АҚ КӨГЕРШІН

 

СӨЗ БАСЫ

     Қандай жағдайда болмасын - алаңсыз бейбіт күндерде де, қаһарлы соғыс жылдарында да – көңіл көтеріп, бір серпілгісі келген адамдар той-томалаққа, ойын-сауыққа құштар болады. Ондайда ән шырқалмай қоймайды. Өйткені ән – көңілдің ажары. Орындаушысы келіссе, ән тыңдау – рахат дүние. Ұлы Абай: «Құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күй» деп тегін айтпаған.

    Атақты Жаяу Мұса әулетіне сонау отызыншы жылдары келін болып түскен сұңғақ бойлы, қыпша бел, сұлу қыз Мәйда құлпырып кеткен. Өзінің сүйіп қосылған жігіті Орханға тұрмысқа шыққаннан бері табиғат берген тамаша дауысы ашыла түскендей. Бақытты жұбайлық өмір шығармашылық шабытын еселеп, әсем әнімен той көркіне айналған. Енді ол Жаяу Мұса әндеріне ғашық болып, жиналған қауым алдында бұл әндерді орындауға асығады...

 

ӘКЕ

    Тағдырдың берген сыйы – олар бір-бірін кездестіріп, отбасын құрған. Екеуі көшеде қатар келе жатқанда өзге жұрт оларға сүйсіне қарайды екен. Туу, Орхан жігіттің сырттаны ғой! Ал Мәйда – қазақтың нағыз сұлу қызы! Екеуі де сұңғақ бойлы, қолтықтасып келе жатқаны сондай жарасымды болатын.

    Жаяу Мұсаның Анна деген қызынан туған жиені Орекең өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адамы болған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкесі Дүрман биден үлгі алып, кезінде партия-кеңес ұйымдарында жауапты қызметтерді мінсіз атқарған.

    Ұлы Отан соғысы басталғанда қолына қару алып, жауына қарсы шайқастарда ерлік көрсеткен ол үйге жауынгерлік мол марапаттармен оралады. Енді қайтадан бейбіт еңбекке араласады. Содан зейнет жасына келіп, заңды еңбек демалысына шыққан ол «асарымды асадым, жасарымды жасадым» деп қол қусырып отырмай, жас ұрпаққа өмір жолынан мысалдар келтіріп, тәрбие жұмысымен айналысады. Орекеңді көрген жұрт қашанда алдында жаюлы кітап пен газет-журналды оқып отыратынын айтады. Көркем әдебиеттен оқып, тоқығанын, өмірлік тәжірибесін өзінің соғыстағы және бейбіт өмірдегі бастан кешкендерімен байланыстыра отырып, әңгімелегенде тыңдаушысын әсерге бөлеп, ұйытып тастайтын. Орекең артына рухани мұра қалдырды. Ұлы Темірханның үйінде бір шабадан қолжазба мен кітап бар. Бұл – отбасылық қымбат жәдігер.

 

АНА

    Үлкен әулет келіні, тоғыз баланың анасы, көптеген немере мен шөберенің әдемі әжесі Мәйда бақытты жан болғаны анық. Бірақ армансыз адам бола ма?. Сол кезде тұрмыстың ауырлығы, білім алуға жағдай болмауы, әртүрлі себептер терең білім алуға, мамандық үйренуіне мүмкіндік бермегені де анық. Шіркін, анамыз оқыса, білім алса, қандай болар еді! деген балаларын түсінуге болады. Табиғатынан алғыр, дарынды, өнерге бейім жанның болашағы зор болушы еді деген өкініш қой. Сөйтсе де ол талпынып, білім алды, зеректігі арқасында дүниеде болып жатқан өзгерістерді жіті қадағалап, хабардар болды. Ең бастысы үлкен отбасының анасы болды. Ал бұл - өмірде әйел адам үшін ең үлкен бақыт екенін айтқан жөн.

    «Қырық жыл байлық, қырық жыл кедейлік жоқ» дегендей, адам өмірі әрдайым бір деңгейде болмайды, бірде жақсы, енді бірде жаман кезді бастан кешеді. Кеңес өкіметінің ерекше қаталдығы ғой, соғыста Отан үшін қанын төксе де, Орханды қызметте қате жіберді деп, сонау «итжеккенге» айдатады. Біз әйел адамдардың ерлері үшін әрқашан ерлікке баратынын тарихтан, көркем әдебиеттен жақсы білеміз. Мәйда да осы биіктен көрінді: жолдың қашықтығына қарамай, (ол кезде қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ), Иркутскіге Құдай қосқан қосағын көремін деп пойызға отырып аттанатын. Құлындарым әкесін сағынып жүр ғой деп, балалары Темірхан мен Бикешті қасына ерткенін осы күнге дейін жұрт жыр қылып айтады.

