Бейсенбі күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «VIII Мәшһүр Жүсіп оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов, филология ғылымдарының докторы, профессор, С.Демирель атындағы қазақ-түрік университетінің проректоры Дандай Ысқақұлы және тағы басқа да ғылыми саласының өкілдері қатысты.
Бүгінгі таңда Павлодар облысы Мәшһүр елі деп те аталады. Бұл әйгілі жерлесіміздің есімі қазақтың байтақ даласына кең таралғанының дәлелі. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген дана халқымыз. Алаштың азаттығы, көктеп-көркеюі жолында еселі еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету - біздің қанымызға сіңген қасиет. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл үрдіс жоғалмақ емес. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың есімі, өмір жолы мен шығармашылығы да ел арасында, қала берді, әлем елдерінде кеңінен насихатталуда. Мәселен, Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп атында сәулеті теңдессіз мешіт бар. Өткен жылы Екібастұз қаласындағы бір көшеге ғалым есімі берілді. С.Торайғыров атындағы ПМУ-де 2001 жылдан бастап Мәшһүртану ғылымы қолға алына бастады. Аталмыш білім ордасының бастамасымен 20 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Бабамыз жайлы барлық деректер топтастырылған тұлғалық энциклопедиясы өз оқырмандарына жол тартты. Оның шығармалары орыс және ағылшын тілдеріне аударылуда. Бұл ретте, аталған университет ғалымдарының атқарып жатқан жұмыстарының орны ерекше екенін атап өткен жөн. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры Ерлан Арынның айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы - толық зерттеліп болмаған бірегей тұлға. Алдағы уақытта дала данышпанының жұмбақ мұрасының сыры ашылатын болады,-дейді ғылыми-конференцияға қатысушылар. Айтпақшы, алқалы жиында Ерлан Мұхтарұлы келесі жылы облыс орталығындағы бір көшеге Мәшһүр Жүсіп есімі берілетіндігін зор сеніммен айтты.
Шараға шақырылған мәртебелі меймандар әулие тұлғаның ашылып болмаған қырлары туралы баяндады. Мәселен, ғалым Сейіт Қасқабасов Мәшһүр Жүсіптің діни тақырыптағы өлеңдерінде мол өнеге жатқандығын атап өтті. Оның айтуынша, даңқты жерлесіміз қоғамның өзекті мәселелерін сыни тұрғыда жазып отырған. Сондықтан оның шығармаларының мән-мағынасын ашуға екінің-бірінің білімі жете бермейді,- дейді М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры.
Конференция аясында биылғы жылы жетпіс жастың жетесіне шыққан Мәшһүр Жүсіптің тікелей ұрпағы Қуандық Пазылұлының 7 томдық шығармалары жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Мұнда автордың ғылыми еңбектері, зерттеу мақалалары мен әңгімелері енген. Шара барысында Қуандық Пазылұлы жайлы «Ғибратты ғұмыр» атты деректі фильм көрсетілді. Ал Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрында Қ.Жүсіптің «Ұл мен қыз» атты қойылымы сахналанды.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

