттық санасы оянбаған жастар көп. Мұндай әлеуметтік мәселелер ертелі-кеш шешімін табады. Тек оған зиялы қауым мен жанашыр азаматтар ынталы болуы тиіс. Ұлттық сана мен рухани жұтаңдықты қалпына келтіру қиын. Ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениеті, тілі мен дінінен алыстап кетуі қазіргі жастардың басты мәселесі деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.
(«Жас TIMES» қосымшасының соңғы санында жарық көрген материалдарды «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 11 қазандағы номерінен оқи аласыз)

