Ислами - Ағартушылықтың телеарнасы

 

Бәрекелді!

жамағатты ізгілік жолына бастайды

 

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтсақ, 2009 жылдың 20 тамызы күні отандық телевидениенің қатары «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасымен толықты. Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының қолдауымен және Бас Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің тікелей қамқорлығымен ашылған телеарна бүгінгі таңда мұсылман жамағатының сүйіп көретін арнасына айналды. 21 тамыз күні, яғни былтырғы қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінен бастап өз қызметіне кіріскен «Асыл арна» телеарнасының бағдарламалары «Алма ТВ» кабельдік телевизиялық жүйесінің сандық тарату форматымен көрсетіле бастады. Одан кейін «Секателл», «Digital TV», «ICON» секілді кабельді жүйелер арқылы Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағына таратылған телеарнаның қазіргі таңда техникалық мүмкіндігі артып, барша қазақстандықтарды ислам ақпараттарымен құлағдар етіп келеді. «Асыл арна» телеарнасының бас директоры қызметін белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабеков атқарады.

«Асыл арна» телеарнасы алғашқыда студия ретінде жұмыс жасады. Ол студия 2007 жылдың қыркүйек айында Қазақстан мұсылмандар Діни Басқармасы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және басқа да құзырлы органдардың тікелей қолдауымен ашылды. Телеарананың көрсетілімдері Қазақстанның барлық аймақ-тарына қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойына таратылады. «Асыл арна» телеарнасы Исламның негізгі қағидаларын насихаттау мен Қазақстан мұсылмандарының береке-бірлігін арттыру мақсатында ашылған. Жамағаттың сүйікті телеарнасы бейбітшілік пен төзімділіктің, мейірім мен сыйластықтың діні ретінде Исламның қағидаттарын көрермен қауымға жеткізеді. Сонымен қатар ұлттық және адамзатқа ортақ адамгершілік құндылықтарды, мұсылмандық ұстанымдарға сүйенген моральдық негіздерді насихаттайды. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғам ретінде Қазақстан халқының ұлттық дәстүрлері мен мәдени өзгешеліктерін құрметтеу; елдегі әлеуметтік, саяси және қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасымен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Дін істері жөніндегі комитетімен және басқа да мемлекеттік құзырлы органдармен және қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық араласа, бірлесе отырып әрекет ету; Исламға шақыру ісінде Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті және дәстүрлі ханафи мәзхабы негізінде қалыптасқан жұмсақ әрі икемді тәсілдерді қолдану; діни нормаларды түсіндіруде орта жолды ұстану; шынайылық пен адалдық, сенімді көздерді пайдалану; конфессияаралық толеранттылық, жекелеген адамдар мен топтардың құқықтарын, діни және ұлттық сезімдерін, қадірі мен абырой-қасиетін құрметтеу; Қазақстан Республикасының заңдарына толық бағыну және мемлекеттік саясат нормалары мен ҚМДБ ресми бағытына сәйкес жұмыс істеу телеарнаның іс-әрекетіндегі негізгі ұстанымдар болып табылады. Телеарнада балалар мен қыздарға, әйелдер мен әжелерімізге, жалпы зиялы қауымға арналған көптеген ислами мұсылманша бағдарламалар қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі - мұнда халқымыз қауышпаған тың деректі фильмдердің де топтамалары бар. Сонымен қатар Пайғамбарларымыз бен діннің тарихына, одан қала берді мұсылман елдеріне қатысты мол мағлұмат алуға болады. “Асыл арна” сияқты ислами-ағартушылық телеарна Орталық Азия елдері мен ТМД аумағында тұңғыш рет ашылып отыр. Бұл – Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің нәтижесі. Бір жылдың ішінде телеарна арқылы Алланың қалауымен 40-тан астам тележоба эфирге шықты. Бұл – бүкіл ұжымның шығармашылық ізденісінің жемісі.

«Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы тұсауының кесілуі жүрегінде иманы бар әрбір қазақстандық мұсылман үшін елеулі оқиғаға айналды. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да Исламның ақиқатқа негізделген қағидаларын насихаттаған арна бүгінде көрермен қауымның көзайымына айналып үлгергені шындық. Телеарнаның директоры М.Тазабеков айтпақшы, «Асыл арна» бұлт торлаған аспанда халқымызға Хақ Тағаланың тура жолын нұсқаушы күннің жылт еткен сәулесі іспетті болып тұр. Діні әлсіреп, діңгегі шайқалған халқымыздың талайдан бергі арманына тәуелсіздігіміз бен Елбасының салиқалы саясатының арқасында қол жеткізіп отырғанымыз анық. Асыл дініміздің баға жетпес құндылық­тарын иманға шөлдеген жандардың жүрегіне аса бір сезімталдықпен жеткізетін отандық телеарналардың қатары көбейе түсеріне күмән жоқ.

 

 

Атшабар ҚЫПШАҚБАЕВ,

ИнЕУ-дің 2 курс студенті:

- Жамағатты Ислам дініне бастайтын «Асыл арна» телеарнасындағы тағылымы мен тәрбиелік мәні зор бағдарламаларды үзбей тамашалаймын. Өткізіп алған көрсетілімдерді арнаның интернеттегі веб-сайты арқылы көремін. Жалпы рухани сусындап тұрған қазақстандықтарға тура жол сілтейтін «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы мұсылман жұртшылығын Алланың хақ жолына апаратын ең басты сара жолға айналды. Осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстанда 70-ке жуық мешіт болса, Аллаға шүкір қазіргі таңда жамағаттың игілігі үшін 2000-нан аса Алланың үйі қызмет жасауда. Мұның өзі ел тұрғындарының ақиқат дінге бет бұра бастағандарының нәтижесі. «Асыл арнада» хабарлар қазақ және орыс тілдерінде таратылады. Бірақ, қазақ тілінің мысы басым. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда орыс тілді қандастарымыз дінге көптеп бет бұруда. Меніңше, арнада орыс тілді бағдарламаларды жиі көрсететін болса, бауырларымыздың ана тілге деген құрметі оянады деп ойлаймын. Иманға шөлдеп жүрген жастардың шөлін қандыратын рухани азықтың ордасына айналған телеарнаның бағдарламаларын назардан тыс жібермеңіздер деп кеңес беремін. Көрермендер «Асыл арна» телеарнасын тек кабельдік желілер арқылы тамашалай алады. Бұған кез келгеннің қолы жете бермейді. Ендігі кезекте «Асыл арна» бағдарламалары күнделікті тамашалайтын «Қазақстан» «Хабар» телеарналары сияқты жалпыға бірдей таралса екен.

 

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,

Ақтоғай ауданы Абай атындағы орта мектептің мұғалімі:

- «Асыл арна» ислами-ағарутшылық телеарнасы бүгінгі біздің қоғамды рухани сусындатып, қанағаттандыруға бірден-бір қажет дүние. Шыны керек, Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының ақиқат дін туралы мағлұматтары халық арасына жетпей жатады. Бұл ретте республикалық «Ислам өркениеті» газетінің орны ерекше. Дегенмен аталмыш газет мешіттер мен кітапханалар да ғана сақталады. Ал оны іздеп барып оқитындардың қатары некен-саяқ. «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне Ислам дінінің қағидаларын таратуға көп мүмкіндік бар. Телеарна бағдарламаларынан ұлттық тәрбие мен патриотизм де қалыс қалмағаны байқалып тұрады. Бұл «Отанды сүю иманнан» деген халық даналығының айқын көрінісі болар. Қазіргі таңда Исламға бет бұрған жандардың қатары көбейіп келеді. Әсіресе жастар қауымы жамандықтан алшақтап, ақиқаттың ізгі жолына түсуде. Олардың тура жолдан таймауына «Асыл арна» секілді телеарналардың берері мол.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31