 

ҚОНАҚ

    Қазақы шаңырақ Орекеңдердің үйінен кісі үзілмейтін. Жай күні де, мереке күні де дастарқан жиі жайылатын. Шіркін Мәйданың мол дастарқаны-ай! деп жасы үлкен ағалар риза болып, ақ батасын беретін.

    Павлодарда Жаяу Мұсаның ұрпағы тұрады! деп, Жаяу Мұса туралы шығарма жазып жүрген белгілі қаламгерлер, Жаяу Мұса әндерін шырқап жүрген күміс көмей әншілер ат басын тірейтін. Ағайындас інісі атақты ақын Олжас Сүлейменов, үлкен жазушы Зейтін Ақышев осы үйдің төрінде отыратын. Сол жетпісінші жылдар ортасында Қалижан Бекқожин, Бердібек Соқпақбаев сияқты тағы басқа қазақ әдебиетінің классиктері осы үйдің құрметті қонағы болған. 1985 жылы Орхан мен Мәйданың қосылып, отау құрғанына 50 жыл толды. Балалары дүрілдетіп алтын тойды өткізді. Есте қаларлық бұл тойға ақиық ақын Ғафу Қайырбеков бастаған қаламгерлердің қатысуы тойды тіпті ажарландырып, қызықты еткен-ді. Міне, осыдан Орхан мен Мәйданың шығармашылыққа үйір жандар болғанын, еліміздің атақты ақын-жазушылары бұл кісілерді сыйлап құрметтегенін байқаймыз.

 

БАЛАЛАР

    «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халқымыз. Осындай озық ойлы, ұлтжанды ата-анадан тәрбие алған балалары өнер мен білімге құштарлық көрсетті. Бекзаттық қасиетті бойларына сіңірді. Балалардың үлкені Гүлбаршын ұлағатты ұстаз болды. Одан кейін журналистика саласында жемісті қызмет етті. Темірхан – заңгерлік мамандықты таңдап, ішкі істер органдарында абыройлы болды. Бикеші мәдениет саласын таңдап, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейін ұйымдастырған алғашқы директор болды. Алматыдағы Мұхтар Әуезов мұражайында директордың орынбасары болып қызмет етіп, ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын белсенді насихаттаушы болды. Аз жасаса да халқымыз үшін көп еңбек сіңірген Бикешті жұртшылық қастерлеп еске алады. Әнуза, Бибігүл, Жұмахан, Уәлихан, Айдархан сияқты балалары өмірден өз орындарын тапты. Жаяу Мұса Дүрманов есімді ұлы облысқа, одан тыс жерлерге мәлім журналист еді. Әттең, өмірі қысқа болды.

    Балалар үйленіп, тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болды. 1987 жылы Орекең қайтыс болып, ол көрмеген қызықты Мәйда көрді. Қайтыс болған сүйікті қызы Бикештен туған Рүстемнің үйлену тойын көрсем екен деп тілейтін. Алла тілегін қабыл алып, былтыр Рүстемнің үйлену тойына қатысты, балаларына ақ батасын берді.

    Ақ жүзі айналасын нұрландырған, кең жүректі, үнемі жанары мейірімге толы, даусы тыңдай бергің келетіндей әдемі Ананы ұрпағы шын сүйді. Биыл 95 жасында қайтыс болғанда ұрпағы, жалпы қалың ағайын арулап жерлеп, қимай қоштасты.

 

СӨЗСОҢЫ

     -Мәйдажан, ән сал! Әніңді сағындық, дейтін тойға жиналған жұрт қолқа салып.

    Мұндайда, жайсаң жандардың ортасында, бұлданатын Мәйда емес. Дереу Жаяу Мұса атасының «Көгершінін» шырқай жөнеледі.

    Мәйданың әнін естіген де арманда, естімеген де арманда.

    Жаяу Мұсаның «Көгершіні» құлақтан кіріп, бойды алып, жүрекке жол тауып барады. Шіркін өнер! десеңізші.

   Әнші Мәйданың өзі де өнер көгінде еркін самғап ұшқан ақ көгершіндей еді!

Ө.РҮСТЕМОВ.


 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31