ЕЛДІК НЕГІЗДЕРІМІЗДІ НЫҒАЙТАЙЫҚ

       Қойшығара Салғараұлы – жазушы, тарихшы. Шығармашылық еңбек жолын журналистикадан бастаған. Тұңғыш «Ілгешек» атты сатиралық өлеңдер жинағы 1966 жылы шықты. «Сол бір күндер», «Үбедей», «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Қазақ – қазақ болғанға дейін» (І кітап), «Қазақ – қазақ болғаннан кейін» (ІІ кітап), «Ертеңі бар ел боламыз десек», «Түрік әлемі», «Ұлы қағанат», т.б. повестері, романдары мен тарихи танымдық кітаптары жарық көрген. Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері - бүгін «Сарыарқа самалы» газетінің қонағы.

       - Қойшығара аға, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 20 жыл толғалы отыр, жуырда ғана Ата Заңымыздың  15 жылдығын атап өттік. Талай ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың армандаған арманы осы емес пе еді, ендігі кезекте нені армандап, не тілеуіміз қажет?

- Бәрі жақсы: Жаратқан иеміз жар болып, көктен тілегеніміз жерден табылды; бодандық бұғауынан босанып, бостандыққа қол жеткіздік; ата-бабамыз жете алмай, ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіздікке біз ие болдық.

       Бұрын еліміз «Қазақ республикасы» деп аталғанымен, қазақтың Қазақстанда ештеңеге билігі де, иелігі де жоқ еді. Өз елімізде, өз жерімізде өгей баланың күйін кешіп, кірмедей кіріптар едік. Бар билік отарлаушылардың қолында болды, солар не бұйырса, соны бұлжытпай орындауды ғана білдік. Бәріміз – бастық болғанымыз да, бағынышты болғанымыз да, түгелдей отарлаушының айтқанын қалт жібермей, жарыса жақсы орындаушы болуға жан салдық. Адамдығың да, азаматтығың да тапсырманы қалай орындауыңмен бағаланатын заманда басқаша болу мүмкін емес еді.

       Енді, міне, соның бәрі өзгереді. Қазақстанда бар билік қазақтың қолына көшеді; әлеуметтік тірлікте де, саясатта да, экономикада да түпкі нәтиже қазақтың мүддесі тұрғысынан шешіледі; ардақты ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, елімізде тұратындар бұрынғыдай басқа тілде сайрағандарын қойып, жаппай қазақ тілінде сөйлейді, сөйтіп тарихқа кеткен есеміз қайтып, кетігіміз бүтінделіп, кемтігіміз толады деп қуандық. Сол қуаныш құшағында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үмітімізді үкілеп, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырсақ деген ниетпен езілген еңсемізді тіктеп, басылған көңілімізді көтеріп, сонымызбен өзгелерге Егемен ел екенімізді көрсетпек болып, біраз думандатып, той тойлап бақтық.

       Алайда ешкімнің ырқына көнбейтін қатал Уақыт көп ұзатпай-ақ тойлауменен іс бітпейтінін, сонымен бірге ойлаудың, ел болып ойласудың қажеттілігін алға тартты. Егемендігімізді жариялап, Тәуелсіздігімізді алдық дегенімізбен, шынайы дербес ел болып, тәуелсіз тыныстау үшін әлі де табандылық пен біліктіліктің қажеттігі күн өткен сайын айқындала түсті. Шын еркіндікке жету үшін әлі талай уақыт керек екенін де түсіне бастадық.

- Тәуелсіздікке қол жеткіздік дедік, енді осымен өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымыз табылып орны толды ма?

- Құдайға тәуба, қазір, міне, дербес тәуелсіз ел болғанымызға 20 жыл! Қазақ деген атымыз әлемге танылды. Жылдан жылға әлеуметтік жағдайымыз жақсарып, экономикамыз өрге басып келеді. Кешегі күндері қалжырап қалған ауылымыз әл жинап, қалаларымыз қаптаған құрылыс алаңына, көшелеріміз керемет көліктердің көрмесіне айналды. Енді, міне, әлемнің бәсекелестікке қабілеті бар елу елінің қатарына енуді мақсат тұтып, сол бағытта еңбектеніп жатырмыз.

       Мұның бәрі – жетістік, мұны көрмеу – «көрмес түйені де көрместің» кебі болмақ.

        Алайда барды бар деумен бірге, жоқты жоқ деу де шындық жолы екенін естен шығармау парыз. Өйткені, шындық жолынан ауытқып, көзге түсудің күпіршілігімен, жоқты жасырып, бардың бағасын асырып, азды-көпті жетістігімізге желпініп, өрекпи беру де өрге бастырмайды. Оның орнына төңіректе болып жатқанның бәріне байыппен қарап, жеткенімізді естілікпен жетілдіре отырып, кешегі бодандықтың бодауына кеткен құндылықтарымызды түгелдей түгендеп, халықтық қасиетімізді қалпына келтіріп, қазақтың әлемге таныла бастаған атына заты сай ел болуы қажеттігін қаперден шығармай, әр сәтті игілікке айналдыру қамында болғанымыз абзал. Біз сияқты жоғалтқаны көп халыққа басқаша болу – жақсылық әкелмейді.

