облыста «Қазақ фольклоры» апталығы басталды
Сейсенбі күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақ әдебиеті мен тарихындағы ана тіліміздің байлығы мен әсемдігін насихаттау мақсатында «Қазақ фольклоры» апталығы жарияланып, салтанатты ашылу рәсімінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған облысымыздың ғалымдары мен әдебиетшілері, жыршылары мен ақындары және студент жастар қатысты.
Қазақ фольклоры жайлы сөз қозғағанда алдымен батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, ақын-жыраулардың шығармалары ойға оралады. Төл әдебиетіміздің дәл осындай құндылықтарына ерекше тоқталған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина қазақ фольклорының түп-тамыры тереңде жатқандығын жеткізді. Ол біздің ұлттық фольклорымыз өте бай әрі құнды екенін тілге тиек етті. Қазақтың көне жыр-дастандарын насихаттаушы Даниял Әсенов «Қобыланды» мен «Қыз Жібек» жырларынан үзінділер оқып, оның маңызына тоқталды. Өңірімізге танымал жас ақын Айбек Қалиев өзінің арнау өлеңін орындаса, тіл жанашыры Көкіш Әміржанұлы бала күнінде жаттаған қиссалардан үзінді оқып берді. Шараға қатысушылар қазақ фольклоры жайлы тұшымды пікірлер айтып, өз ойларын ортаға салды.
Апталық аясында облысымыздың әр аудандары мен ауылдарында шаралар ұйымдастырылады. Ал 2011 жылдың 13-ші мамырында Павлодар қаласындағы «Достық» үйінің «Достық» концерттік залында «Ғасырлар жырлайды» атты облыстық ақындар айтысымен аяқталады.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

