ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрбан айт биылғы жылы 16 қараша күніне сәйкес келеді. құрбан малын айт намазы оқылғаннан кейін 16, 17, 18 –қараша күндері күн батқанға дейін шалған абзал. Павлодар облысы бойынша үлкен айт намазы 16 қараша таңғы сағат 09.00-де мешіттерде оқылады .

 

АРАФА КҮНІ

Құрбан айттың алдындағы күнді «Арафа» күні деп атайды. Қажылар бұл күні қажылықтың парызы болған Арафатқа шығады, Рақымды Раббыларына жалбарынып күнәларының кешірілуін тілейді. Арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін Арафат тауында бір мезет тұру - қажылықтың негізгі парызының бірі. Сондықтан кімде-кім Арафатта бір мезет тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Ол үшін келесі жылы қайтадан орындау керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қажылық дегенімізАрафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деп Арафатта тұрмай қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафат тауының «Урана» сайынан басқа барлық жерінде тұруға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Арафаттың барлық жері уақфа орны»,-дейді. Арафаттың «Жәбәлул-рахма» деген жерінде тұру абзалырақ. Арафат тауында арафа күні күн батқанға дейін болу уәжіп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осылай істеген. Сондықтан арафа күні күн батпай қайтқан адамдар жаза ретінде құрбан шалады. Арафат сөзі «білу, түсіну, тану» және «хош иіс» деген мағыналарды береді. Сонымен қатар хазіретті Адам мен Хауаның жер бетіне түскеннен кейін осы жерде кездесуі немесе Жабрайіл (ғ.с) хазіретті Ибрахимге (ғ.с) қажылықтың қалай және қай жерлерде жасалатынын үйреткенде оған «Арафта? (Түсіндің бе?)» деуі, ол оған «Арафту», яғни түсіндім деп жауап беруіне байланысты бұл жердің Арафат (Арафа) аталуы туралы деректерде айтылған. Хазіретті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қажылық - Арафат» деуі Исламның бес шартының бірі қажылық ғибадатының орындалуындағы Арафаттың маңыздылығын көрсетеді.

 

АРАФА КҮНІНДЕ ЖАСАЙТЫН ЖАҚСЫ АМАЛДАР:

1.Арафа күні ораза ұстау. Сүйікті Расулуллаһ (с.ғ.с) Арафа күні ораза ұстаудың қасиеттілігі жайында сұралғанда: «Өткен жылмен келер жылдың күнәсі жуып-шайылады»,-деп жауап берді. Арафа күні 9-Зулхижжа: биылғы жылдың 15-қараша күніне сәйкес келеді;

2.Аллаһ Тағалаға тәубе қылып, дұға тілеу;

3. Құран Кәрімді көп оқып, Аллаһқа зікір айту;

4. Үй ішін жинап, айт күніне тазалық жасау;

5. Нәфіл, сүннет намаздарын оқу.

 

ҚҰРБАН АЙТ

Құрбан (араб тілінде) –«жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасыАллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбан шалу - ханафи мәзхабы бойынша уәжіп. Бұған дәлел ретінде «Кәусәр» сүресінің «Намаз оқы және құрбан шал» аятында көрсетіледі. Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, бұл бұйрық тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғана емес, бүкіл үмметке қаратыла айтылған. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жағдайы болған адамдарға құрбандық шалуды бұйырған немесе кеңес берген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасындесе, тағы бір хадисте «Уа, халайық! Әр жылы әрбір үйге құрбандық шалууәжіп» делінуі құрбан шалудың маңыздылығын көрсетеді.

 

ҚҰРБАН ШАЛУ КІМДЕРГЕ УӘЖІП?

1.Мұсылман болу;

2.Ақылды және балиғат жасына толғандығы;

3.Негізгі қажеттерден тыс нисап молшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын, яки оның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.

 

ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ УАҚЫТЫ

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Егер күн шықпастан бұрын немесе айт намазынан бұрын құрбандық шалатын болса, құрбан шалған болып есептелмейді. Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз - намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Сондай-ақ, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын»,- деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

 

ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛУҒА БОЛАТЫН МАЛДАР:

1.Қой.

2.Ешкі.

3.Сиыр.

4.Түйе.

Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

 

БІРІГІП ҚҰРБАН ШАЛУ

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр мен түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен болу керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

 

ҚҰРБАНДЫҚҚА ЖАРАМАЙТЫН МАЛДАР

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң,(жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды»,-деген.