        Жоғалтқанын түгендеу, тарихқа кеткен есесін өзге емес, өзі үшін қайтарып, қалпына келтіру - өмір қажеттілігі, тәуелсіздікке ие болған халықтың тарихи даму логикасы. Оны тежеуге, кешеуілдетуге, әдейі көрмегенсуге болар, бірақ тарихи даму үрдісін тоқтату мүмкін емес. Бұл – жекелеген адамдардың санасынан тысқары, тәуелсіз жүретін объективтік құбылыс. Оның негізгі сипаты мен болмыстық ерекшелігі белгілі бір кеңестік уақытындағы сандық көрсеткіштердің сапалық көрсеткіштер жүйесіне көтерілуімен өрнектеледі.

        Өзгерістер астарында қарама-қарсылықтың күресі жатыр деп түсінген абзал. Өзгерістің өміршеңдігі, әрекетшілдігі – ұлт рухының ішкі динамикасының көрінісі.

        Осы тұрғыдан келгенде, басшыларымыздың да, басқаларымыздың да қатты ойласуымызға тура келеді. Өйткені алда әлі түйіні шешілмеген түрлі мәселелер, тындырымды жауабын тілейтін сұрақтар тұр.

- Тарихтың жаңа кезеңі басталды. Тәуелсіздік алғанға дейінгі адамнан қазіргі жаңа заманның таңы атқандағы адамның айырмашылығы бар ма?

- Адам - өзі өскен ортаның жемісі. Біздің таным-талғамымыз, арман аңсарымыз, ар-ожданымыз сол өзіміз ішінде өмір сүрген, тәрбие алған қоғамдікі. Сондықтан адамның тәрбиені бала кезінен қай қоғамнан алса, сол қоғамда өмір сүруді қалауы, сол қоғамның мақсат-мүддесіне ортақтас болуы - табиғи заңдылық. Олай болса, бүгінгі билік басында жүрген, тілі орысша шығып, орыс мектебінде оқып, орысша тәрбиеленген, орысқолды ортада өскен кеңестік қоғамның перзенттерінің түрлері қазақ болғанымен, болмысының қазақы тірлікпен үйлесім таппай жатуы да заңдылық еді. Сондықтан олардың қазақ ұлтының ұлттық құндылықтарының қасиетін жанымен түсініп, оны қалпына келтіруге құлықты болуы да мүмкін емес-тін. Болмысында жоқ қазақшылдықты олар қайдан табады. Олардың аңсары – Еуропа, арманы - өркениет. Ілгерілеудің, өркендеудің озық үлгісі тек солар деп біледі. Олардың Тәуелсіздіктің алғашқы ауыртпалықты жылдарында жағдайды пайдаланып, айтысып-тартысып жүріп, бұрынғы қалыптасқан «Қазақ республикасы» деген ел атын «Қазақстан республикасы» деп өзгерттірулері де - осының жарқын бір айғағы.

        Мұндай жағдайда, қазақтың әйгілі перзенттерінің бірі – Мұстафа Шоқай айтқандай, ұлтқа қызмет етудің, халықпен тіл табыса білудің тиімді жолын табуға тиіс зиялылар қауымы болуы керек. Өйткені халық мүддесінің жанашыры әрі жоқшысы – зиялылардың елдік іске бағыт-бағдар беріп, жөн-жоба көрсету арқылы билікке – кеңесші, көпке – жетекші міндетін атқарып, елге ес болуы - табиғи құбылыс. Бірақ, өкінішке қарай, бізде Тәуелсіздік алған кезде елдік мұратқа басшы болар ондай зиялылар қауымы жоқ болатын. Өйткені ұлттың халқы түгелдей орындаушы құлға айналдырылған елде зиялылар қауымының болуы да мүмкін емес-тін. Себебі, төл халқы елдің де, жердің де иесі өзі екенін және оның болашағына да өзі жауапты екенін толық сезініп, бар іс-әрекеті соған сай жасалынатын тәуелсіз елде ғана зиялылар пайда болып, уақытпен бірге дамып жетіледі. Сондай зиялылар арасынан кейін бар ғұмырын халық ісіне арнаған, халықтың игілігі үшін басын бәйгеге тігіп, жалтақсыз күресетін жекелеген қайраткер ұлт көсемдері шығады. Ел ұрпағы соларға еліктейді, елге солардай қызмет етуге ұмтылады. Осылайша зиялылық дәстүр қалыптасып, елдің басынан кешкен жақсы-жаман жағдайларына қарай бірде күшейіп, бірде әлсіреп, бірақ сабақтастық желісі үзілмей жалғаса береді.

         Ал біз болсақ, Тәуелсіздік алған тұста бодандық тарихы 260 жылға созылған отар ел едік. Ел отарланып, халқы құлға айналған, яғни елінің, жерінің қамын ойлаудан қалып, тек билеушілердің тапсырмасын орындауға мәжбүр болған тәуелді елде зиялылардың орнына әрқайсысы өзі жұмыс істейтін саланың қыр-сырын меңгерген іскер, білікті мамандар ғана пайда болады. Оларға тапсырманы асыра орындағанына және атқарып жүрген кәсібін жетілдіруге сіңірген еңбегіне қарай баға беріліп, ерекшеленгендері отарлаушы елдің жоғары атақтары мен наградаларына ие болады, есімдері елге танылып, өз елінің құрметті азаматтарына айналады. Кешегі Қызыл империяның тұсында мұндай атақ-абыройға бөленген ағайлар мен апайлар бізде де аз болған жоқ.

