Жақында Алла Тағаланың берген күш-қуатының арқасында қасиетті Мекке, Медина қалаларында болып, қажылық парызымды өтеп келдім. Қажылық сапарға аттанардан бұрын оның амалдары мен шарттарын меңгеру мақсатымен Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінде дәріс алдым. Екі айдай уақыт ішінде оқып-білгендерім парызымды өтеу жолында көп көмегін тигізді. Бұл ретте аталмыш Алла үйінің Бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының сіңірген еңбегі зор. Павлодар облысынан қажылық сапарға аттанған бір топ азаматқа діни дәріс берген ұстаздар қауымының сауапты істеріне Алла разы болсын.
Жергілікті мұсылмандарға жақсы қызметтер көрсеткен «Хикмет травел» туристік компаниясының ұжымына айтар алғысым шексіз. Жоғарыда аталған туристік компания павлодарлық мұсылмандарды қасиетті Мекке, Медина қалаларын аралатып, қажылық уәжіптерін орындап қайтқан Алланың құлдарына барлық жағдайды жасады. Біз тұрақтаған қонақүйден 250 метрдей жерде орналасқан Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мешіті мен мұндалап тұрғандай. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне барып, зиярат ететін мұсылмандардың санында шек жоқ. Мединада болған үш-төрт күннін ішінде жергілікті тұрғындармен араласып, қаланың көрікті жерлерін араладық. Тұрғындардың бір-біріне жылы шырай танытып, ерекше құрмет көрсеткенін көріп, тамаша ойға қаласың. Тіпті, қабақ шытып, ашу шақырған адамды кездестірмейміз. Ірі сауда орталықтарында тауарлар ашықтан-ашық жатқанына қарамастан, ешкімнің қол сұғып, тиіспеуі алғаш көрген адамды оң әсерде қалдырғандай.
Медина қаласының аса көрнекті жерлерін аралаудың өзі бір ғанибет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінің жанында орналасқан «Бақиғ» атты қабірстанға зиярат ету барша мұсылманның міндеті саналады. Себебі, мұнда 30 мыңнан астам сахабалар жерленген. Одан кейін Ухуд тауының бойындағы Ухуд шаһидтерінің қабірстанына бас иіп, дұға оқу міндет. Кезінде бұл жерде болған шайқаста 70-ке жуық сахаба көз жұмған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салған «Құба» мешіті – Медина қаласындағы көрікті орындардың бірі. Кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аталмыш мешітке келіп, жұма сайын екі ракағат намаз оқып, дұға жасаған. Кімде-кім мұнда келіп намаз оқып, дұға тілесе Умра жасағандай сауап алады.
Меккедегі әл-Масжид және әл-Харам мешіттерінің ортасында орналасқан Қағба барша мұсылман қауымының қасиетті орны болып саналады. Қағбаны жеті рет айналып, Алла Тағалаға құлшылық жасау - барша мұсылманның парызы. Мұсылмандық парызымызды өтеген біз Мұхамед және Ибраһим (с.ғ.с.) секілді пайғамбарларымыздың ізі қалған жерлерін араладық. Пайғамбарлар өмір сүріп, тұрмыс кешкен орындары мұсылман қауымы үшін қасиетті жерлер болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) «Қажылық дегеніміз – Арафа» деген екен. Арафат тауында тұру қажылықтың негізгі парызы болып табылады. Қасиетті тау басында зікір айтып, қасиетті Құран аяттарын оқып, дұға қылысқан Алла Тағала құлдарының ниеттеріне сүйсінесің.
Адамзат баласының тура жолы – ақиқат жолына бастаушы, Алла Тағаланың елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) табаны тиген ұлық жерлерді көру, зиярат ету жүрекке өшпестей із қалдырары анық.
Шайғали МӘЖЕНҰЛЫ,
Ақсу қаласы

