Сарыарқа самалы» газетінің бетінде «Тәуелсіздікке тарту» деген тақырыпта шағын мақала жарыққа шыққан-тұғын. Қазіргі күні Қазақстанға белгілі журналист, сол тұстағы біздің газеттің тілшісі Айбек Қобдабайдың әлгі мақаласы былай басталған еді: «Елімізде жерлесіміз, эстрада жұлдызы, жас әнші Жанар Доғалованы білмейтін жан кемде-кем шығар бүгінде. Алғашында өнерпаз балалардың арасында таныла бастаған жас талант қазір алыс-жақын шетелдерге де әйгілі болып үлгерді...»
Міне, осы Жанар Доғалованың сол жылы тоғызыншы сыныпта оқып жүріп, республикалық «Жас қанат» байқауында топ жарғаны жөнінде де толғай жазып, елден ең алдымен сүйінші сұраған «Сарыарқа самалы» газеті болатын. Жалпы, сол кездері павлодарлық жас әнші, атақты Абай мектебінің оқушысы Жанар туралы біздің басылымда жағымды жаңалықтар көптеп шығып тұрды. Өнерпаздың Ресей, Польша, Эстония, Қытай, Болгария елдерінде өткен халықаралық ән фестивальдерінде жеңімпаз атанғаны аймақ жұртшылығы назарында болды.
Кейіндері талантымыз мектепті тәмамдап, алыстарға қанат қақты дегенді еміс-еміс естіп қалып жүрдік. Одан соң Жанар жайлы хабар-ошар онша-мұнша естілмей кетті. Деңгейі биік додаларда үздік шыққан өнерпазымызды үнемі сұрастырып, іздестіріп жататын оқырман санында бүгінге дейін есеп жоқ.
Тоқетерін айтқанда былай: 2000 жылдың 11 қаңтарында «Сарыарқа самалы» газетінде «Ертістің өнер қуған ерке қызы» деген тақырыппен журналист Қайрат Әбілдиновтің жас талант Жанар Доғалова туралы көлемді мақаласы жарияланғаны бар. Сол мақаланың кіріспесінде айтылғандай: «...Нақ бүгінгі әңгімеміз де осындай таланты тас жарған тума дарындардың бірі және бірегейі, Абайша айтқанда: «самородный сары алтын» - эстраданың балғын әншісі Жанар Доғалова жайында болмақ».
-Ендеше, таяуда Керекуге арнайы келген Жанардың өзі не айтар екен?
- Талантыңа тәнті болған өз туған жерің - Керекуге қош келіпсің! «Балғын шағында талай топтан озған сол бір дарынымыз көптен көрінбей кетті ғой өзі, қайда жүр екен?» дейтін тілеулестерің аз емес. Бұған не айтасың?
- «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, шынымен де, жамағатқа көрінбей кеткен шығармын. Көпшілік қауым өнер жолында болған соң шығармашылық ізденісте жүр-ау осы деп те топшылайтын болар. Соңғы жылдары тыңдарман қауымнан тасаланып қалғанымды іштей сеземін. Бірақ, уақыт бір орнында тұрмайды. Адам баласында өмірде атқарар тірліктер, алға қойған мақсаттар мол болатыны белгілі. Менің де тірлігіме жетерлік мақсаттар аз болмады. Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы театр өнері институтында төрт жылдық білімімді тәмамдадым. Кейін денсауылығыма байланысты шығармашылығымды уақытша тоқтата тұрдым. Біршама уақыт өнер айдындарынан сыртқары қалуыма осы жайт себепкер болды деп санаймын. Қазіргі уақытта өнер әлеміне тың серпіліспен әрі екілене қайта қосылып, шығармашылық жұмысыма ықыласпен кірісіп кеттім. Іздеп жатқан тілеулестеріме айтар алғысым шексіз!
- Елімізге танымал продюсер Баян Есентаевамен қоян-қолтық жобада жұмыс істеу – екінің біріне бұйыра бермейтін зор мәртебе болса керек. Біз естіген жағымды жаңалық сол – Алматыдағы Баян басқаратын «Shine» продюсерлік орталығындағы жоба - «Ғашық жүрек» фильмінің екінші бөліміндегі басты рольге қол жеткізіпсіз! Іске сәт дейміз! Бұл - Жанар Доғалова әншіліктен бөлек кино әртісі ретінде де таныла бастады деген сөз бе?