          Алайда бұлар тәуелді елдің сорпа бетіне шығар атақты азаматтары атанып, оларға «ұлт элитасы» деген айдар тағылғанымен, тіпті солардың арасында іштей ұлтына жаны ашып, тілеулестік танытатын бірлі-жарым зиялы тектісі болғанымен, олар шын мәніндегі зиялы қауымға жатпайтын. Оларды зиялылар қауымының санатына жатқызып, «ел қамын ойлайтын Едіге» ретінде қабылдауды санаға зорлықпен сіңірген кешегі кеңестік идеология болатын. Бұлай істеу, яғни өздерінің «отарлау саясатын ел халқы түгел қолдап отыр» деген ұғымды тудыру үшін оларды халық атынан сөйлету отарлаушыларға аса қажет болды. Өйткені мұндай қолдан жасалған «зиялылардың» өздерін қолпаштап отырған билікті бар ынты-шынтымен қолдап, сойылын соғатынына олар сенімді еді. Зауқайыр олардың арасынан сойылын соқпайтындар шыға қалса, оның ретін тауып көзін құртатын. Соны білгендіктен ондайлар амалсыз іштен тынып, үнсіз қалып, сонысымен қолдаушылар санын көбейтетін. Қазіргі біздің «зиялылар қауымы» деп жүргеніміз - осындай жағдайлар негізінде қалыптасқан зиялылар. Соның салдарынан «зиялы» сөзін біз қазір халықтық ортақ түсінікте отарлаушылардың «интеллигенция» деген сөзінің баламасына айналдырып жібердік.

          Интеллигенция – латынның «ойлай алатын», «түсіне алатын», «ақылды» деген мағынаны білдіретін intelligens сөзінен алынып, «күрделі шығармашылық жұмысқа, мәдениетті дамыту мен таратуға басымдық беру арқылы ой еңбегімен кәсіби айналысатын адамдардың қоғамдық тобына берілген атау». Бұл – ғылыми анықтама. Ал халықтық ұғымда «интеллигенция – елдің оқыған, мәдениетті адамдары» дегенді білдіреді. Бұған бақсақ, мысалы, бүгінгі жоғары оқу орындарын бітіріп, белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істеп жүргендердің бәрін интеллигенцияға жатқызуға болады. Солай деп жүрміз де. Қазіргі «зиялы қауым» деп жүргеніміз де солар. Оларды «ауыл интеллигенциясы», «қала интеллигенциясы» деп бөліп жататыны тағы бар.

- Ал сонда зиялы қауым, ұлт зиялылары деп кімдерді атаймыз?

- Қазақтың таным-түсінігіндегі зиялы ұғымы интеллигенция ұғымынан басқаша. Ол бойынша: ұлт зиялысы дегеніміз сол өзі шыққан ұлттың бар жақсы қасиетін бойына сіңірген; кісілік парасаты биік; халқының мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қойып, саналы ғұмырын соған қалтқысыз қызмет етуге арнаған; ұлттық дамудың мүддесін көздейтін әлеуметтік мұраттарды алға шығарып, қолдап, қорғап отыратын; осы жолда кездескен қиындыққа қаймықпай қарсы тұрып, қажет болса мақсатты ісінің жолында күресіп, құрбандыққа бара алатын, рухы биік, ары таза, қайраткер адам. Қарапайым жұртшылықтың зиялыларды «ұлттың ақыл-ойы, ұяты, ар-ожданы» деген ұғымда қабылдайтыны да, жаны қысылғанда ес болар зиялысын іздейтіні де содан. Ал «зиялы қауым» дегеніміз осындай зиялы адамдардан құралған шоғыр.

        Зиялылар қай заманда да көп болмаған және ұлттың дамып, өркендеуіне қарай көбейіп, құлдырауына қарай азайып сапалық өзгеріске ұшырап отырған. Өйткені құлдырау қиындығы бұрынғы зиялы аталғандардың өзін екшеп, «бидайықтың көл жайқаған жалғыздарын» ғана қалдырған. Халықтың жол бастар серкесі де, ел бастар көсемі де, міне, осылардан шыққан.

         Осы арада айтылғандардың ақиқаттығын сезіну үшін Сәкен Сейфуллиннің ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде жазған: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлттық намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманындағы жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмаш болып, кейбірі арларын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды» деген ойын қайталай еске салсақ, зиялыға қойылар талаптың мән-мағынасын түсіну онша қиындық туғызбаса керек.

         Кеңестік заман жұқтырған дерттің бірі  дұрыс ниетпен айтылған ойды бұрмалап, бұрысқа шығарып, бос сөзге айналдырып жіберу еді ғой. Осы орайда осындай тәрбиеден шыққан кейбіреулердің ізгі ойымызды теріске бұрып, «отарланған елде зиялылар қауымы болмайтын болса, кешегі ХХ ғасырдың басында елге ес болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бастаған Алаш азаматтарының үлкен шоғырын қайда қоямыз? Олардың тұсында қазақ елі тәуелсіз ел емес еді ғой, әлде олар ұлт зиялыларына жатпай ма?» - деп ойлап, бүйректен сирақ шығаруға ұмтылуы әбден мүмкін. Бұған айтарымыз: иә, олар да тәуелді елдің перзенттері болатын. Соған қарамастан олар ұлт зиялылары-тын. «Неге олай?» дейсіз ғой. Сәл сабыр етіңіз, түсіндіріп көрелік.

