дүниеге бір-ақ рет келеді
Осыдан тура 68 жыл бұрын, 1942 жылы Ертіс ауданы Кеңес ауылының төрағасы болған Темірбай Нұртазин деген ақсақал: «Бала, ертең Ұйымшыл колхозының бастығы Нөкеннің үйінде жатқан Иса ақынды әйелі және екі баласымен Кеңес колхозына жеткізесің»- деді. Есімі ел ішінде дүрілдеп тұрған Иса ақынды колхозға жеткізу мен үшін үлкен бақыт еді. Ол жылы Кеңес, Ұйымшыл, ХVIII – парт съезд (қазіргі Ынтымақ), Октябрь колхоздарында болып, соғыстан жасып қалған жұрттың көңілін көтермекші екен Иса ақын. Ол кезде бұғанам беки қоймаған 14 жастағы бала болсам да, Қараөткелден Кеңеске лаушы болып келген едім. Ертеңінде сүт күйдіргендей ыстықта түс ауа ат басын Ұйымшыл колхозына тіредім. Иса ақын бала-шағасымен шайға отырғалы жатыр екен. «Шай іш» деген соң мен де ақынмен бірге отырып шай іштім. Онымен бірге ішкен балға бергісіз шайға тойған соң, Иса ақын мен бала-шағасын арбаға отырғызып, Кеңес колхозына тартып отырдым. Колхозға аттанар уақытта Исаның ер баласы Ертіс әйелінің алдына отырды да, қызы Мақпуза ақынның алдына жайғасты. Соған қарағанда Иса ақын қызын жақсы көреді-ау деп топшыладым. Ақын жолшыбай менен қай үйлердің «қара қағаз» алып, зар еңірегенін, елдің жағдайын сұрап отырды. Мен де бар білгенімді айтудан жалықпадым. Ақынмен әңгіме-дүкен құрғанды өзіме қуаныш санап, жүрегім алып-ұшып келеді. Көп уақыт өтпей Кеңес колхозына да келдік. Елдің адамдары күтіп алып, сойылғалы жатқан қойға Исадан бата сұрады. Иса мүдірместен өлеңмен бата берді де, қойдың төстігін кесіп берулерін өтінді. Төстікті істік сымға шаншып, отқа үйітіп, әбден пісіріп алды да, бір шетінен кесіп өзі жеп, қалғанын маңайдағыларға үлестіріп берді. Ақынның өз қолымен берген төстіктің дәмі әлі күнге аузымнан кетпейді.
Шай ішіп, ет желінген соң ауыл-аймақтың адамдары тегіс мектеп үйіне жиылды. Егіс басында жүргендер де асыға келіп, орын алды. Білтелі шам жағылған соң, домбырасын күмбірлете Иса ақын кіріп, халықпен амандасып, ортадағы орындыққа барып жайғасты. Қанды майдан басталғаннан бері ел-жұрттың ұйқысы қашып, көңілдері жадау тартқан болатын. Олардың ойында неміс фашистері Отнамызды басып ала ма деген күдік еді. Иса ақын сол сәттерде ауыл тұрғындарына демеу болып, жеңіске жететінімізге сенімді болды. Неміс фашистерінің Ленинградты қоршауға алғанын, Москва түбіндегі, Сталинград ішіндегі шайқасты айтып келіп, «Жаудың күші сарқылуға жақын, біз жеңеміз» деп халықтың көңілін көтеріп қойды. «Қара қағазға сенбеңдер, оның бәрі өтірік сөз» деп жұртты желпіндіріп түсті де, «Ақ бөпе» поэмасын таң атқанша, одан күн найза бойы көтерілгенше жырлады.
Иса поэмалары мен әндеріне мәз болып, ел адамдары егістікке аттанып, күн батқанша сөз қылып жүрді. Иса осылайша әр колхозға барып, той-думан ұйымдастырды. Халық ерлік пен өрлікке толы «Арқалық батыр» поэмасын қайта-қайта сұрап айтқызушы еді. Бір таңданарлығы, әр колхозға түрлі нұсқасын айтатын. Исаның суырып салмалық өнері, ортадан жоғары бойы, жасаған әрбір қимылы жадымда әлі күнге сақтаулы.
Есімде ерекше сақталып қалған тағы бір жәйтті оқырмандармен бөліскім келеді. Иса ақынды Кеңес колхозынан Ынтымақ колхозына апара жатыр едім, колхозға жақындай бергенде «Мына Ынтымаққа соқпай Караөткелге баруға бола ма?» деп сұрады менен. «Болады» деп жауап бердім. «Олай болса мені сонда апар» деп өтінді де, айналаға көз тастап отыра берді. Сәлден кейін маған қарап: «Сәлмен қажының үйіне барайын деп едім»,- деді тіл қатып. Сонымен Сәлмен қажының үйіне жақындай бергенімізде «Ал, бала, атыңның басын кейін бұр» деп, кілт тоқтатты. «Мен қажының үйіне кіремін де, шығамын»,- деді Иса ақын. Көп уақыт өтпей біраз бөгелді де, қайта шықты. Ынтымақ колхозына қарай тарта бердік. Ақын жолда: «Ынтымақ колхозына бара жатқанда қажы үйіне бардық деп ешкімге айтушы болма», - деп ескертті.
Артынан сәті түсіп, қажы атамнан сұрасам: «Иса аруақтарға Құран оқытып, садақа беріп» шықты деді. Арада қаншама жылдар өтті. Енді қазір ойлап қарасам, Иса ақын сонда Алланың бар екеніне сенеді екен. Ынтымаққа кірген кезде колхоз бастығы Әбдірахман ақсақал біраз адамдармен ақынды күтіп тұр екен. Ақсақал амандық-саулықтан кейін: «Ау, Исеке, біз сені Кеңестен келе ме десек, Балықшыдан келе жатырсыз ғой»,- деді. Сонда Иса тұрып: «Мына атқосшы бала әңгімелесіп отырғанда байқамай сыртқы жолмен өтіп кетіпті. Содан айналып келдік» деп тіл қатты жиналғандарға.
Міне, осы әңгімелердің бәрі арада 68 жыл уақыт өтсе де, көкейімде әлі күнге сайрап жатыр. Сондағы Исаның әрбір айтқан сөзінен өнеге алып, өмірге деген батыл қадамдарымды жасап едім. Өмірдің ақ пен қарасын байыптап, айырғаннан кейін Исадай дүлдүл дүниеге өмірде бір-ақ рет келетініне көзім жетті. Бірде Иса ақынмен әңгімелесіп отырғанда менен «Өскенде кім боласың?» деп сұрады. Мен «мұғалім болғым келеді» дедім. Ақын біраз отырды да «Мұғалім болады екенсің, боласың» деді менің келешек өмірімнен көп үміт күтетіндігін сездіріп. Сол сөзі жаныма демеу болды ма, білмеймін, іле мұғалімдік жолға түсіп Павлодар педучилищесін және Семей педагогикалық институтын бітіріп, халық ағарту ісіне белсене араластым. 45 жыл бойы ұстаздық қызмет етіп, Исаның халыққа жасаған игі жақысылықтарын өз шәкірттерімнің бойына сіңіре білдім деп есептеймін.
Икрам ҚАПЖАПАРОВ,
ҚР ағарту ісінің үздігі,
тыл еңбеккері.

