облыс орталығының жұртшылығы ұлық мерекені атап өтті
Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт - барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Сол қасиетті мерекенің алғашқы күнінде керекуліктер Алла разылығы үшін құрбан шалып, бір-бірін құттықтады.
Облыс орталығындағы мешіттер адамға лық толды. Таң азанда оқылатын Айт намазына жиналған жұртшылық қарасы қалың болды. Жүздері қуанышқа толы тұрғындар биылғы Құрбан айт мейрамына аман-есен жеткені үшін Алла алдында сәждеге жығылып, келер мерекені есендікпен көруге жазсын деп тілек тілесті. Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Мәшһүр Жүсіп мешітіне жиналған жұртшылықты ұлық мейраммен құттықтады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген биылғы Құрбан айттың маңызы ерекше екендігін атап өткен ол, егемендіктің, азаттықтың арқасында бүгінде мемлекетімізді төрткүл дүние танығанын тілге тиек етті. Көпшілік қауымға береке, бірлік тіледі.
Құрбан шалу үшін облыс орталығында арнайы орындар дайындалды. Тұрғындарды аталған орындарға жеткізу мақсатында автобус бағыттары ұйымдастырылды.
Мәшһүр Жүсіп мешіті баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, биылғы жылы біздің облыстан қасиетті Меккеге қажылық парыздарын өтеу мақсатымен 50 адам аттанды. Қажылық - саяхат сапары емес, құлшылық сапары. Сондықтан, қасиетті сапарда барынша сабырлы болып, әрбір құлшылықты ерекше ықыласпен орындау керек. Ол үшін орталық мешітте қажылық сапарға дейін арнайы дайындық курстары ұйымдастырылған.
«Қабыл болған қажылықтың қайтарымы тек қана жәннат»,- деген Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Қажылық амалдарын толық және шын ықыласпен орындаған жандарға Алла Тағала жар болсын. Құрбан айт қабыл болсын, мұсылман бауырлар!
Фархат ӘМІРЕНОВ.