          Ол кезде қазақ елі қаншама ауыртпалық көргенімен, дәл Қызыл империяның тұсындағыдай езіліп, есінен танған жоқ еді. Патшалық Россия қазақ елін отарлап, мемлекеттілігін жойды, тұтастығынан айырып, түрлі әкімшілік аймақтарға бөлшектеді. Билік тізгінін түгелдей қолдарына алып, қазақ халқын құлдануға тырысып бақты. Бірақ олар қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық қалпын жоя алмады. Оған шамалары жетпеді. Қазақтың сонау тәуелсіз Қазақ хандығы тұсында қалыптасып, сабақтастық желісін үзбей, бүкіл мән-мазмұнын бұзбай ұрпақтан-ұрпаққа ұласты. ХХ ғасыр басында ел азаттығы үшін айқасқа түсіп, бастарын бәйгеге тіккен кешегі Алаштың аты әйгілі ардақты азаматтары сол қалыптасқан зиялылық дәстүрдің заңды мұрагерлері – соңғы тұяқтары болатын.

- Алпауыт империяның бодандық құрсауынан арылып, алдына ерікті ұлттық мемлекет болған елдің негізгі халқы ұлттық болмысына қалай оралу керек?

- «Жақпасаң – жаза барына» көзіміз әбден жеткендіктен, төл ойымызды төтесінен айта алмай, жұқалап, жуып-шайып жеткізуге үйренген ұрпақтың өкіліміз ғой, соған бағып, алдын-ала ақталып айтсақ, қазақы болмысқа оралу деген, қазіргі кейбіреулердің түсіндіріп жүргеніндей, қайтадан феодализмге оралу да, өткенді көксеу де емес. Олай болуға, тіпті, негіз де жоқ. Қазіргі жаһандастыру заманы оған оралам десең де ерік бермейді. Сондықтан бұлай деп ойлаудың өзі оғаш, басы артық қияли бос әңгіме болмақ.

         Қазақы болмысқа, яғни қазақтың халықтық қалпына оралу – сан ғасырлар бойы қазақты қазақ қылып әлемге танытқан, адамзат қауымының өзге халықтарынан ерекшелеп, «қазақ халқы» деген киелі атауды иелендірген, қазақтың тек өзіне ғана тән қасиеттеріне, ұлттық құндылықтарына, рухани тұтастығына оралу, басқаша айтқанда, қазақ халқының ұлттық дәстүрін, ұлттық мәдениетін, ұлттық санасын қалпына келтіру. Бұдан да гөрі қарапайымдандырып айтсақ, кескін-кейпі болғанымен, болмысы өзге ұлттың өкіліне айналған немесе айнала бастаған қазақты қайтадан қазақ ету.

          Бұлай істеу қажеттілігі – бүгінгі күннің талабы. Өйткені сырттай «қазақ» деп қомпитып, «пәлен миллион» деп қара көбейткенімен, іштей ұлттық ұйысуынан, халықтық тұтастығынан айырылып, телімденіп бара жатқан жұртты уақыт оздырмай, өзінің бұрынғы халықтық қалпына түсірмесе, соған мемлекеттік тұрғыдан тиісті қам-қаракет жасалмаса, ертең кеш болары сөзсіз. Өз болмысынан оқшауланып қалған ұрпақтың жетім баладай өзгенің жетегінде кетіп, қазақ болудың өзін үлкен проблемаға айналдыруы әбден мүмкін. Оның шет жағасының қазір де көріне бастағаны жасырын емес.

          Қазақтықты статистикалық мәліметтегі сан көлемі анықтамайды. Ол адамның тәлім-тәрбие арқылы өз халқының құндылық ерекшеліктерін бойына сіңіруі негізінде пайда болатын мәдени-этникалық ұстанымының деңгейіне қарай қазақшылдық іс-әрекетімен анықталады. Қазақшылдық – отансүйгіштік қасиет, бүгінгінің тілімен айтсақ, патриотизм. Өкінішке қарай, қазір көптеген қандастарымыздың бұл қасиетке ие бола алмай, аты қазақ болғанымен, заты қазақ болмысынан оқшауланып, не ол емес, не бұл емес, дүбара күй кешіп жүргені белгілі жәйт. Содан да болар, бұл күнде бір қазақты әуелі: «орыстілділер», «қазақтілділер» деп екіге бөлуді әдетке айналдырдық. Содан кейін бір қазақты: «таза қазақ», «шала қазақ», «ада қазақ» деп үшке бөлетінді шығардық.

           Мұның таза қазағы – ұлттық дәстүр бесігінде тербеліп, ана тілімен ауызданып, төл мәдениеттің құндағынан шыққандар.

            Шала қазағы – ана тілі уызының дәмін тату бұйырмай, өзге мәдениет бесігінде тербеліп өскенімен, өзінің қазақ екенін сезініп, төл мәдениетіне саналы түрде тартылушылар.

            Ада қазағы – қазақтық болмыстан жұрдай, өзге мәдениеттің өгей баласы болып кеткендер.

