Мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Құрбан айт жақындап қалды. Ата дініміздің қасиетті мейрамында сауапты рәсімдердің қалай жүзеге асатындығын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исеновпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Құрметті Нариман қажы, мұсылмандардың асыға күтетін мерекелерінің бірі – Құрбан айт биыл қай күндерге сәйкес келіп отыр?
- Алланың атымен бастайын! Құрбан айт мерекесі қараша айының 6-сы күні басталып, 7,8,9 күндері жалғасады.
Құрбан деп Алла Тағаланың ризашылығына бөлену үшін ғибадат ниетімен белгілі бір уақытта шалынатын малды атайды. Құрбан шалған кісіге көп сауап жазылады. Оның пайдасы – бір жыл бойы отбасына келетін бақытсыздықтарға тосқауыл болады және құрбан шалған кісінің күнәлары кешіріледі. Құрбан шалудағы мақсат – Алла Тағаланың берген мал-мүлкіне шүкіршілік ету.
- Қасиетті Құран аяттарында және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған құрбан шалудың үкімі мен дәлелдеріне қысқаша тоқталып өтсеңіз...
- Алла Тағала Құран Кәрімнің Кәусар сүресінің екінші аятында: «Намаз оқы және құрбан шал», - деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра, құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» -деген.
Ханафи мәзһабы бұл аятқа және көптеген хадистерге сүйене отырып, Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу - уәжіп деген үкім шығарған. Құрбан шалу үшін мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау және негізгі қажеттілігінен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болған адамдарға уәжіп саналады. Нисап мөлшері дегеніміз - негізгі қажеттіліктен тыс 85 грамм алтын құнына тең келетін байлығының болуы.
- Құрбанды қашан, қай уақытта шалған дұрыс?
- Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні, таңертең ерте айт намазы өтісімен басталып, айт мерекесінің үшінші күні ақшам намазының уақыты кіргенше жалғасады. Белгілі себептерге байланысты, Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамдар намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін немесе күн найза бойы көтерілгеннен соң құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұл құрбан болып есептелмейді». Тағы бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп айт намазынан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескерткен.
- Малды құрбандыққа қандай тәртіппен шалу керек?
- Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолданып, оны жануардың көз алдында қайрамай сою - дініміздің әдебі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын. Малдың жанын жай таптырсын» - дейді. Құрбандыққа шалынатын малды құбылаға қарата жатқызып, мына дұғаны оқуға болады: «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы Алла Тағала үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» - деп, кімнің атынан сойылып жатқаны айтылады. Артынша «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деген тәкбір айтып бауыздайды. Құрбан малын шалғанда, арнайы дұға білмеген адамдар «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар! Құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп ниет етіп, шала берулеріне де болады. Құрбандық иесінің ғана «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деуі керек. Біліп тұрып «Бисмилләһ» деп әдейі айтпаған жағдайда, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылмай бауыздалған малдың етін жеу – харам.
- Құрбандыққа қандай мал шалынады және бірігіп құрбан шалудың шарттары нендей?
- Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалуға болады. Қой және ешкі кем дегенде - бір жасар, сиыр - екі жасар, түйе -бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық қозы денелі, семіз, етті болса, құрбандыққа жарайды. Елік, арқар сияқты аңдар және тауық, қаз, үйрек секілді құстардан құрбан шалуға болмайды. Қой немесе ешкіні тек бір адам ғана құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына немесе жеті кісі ортақтасып шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалғанда әрбір адам құрбан шалу ниетімен бірігу керек. Егер бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алу ниетінде болса, шалынған мал ортақтасқандар үшін құрбан болып есептелмейді.
- Олай болса, оқырмандарға құрбандыққа шалынатын малдың күйі қандай болуы керек екендігін айтып берсеңіз...
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Анық соқыр, таза аурушаң, (жүре алмайтындай күйдегі) таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» - деген.
Ғалымдар бұл хадисті ұстана отырып, бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде арық, құлағы, құйрығы жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістері түсіп қалған, мүйізі сынған болса, құрбан шалуға жарамайды деген пәтуа жасаған. Малда аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса, немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал алып шалу керек. Ал өзіне құрбан шалу міндет болмаған адам, сатып алған малында бір кемшілік пайда болса, оны шала беруге болады. Өйткені, міндет болмаған адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан болып есептеледі.
- Іс сапардағы немесе жұмыстан қолы босамайтын адамдарға құрбандықты өкілдік беріп шалдыруына бола ма?
- Құрбандық малын мүмкіндігі болса, міндетті болған адамның өзі шалғаны абзал. Оның сауабы мол. Дегенмен, басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон немесе түрлі ақпараттық жолдармен өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Оған «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады. Хазірет Әли Пайғамбарымыздың орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны туралы ислам тарихында кеңінен баяндалады.
- Ал енді құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісін қалай пайдалануға болатыны жайлы айтсаңыз...
- Кез-келген адам құрбан айтта шалған малының етін өзі жеуіне болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы туралы Ибн Аббас былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін - отбасына, үштен бірін-кедей көршілеріне, қалған үштен бірін - садақа ретінде тарататын». Шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға және өзінің отбасына да қалдыра алады.
Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, бас-сирағын, сүтін сатуға болмайды. Сатылған жағдайда ақшасы кедейлерге садақа ретінде таратылады. Сондай-ақ, терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
- Құрбандық шалмай-ақ, орнына мал құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге болады деген пікір бар. Бұл дұрыс па?
- Жоқ, ондай пікірлер дұрыс емес. Жоғарыда айтқанымыздай, ислам шариғаты бойынша құрбандықта мал сойып, қан ағызу негізгі мақсат болғандықтан, ақша тарату құрбандық болып есептелмейді.
- Қазақ халқында Арапа күні шектік беріп жатады. Бұл дұрыс па? Оны марқұм болған адамның атынан шалуға бола ма?
- Шектік беру дұрыс емес. Ол құрбан болып саналмайды. Құрбан болып есептелуі үшін жоғарыда айтқанымдай шарттар орындалуы қажет. Оның күнделікті сойылып жатқан малдан еш артықшылығы болмай қалады. Алла Тағаланың разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір болады. Сират көпірінен өтерде иесіне көмектеседі. Өлген кісіге сауабын бағыштау ниетімен Құрбан айт күндерінде және кез-келген уақытта Алла Тағала ризалығы үшін құрбандық шалуға рұқсат. Бірақ, қайтыс болған кісі өсиет етіп кеткен жағдайда, шалған құрбандықтың етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде таратқан абзал.
- Сөз соңында халқымызға ізгі лебізіңізді білдірсеңіз...
-Құрбан айт - мемлекетіміздің ресми мерекелерінің бірі. Күллі мұсылман жұртының ұлы мерекесі. Құрбан айт күні мұсылмандар көрші–қолаң, туыс–туғандарды аралап, алыстағы туыстарын, достарын «Айт құтты болсын» деп құттықтағандары жөн. Айт күндері ерекше көтеріңкі көңіл–күйде, жылы жүзді болып, ренжіскен кісілермен кешірісуі қажет. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы бас сұғып, жетім, жесір және мұқтаждарға қол ұшын беріп, айттың қуанышын сездіру өте сауапты іс. Сондай–ақ, ата–ана, бала–шаға, көрші–қолаң және жора–жолдастарына мүмкіндігі болса, сый–сияпат жасап, айт мейрамын өткізудің де сауабы мол. Алла Тағала құрбандарымызды қабыл етіп, елімізге береке–бірлік нәсіп етсін!
- Әмин! Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан - Жарқынбек АМАНТАЙ.

