Бақытжамал Тұманқызы Елеукенованы Қашыр ауданы Байқоныс ауылының тұрғындары ерекше сыйлайды. Жақсылыққа жаны құмар жомарт жан ауыл игілігі үшін бірқатар игі істер атқарды. Кезінде осы ауылды мекен еткен Бақытжамал апайдың әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғынан айырылып келген мүгедек. Соған қарамастан ауыл адамдарына қол ұшын соза білген еңбекқор адам болыпты. Бақытжамал апайдың еңбекке деген құштарлығы осы кісіден дарыса керек. Ол 18 жасында Қайролла есімді жігітпен шаңырақ құрып, алты бала тәрбиелейді. Жас отбасының өмірі бірден оңалып кете қоймайды. Көп қиындықтар көреді. «Күйеуім екі құлақтан естімей қалды. Жас балаларды өсіріп, тәрбиелеу бір менің мойныма жүк болып артылды. Жұбайым: «Мені мүгедектер үйіне тапсыр. Балаларды жақсылап тәрбиелерсің» деген кездері де болды. Бірақ, әке-шешемнің берген тәлімі ондай оғаш әрекет жасатпады. Қызығы, күйеуім осылай бірнеше рет өтінсе де, артынан екі баланы дүниеге әкелдім»,- деп еске алады Бақытжамал Тұманқызы.
Замана ағымымен Павлодар қаласына қоныс аударған Бақытжамал Тұманқызы көппен бірге еңбектеніп күн кешеді. Жолдасы Тұман ауруынан айықпай, бақилық болады. Ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмай өсіруді мақсат еткен Бақытжамал апай егіншілікті кәсіп етіп, саудамен айналыса бастайды. Тынымсыз еңбектің арқасында балаларын жоғары оқу орнына түсіріп, ер жеткізеді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ол бүгінде ардақты әже. Еңбекқор жанның халық игілігі үшін атқарған жұмыстары да аз емес. «Анам науқас, әкем мүгедек болды. Осындай жандардың арасында жүріп, еңбекке ерте араластық. Ата-анамды күтіп, бақтым. Олар маған «иманды бол» деп батасын беретін. Соның арқасы болар, имандылыққа жақын болдым. Кезінде өзім тұрған Байқоныс ауылында Шәймерден ата мешіті бар. Бір күні түсіме сол кісі еніп: «Мешіттің шатырын жөнде» деді. Алла үйіне келіп Құран оқытып шықтым. Мешіттің бас имамы Төлеуғали жауын-шашын болғанда мешіттің төбесінен су ағатынын айтып, өкінішін білдірді. Осы кезде түсімде Шәймерден атамның айтқаны есіме түсіп, игі істі бастауға бел байладым. Балаларым да мұны құптады»- дейді ол. Ұлдары Ардақ пен Ерболат мешіттің төбесін жөндеуде тынымсыз еңбек етті. Қытай жерінде арнайы күмбез жасатып, орнатты. Бүгінде мешіттің жарқыраған күмбезі мен мұндалайды. Бақытжамал апай мұнымен қоймай, өзі тұрған үйді мешіттің игілігіне береді. Үйді қазіргі таңда ауыл тұрғындары мешіттің асханасы ретінде пайдалануда.
Айналасына қамқорлық жасағанды ұнататын Бақытжамал апайдың ұл-қыздары да жетімдер үйіне, қарттар үйіне үнемі көмек қолын созады. «Тәрбие тал бесіктен» демекші, парасатты ананың өнегесін көріп өскен ұрпақ жаман жолға әсте түспейді. Сонымен қатар, Бақытжамал Тұманқызы қазақ өнерінің жанашыры. Ол облысымыздағы ірілі-ұсақты өнер, мәдениет мекемелеріне өз көмегін көрсетуді игі дәстүрге айналдырған. Жас ұрпаққа айтары мол абзал жанның ендігі арманы – шөбере сүю.
Е.ҚЫЗДАРБЕК.