            Мұны аз десеңіздер, белгілі тарихшы ғалым, профессор Х.Әбжанов таяуда жарық көрген бір зерттеу еңбегінде қазіргі қандастарымызды таным-түсінігіне қарай, тіпті, сегізге бөледі. Олар: 1) Бар болмыс-бітімімен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар. 2) Кешегі өктем ұлт – орыстардың сойылын соғып жүрген қазақтар. 3) Тілі, ділі орыстанып кеткенмен, халқына бүйрегі бұратын қазақтар. 4) Жаһандасудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтін, өзінікіне мұрнын шүйіретін қазақтар. 5) Басқа діннің ықпалына түсіп, не ол емес, не бұл емес қазақтар. 6) Тарихи Отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзін де, сөзін де түсінбей, айран-асыр болып жүрген оралман қазақтар. 7) Жүзге, жерге бөліну дертінен айықпаған «ортағасырлық» қазақтар. 8) Жекешелендіру мен нарықтан қарық болған «жаңа қазақтар».

             Осының бәрі, тіпті, нақ осындай болмаған күннің өзінде де, дәл қазіргі таңда, қалай болғанда да, қазақы таным-түсінікте болсын, елдік мүддеде болсын ішкі бірліктің, тұтастықтың жоқтығына куәлік бере алатыны сөзсіз. Ал бұл жағдай өзгермей, уақыт озған сайын, осылайша біртіндеп бөлшектене берсек, күндердің күнінде мемлекетіміздің тірегі – қазақ ұлтында қандай қауқар қалатынын ойлаудың өзі қиын.

            Міне, осыдан кейін қазақтық болмысқа оралудың, халықтық тұтастығымызды қалпына келтірудің қаншалықты қажеттілігін пайымдау онша қиындық тудырмаса керек. Олай болса, бөлшектенген қазақты бірлікке келтіріп, біртұтас халыққа айналдыру – басты шаруамыз болмағанда не болуға тиіс?! Егер осыны жөн десек, онда осы жолдағы іс-әрекеттің нәтижелі болуы, әрине, әр қазақтың қазақшылдығында, яғни қазаққа қызмет етуіне тікелей байланысты екенін де мойындауға тура келеді.

- Қазақшылдық пен қазақшылық ұғымдарының қандай айырма-шылықтары бар?

- Қазақшылдық дегеніміз - қазақтың қазақ болып өмір сүруінің баянды болуы үшін жанашырлықпен жасалынатын іс-қимылдың жиынтығы. Мұны былай түсіндіруге болады. Біртұтас қазақты ру мен жүзге, бай мен кедейге, жақсы мен жаманға бөліп-жармай, кешегі Ахмет Байтұрсынұлы атамыз секілді тұтас жақсы көретін адам – қазақшыл адам болып есептелінеді. Ал осындай қазақшыл адамның халқына құлай беріліп, оны қалтқысыз сүюін, қазақтың дамып, өркендеуі үшін жалтақсыз аянбай беріле еңбек етуін – қазақшылдық дейміз. Басқаша айтқанда, Қазақшылдық – қазақ үшін отқа, суға түсуге дайын адамның қазақ игілігіне жасайтын іс-әрекеті, сол іс-әрекет барысында қалыптасқан мінез-құлқы. Бұл орайда қазақшылдық мағынасы жағынан «ұлтшылдық» сөзімен мәндес. Айырмашылығы «ұлтшыл», «ұлтшылдық» ұғымдарын өз ұлтын беріле жақсы көретін кез келген халықтың өкіліне телуге болады. Ал «қазақшыл», «қазақшылдық» ұғымдары тек қазақ халқының өкілін және оның іс-қимылын ғана көрсетеді.

            Қазақшылдықтың өз ұлтына, төл мәдениетіне берілген шексіз сүйіспеншілігін шовинисттікпен де, фанаттықпен де шатыстыруға болмайды. Атам қазақ оларды «әсіреұлтшылдық», «әсіреберілгіштік» дейді және «әсіре қызыл тез оңар» деп, ондайларды жаратпаған.

             Қазақшылдық - өз халқын беріле жақсы көрумен бірге өзгенің де өз халқына адал берілгендігін құрметтеуге баулитын ізгі қасиет. Қазақшылдық – қазақ халқы игілігіне бағытталған бір істің қозғаушы күші, оның бойында ұлттың ізгі сезімі, дәстүрі, тәлім-тәрбиесі бірге өріліп жатыр. Қазақшылдық тәрбиенің биік мұратын атам Қазақтың өзі «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.

            Сондай-ақ, басын аша кететін бір мәселе – қазақшылдық пен қазақшылықты да шатастыруға болмайтындығы. Екеуі мәні де, мазмұны да екі басқа, өз алдына жеке ұғымдар. Бірақ кей жағдайда, ауызекі сөзде қазақшылық ұғымы қазақшылдық орынына қолданылып, қазақтың тек өзіне ғана тән бауырмалдық, мейірімділік, кеңпейілділік қасиеттеріне қатысты да жақсы мағынада айтыла беретіні бар. Бұл түбірі бір ұқсас сөздердің арасына жік қойылмай, мән-мазмұны сараланбай айтылудан кеткен жаңсақтық болса керек. Әйтпесе, қазекем қазақшылықтың жағымсыз мағынасын жақсы білген. Өйткені қазақы көзжұмбайлыққа салып, әділеттен аттап, заңсыздыққа баруды ниет қылғандарды елдің есті азаматтарының: «сен ондай қазақшылығыңды қой» деп тыйып тастап жататыны соның дәлелі, өзіміз көріп жүрген жәйт. Ал қазақшылдықта мұндай екіұшты ұғым жоқ. Осыларға қарап, қазақшылдықтың негізінде – парасаттылық, қазақшылықтың негізінде – пендешілік жатқанын анық аңғаруға болады. Қазақшылық – қазақтың атымен жасалынатын іс-әрекеттің былық-шылықпен азды-көпті байланысқа түскен түрі. Қазақшылдық – қазаққа алаңсыз қызмет ету.

