дейді Алмагүл Әлішева
«Кино – барлық өнерді тоғыстырған дүние» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында әншілік, әртістік, ақындық, шешендік сынды өнер түрлері жатыр. Алайда, павлодарлық жас әртіс Алмагүл Әлішева үшін кино деген құдірет актерлік және режиссерлік атты екі өнерді ұштастырған үлкен әлем болып табылады... Бүгінгі әңгімеміз кино және телеарна әлемін ұштастыра білген жас актрисаның шығармашылығы жайында болмақ.
2011 жылдың сәуірінде Ертістің Павлодар өңірінде «Қазақфильм» киностудиясы өнер тарландарының қатысуымен «Қазақ киносының апталығы» атты шара ұйымдастырғаны естеріңізде болар. Оның барысында павлодарлықтар назарына бірқатар отандық кинотуындылар ұсынылған болатын. Сөз жоқ, олардың қатарындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір белестерін арқау еткен «Балалық шағымның аспаны» фильмі баршамыз үшін ұмытылмас әсер қалдырды.
Әсем Алатаудың баурайын мекен қылған Әбіштің отбасы бір перзентке зар болып, әулиелердің басына түнеп жүріп, жаратқанға жалбарынып сұрап алған перзентінің атын Сұлтан деп қояды. Туындыда осы Сұлтанның (Елбасы) балалық шағы суреттелген. Асқақ Алатаудың бауырында өткен балғын балалық күндерінің бірінде алғаш ұшақты көрген ол жартастың басына шығып, биіктіктің не екенін ұғынады. Осыдан бастап бала жүректе көк жүзіндей биіктікке, асқар таудай асқар шыңға ерекше ұмтылыс орнайды. Осындай әсерлі сәттерден басталған фильмде Президенттің анасын сомдаған актриса қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың дүниеге келген жері - Кереку өңірінің тумасы екенін білгенде, бойымызды ерекше мақтаныш сезімі кернеген еді.
Хакім Абай өзінің жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады.… Біреуі білсем екен дейді» деген екен. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Алмагүл Әлішева бала кезінен-ақ білуге, айналасын тануға ынтық болған. Талапты қызын «өнер» атты бәйгеге өзі баптап қосқан анасы Әлияның айтуынша, ол қаршадай кезінен бастап, өзге балалар сияқты асыр салып ойнаудан гөрі, ән мен биге құмар болыпты. «Қызым үйге келген қонақтарды қаз-қатар тізіп отырғызып қоятын. Сосын алдарына шығып ән шырқайтын. Өнерінің есесіне ду қол шапалақ ұруды сұрайтын. Нағыз өнер адамы сияқты...», - дейді күліп.
Алмагүлдің өнерге деген ерекше ықыласы оны Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кинотану факультетіне түсуге жетелейді. Бүгінгі таңда оның «Ел арна» телеарнасында режиссер болып қызмет еткеніне бес жылдың жүзі болыпты. «Мен - Павлодар қаласындағы №19 мектептің түлегімін. Мектепті тәмамдаған сәтте мені «Кім боламын?» атты сауал мазалаған жоқ. Өмірім өнермен байланысты болатынына сенімді болдым», - дейді жас актриса.
Өнер - бәйге. Өнерде үнемі оқ бойы озық шабу міндет емес. Дегенмен, даралану керек-ақ. «Балалық шағымның аспаны» фильмінде қалың көрермен алдында Президенттің анасы - Әлжан ретінде танылған жас дарын өз актерлік шеберлігімен ерекшеленді. Өнер иесімен әңгіме барысында «Балалық шағымның аспанына» қалай келдіңіз? деген заңды сауал туындады. «Аталған фильмге дейін қазақ эстрадасы жұлдыздарының бейнебаяндарына, телеарнадағы кішігірім роликтерге түскенмін. Сол кездері маған «Бағымды неге үлкен кинокартинада сынап көрмеске» деген ой маза бермеді. Бақытыма орай, соның сәті туды. Осы кезде «Балалық шағымның аспаны» фильміне кастинг жүріп жатқан болатын. Әрине, сәл сенімсіздеу болдым. Неге десеңіз, фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш, басты рольдерде ойнаған Бибігүл Төлегенова, Ерлан Жарылқасынов, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова сынды өнер саңлақтарымен қатарлас тұра аламын ба деп қобалжыдым. Алайда, тәуекел атты желқайыққа мініп, сынақтан өттім. Міне, осылайша, Елбасының өміріне арналған киноға түстім», - дейді А.Әлішева.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Алмагүл қазіргі таңда телеарнадағы режиссер мамандығының қыр-сырын меңгеруде. Ол осы шығармашылық кәсіптің ыстық-суығымен біте қайнасып келе жатыр. Ал көгілдір экранның басқа жағындағы, яғни кинодағы ыстық-суық сәттер қандай болды екен? Алмагүлдің айтуынша, түсірілім алаңы мен телеарнадағы негізгі жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты. Бір анығы, екеуі де еңбекқорлықты талап ететін машақаты мол қызмет.
Аталмыш кинотуындыда Әлжанның келіншек кезіндегі бейнесін сомдаған Алмагүл үшін бұл үлкен кинодағы дебюттік роль екен. Соған қарамастан, жас актриса бір қолымен әлемді, бір қолымен бала тербеткен қазақ әйелінің бейнесін аша білген. Оның экрандағы әрбір қимылы, қозғалысы, көзқарасы, қазақ әйелінің бейнесін ашудағы шеберлігі еріксіз таң қалдырады. Алмагүлдің айтуынша, кез келген бейнені алып шығудың өзіндік қиындықтары бар. Ал, Елбасының анасын, жалпы қазақ әйелінің ролін сомдау жас актриса үшін нағыз шығармашылық сынға айналыпты.