Ханафи мәзхабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:

1.Бір көзі соқыр;

2.Сойылатын жерге жете алмайтындай дәрежеде әлсіз;

3.Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;

4.Тістерінің көбі түсіп қалған;

5.Емшектерінің басы жұлынып қалған;

6.Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып, құрбан шалуы керек.

 

ҚҰРБАН ШАЛУДА ӨКІЛДІК

Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және сауабы мол. Бірақ басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп болған кісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атынан құрбан алып шалады. Хазірет Әлидің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар.

 

ҚҰРБАН МАЛЫ ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау - мәкруһ. Ал қинамай сою-сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә иләһә иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд»-деп, тәкбір айтып «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» -деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар»-деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар»-деуі керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалуы тиіс.

 

ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНҒАН МАЛДЫҢ ЕТІ МЕН ТЕРІСІ

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату - мұстахап. Бір бөлігі- туған-туыс, көршілеріне бай болса да, сыйға тартылады, екінші бөлігі-кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатын сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етін өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шалған құрбанның етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз(с.ғ.с) шалған құрбандығының үштен бірін-отбасына, үштен бірін-кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын еді. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату-мәкруһ (дұрыс емес).

Бірақ құрбан малының аталмыш бөлшектері, терісі сатылған жағдайда ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі.

 

ҚАЙТҚАН АДАМ ҮШІН ҚҰРБАН ШАЛУҒА БОЛА МА?

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанның етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

 

ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ САУАБЫ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде Аллаһ ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Пайғамбарымызға(с.ғ.с) :

-Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық не? - деп сұрақ қояды.

-Құрбандық - сендердің Ибраһим (а.с) бабаларыңның сүннеті,-дейді.

-Одан бізге қандай сауап бар?

-Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

-Қойдың жүнінен ше?

-Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».

Шындығында Аллаһ Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Аллаһ Тағалаға біздің тек қана шын ықылас-ниетіміз бен тақулығымыз ғана жетеді. Яғни, біздің жасаған құлшылығымызда.

Бұл жайында Құран Кәрімде былай деп баяндалады: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Аллаһ Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».

Құрбан айт ай күнтізбесімен зулхижжа айының оныншы күнінен басталып, төрт күнге созылады. Зулхижжа айының бес күні, яғни Арафа күні мен кейінгі Құрбан айтының үш күні «Аййамул ташриқ» (ташриқ күндері) деп аталады. Бұл күндері парыз намаздарынан кейін ташриқ тәкбірі айтылады.

Дәлірек айтқанда тәкбирдің айтылуы Арафа күнінің таң намазынан басталып, айттың төртінші күнінің аср намазына дейін созылады. «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар. Лә иләһә иллаллһу уаллаһу Әкбар. Аллаһу Әкбар уәлилләһил хамд»

Ташриқ тәкбирін айту ер кісілерге – уәжіп .

Ташриқ тәкбирі жалғыз да, жамағатпен де оқылған парыз намазында сәлем бергеннен кейін бір рет айтылады.

 

ҚҰРБАН АЙТ КҮНДЕРІНДЕ ЖАСАЙТЫН АМАЛДАР

1.Айт күндері Аллаһ Тағаладан дұға тілеу, намаз оқу, Құран Кәрімді көп оқу;

2.Айт күні ерте тұрып, намазға ғұсыл алу. Айт намазын оқып, құрбан шалу;

3.Жаңа немесе таза киім кию;

4.Шамасы келсе намазға жаяу бару;

5.Хош иісті су, әтір себу;

6.Көңілді, шат болып жүру;

7.Айт намазына бара жатып, жолда тәкбир айту;

8.Жақын туысқандарды құттықтап, бала-шағаларымызға сыйлық алып беру. Құрбан айт мейрамын жаңа жылдан артық екендігін білдіру;

9.Көп зікір айту. Жалпы сауапты істермен айналысу;

10.Жағдайы жоқ кедей адамдарға, мешіт, медреселерге, шәкірттерге, дін жолында жүрген азаматтарға садақа – зекет беру.

 

«Ақ мешіттің» баспасөз қызметі.

 

Пікірлер  

 
0 #1 :-) 01.11.2011 07:33
мың да бір рахмет)))
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30