МӘУЛІТ АЙЫ МҮБӘРӘК БОЛСЫН!

Аллаға - мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) – салауат!

 

Он сегіз мың ғаламға- сәруар болған МҰХАММЕД (с.ғ.с)!

Отыз үш мың асхабқа-сардар болған МҰХАММЕД (с.ғ.с.)!

Аш-жалаңаш жүргенге- қанағат берген МҰХАММЕД (с.ғ.с.)!

Үмбетіне рақым етіп, шапағат берген МҰХАММЕД (с.ғ.с.)!

Мәуліт – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың дүние есігін ашқан күні. Үмбет болып артынан ерген мұсылмандар Пайғамбарымызды үнемі жадынан шығармайды. Сондықтан да, қасиетті Мәуліт күні Пайғамбарымызды жүректерінде қайта жаңғыртып, Оған (с.ғ.с.) сансыз салауат айтып сәлем жолдайды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау - имандылығымыздың белгісі.

Екі дүние сардары, адамзаттың Асыл Тәжі - Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) адамзат тарихының дамуын күрт өзгертіп, рухани әрі қоғамдық салада ең ұлы төңкеріс жасады. Адамдардың ой санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады.

Соңғы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, күллі адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешуде еді. Адамгершілік қадір- қасиеті аяқасты етіліп, күштілер әлсіздерге әлімжеттік жасаған қараңғы дәуірде Алла Тағала сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық міндетін жүктеді. Мейірім мен мейірбандылықты, адамгершілік пен парасаттылықты, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез - құлықтың үлгісін паш етсін деп Оны (с.ғ.с.) күллі әлемге тек рақым етіп жіберді.

Құранға иман келтірген адам хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.), ал хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман келтірген адам Аллаға иман келтірген болып саналады. Құранға сенбеген адам хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) сенбеген, Аллаға иман келтірмеген болып саналады. Міне, нағыз мұсылмандықтың өлшемі осындай.

Құран Кәрімде «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» (Әнбия,106) деп айтылса, Алла Елшісі бұл Алла берген мейірімділік қасиетін паш ету үшін бүкіл өмірін сарп етті. Пайғамбарымыздың рақымдылығы - тек адамзатты ғана емес, барлық болмысты қамтыған және әлі де қамтып келе жатқан, бұдан кейін де қамти берер терең сүйіспеншілік болмағы әмбеге аян ақиқат.

Алла Елшісінің барша мұсылман, күллі адамзаттың жүрегінен жеке-жеке орын табуының өзі Оның (с.ғ.с.) нағыз Пайғамбар екендігінің айқын дәлелі болса керек. Он төрт ғасыр өтсе де, арғы-бергі тарихтағы ұлы тұлғалардың арасында аты жеке-дара аталатын хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) даңқының қияметке дейін сөнбейтіндігіне күллі ғалам куә. Ол өзі өмірден озғанымен, үмметіне қалдырған хадистері әлі күнге халық жадында. Іс-әрекеті мен қимыл-қозғалыстары да дәл көзі тірі кездегідей үмбетіне жол сілтеп келеді. Арада қаншама ғасыр өтсе де, Оның сүннеті Құранмен қатар мұсылмандардың шабыт қайнарына айналды.

Хазіреті Мұхаммедтің ұлы тұлғасын мұсылмандар ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу ынсапты басқа дін мен мәдениет өкілдері де мойындап, бас иді. «Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе өлшенсін, бірақ, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығынан ұлы пенде жоқ» (Ламартин). «Біздер, Еуропа халықтары, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес» (Гете). «...Егер дүниеде халықты дін қағидаларымен соңынан ерте білген біреу болса, ол - Мұхаммед. Ол ешқашан өзін асыра бағаламады. Пайғамбар болу еш күмәнсіз оған тән еді. Қазір оның өмірі мен асыл мұратын түсінген кім болса да оның ұлылығына бас иері сөзсіз...» (А.Бесант). Осылай көптеген тұлғалардың сөз тізімін санамалап жалғастыра беруге болады. Мәселен, даңқты қолбасшы Бисмарк «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін... Адамзат сен сияқты ерекше тұлғаны бір-ақ рет көрді, бұдан кейін көре алмайды. Мен сенің алдыңда құрметпен бас иемін»,- дейді. Шын мәнінде хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірімен жете танысып, жүрек пен санаға тигізген әсерін ой елегіне салып зерделеген жан Оның пайғамбар екенін сөзсіз мойындайды.

