Мәшһүр-Жүсіп атындағы орталық мешітінде Құрбан айт мерекесі қарсаңында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Шараға орталық мешіттің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы мен наиб имам Нұрлан Қайырбеков және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – павлодарлық жамағатты аталмыш діни мерекемен құттықтай отырып, барша мұсылмандардың ортақ мерекесін өткізу ережелерімен таныстырып өту.
- Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат – құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады. Құрбандық ретінде қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Малдың етін үш бөлікке бөліп тарату қажет. Бір бөлігі туған-туыстарына және бай болса да көршілеріне таратылады. Екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі, - дейді мешіттің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.
Биылғы Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні қазанның он алтыншы жұлдызына сәйкес келіп тұр. Павлодар қаласының барлық мешіттерінде құрбан айт намазы жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 09.00-де басталады. Негізінен құрбан айт төрт күнге созылады, бірақ құрбандық шалу шариғат бойынша 16, 17, 18 күндері, ақшам намазына дейін жалғасын табу керек. Ал он бесінші қараша күні – Арафа күні деп аталады. Арафа күні ораза ұстаған абзал болады. Он төртінен он бесіне қараған түні сағат 06.05-те ауыз бекітіліп, сағат 17.09-да ауыз ашуға болады. Пайғамбарымыздың айтуынша, Арафа күні ауыз бекіткен адамның екі жылдық күнәсі кешіріледі. Бір өткен жылын, бір келер жылының күнәсін кешіреді. Бас имамның айтуынша, құрбан айттан немесе намаздан бұрын сойылған мал құрбандық ретінде саналмайды.
Биылғы жылы Павлодар қаласынан қасиетті Мекке қаласына мешіт арқылы 26 адам аттаныпты, сондай-ақ тағы 20 адам өз еріктерімен қажылық сапарына баруға ниет білдірген. Өңіріміздің қажылары құрбан айт күні қасиетті Арафат тауының етегінде күні бойы құлшылық етумен өткізеді. Өңіріміздің Меккеге барған тәуапшылары Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды шарасы – құрбандық шалады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

