ӨЛКЕ ӨРНЕКТЕРІ Әулиетас, Әулиебұлақ және жеті әулие

Тәңірдің құты түсіп, табиғаты ерекше жаратылған Баянауыл десе, елең етпейтін, арнайы келіп ат шалдырмайтын қазақ жоқ. Әйтсе де, Баян елінде жұртқа танылмаған, қойнауына талай құпия сыр бүккен жерлер, тау - тас, сулар қаншама. Соңғы уақытта осынау жер жәннатындағы Әулиелі Қызылтау, Әулиетас, Қоңыр әулие үңгірі, Әулиебұлақ ел назарын аудара бастады. Ата-бабамыз бұл жерлерді неліктен әулиелі деп атады екен?

Қоңыр Әулие атауы жануарлар мен құстар әлемін қорғаушысы Нұх пайғамбар заманынан бар деседі. Аңызға құлақ түрсек, бүкіләлемдік су тасқыны кезінде Нұх пайғамбар өз кемесіне адамдарды, жан-жануарларды аман сақтау мақсатымен толтыра бастапты. Кемеге мінбекке Құлан, Қыран, Қоңыр әулиелер де келіпті-мыс. Нұх пайғамбар оларды да ала кеткісі келгенімен, кемеде орын болмапты. Содан үш көріпкел үш бақанды жалғап байлап, сал жасап, кемеге тіркеледі. Солтүстіктен оңтүстікке беттеген олардың арасынан алғашқы болып үлкен әулиеҚұланның бөренесі тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл Қызылтау маңында болған (оны Әулие тау деп те атайды. Әулиелі Қызылтау – Алаштың арда ұлы Жүсіпбек Аймауытовтың атақонысы). Екінші болып тасқа ортаншы әулие - Қыранның бөренесі ең биік тау - Ақбетке соғылған екен. Су қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие Қоңырдың бөренесі үңгірге келіп тірелді де, ол осы жерді қоныстанды. Бүгінде сол үңгір киелі орынға айналған.

Ал Баянауылдың Қойтас елді мекеніндегі Әулиетастың сырын әлі күнге дейін ешкім аша алмай келеді. Зәулім тастың әр қырынан қарағандағы көрінісі әртүрлі. Ауылға кіре беріс тұстан қарасаңыз, тас бейнебір аспанға қарай жайылған саусақтар іспетті. Әрі бетінде жоғарыдан төмен аққан судың сала-сала ізі бар. Көнекөз қариялар: «Ертеректе тастың ұшар басынан су атқылап тұрған. Суында қасиет бар екен...» - деп еске түсіреді. Кейініректе сарқырап аққан суды табиғатпен тілдесетін ерекше күші бар дуалы адамдар жапқызып тастаған деседі. Тіпті бертін біреулер бұлақ көзін қайта ашамыз деп талпынып та көріпті. Бірақ нәтиже жоқ.

Бұл өңірдегі жұмбақ орынның бірі – Сарыөлеңдегі Әулиебұлақ. Бұлақтың «әулие» атануы тікелей осы өңірді мекендеген жеті әулиемен байланысты көрінеді. Бұл жеті әулиенің аты Мәшһүр Жүсіп атамыздың еңбектерінде «Ақбурадан шыққан екен жеті әулие» деп айрықша аталады.

Осы ауылдың құймақұлақ, шежіреші қарттарының бірі - Нығмет Жәмінов әулиелердің атын:

«Ташмағанбет, Төлембек пен Жаулыбайды

Дәнсат абыз, әулие Мұратайды

Қажы Лекер баласы Исабаймен

«Жеті әулие» деп Мәшһүр елге жайды», - деп жырға қосатын.

Ал енді осы жеті әулие мен Әулиебұлақтың қатысы қандай?

Әулиебұлақ жеті әулие мекендеген Сарыөлең өлкесінде, Әулиелі Қызылтаудың күнбатыс жақ бауырында ағып жатыр. Бұлақ басы ертеде әулие аталарымыздың дұға оқып, азан шақыратын мекені болған жер екен. Бұлақтың табиғи ерекшелігі - әдеттегідей бір емес, үш көзі бар. Үш көзінен дәмі де, қасиеттері де үш түрлі су ағады. Бұлақ суы қыста қатпайды және күн суықта ішсең де тамағыңды қарымайды, жұмсақ. Таңғаларлығы, бұлаққа қаңтардың сақылдаған сары аязында келер болсаңыз, астынан жап-жасыл шөптер өсіп тұрғанын көресіз. Бүгінде Әулиебұлаққа арнайы тәу ете келіп, оның суынан дәру іздеушілер қатары көбейген.

- Осы Әулиебұлақ басында Айтмағамбет әулиенің намаз оқитынын бала кезімде қой бағып жүріп талай көрген едім. Бұлақтың ерекшелігін айтайын. Үш көзден аққан су бір 20-30 метрден ары бармай, жердің астына сіңіп жоғалады. Байқасаңыз, бұл бұлақ күнбатысқа, құбылаға қарап ағып жатыр. Бұлақ суынан талай адам дертінен құлан-таза айыққанын көзім көрді. Бірнеше жыл бұрын менің ағам бұлақтың құпиясына қызығып, тіпті немістің көріпкел кемпірін де алып келген. Әлгі қария бұлақты көргенде басын шайқап: «Бұл – жерасты бұлағының жердің бетіне шығып кеткен аз ғана бөлігі. Ол өзінің ағысын жер астында жалғастыруда», - деген еді. Бұлақ суының қасиетін қазір қаладан келіп зертханаға беріп, арнайы зерттеп жатқандар бар. Дегенмен, зертхананың су қасиетін толықтай ашып бере алатындығына сенбеймін. Өйткені төбе басында сарқыраған бұлаққа үн қосып намаз, дұға оқып, Алласына құлшылық еткен әулиелерден сіңген құдіретті ешқандай зертхана ашып бере алмасы белгілі. Бұлақ суының кереметтілігі де оған Алланың ерекше ықыласы түскендігінде жатса керек, - дейді Нығмет Жәмінов ақсақал.

 

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,

Екібастұз қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29
31