             Қазақшылдықты мұрат тұтқан әр қазақ өзін қазақ халқының бір перзентімін деген ұғымда болады. Ал өзін «қазақпын» деп есептейтін әр қазақ саналы түрде көкірек сарайына осы «мен де өз халқымның бір перзентімін» деген тұжырымды тұрақты қоныстандыра алса, оның жан дүниесінде сол сәттен бастап халқына, бейне баланың ата-анасына деген сүйіспеншілігіндей, аяулы бір сезім оянады да, сол сезім оны үнемі «перзенттік парыз» деген ұғымның жауапкершілігі аясында ұстайды. Баланың қандай жақсылық жасаса да өз ата-анасынан оған ешқандай өтем дәметпейтіні сияқты, ол да халқына жасаған қызметі үшін ешқандай ақы тілемейді, марапат дәметпейді. Өйткені ол не істесе де, соны барлы-жоғы халқым алдындағы перзенттік парызымды өтеуім деп қана түсінеді. Осы жолда қандайда бір жеңіске жетсе – дандайсымайды; қиындық көрсе – мұңаймайды. Солай болуын табиғи заңдылық деп біледі. Сөйтіп азаматтың халық алдындағы өзінің перзенттік парызын өтеуі – халыққа қызмет етудің мәніне айналып, биік мұратқа жол ашады. Қазақшылдықтың құдіреті де осында.

            Қазақшылдықтың өрісі кеңейген сайын, қазақ мемлекетінің де, ұлтының да, халқының да шаруасы ілгерілеп, тасы өрге домалай бастайды. Өйткені ғылыми анықтамасы әртүрлі болғанымен, мемлекеттің де, ұлттың да, халықтың да түпкі мүдделерінің тоғысар арнасы бір. Ал қазақшылдық – сол бір арнада тоғысқан мүдделердің берілген адал жанашыры. Сонда «қазақшылдық» дегеннің мәні, түптеп келгенде, қазақ ұлтын көркейту, биіктету болып шығады. Қазақшылдық ұлттық дәстүрдің құрсағында жаратылып, ұлттық мәдениет аясында ер жетіп, ұлттық санада өмір сүреді, ұлтқа адал қызмет етеді. Бұл – қазақшылдықтың кіндігі ұлтқа адал қызмет етеді. Қазақшылдықтың мұратының кеңеюі мәдениеті, тілі, діні ортақтас жалпы түрік халықтарының мүддесіне қызмет ететін түрікшілдік өрісіне қосылып, одан әрі Абай айтатын: «Адамзаттың бәрін сүй... яғни адамзатшылдыққа жалғасады.

            Қазақшылдықтың мақсаты қазақ елін, қазақ ұлтын көркейту болғандықтан, оның міндеті қазіргі заман талабына сай, бір жағынан халықтың тек өз ішінде сақталып қалған қазақтың төл мәдениетін халықтың арасына барып, іздеп тауып, ортақ игілікке асыру; екінші жағынан Әлем өркениетін бар мүмкіндігімен ұлттың төл мәдениетіне жақындастыру, үйлестіру болмақ. Қазіргі заманда қазақ мемлекетінің, қазақ ұлтының көркеюі - Әлем өркениетінен алар үлесімізге ұлттық мәдениетімізді негіз ету арқылы өзіндік үйлесім табуымызға тікелей байланысты. Өйткені өркениет ұлттық мәдениетке негізделгенде ғана үйлесімдік бірлікке ие болады. Сонда ғана тұрақты толыққанды өркендеу мүмкіндігі туады.

- Қазіргі таңда басқа халықтың тілін қабылдап, өз ана тілінен жеріп, ұлттық санасынан айырылып жатқандар көп...

-Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана. Ұлттық сана абстрактты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін-өзі жете танып, түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады.

          Өз ұлтына деген құрметтің көрсеткіші – ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Қазақ этносының өкілі болуды құдай маңдайыңа жазғаннан кейін, оны мамандық ауыстырғандай ауыстыру мүмкін емес. Өйткені ауыстырмақ болып, басқа ұлттың мәдениетін қаншама бойыңа сіңірдім дегеніңмен, бәрібір сен сол ұлтқа кірмесің, төлтумасы бола алмайсың. Қабылдамайды, реті келген тұста өгейлігіңді есіңе салады да тұрады. Мұндай жағдайды бастан кешірген жан кейін рухани дағдарысқа ұшырап, өмірінің соңы бақытсыздыққа айналады.

