Күркелі ауылының жұртшылығы асыл дінімізге ақ-адал ниеттерін танытты
Жан сарайымызды рухани қуаныш пен нұрға бөлеген Алла Тағаланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың дүниеге келген айы - Мәуліт Күркелі ауылында барынша сән-салтанатпен атап өтілді. Баянауыл ауданына қарайтын бұл елді мекеннің тұрғындары ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан асыл дініміздің ұлық мерекесіне осылайша өз сүйіспеншіліктері мен қуаныштарын білдірді.
Ауыл тұрғындары Мәуліт тойына жыл басынан тыңғылықты әзірленген екен. Ауыл имамы Рүстем Әбдиевтің бастамасымен қолға алынған игі іске әр шаңырақ өз үлесін қосуға тырысыпты. Шараны жақсы деңгейде өткізу үшін азаматтар ортақ қазанға қаржы жиып, сән-салтанатпен қоса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне арнап ас берді. Осы жерде туып-өсіп, бүгінде бірі қызмет, бірі оқу жағдайымен сыртта жүрген ел азаматтары да тойға барымен мүбәрак айта келді. Ислам дінінде қалыптасқан дәстүрдің жалғастығын тауып, оның жаңа заманға сай ерекшелініп өткізілуінің өзі өсіп келе жатқан жас буынға айрықша әсер еткендігі де айқын.
Күркелі клубына жиылған жұртшылықтың қарасы қалың болғаны соншалық, ине шаншар жер болмады. Аудан имамы Саян Арыстанұлы шараның тұсаукесерін жасап, жеткіншек намазхан Әділет Әбди пайғамбарымыздың аруағына құран оқыды. Атап өтерлігі, осыдан біраз жыл бұрын ашылған ауылдық мешітте былтырдан бастап арабша курс жұмыс істей бастаған. Онда бүгінде елудей жасөспірім діни сауаттарын ашуда. Ауыл жастарының көбісі имандылық жолына түсіп, жас буын арасында рухани тәлімі мол шаралар жиі ұйымдастырылады. Мерекеде шәкірттер діни хадистер оқыды. Алла Тағала ұлықталып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар айтылды. Діни әуендерді нақышына келтіре орындаған балалардың өнеріне халық дән риза болды.
Ауыл ақсақалы Нығмет Жәмінов Мәуліттің бұл ауылда осындай деңгейде аталып өтілуі тұңғыш рет орын алып отырғандығын айтып тебіренді.
- Жас ұрпақтың санасына рухани және имандылық тәрбие негізін сіңіруде Мәуліт мерекесі өте сәтті қадам болды. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі әрі сардары Мұхаммед пайғамбарымызды ұлықтау арқылы өз діни сенімімізді бекіте түсеміз,-деді Нығмет қария. – Мұндай ауқымды шараның өткізілуі - ауылдағы ағайынның бірлігі мен ынтымағының, қазақы қаймағының бұзылмағанының көрінісі. Оны ерекшелеп тойлауға мүмкіндік алғанымыз қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасы. Ауыл имамы Рүстем баламыз - жұртты имандылыққа шақырып, дінге ұйытып отырған елге сыйлы азамат. Жас та болса, үлкен іске бас болған оған ақсақалдар атынан шексіз алғысымды айтамын. Алла қаласа, Мәулітті жыл сайын атап өтілетін дәстүрге айналдырамыз.
Ауыл әкімі Ерғанат Ысқақов пен аудандық мәслихаттың депутаты Теміртай Әбиев те өнегелі шараның қоғам үшін аса пайдалы екенін жеткізді. Жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі жағымсыз жағдайлардан сақтануға шақыру - ел ішінде кездесіп жататын түрлі ерсі қылықтардың алдын алатыны анық.
Сәулеті алыстан көз тартқан ауыл мешітіндегі асқа төрт жүзге жуық адам жиналды. Мұнда құран оқылып, уағыздар айтылды. Мерекеге жиналғандардың дені - жастар. Олар ақ-адал ниеттерін танытып, Алла үйіне бағалы сыйлықтар тарту етті.
Астан соң, ауылдықтар өңірімізге танымал айтыскерлер – әкелі-балалы Жұмкен және Тілек Сейітовтердің діни айтысын тамашалады. Ауыл мектебінің мұғалімі Асхат Семеев жастар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырды. Гир тасын көтеруде Д.Қайкен, Д.Әбдікәрімов, А.Семеевтер мықтылықтарын танытты. Ал қол күресте біленіп шыққан білекті жігіттердің арасында гир тасын дөңгелетуде де алдына жан салмаған Д.Әбдікәрімов жеңімпаз атанды.
Мереке соңында ауыл ақсақалдары мен жергілікті имам той-думанды ұйымдастыруға атсалысып, қолдау білдірген ел азаматтарына алғыстарын айтып, бірқатарының иығына шапан жапты.
Асыл дініміздің құндылықтары ұлықталған діни шара ел есіңде ұзаққа сақталып, ағайынның басы қосылған жерде айтыла жүретіндей мағыналы да сәнді өтті.
Мұрат АЯҒАНОВ,
Баянауыл ауданы,
Күркелі ауылы.