- Өнесүйер қауымға айтар жаңалықтарым өте көп. Біріншіден, «Сүйемін деші» деп аталатын әнім көрермендер көзайымына айналған «Ғашық жүрек» фильмінің екінші бөлімінің саундтрегіне айналды. Айта кетерлігі, аталмыш ән – өзімнің төл туындым. Оның тұсауы үстіміздегі жылдың екінші желтоқсанында кесілді. Екіншіден, аталмыш кинотуындыда қос ғашықтың кіршіксіз махаббатына кедергі келтіретін жағымсыз кейіпкер бейнесін сомдадым. Жалпы, бұл кинодағы тұңғыш тәжірибем емес. Талай дарындылардың қанатын қақтырып, шеберлігін шыңдаған, дүйім елге танылуына даңғыл жол ашқан Ресейдің театр өнері институтында оқып жүрген кезімде бірқатар спектакльдерге қатысуға мүмкіндік алдым. Сонымен қатар, таяуда ғана бастау алған Қазақстан және Ресей елдерінің бірлескен жобасы аясында «Астана - жүрегім» атты киноальманахқа да түскенімді айта кетейін.
- «Ғашық жүрек-2» кинофильмінде «жұлдыз» атану үшін барын салатын қыз Жадыраның ролін сомдапсыз. Айтыңызшы, шынайы өмірдегі Жанар мен көгілдір экранның ар жағындағы кейіпкер Жанардың қаншалықты ұқсастығы бар?
- Ұқсастық дейсіз бе? Қаншалықты дәл жауап берерімді білмей отырмын. Негізі, жаңа қойылым желісі бойынша Мөлдір Әуелбекованың жұлдызды өмірі барынша дүркірей түседі. Ол ұзақмерзімді келісімшартқа отырып, халықаралық байқауға дайындала бастайды. Бірақ, Мейрамбек күтпеген жерден ғашығы Мөлдірге сөз айтады. Ендігі кезекте жас әнші екі жолдың бірін - әншілік карьераны немесе тұрмыс құруды таңдауы тиіс. Сондай-ақ, Мөлдір дауысын жоғалтады. Жаңа кинотуындының оқиғалар желісі осылай өрби түседі. Оқырмандарға белгілі болар, кинодағы қос ғашық - Мөлдір Әуелбекова мен Мейрамбек Бесбаевтың арасына менің сомдауымдағы кейіпкер Жадыра түсіп, екеуінің махаббатына дақ салуды көздейді. Өмірдегі және кинодағы Жанар - бір-біріне мүлдем ұқсамайтын адамдар. Мен сомдаған кейіпкер танымал болу үшін кездескендердің барлығын жайпап, көздеген мақсатын жүзеге асыруға барын салады. «Ғашық жүрек-2» туындысында сомдаған кейіпкерім - өнерге құштар жан. Ұқсастығымыз осы жалғыз қасиет болар.
- Өзің жайлы кезінде біздің басылымда «Ертістің өнер қуған ерке қызы» деген терең мақала жарық көрді. Ерке қыз ерке Ертістің жағасындағы туған қаласын сыртта жүріп қаншалықты қатты сағынады?
- Елден жырақ жүрсем де, балалығымның бақытты күндері өткен Павлодарыма жиі келіп тұрамын. Тарихы тереңге бойлаған туған шаһарымды қатты сағынамын, толғанып-тебіренемін, әрине. Шығармашылық өмірім басталған қаланың сахналарында талай әндерім шырқалып, жұртшылыққа кеңінен танылдым. Танылуыма үлес қосқан, талантымды жұртқа жеткізген облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің журналистеріне де ықыласым әркез шексіз. Туған қаламыздың көшелерінде сөзбен жеткізуге болмайтын тылсым күш пен жылулық бар сияқты мен үшін. Барлығы да жаныма жақын. Әсіресе, Павлодардың мейірімді адамдарының жүздерін көруді, қауышуды аңсаймын. Қысқасы, керекулік жұртшылықтың өзіне тән ерекше ықыласы, жылылық нұрын шашып, тартып тұрар мейірімі мол.
- Өмірдегі немесе өнер жолындағы өзің үшін ең маңызды сәт деп қайсысын бөле-жара айтар едің?
- Өнерге ден қоюымның арқасында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевамен бір сахнада тұрып, жұлдызды тұлғамен бірге ән шырқау мәртебесіне ие болғанымды өмірдегі де, өнердегі де ерекше естен кетпейтін маңызды сәт деп бағалаймын. Ол кезде мен он бір жаста едім. Талайларды тамсандырып, қазақтың атын шығарған жезтаңдай әншімен бірге «Отандастар» әнін айтқаным әлі күнге дейін есімде сайрап тұр. Ешқашан көз алдымнан, жадымнан кетпек емес. Өйткені, менің әу бастан-ақ болашақта қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер жолын таңдауыма себеп, түрткі болған күш осы оқиға деп санаймын. Кім біледі, Роза апаймен бірге ән шырқамасам, өзімді осылайша танытуға құштарланбасам, онда қазақ эстрадасында павлодарлық Жанар Доғалова есімді әнші пайда болмас та еді ғой, кейін жұртшылық мені іздестіріп, сұрастырмас еді-ау...