          Сана-сезімі өзінің төл этникалық ортасында, төл мәдениетінің аясында қалыптасқандар ұлтшыл болып келеді. Өйткені оған өзін қоршаған ортаның бәрі етене жақын, адамдарының бәрі бірге туған туысындай көрінеді. Рухани дүниесін қалыптастырған сезімдердің бәрі ортақ. Сондықтан да ол осы ортақ сезімге қатысты мәселенің қандайына болсын бейтарап қарай алмайды. Бәрін тікелей өзіне қатыстыдай көреді. Ортақ қуанышқа өз қуанышындай мәз болады, ортақ ренішке өз қайғысындай қайғырады. Халқының этномәдени құндылықтарын қасиет тұтады. Ең ғажабы, өздері осылай болған соң, өзгелерді де өздеріндей көріп, оларға түсіністікпен қарайды. Олардың мәдениетін сыйлап, құрмет көрсетеді және олардан осындай кісілікті талап етеді. Ұлттық кемсітушіліктің қандайына болсын төзбейді, ондай жағдайда басын бәйгеге тігуге бар.

          Ал бұған керісінше, сана-сезімі өзінің этникалық ортасынан тыс, өзге мәдениет аясында қалыптасқандар ұлтшылдықтан ада болып келеді. Ондай жандарды қазір халық «мәңгүрт» деп атап жүр. Ғылым тіліндегі «этнонигилистер» де осылар. Бұлар туралы қазір баспасөз бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Төл халқының мәдениетінен бейхабар өскендіктен, олар күнделікті тұрмыста өзінің этникалық ортасына бөгделігін сезініп, қолайсыз жағдайға ұшырайды да, бірте-бірте араласып-құраласып тұруына қолайлы өзге ортаға қарай бейімделіп, соның мәдениетін меңгеріп, солардай болуға ұмтылады. Сол арқылы жанына жұбаныш табады. Бөгде мәдениетті қорғаныс құралы етіп, өз халқының мәдениетіне қарсы қояды. Нәтижесінде өз халқын іштей жек көріп, өз халқының құндылықтарын менсінбейді. Маңында жүрген өз ұлтының әлдебір өкілінің жағымсыз тірлігін көрсе, соны бүкіл халыққа теліп, бүкіл халыққа тән құбылыс етіп көрсетуге дайын тұрады. Өзін өзге қандастарынан артық санап, осы халықтың ұрпағы болғанына іштей өкініп, күйінеді. Сол себепті, бар мүмкіндігінше өзін бір ұлттың емес, бүкіл адамзатқа ортақ перзент етіп көрсетуге ұмтылады. Бірақ өмір шындығы – алдымен ұлттың ұлы болып танылып, содан кейін адамзаттың ұлы болуға ұмтылудың даналық, ал ұлтының ұлы бола алмай жүріп, адамзаттың ұлы боламын деу – шалалық екенін әр жағдайда дәлелдеп келеді. Өйткені өз ата-анасына бала бола алмаған жанның өзгеге бала болып жарытпайтыны баршаға белгілі ақиқат қой.

          Бұдан шығатын қорытынды – адам ата-анасын таңдай алмайтыны сияқты этносын да таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы солай. Өзінің тәрбиесіздігінен, біліксіздігінен төл мәдениетін жатсынып, өзге мәдениеттің шапанының шалғайына жармасып жүргендер ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, Абай айтқан: «не ол емес, не бұл емес, менің де күнім күн емес» күй кешеді. Асылы, дана халық «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегенді бекер айтпаса керек. Біздің міндет – үйіріне қосылуға талпынғандарды қолдап, барынша бауырмалдық көмек беру, ұлттық сананы қалыптастыру осындай тағдырдың талқысына ұшырап адасқандардың сана-сезімін емдейтін дәрігерлік қызмет атқаратынын ұмытпау болмақ.

          Жалпы ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айырылып, мылқау күш тобырға айналады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болып, ұлт, халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде (жүректе) жоқ, тек рухани алыпсатарлардың көпшілік көзін алдар құралы мен ұранына айналады. Ел болашағын ойлаған есті азаматтың алысты болжаған аңғарлы саясаты жұртынан қолдау таппай, бар уақыт «жалаңаш патриоттардың» жайдақ айқайын басуға, соларға түсіндіруге, өзімен-өзі арпалысуға кетеді. Елдік істе нәтиже болмайды. Адамзаттың ұзақ тарихының сабағы осыны көрсетеді.

           Мұның бәрі, жоғарыда айтқан, отарлаушылардың жүргізген зұлым саясатының салдарынан қазақтың ұлттық санасы тәуелсіздік талабына ілесе алмай, кенжелеп қалып отырғанын айғақтайды. Бұл кең мағынасында қазақтың төл мәдениетінің де кейіндеп қалғанын байқатады. Сондықтан да қазақ арасындағы қазіргі қазақшылдық көп жағдайда ұлттық жоғары санаға емес, дертке ұшыраған жерлестік түйсік, қандастық соқыр сезімге негізделген. Содан да болар, қазіргі қазақта шамдану бар да, шамырқану жоқ; кіжінісу бар да, қышыл таныту жоқ; ұрандасу бар да, ұйымдасу жоқ; халқым деу бар да, оның қамын жеу жоқ.

          Мысалға бәріміздің жанымызды ауыртып жүрген ана тіліміздің жағдайын алайықшы. «Ана тілі қуатынан айырылып, құрып бара жатыр» деп бажылдағанымызға жиырма жылға жуық уақыт болды. Әйтеуір еркіндіктің жылымығы сезілгеннен бері дуылдатып келеміз. Не тындырдық?

        «Тіл туралы заң керек» деп шуладық, арнайы заң қабылданды.

        «Қазақ тілі қоғамы құрылмай болмайды» дедік, ол да құрылды.

