Айтыскер ақын, журналист Шолпан БАЙҒАЛЫ
«Көптен көрмедік...» айдарының бүгінгі кейіпкері - Ертіске еркелеген Керекудің кербез қызы, ақын, журналист Байғалы Шолпан Байғалықызы. Бір кездері облыстық «Қызыл ту» газетінде де, жергілікті телеарнада да журналист болып, кейін ақындар айтысына қатысып, үнемі өнерді өзіне серік етіп жүрген Шолпан апайдың есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Бірақ, соңғы кездері ел аузынан: «Шолпан Байғалықызы қазір қайда және не істеп жүр екен?!» деген сауалды жиі еститін болдық. Бұл – өнерде өзіндік қолтаңбасын қалдырған талант иесіне деген көптің сағынышы болар... Осыны ескере отырып, ақын әрі журналист апайымызды оқырмандарымызбен қауыштырғанды жөн көрдік.
- Сәлеметсіз бе, Шолпан апай! Қазіргі хал-жағдайыңыз қалай?
- Аллаға шүкір! Аман-есен күнделікті күйбің тірлікті басымнан өткеріп жатырмын. Мені іздестіріп, жағдайымды сұрастырып жатқан оқырмандарға айтар алғысым шексіз. Жұрт менің журналистігімнен гөрі ақындық өнерімді жоғары бағалайтынын білемін. Ендеше, ақынын ардақтап жатқан жамағат үшін біздің өзіміз тасада қалсақ та, өлеңіміз ешқашан жоғалмайды.
Қазір зейнеткерлікке шықсам да, үйде қарап отырған жоқпын. Елім үшін, халқым үшін жыр жазудан қолым босамайды. Арасында немерелеріме бас-көз боламын. Әйтеуір, өмір жалғасып жатыр ғой.
- Өз өлеңдеріңіз оқырман жүрегіне жол табуда деп ойлайсыз ба?
- Ақынның өлеңін де, өнерін де халық бағалайды. Сол үшін өз өлеңдерім жайлы пікір айтудан аулақпын. Бір байқағаным, менің өлеңдерімді көбінесе қыз-келіншектер, яғни әйел заты оқиды. Бәлкім, өлеңнің табиғаты олардың жүрегіне жақын болар...
- Қазір «мен ақынмын» дейтіндер көбейіп барады. Бұл – ақындық өнердің өсіп бара жатқаны ма, әлде өшіп бара жатқаны ма?
- Иә, «болмай жатып болдым, толмай жатып толдым» дейтін ақынсымақтар көп. Әсіресе, жастар. Олардан қорықпау керек. Себебі, шынайы талант қана алысқа шабады. Әр өнердің киесі мен иесі бар. Ал бір-екі ауыз өлең жазғанына өзін «ақын» санап жүргендер мен біреулерге еліктегісі келіп қолына қалам алғандардың дәурені уақытша ғана деп ойлаймын. Жалпы, біздің елімізде, тіпті өңірімізде өлеңдерін сүйсініп оқитын жас ақындар баршылық. Өз басым ойы терең, сөз саптауы да өзгеге ұқсамайтын осындай талантты жастардың поэзиясынан рухани ләззат аламын.
- Өнер жолында өзіңіз тәрбиелген ізбасар шәкірттеріңіз бар ма?
- Жоқ. Менің ойымша, ұлағатты ұстаздың ғана шәкірті болуы тиіс. Олай дейтінім, әр ақынның өзіндік қолтаңбасы, ойы, ұстанымы, ұраны, айтары болады. Сондықтан, ақынға ақынның ұстаз болуы мүмкін емес. Әрине, маған тырнақалды өлеңдерін көрсетіп, ақыл-кеңес сұрап жататын жастар көп. Оларға қолымнан келгенше бағыт-бағдар беруден аянбаймын. Бірақ, «шәкіртім бар» деп айтуға еш құқығым жоқ.
- Бүгінгі күні ақын-жазушылар үшін кітап шығару бәсекеге айналып кеткендей. Сіз кітап шығаруға құмарсыз ба?
