Құрбан айт – барша мұсылмандардың ұлық күні. Ол күні Аллаһ разылығы үшін құрбан шалынады. Қажылық парызын өтеушілер қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Аллаһ жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін бірлік пен беріктікке шақырады.
Бұл күні әр мұсылман ертерек тұрып ғұсыл алғаннан кейін (денені толық жуу) әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп мешітке құрбан айт намазын жамағатпен бірге оқуға барады. Павлодар облысындағы барлық мешіттерде Айт намазы бүгін сағат 9.00-де басталады.
Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Өйткені, бұл күні Аллаһ Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең ұлық амал – құрбандық шалынады.
Құрбан айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туған-туыстарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Бұл күні мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді әрі кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен адамдар қайта табысып, Құрбан айт күні бір-біріне мейріммен қарағаны жөн. Науқастанып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады.
Бұған қоса әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мерекесін ерекше есте қаларлықтай өткізуге тырысқан жөн. Құрбан айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттыра түседі. Олай болса, барлығымыз қасиетті Құрбан айт мерекесіне бір адамдай атсалысайық.
Құрбан айт мерекесі құтты болсын, әр шаңырақ шаттық пен берекеге толсын!
Мәшһүр Жүсіп орталық
мешітінің баспасөз қызметі.

