«Өзіндік тұлғасымен, болмыс-бітімімен ерекше ықыласымызды тудырып, көзге түсіп, көзайым болып жүретін ана бір адамды көптен көрмедік қой өзі» деп кейде жұрт белгілі бір тұлғаны сұрастырып, іздестіріп жатады. Өмірдегі ісімен һәм ұстанымымен ерекшеленген, талғамнан шығып, патша көңілдерді көкке өрлеткен жандарды халық қашанда іздеп жүреді. Ол – ақиқат дүние. Ағайынның белгілі де белгісіз себептермен көптен көрінбей кеткен қайсыбір тұлғаны іздейтінін – оны бағалайтыны, әспеттейтіні, қала берді, сағынатыны деп ұқсақ керек. Сондықтан, газетіміздің «Көптен көрмедік» деген жаңа айдары бұрын жұрт ықыласын оятқан, кейін көрінбей, есімі естілмей кеткен тұлғалар туралы сөз қозғайтынын жеткіземіз, қадірлі оқырман!
Сонымен, көптен бері көрінбей жүрген танымал жандардың бүгінгі өміріне көп болып көз тігіп, құлақ түрелікші...
«Павлодарлық ниндзя!» Иә, сіз де, біз де қателескен жоқпыз, ол кісі - жұрт арасынан тура сондай атақ пен мәртебе алған жан. Дүйім жұрттың демін ішке тартқыза, «Бісмілләні» айтқыза отырып, басына кәдімгі кірпіштерді қатарлатып қойғызып, оны бес батпан балғамен ұрғызып сындыртатын, үгілген шыныларға арқасымен жатып, үстінен автокөлік өткізетін, өзіне қарай тура бағытталған садақ жебесін әп-сәтте алақанымен ұстай алатын адам туралы біздің облыс қана емес, тұтас республика халқы жырдай айтысқан сол бір кездер әлі есте болар. Осындай ерлікке пара-пар тәуекелдерге қаймықпай барған жан, «ол кісі» деп отырған тұлғамыз - «павлодарлық ниндзя» деп ат қойылып, айдар тағылған, Құдай берген талантымен танылған қарапайым қазақ - Берікболат Қанашев. Жоғарыдағы мысалдар ол кісі жасаған ерліктердің бірді-екілісі ғана. Тізе берсек, «Бәрекелді!» дегізген әрекеттері туралы таңды таңға ұластырып, саусақ бүге жалғастырып айтуға әбден болады. Каратэ-до-дан облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы атанған, киелі домбыраны қадір тұтатын, өн-бойынан ұлтжандылығы есіп тұрған осы Бекеңді «көптен көрмедік» деушілер ел арасында аз емес. Қала берді, біздің басылым бетінде де өзіміздің «ниндзямыз» туралы хабар-ошар болмағанына біраз жылдар өткен екен. Жә, бұған Берікболат мырзаның өзі не дейді, соны білейікші...
- Ассалаумағалейкум Берікболат аға! Аман-есенбісіз? Сізді көптен көрмедік қой өзі...
- Уағалейкүмассалам! Көп ішінде көзге онша-мұнша түсе бермейтін қарапайым да көпшіл жігітпіз ғой. Мен қайда кетуші едім?! Ел қатарлы таңның атысы, күннің батысы күйбең тіршілікпен күн өткізудеміз. Тірлігім туралы сұрасаң, жиырма жылдан аса уақыт басқарып келе жатқан «Рақым» деген аула клубының жұмысын жетілдіру жолындамын. Қала берді, ертеректе құрылған отбасылық ансамблімді жұртшылыққа жаңа қырынан танытудың амалын қарастыру міндеті де менің мойнымда. Ұстанымымды сұрасаң, баяғыдай – елге, әсіресе, ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық спорт түрлерін дамытуға күш салысу. Көрінбей жүрсем, ақпарат беттерінде байқалмай кеткенім шығар. «Рақым» атты аула клубы әуелде жеке меншік негізде әрекет ететін-ді. Қайда барамын, қалай тұрамын деп ешкімнен сұрамайтынбыз. Үйде омалып отырмай, ел-елді аралап, жұртшылыққа түрлі бағдарламалар ұсынатын едік. Осыдан үш жыл бұрын біздің клуб Павлодар қалалық білім бөлімінің қарамағына өтті. Содан бастап менің де аяғыма «тұсау» салынды. Қызметімізді үйлестіретін, есеп алатын басшылық бар, жауапкершілік мол дегендей, күнделікті жұмыс басында болуым керек. Қысқасы, бұрынғы белсенділіктің орнын қағазбастылық басты. Оған еш өкінішім жоқ, ұрпақтарды жақсылыққа жетелеу, мықты етіп баулу – қашанда мәртебелі іс қой. Оған барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалуда. Шүкіршілік.
