Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі жаңаша кейіпте ашылды
Облыс орталығындағы Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден соң есігін айқара ашты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өлке тарихының алтын қазынасына айналған музей бұл жолы өз көрермендеріне жаңартылған экспозициясын паш етті. Салтанатты шараға аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ, Павлодар облысының Құрметті азаматы Шахимардан Әбілев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Владимир Бобров қатысты.
Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін облыстық музейдің жаңа экспозициясын көпшілікпен бірге тамашалаған облыс әкімі жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады.
- Қасиетті мереке – ел Тәуелсіздігінің мерейтойы аясындағы айшықты шаралар өлкетану музейінің қайта жаңғыруымен жалғасын тапты. Шыны керек, осында келген бетте, ата-бабаларымыздың ғұмыр кешкен ғасырлар кеңістігінің куәгеріндей ерекше сезімде болдым. Музей - тұнып тұрған тарих. Халқымыздың өткенінің, бүгіні мен ертеңінің дәнекершісі болған мекеме өлкеміздің бай тарихын, асқарлы асуларын, өркенді өрісін танытатын киелі ордаға айналды. Сол себепті, көне дәуірлерден басталған халқымыздың тағылымды тарихын баян етер маңызды дүниелер мен құнды жәдігерлерді көзіміздің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа жеткізуіміз керек, - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Аймақ басшысының қолдауымен жаңартылған облыстық тарихи-өлкетану музейінің жөндеу жұмыстарымен астаналық «Өнер» ЖШС-нің білікті мамандары айналысқан. Небары үш ай ішінде жүзеге асырылған игі іске бюджеттен 60 миллион теңге бөлінген.
Жерлестердің қуанышымен ортақтасқан Шахимардан Әбілев музей қызметкерлері мен жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
Жаңаша кейіпке енген рухани ошақтың заманға сай безендірілген залдарынан адамзаттың ежелгі тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тұрмыс-тіршілігі мен рухани әлемін сипаттайтын құнды жәдігерлер орын тепкен. Олардың арасында еліміздің ешбір аймағында кездеспейтін бірегей тарихи ескерткіштер баршылық. Мәселен, Алтын Орда (13-14 ғасырлар) дәуіріне жататын «бокка» атты күмістен жасалған ақсүйек әйелдің бас киімі дүниежүзі музейлері тарапынан үлкен қызығушылыққа ие.
Экспонат өткен ғасырдың 60-шы жылдарында Ақтоғай ауданындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өңірімізде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде құнды жәдігерлер табылған. Олар да мұндағы тарихи бағалы дүниелердің қатарынан көрінді. Айта кетерлігі, мекеменің төрінде Павлодар облысының Тәуелсіздік жылдарындағы өркендеу жолдарын әспеттейтін экспозициялар көрініс тапқан.
Музейдің директоры Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, жаңа экспозиция тұсауының кесілуі өңір тарихында елеулі орын алып, алтын әріптермен жазылып қалатын оқиға болмақ. «Өлкетану музейі келесі жылы жетпіс жылдық мерейтойын атап өтпек. Аз уақыт аралығында музейдің ішкі-сыртқы келбеті өзгеріске ұшырады. Ал ел Тәуелсіздігінің торқалы тойымен ерекшеленген биылғы жылы ғимаратымыздың заманға сай қайта жаңғыруын, әрине, өңір тарихшылары мен өлкентанушылары арманының орындалғаны деп білемін», - деді ол.
А.ЕСІМХАНОВА.