- «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп ұлы Абай жырлағандай, мен атақ, мансап үшін өлең жазып, кітап шығармаймын. Халық алдында «ақын» деген атты арқалап жүрген соң, жүрегімнен шыққан жырларымды топтастырған біраз кітаптарым бар. Олар өз оқырмандарын тауып жатыр деп ойлаймын. Мақтанғаным емес, жақында ғана «Сыр сандық» деген жаңа кітабым жарық көрді. Соның 30 данасын облыс орталығындағы бір кітап дүкеніне тапсырдым, артынша бәрі сатылып кетіпті. Осылайша, оқырман тарапынан сұраныс болып, өлеңдерім көптің көңілінен шығып жатса неге кітап шығармасқа?!
Жасыратыны жоқ, бүгінде ұйқастан жұрдай, іші сылдыр сөзге толы сапасыз жинақтар мен кітаптар том-том болып шығып жатыр. «Бір қайнауы ішіндегі» мұндай шала дүниелер дүкен сөресінде толып тұрғанымен, талғамы жоғары оқырман ондайларға қызықпайды. Осындай, ақшаның күшімен жарыққа шықса да, сөреден ысырылып тасталатын «бақытсыз кітаптардың» бар екенін мойындаймын.
- Өзге ақындардың өлеңдерін оқығанды ұнатасыз ба?
- Әдемі өлеңдерді оқудан жалықпаймын. Әсіресе, Жүрсін Ерманов, Роза Әлқожа, жерлестерімізден Жанаргүл Қадырова, ал айтыскер ақындардан Айнұр Тұрсынбаеваның ой орамдарын сүйіп оқимын.
- Сіздің жазба ақын ғана емес, айтыскер ақын екеніңізді білеміз. Осы екеуінің қайсысы жеңіл?
- Өнердің жеңілі жоқ. Десе де, көркемдік үшін жазба ақын болу оңайырақ. Себебі, қолыңа қаламыңды алып, шабытыңды шақырып, ойланып-толғанып отырып өлең жазасың. Және де сол жазғаның көңіліңнен шықпаса, көпшілікке ұсынбауыңа болады, яғни ерік өзіңде. Ал айтыскер ақын болу үшін аяқ астында сөз тауып, ой қозғай білуің керек. Ең бастысы, халық алдында қарсыласыңмен бетпе-бет келіп, өз деңгейіңді көрсетесің. Мұнда жеңіс пен жеңіліс бар. Әрбір айтыскер ақын жеңіске ұмтылады. Айтыс сонысымен қызықты.
- Шыны керек, кейбір жұптардың айтыстары іш пыстырып жібереді. Сіздің пікіріңізше, бұл - таңдалған тақырыпқа байланысты ма, әлде ақындарға ма?
- Айтыс болған соң мұндай жағдайлар кездесіп жатады. Оның себептері де көп. Мәселен, кейбір айтары аз, тәжірибесі жоқ ақындар сахнаға шыққан соң, шабандап қалатыны шындық. Осындай әлсіз жұптың қарсыласы мықты болса, ол бірден сөз тауып, ой қозғап, айтысты өз деңгейінде алып шығады. Егер екі ақын да «әпкеме жездем сай болса», ар жағын айтпай-ақ қояйын. Қалай дегенмен де халық сыншы ғой...
- Ал кейбір айтыскер ақындар әдемі де әсерлі жырларын кесек-кесегімен төгіп жібергенде, өнерсүйер қауым бір рахаттанып қалады. Мұндай дарынның сыры неде?
- Шындығын айтсам, айтыскер ақындардың көпшілігі айтатындарын алдын ала жазып, жаттап алады. Сахнаға шыққан соң, айтыстың ыңғайына қарай, арасында әлгі жаттағандарын ешбір тоқтаусыз төгіп-төгіп алады да, бірден көрерменнің көзіне түсе қалады. Жылт еткен шумақтар отырған жерінде ойына орала беретін нағыз талантты ақындар да баршылық.
Негізінен, айтыскер ақындардың қай-қайсысы да спортшылар сияқты жаттығып, үнемі ұйқас қуып, дайындалып жүреді. Көп еңбек қашанда жемісін береді емес пе?..
- Естуімізше, жастармен де айтысқан сәттеріңіз болған екен. Жүрексінген жоқсыз ба?