- Кезінде «павлодарлық ниндзя» атанғаныңызды ел ұмытқан жоқ. Айтыңызшы, қазір де өзіңізді «ниндзядай» сезінесіз бе?
- Қайран уақыт! Несін сұрайсың, елуді еңсеріп, алпысты да алқымдадық. Өрттей лаулап, қылшылдаған, күш пен жігер тасыған кезең жылыстап өте шықты. Ақындар жырлағандай, «ол кез енді қайтып келмейді ғой», әрине. Шүкіршілік, өткеніме қарайласам, халық есінде сақталған ерекше сәттер жетерлік екен. Шыны керек, тура өзіме қарай зуылдап келе жатқан садақ жебесін алақанмен тоқтату, уатылған шыныға арқамен жатып, үстімнен автокөлік өткізу секілді қауіптілігі аса көп әрекеттерді осыдан бес-алты жыл бұрын біржола шектедім. Осындай тәуекелі көп әрекеттерім үшін ғой жұрттың мені «павлодарлық ниндзя» атап кеткені. Ел ықыласына әр кез алғысым шексіз. Қазақтың батыр халық екенін былайғы жұрт, кейінгі ұрпақ менің азды-көпті дүниелеріме қарап танып-біліп жатса, ұлтыма қосқан үлесім деп санаймын. Садақтың жебесін маған қарай үлкен ұлым Рақым ататын еді. Ал мен жебені екі алақаныммен ұстап алатынмын. Өте қауіпті көрініс. Бірде ұлым: «Әке, осы өнерді қоятын кез келген секілді. Ертең абайсызда сізді мерт қылып алсам, өмір бойы өкініштен өксіп өтемін ғой»,- деді. Осыдан соң, жұрттың жанын түршіктіретін, қауіптілігі мол әрекеттерді пышақ кескендей бір-ақ күнде тыйып, бапкерлікке біржола ойысқан жайым бар. Ал домбыра шертіп, ән айтудан, ұлттық өнерден өлгенше ажырамаспын.
- Ұлттық өнер демекші, «Жігіттің сұлтаны» деген асқақ атағыңыз да көптің есінде...
- Негізі, кезінде халық менің шалқалай жатып, үстімнен автокөлік өткізетін сәтімді ерекше күтетін. Бұл әрекетті республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауында да орындап, көпшіліктің ықыласына ие болғаным бар. Жалпы, қайсыбір мерекелік шараларда көпшілік қауым менен жанды түршіктіретін, қауіпті номерлерді көрсетуді сұрайтын, қатты қалайтын. Халық қалауын орындамау – ер жігітке үлкен сын. Қауіпті болса да, тәуекел ететінмін. Өз еліміздің, өзге мемлекеттердің қалаларынан өнер көрсетуім жөнінде ұсыныстар көптеп түсетін-ді. Өнерімнің арқасында талай танымал тұлғалармен аралас болдым. 1991 жылы дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы барысында Алматыда ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны» байқауында ұлтымыздың мақтанышы Мұстафа Өзтүрікпен кездесіп, атақты шебердің: «Бойдағы күшіңді туған елің мен жеріңнің атын шығаруға, ұлттық мәдениетті насихаттауға, танытуға жұмсай бер» деген ізгі лебізін алдым. Осы байқауда елімізге белгілі актер Досхан Жолжақсыновпен жақын таныстым. Ол да менің өнеріме тәнті болып: «Ертістің Павлодар өңірінде қазақ өнерінің иісін шығарып жүрген жанның бірі өзің екенсің»,- деп ризалығын білдіргені бар. Ұлтым үшін сондай баға алғаныма шүкіршілік қыламын. Досханмен арамыздағы достық қарым-қатынас содан бері үзілген емес. Сәтін салса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай кезінде халық алдында көрсеткен барлық қойылымдарымды топтастырып, деректі фильм шығармақ ойымыз бар.
