ИСЛАМ ДІНІНДЕ ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ АЙШЫҚТЫ

 

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі қызметкерлердің 47 пайызын нәзік жандылар құрайды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты мақсат еткен бұл салада әйел затының атқарар жұмысы да қомақты. Бұл туралы бейсенбі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел шарасында кеңінен айтылды. Әйел адамның қоғамдағы рөлі мен орнын Ислам діні тұрғысынан қарастырған шараға Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Ленин кентіндегі мешіттің имамы Қайрат қажы және аталмыш департаменттің басшылары мен қызметкерлері қатысты.

 

Жұмыс бабымен Орталық Қазақстан облысынан Ертістің Павлодар өңіріне қызмет саласы бойынша көшіп келген Қанат Қыздарбеков - үш қыз баланы тәрбиелеп отырған бақытты әке. Ол дөңгелек үстелге келген дін өкілдеріне қыз тәрбиесіне байланысты сауалдар қойды. «Қасиетті Құран Кәрімнің төртінші сүресі әйел заты туралы. Ал еркектер туралы сүре жоқ. Осыдан-ақ Исламда әйел адамның алар орнын бағамдай беруге болады. Қыз бала тәрбиесі - ата-анаға сын. Қазіргі таңда тәрбиесіз ұл-қыздар көп. Олардың осындай болуына бірден-бір кінәлі - ата-аналардың өзі және өмір сүріп отырған ортасы. Ата-аналардың кейбіреуі байлық пен мансаптың артынан еріп, бала тәрбиесін мүлдем ойға алмайды. Мұның арты неге апарып соқтыратынын күнделікті өмірден көруге болады. Қазақта «қызды қырық үйден тый» деген сөз бар. Сондықтан қыз баланың тәрбиесіне бей-жай қарамау керек»,- деді Жолдас қажы Қоспақұлы.

Төтенше жағдайлар саласында он жылдан аса уақыт қызмет атқарып келе жатқан Фатима Қайроллақызы әйелдерге арнайы әскери форма киіп, жылуы мен суығы қатар жүретін салада жұмыс істеуге болады ма? деген сауалына Жолдас қажы: «Құран Кәрімде әйелдерге жұмыс істеуге болмайды деп жазылмаған. Сондықтан жүрек қалауымен таңдаған жұмысты әлбетте атқаруға болады. Тек, үйдегі отағасын, бала-шағаны әсте естен шығаруға болмайды. Сондай-ақ, орамал тағып, ұятты жерлерін жауып жүруді де ескеру қажет. Ақылды пенде Алласыз күн кеше алмайды. Сол себепті, Аллаға иман келтіріп, мешіттерге жиі барып дұға бағыштатып отырса, адамның жүрегі  нұрға толып, жұмысы алға басады»,- деп жауап берді.

Бұл күндері Ислам дініне бет бұрған әйелдер саны көбейіп келеді. Бұл             қоғам үшін өте пайдалы. 2007 жылы біздің облыстан қасиетті қала Меккеге қажылық парызын өтеуге барған 120 адамның 50-і нәзік әйел болған. Одан кейінгі жылдарда да қажылық парыздарын өтеуші әйелдер қауымының легі көбеюде. Дөңгелек үстелге жиналған қызметкер аруларды: «Өңіріміздегі мешіттерге бас сұққанда әйелдерге дәріс беретін діндар, оқыған адамдар бар ма?» деген сауал толғандырды. Орталық мешіттің бас имамы Павлодар қаласындағы мешіттерде әйелдерге дін тұрғысынан дәріс беретін ұстаздардың жұмыс істейтіндігін жеткізді. Осылайша, әйел затының қоғамдағы орнын Ислам діні тұрғысынан екшеген дөңгелек үстелге қатысушылар барша нәзік жандыларды халықаралық мерекемен құттықтады.

 

Е.ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31