- Әрине, халықтың алдында жастармен айтысқанда қатты сескендім. Себебі, қазіргі жастар бетің-жүзің демей, ойына келгенін дүңк еткізіп айта салады. Әдептен озып кетеді. Тіпті, жас ақындардан жамандай көңілім қалған кездерім де болды. Бірде бір жас қарсыласым: «желеңдеп жастармен жарысып айтысқанша, үйде отырып бала тәрбиелеп, күйеуіңе қарамайсың ба?» - деді. Түсіне білген адамға бұл ауыр сөз ғой. Мен өзім үшін емес, оның осы мәдениетсіздігі үшін халықтан ұялдым. Кейде жастар жасына қарамай, өздерінше дөрекі әзілдер айтып жатады. Бұл – олардың айтыс мәдениетін білмегендіктері деп ойлаймын. Сондықтан, мұндайлар үлкендермен айтыспас бұрын дайындалып, бір әдіс-тәсілдер іздеуі керек сияқты. Жалпы, айтыста мәдениеттілік болмаса, соңы ұрысқа айналып кетуі мүмкін. Осы жағынан кейбір айтыскер ақындардың білімі таяз екендігі байқалып қалады.
- Соңғы 6-7 жыл бойы ешқандай айтысқа қатыспапсыз. Себебі неде?
- Жаңа айтып өткендей, айтыстың жөнін білмейтін жастар халық алдында беделімді түсіргендіктен әрі мемлекеттік қызметтегі лауазымыма байланысты біраз жыл осы өнерден қол үзіп қалдым. Сонымен қатар, біздің қоғамда талантты көре алмай, күндейтіндер көп. Айтыс сахнасына шықпауыма бұл да бір себеп болды. Егер халық ақындарды үнемі желеп-жебеп, қолдап отырса, біздің жағдайымыз басқаша болар еді. Ертістің Баянауыл, Павлодар өңірі – нағыз айтыстың, ақындықтың Отаны. Халық осыны түсінуі керек.
- Қазір айтыстарға шақырғандар болды ма?
- Мен зейнеткер болғаннан бері ешкім айтысқа шақырған жоқ. Оның үстіне қазіргі айтыстарға көбінесе жастар қатысып жатады. Ал біз қазылар алқасының қатарынан шыға алмай жүрміз.
- Сіз көптеген жас ақындардың айтыстарында, басқа да шығармашылық байқауларда қазылар алқасының мүшесі болып жүресіз. Нағыз таланттар әділ бағаланып жүр ме?
- Нағыз таланттар әділ бағаланады деп айтуға аузым бармайды. Қайтсе де, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер көп орын алып жатады. Сондай-ақ, байқауға бір емес, бірнеше адам баға беретіндіктен, оның 100 пайыз әділ болуы мүмкін емес, әрине. Әркімнің «өзім» дегені бар. Әйтеуір, байқау болған соң, жеңімпаз бен жүлделі орын иегерлерін анықтау - қазылар алқасының міндеті. Ал ол әділ ме, әділетсіз бе, ол жағын халық өзі көріп отыр ғой. Сондықтан, бұл ретте «әттеген-айлар» кездесіп жатады.
- Сөз арасында айтып өткеніңіздей, Павлодар өңірі таланттардан кенде емес. Сіздің пікіріңізше, жергілікті ақындар өз өлкемізде лайықты деңгейде насихатталып жүр ме?
- Қазақта: «Өз өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген сөз бар. Бір ғана мысал айтайын, шет елдерді атамағанда, мына тұрған Семей, Көкшетау, Атырау қаласының орталық көшелерінде жерлес ақындарының суреттерімен қоса, өлең шумақтары әдемі безендіріліп ілулі тұрады. Біздің Керекуде де жерлес ақындардың керемет өлеңдері аз емес. Әсіресе, тіл туралы жалынды жырлар көп. Өзгені айтпағанда, Сұлтанмахмұттың:
«Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім», - деген өлең жолдары орталық алаңда ілулі тұрса, өзгелерге үлкен үгіт-насихат емес пе?.. Амал қанша, қазір Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін жат пиғылды діни мақсатта пайдаланып та жүр. Осыдан кейін айтарға сөзім жоқ.
- Бұрынғы ақындар мен қазіргі ақындардың арасында айырмашылық бар ма?