- Айтыңызшы, қауіпті әрекеттерден қаймықпай, тәуекел ететіндей бойыңызда ерекше бір тылсым күш бар ма?
- Қарапайым адамнан артықшылығым жоқ, бәрімізді теңдей жаратты ғой Аллаһ Тағала. Тек бойдағы қабілетті анықтай және оны дұрыс арнаға - өнерге қарай бағыттай білу керек шығар. Мені итермелеген күш – ұлттық рух пен елдік намыс. Өзге ұлттар өкілдерінің қолынан келген дүние неге біздің қолдан келмеске?! Сайып келгенде, олар да біз секілді пенде ғой. Ерекшелігі сол, тәуекелді қимылдарды орындау барысында мен қасиетті домбырамыздың әуенінен күш-қуат алып, рухтанып отырдым. Домбыраның үнімен кеудемде ерекше бір күй кернеп, бойым шымырлайтын. Сондай сәтте ештеңеден қорықпаймын, қаймықпаймын. Қазақ - қайсар рухқа ие халық. Қауіп-қатерге қарсы ұмтылатын бабаларымыздың қанымен дарыған қабілет деп білемін бәрін.
- «Павлодарлық ниндзяның» жолын жалғастырар ізбасарлары бар ма екен?
- Өзім секілді қауіпті әрекеттерді жасасын деген мақсатты ұстанып ізбасар дайындаған емеспін, дайындамаймын да. Тек кез-келген сәтте өз-өзін алып шыға алатын мықты әрі жігерлі, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеймін. Оларға қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттап, санасына төл өнердің болмысын сіңіремін. Ата-бабамыздың жолымен жүрген ұрпақ үнемі ұлтын ұлықтап, сол арқылы жарқын болашаққа жете алады. Бұған қарсы ешкім де дау айта қоймас, айтпайды да.
- Жалпы, Сіз қандай адамсыз?
- Мінезімді сұрасаң, турашыл әрі тікпін. Адалдық – өмірімнің басты ұстанымы. Өтірік айту, алдау-арбау - жат дүние. Көрген-білгенімді, ішкі ой-пікірімді бүркемелемей, ашық айтып салатыным бар. Сол үшін кейде «таяқ жеп» те қаламыз. Бірақ, еш өкінбеймін. Клуб тәрбиеленушілерін де темірдей тәртіпке жүгіндіремін. Жалпы, менің қандай адам екенімді достарымнан сұрағаның дұрыс шығар...
- Аз-кем отбасыңыз жайлы...
- Басым бос емес. Үйде бәйбішем бар. Екі ұл мен екі қыздың әкесімін. Өкінішке қарай, бір жыл бұрын үлкен ұлым Рақым дүние салды. Одан қалған немерем бар. Рақымым спортты қатты серік етіп өсті. Тіпті, қазіргі «Рақым» атты аула клубын қысылтаяң кезде сақтап қалу үшін өз пәтерін де сатқан болатын. Қазіргі нарық заманында бұл да бір ерлік қой. Қаракөздерімізге жанашырлық танытып, ұлттық намысты жоғары қоятын еді. Клубты сақтап қаламын деп өзім де пәтерім мен автокөлігімді сатып жібердім. Дәл қазіргі уақытта «Рақым» аула клубы жанынан қазақ күресі, «Қара жорға» биінің үйірмелерін ашуды көздеудемін. Осыны жүзеге асырсам, кейін тағы да басқа жоспарларым бар. Ол жағы әзірше құпия. Ең бастысы – осының барлығы да даңқты қазақ халқының қамына бағытталған жұмыстар. Қазір Павлодар қаласына қарасты Заря елді мекенінде тұрамын.
- Тәуелсіздік тойына айтар тілегіңіз...
- Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, еліміздің келешегі баянды болсын! Ұлтымыздың қуатын әлем тани түссін!
Ф.ӘМІРЕНОВ.