        «Негізгі заңымызға «Ана тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылуы қажет» дедік, ол да жазылды.

        «Ана тілі мәселесіне арналған конференциялар өткізу керек» дедік, оның да бірнешеуін дүрілдетіп өткізіп тастадық.

        Алайда осыдан тіліміз оңалып, аяғынан тік тұрып кете алды ма? Жоқ, кете алған жоқ.

         Тіліміз сол баяғы босағадан сығалаған өгей баланың күйінде. Тілді дамыту орнына, тіл үшін күресіп жатқандардың бейнесін (образын) жасадық. Қабылданған қаулы қабылданған, жазылған заң жазылған күйінде қалды. Өткізілген шаралардың қағазға түскен қомақты мәліметі қалды. Өйткені біз мәселенің неге бұлай болуының, яғни тіліміздің бұлайша тұралауының түпкі себебін ашқан жоқпыз. Бұл ретте біздің жасаған әрекеттеріміздің бәрі науқас адамның ауруының диагнозын дәл тауып қоймай тұрып, әйтеуір қиналып жатқан жанға қол ұшын беру керек қой деген ниетпен қолда бар дәрісін соның аузына тықпалай бастаған емшінің тірлігіндей еді.

         Шынында, ана тіліміздің бұлай құлдырауының да басты себебі – сол баяғы отарлаушылардың мақсатты түрде тұрақты жүргізген ішкі-сыртқы саясатының күшімен ата-бабамыз қалыптастырған отбасы тәрбиесінің, яғни тәрбие дәстүрі мәдениетінің бұзылуынан болатын. Әр үйге өңмеңдей кірген жат дәстүр өз дәстүріңді сыртқа ысырып тастап, қазақты бір-бірімен орысша сөйлеуге мәжбүр етті. Сөйтіп ата-бабамыз сөйлеген аяулы ана тіліміз отбасында қолданылудан қалды. Әр қазақ өз үйінде әке-шешесімен, туған-туысымен, бала-шағасымен өзге тілде шүлдірлесті. Кейбірі соны кәдімгідей мәртебе санады. Егер халықтық дәстүріміз қалыптастырған отбасы тәрбиесі бұзылмай, әр қазақтың баласы бұрынғыдай өз ұясында өз тілінде ауызданып, өз әке-шешесімен, бауырларымен, өзінің сол ауызданған ана тілінде сөйлессе, қазақ тілі бүгінгідей күйге ұшырар ма еді?! Ұшырамас еді. Ұшырамаған соң, қазақ тілі елімізде бүгінгідей халықтық проблемаға айналмас та еді ғой. Олай болса, бүгінгі дімкәс тіліміздің ауруын емдеуді де сол бұзылған отбасы дәстүрін қалпына келтіруден бастау қажет.

         Бұл арада, әрине, тіл мәселесінің тағдырын тек отбасы тәрбиесімен ғана шешеміз деген жалаң ұғым тумаса керек. Мұнда мәселе бастау-бұлақтардың суынан құралып, арналы ұлы дариялар ағатындай, қайнар көзі отбасы тәрбиесімен ашылып, бұлқына аққан бала-бұлақтың ана тілі дариясын тасытар құнарлылығында болып отыр. Сондықтан тіл тағдырын ойлаған, оған жаны ашыған әр адам айқай-сүрен салмай-ақ, ұрандатпай-ақ, өзінің отбасындағы бұзылған тәрбие дәстүрін қалпына келтіріп, үй іші болып, бір-бірімен ана тілінде сөйлессе, бүкіл адамгершілікті ұғымдар бала санасына сол тіл арқылы сіңірілсе, бұл мәселе біраз уақыттан кейін өз-өзінен шешіліп қалмас па еді. Мысалы, тіл мәселесін көтергенімізге жиырма жыл болыпты. Осы уақыт ішінде әрқайсысымыз өз отбасымызда бір-бірімізбен өз тілімізде шүйіркелесіп, сәбиіміздің ана тілінің уызымен ауыздануына мүмкіндік беріп, ұлттық танымның тұнығынан нәр алдырсақ, қазір қаншама бала қазақ тілінде сайрап, ұлттық дәстүрге сай тірлік жасап жүрген болар еді. Бірақ біз, өкінішке қарай, олай істеген жоқпыз ғой. Ендеше неге даурығамыз, неге бұған әлдекімдерді кінәлап, әуре боламыз.

         Тіліміздің тағдыры – біздің өзіміздің тағдырымыз. Оған салғырт қарау - өзгені емес, өзімізді сыйламау, ұрпақ тағдырын ойламау. Тіл мәселесінің байыбына жетіп, түйінін шешу – біздің төл шаруамыз, атқарар ісіміздің киелісі. Біздің проблемамызды сырттан келіп біреу шешіп бермейді. Сондықтан даурықпа сөзді қойып, уақыт оздырмай, жұмыла іске кірісу қажет және оны әркім өзінен, өзінің отбасынан бастағаны жөн.

       - Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  М.ОМАРОВ.

 

Пікірлер  

 
0 #1 сұхбат көңілден шықты 20.09.2010 16:33
Қойшығара ағамыздың рухани, бойға қуат беретін әңгімесі жақсы шыққан екен. Сарыарқа самалында сонгы уақытта осындай сұхбаттар көрінбей кетті. Неге қайта жаңғыртпасқа? Рахмет.
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30