16 қараша, сейсенбі күні, барша мұсылман қауым Құрбан айт мерекесін қарсы алды. Исламға иек артқан жамағат үшін басты мереке саналатын бұл күні еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мешітке ағылды. Павлодар қаласының Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітінде адамдар қарасы ерекше көп болды. Ел тыныштығын, бас амандығын тілеп, Құдайға құлшылық етуге жиналғандардың қатарында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған лауазым иелері де болды. Аймақ басшысы қасиетті мерекеге арнап құрбандық шалып, ас берді.
Барлық павлодарлықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтаған облыс әкімі әрбір отбасыға зор денсаулық, ырыс, береке, бірлік, ынтымақ тіледі. «Биылғы жыл еліміз үшін ерекше. Талай айтулы, маңызды жетістіктермен есте қалмақ. Онымен қоса, нақ осы қасиетті мереке қарсаңында барша әлем көз тіккен, еліміз үшін тарихи оқиғаның куәсі болмақпыз. Ол - елордамыз Астана қаласында өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті. Бұл - дүние жүзі елдерінің Қазақстанның саяси аренадағы биік беделін мойындағанының айқын дәлелі. Бұл – халқымыз үшін үлкен жетістік әрі зор мақтаныш. Алда әлі талай белестер, асулар бар. Ендеше мейірімі мен шапағаты мол Алладан болашағымыздың баянды болуын тілейміз», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Айттың алғашқы күні тұрғындардың көңілі ерекше көтеріңкі болды. Барлығы күнделікті күйбең тірліктен арылып, отбасына, туған-туыстарына, көрші-қолаң, жора-жолдастарына «Айт қабыл болсын!» деп ізгі тілектерін білдіріп, қуаныш сыйлауға асықты. Себебі бұл - жаратушы Алладан мейірім тілеп, пенделік күнәдан арылып, бір-біріне деген өкпе-назды кешіретін күн. «Етек-жеңімізді жиып, еңсемізді тіктеп, әлемнің биік мінберлерінен маңдайымыз жарқырап көрінген шаққа жеттік. Құдайға шүкір. Бүгінде елімізді төрткүл дүние бірлігі мен ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде таниды. Бұл - басты жетістіктеріміздің бірі. Ендеше барша жерлестерімізді, Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Қуанышымызды ұзағынан сүйіндірсін. Армандарымыздың орындалып, көздеген мақсаттарымызға жетуге Алла нәсіп етсін!», - деді қала тұрғыны Жұлдыз Айтпай.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