Пайғамбарымыздың өмірі жайында мәліметтер көп-ақ. Олардың әуелгісі Жаратушының жарлықтарын қамтыған қасиетті Құран Кәрім, содан кейінгісі хадис кітаптары, «арабтардың архиві» саналған өлең-жырлар, пайғамбарымызды қатты жақсы көрген кісілердің өздерінен кейінгі буынға мұра етіп жеткізген ауызша хабарлары. Соңғы Пайғамбар жайындағы негізгі қайнар көздер мен оқиғаларға куәлік еткен мәліметтердің мұнша көптігі одан бұрынғы және кейінгі ешбір тұлғада кездеспейді.

Адамзат тарихы ешқашан билеуші, даңқты жаулаушы, танымал реформатор, ұлы тұлғалардан кенде болған емес. Алайда, олардың әрбірі өз саласында ғана көзге түскен. Ал осы қасиеттердің барлығы бір ғана тұлғаның бойында жиналуы өте сирек оқиға, тіпті болған да емес.

Уақыт өткен сайын тарихта өмір сүрген мемлекет басшылары мен қоғам көсемдері жайлы естеліктер уақыттың қатпарында қалып шаңға көміліп жатса, жаңаша лебіздер мен хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік күн сайын жаңарып, жаңғыра түсуде.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау – имандылығымыздың белгісі. Өйткені, Құранда Аллаһ: «Шынында да Алла мен Оның періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» (Азхаб,36), - деп бұйырған.

Пайғамбарымыз өзіне салауат айтудың маңыздылығын былайша білдіреді: «Қиямет күнінде маған ең жақын болған кісі - ең көп салауат айтқан адам» (Тирмизи).

«Кім маған бір салауат оқыса, Алла оған он рақым мен сый береді» (Нәсәи).

«Жер бетін аралайтын Алланың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді» (Нәсәи).

Қазіргі таңда қандай бір мұсылман елі болмасын Хақ елшісін (с.ғ.с) естеріне алып, жадында ол жайлы мәліметтері мен білімдерін жаңғыртуы үлкен қажеттілік. Әрі халықтың бір жерге жиналып, Мәулітті атап өтуі – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағынышын, сүйіспеншіліктерін арттыра түседі. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске алу - мұсылман қауымын Алла Тағалаға лайықты құл, оның елшісіне (с.ғ.с) ақыретте мақтан тұтарлық үмбет болдым ба деген ойға жетелеп, мұсылмандығына қайта көз тастауына сеп болары сөзсіз. Мұсылмандардың осындай игі мақсат үшін бір жерге жиналуы - араларындағы бауырластықтың күшеюіне де жол ашады. Адамзат баласын жақсылыққа шақыратын мұндай іс-шараның пайдалы екені, ал әрбір пайдалы да сауапты іс-әрекетті Ислам дінінің қолдайтыны баршамызға мәлім.

Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Сондықтан, Оның (с.ғ.с) дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі - артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Біз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, Оның (с.ғ.с.) тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Бізге ғайып болған ақыреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүниелерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі - мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Ал қуанышты бөлісудің, оны белгілі бір жүйемен көрсетудің, Алла Тағаланың жақсылығы мен нығметіне шүкір мақсатында белгілі дәрежеде мерекелік шара ұйымдастыру жақсылық қана.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуін мереке ретінде атап өту - ең әуелі Алла тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады. Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау әсте мүмкін емес. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мына әлемнің теңдессіз ұлы ұстазы. Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа мына ғалам атты алып кітапты дұрыс оқуды үйретті. Ғаламның бостан - босқа жаратылмағандығын, ондағы әрбір нәрсенің Ұлы Жаратушыдан сыр шертетін әсем де терең мағыналы кітап екенін түсіндірді. Яғни, мына ғалам осы Ұлы Ұстаздың (с.ғ.с.) арқасында түсінікті алып кітапқа айналды. Егер Ол (с.ғ.с.) келмегенде, ғалам атты бұл алып кітап түсініксіз күйде қалар еді. Ал ондай түсініксіз, иесінен хабар бермейтін мағынасыз кітаптың қажетсіз екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, ғалам атты алып кітапты түсінікті кітапқа айналдырған Ұлы Ұстаз (с.ғ.с.) үшін қандай да құрмет көрсетуге лайықты болмақ.

Әртүрлі зиянды яки пайдасыз мерекелер көптеп аталатын бүгінгі қоғамда, саналуан жолдармен ділімізге, салт-санамызға жат ұғымдардың барынша жарнамаланып жатқан қиын да, қым-қиғаш мына заманда Мәуліт мерекесіне «бидғат» деп қарсы шықпай, оны жастарымыздың, жалпы халқымыздың имандылығының артып, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікті нығайту үшін бар мүмкіндікті пайдалана білуіміз керек.

Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні - тек ән салып, ішіп-жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Оның (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, Исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани мереке екенін ұғынғанымыз жөн.

Хақ Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) шынайы үмбет болуды нәсіп еткей! Әмин!

 

Нариман ИСЕНОВ,

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28
30 31