-Олардың арасында үлкен айырмашылық бар. Кейде қазіргі талантты ақындардың өлеңдерін оқып отырып, таң қаламын. Өйткені, онда бұған дейін айтылмаған ойлар, тіркестер, ұйқастар, бір сөзбен айтқанда, жаңашылдық басым.
- Ақындық өнермен қатар «журналист» деген атты да арқалап жүрдіңіз. Кешегі журналистикадан бүгінгі журналистика саласының артықшылығы бар ма?
- Әрине, артықшылық бар, айырмашылық та жер мен көктей. Бәлкім, заманның дамып кеткендігінен болар, бүгінгі журналистика саласы тым ақпараттанып кетті. Мәселен, қазіргі газеттерді алсақ, іші толған ресми, саяси жаңалықтар, одан қалса, жыпырлаған жарнама. Бәлкім, бұл да керек шығар. Бірақ, біздің заманымыздағыдай эссе, очерк, новелла деген мүлдем жоқ. Біз сондай дүниелерді сағынамыз. Тағы бір байқағаным, қазіргі күні мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында стильге, сынға, басқа да жағдайларға шектеу бар. Бұл – шығармашылық ұжымның тоқырап қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, бүгінгі журналистикаға еркіндік керек деп ойлаймын.
- Достарыңыз көп пе?
- Досым көп менің, алыстан ғана сыйлайтын,
Өмірде мына өкпеге сені қимайтын.
Қасында жүрсем өсердей бірге беделі,
Пайдасы үшін түгендеп ұпай жинайтын.
Досым көп менің, есебін іштей ойлайтын,
Өтірік күліп, орайын тауып арбайтын.
Күн туса бәлкім, басыңа қиын іс түссе,
Табалап іштей сені іздеп тағы бармайтын.
Досым көп менің, бақ қонса сені ұмытатын,
Алыстан орғып, татырмай қояр дәм татым.
Көмегім қажет боп қалған кезде табылып,
Пірім деп келіп діңкеңді келіп құртатын.
- Тағдырыңызға ризасыз ба?
- Негізінен, менің тағдырым қиындықтарға толы болды. Әкеден де, шешеден де ерте айырылдым. Аға-жеңгенің қолында тәрбиелендім. Маған бір көріпкел: «Шыр етіп дүниеге келгенде сенің маңдайыңа басқа өмір жазылыпты, бірақ оны өзің өзгерткен екенсің. Сондықтан, кез-келген істе сенің жолың бола бермейді, кездескен қиындықтарды күресумен ғана өзің жеңіп отырасың», - деп еді. Бұл сөз шындыққа сая ма, жоқ па, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бірақ, менің басымдағы жайлы да, жақсы өмір үлкен қиындықтармен келетіні рас. Өйткені, кейде мен айтпаған сөз, мен ойламаған ой, мен жасамаған дүниелердің өзі өзгелердің қолымен істелінсе де, ақыр аяғында маған телініп жатады. Мен одан мойымаймын, керісінше, өзімді қайрап, ширап отырамын.
Әйел - отбасының ұйытқысы әрі ана болған соң, шығармашылықты қатар алып жүру де өте қиын. Халық алдында менің ақын, журналист болып қалуыма, талантымды танытуыма үнемі жолдасым қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарады. Сол үшін де тағдырыма ризамын.
- Сіздіңше, талантты адам қандай болуы тиіс?
- Талантсыз адам болмайды. Тек қана адам бойындағы сол талантты баптап, бағалап, сыртқа шығару керек. Жалпы, «талантты» деп өз ісіне мығым мемлекеттік қызметкерді де, аттың құлағында ойнайтын цирк адамын да, суретші, мүсінші, жазушыны да, әйтеуір көзге түскен басқа саланың өкілдерін де айтып жатамыз. Кей талантты қасақана елемей, өлтіреміз. Кей талантты мақтап, мадақтап өсіреміз. Бірақ, шынайы талант иесі - ол әділетсіздікке қарсы күресе білетін қайратты адам болуы тиіс. Әділдік бар жерде намыс, жігер, сана мен сезім бар. Адамды өзгеден артық көрсететін де осы қасиеттер.
- Әдемі әңгімеңіз үшін оқырмандарымыздың атынан рахмет айтамыз.
Нұржайна ШОДЫР.