- Мәскеуде – өнер саласындағы әлемдік деңгейі зор жоғары оқу орнында білім алдың. Көз алдарында жүрген соң ондағы көп тұлғаны танитын да боларсың. Жалпы, бүгінгі таңда отандық өнерпаздар арасында ресейлік шоу-бизнеске қарай ұмтылу үрдісі байқалып-ақ келеді. Өзің білім игерген Ресейде қалып қою мақсатын көздеген жоқсың ба?
- Жасыратыны жоқ, әуелде ондай мақсатты іштей көздегенім рас. Кейбір жеке себептеріме байланысты ол райымнан тайқып, Отаныма оралуға бел будым. Өнерге жетелеп, қатарға қосылуыма бастау болған туған елімнің мәнін, маңызын түсіндім. Отанның орны – жүректе, - деп бекер айтылмағанын ұғына түстім. Көп нәрсені ой елегінен өткізіп, жан-жақты таразыладым. Отаным – Қазақстанның өнер әлеміне келуімнің екінші себебі туған жеріме, ата-анама деген риясыз әрі салиқалы сағынышта жатыр.
- Қалай айтар едің, болашақ өміріңді тек қана өнерге, өнер әлеміне басыбүтін арнауға дайынсың ба?
- Жалпы, адам бойындағы жан рахаты, шалқар шабыт, рухани құндылықтарға деген талпыныс, жақсыға деген құштарлық сынды қасиеттерді жоғары бағалаймын. Рухани байлықты өмірімдегі сарқылмайтын, таусылмайтын, алға қарай талпындыратын, сайып келгенде, қанат бітіретін ең асыл қазына деп білемін. Өнер жолын таңдауымның басты себебі де - осы. Материалдық байлық, ақша, атаққа кенелу секілді мақсаттарды көздеген емеспін, көздемеймін де. Талантың болса, түбінде бағаланбай қалмайсың. Мен үшін ең маңыздысы - жан рахаты.
Менің ойымша, бойдағы Аллаһ берген дарынды тұсаулағандай «үйде ұстап», халыққа көрсетпеу, жарыққа шығармау, жұртқа жеткізбеу - күнә. Талант - кез-келген адамның пешенесіне жазыла бермейді дейді ғой даналар. Мүмкін рас та шығар. Жақсыға еліктеу, үйрену, ұмтылу барша адамға тән болуы керек деп санаймын. Менің де ұстанымым осындай. Мақтанғандық болмас, 13 жасымнан бастап өлең жазамын, фортепиано мен саксофонда ойнаймын, ән шығарамын. «Ғұмырымды өнерге арнаймын» деген сөздің астарында үлкен мағына, мазмұн жатыр. Нақтысын айтсам, болашаққа бағдарлаған биік мақсаттарым осы қырларымды дамытуға арналады. Әрине, барымды салып, күш-жігерімді аямай еңбектенуге даярмын. Елімнің қолдайтынына да кәміл сенемін.
- Өмірлік ұстанымың не? Сенің ойыңша, өнер иесі қандай тұлға болуы керек?
- Адамгершілік, мейірімділік пен адалдық. Бұл - өмірімнің негізгі қағидалары. Өнер адамы қандай болуы керектігін әркім өз санасымен, таным-түйсігімен түрліше топшылай жатар. Алайда, менің бұл турасындағы өзіндік ішкі ойым бір бөлек. Ғашықтық - адамдардың бір-біріне деген кіршіксіз сезімі мен қалтқысыз сенімге негізделген махаббатының ең жоғарғы түрі. Оны махаббаттың синонимі деп қарауға болмайды. Осынау қасиетті ұғымның махаббатпен байланысын жеңіл-желпі түсінетіндер, оны орынсыз қолданатындар кездесіп қалатыны бар. Мен үшін, ол - адам жаратылысының ішкі мазмұны, нағыз таза рухани тіршіліктің көрінісі. Өнер адамының шабытын шалқытып, өмірге деген құштарлығын арттыратын осы ғашықтық деп білемін. Сондықтан, өнер иесінің бойында әрқашан ғашықтық сезімі болуы керектігін алға тартамын.
- Оқырмандар атынан алғыс білдіреміз! Өнерің өрге жүзсін!
Талантты көпшілікпен табыстырған –
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