- Әлжанның бейнесі менің рухани әлеміме өте жақын. Дегенмен, шынайы өмірімде бала бағып, ана атанбағандықтан, бұл роль мен үшін сәл алыстау болды. Сондықтан, өзімнің сүйікті анаммен үнемі байланыста болдым. Кинода Әлжан бейнесін нақышына келтіріп ойнауға бірінші кезекте анамның арқасында қол жеткіздім. Сонымен қатар, жанымда Бибігүл Төлегенова сынды киноның майталманы жүргенде, маған соншалықты салмақ түспеді», – дейді ол.
Өнер иесінен аталмыш фильмнің тұсаукесерінен кейін Елбасымен кездескен сәтте қандай сезімде болғанын сұрап едік. «Тұсаукесер рәсімінен кейін Президент кинода ойнаған барлық актерлермен кездесіп, алғысын білдірді. Елбасымызды күнде теледидар арқылы көреміз ғой. Ал, қасында тұрып, алғысын арқалау бір бақыт екен!», - деп ағынан жарылды ол.
Көрермен екі сағатқа жуық уақытқа созылған бұл туындыны бір деммен көріп, ерекше сезімге бөленгені сөзсіз. Себебі, онда қазақ ауылының сол кезеңдердегі тыныс-тіршілігі, ұлттық салт-дәстүрлері мен кең пейілді мінезі үйлесімді көрініс тапқан. Дегенмен, бұл - көгілдір экранның бер жағындағы қалың жұртшылықтың алған әсері. Ал түсірілім алаңында, кадрдың ар жағындағы Алмагүлдің осындай сезімі қалайша өрілді екен... Осы сауалға да жауап алуға асықтық. Алмагүлдің айтуынша, көрерменге көрсетілген фильмде кадрға сыйған да, сыймай қалған да көріністер болыпты. Жас актриса солардың ішіндегі бірнешеуі туралы тебірене айтып берді. «Алғашқы көрініс – Әлжанның ұлды болуының алдында көрген түсі болатын. Сол кадрды түсіруге Каспийге әне-міне деп барғанша қыркүйек айының аяғы болды. Сөйтіп, қара суықта екі күн теңіздің асау толқынымен «алысуға» тура келді. Бірінші күні сәтсіз ойнадым. Екінші күні режиссердің қайрауымен, қиындықты жеңіп шықтым. Есесіне екі күндік еңбегімнің тәуір нәтижесін экраннан көрдім. Ал фильм сюжетіне кірмеген көрініс – балам Сұлтанмен табиғат аясындағы серуендеп жүрген кезіміз. Сценарий бойынша, Сұлтан байқаусызда сарыбас жыланды ұстап алып, ойнап жүреді. Мен болсам, осы сәтте зәрем ұшып, әлгі жыланды лақтырып тастаймын. Ол қорыққаннан жылап жібереді. Сұлтанның көңілін аулау мақсатында мен би билеп, ән шырқаймын. Мен үшін бұл көрініс - ең әсерлі тұстардың бірі еді. Түсірілімге екі апта уақыт кетіпті», - дейді күліп.
Айтпақшы, Алмагүлдің киноөнердегі шығармашылық жолы осымен аяқталмайды. Ол жуырда ғана көрермендерге жол тартқан «Алдар Көсе» атты көпсериялы комедияда басты кейіпкердің жұбайы Айгүлдің ролін сомдады. Біз Отандық киноөнерде таныла бастаған жерлесіміз Алмагүл Әлішеваға «Сарыарқа самалы» газеті мен қалың оқырмандарымыздың атынан өнеріңіз өрге жүзсін деген тілек білдірдік.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері:
- Біздің түсіруші топ пен әртістер қауымы бұл фильмде Елбасының балалық шағымен қоса, қазақ халқының рухани байлығын, мәдениетін көрсетуге тырыстық. Кинотуынды Елбасының дүниеге келген кезінен бастап, оның ат жалын тартып мініп, азаматтық жасқа жеткенге дейінгі өмір жолын қамтиды. Фильм түсірілімдері Президенттің балалық шағы өткен Шамалған ауылында, әсем Алатаудың бөктеріндегі Үшқоңырда және Жетісу өңірінің Ұзынағаш елді мекендерінде өтті. Айта кететін бір керемет дүние, Н.Назарбаевтың анасын сомдаған Алмагүл Әлішева өзінің дарынын, қабілетін айқындап берді. Бұл оның үлкен кинодағы алғашқы ролі екен.
Рүстем ӘБДІРАШ, «Балалық шағымның аспаны» фильмінің режиссері:
- Жалпы, бұл фильмді түсіру ешкімге де оңай соққан жоқ. Президент - бүкіл жұртқа танымал адам. Оған ұқсас кескінді актер табуға біраз уақыт кетті. Фильмде Н.Назарбаевтың анасының жас кезін сомдайтын актрисаны іздеу де көп еңбекті талап етті. «Ел арна» телеарнасында істейтін Алмагүл есімді қызымызды байқап көріп едік, рольді сомдауға қабілет-қарымы жететінін танытты. Жалпы, фильмге Елбасының риза болғаны сондай, тұсаукесер соңында сахнаға шығып, бәрімізді құшақтап, құттықтады. Бибігүл апамызға: «Сіз енді бүкіл қазақ әжелерінің символы боласыз», - деді. Оның бала кезін сомдаған Елжасқа келіп: «Өскенде кім боласың?», - деп сұрады. Сонда кішкентай актер ойланбастан «Ұшқыш боламын!» деп айтқан болатын.

