Жергілікті айтыскер ақын Қуаныш Шарманов соңғы кезде асыл дініміз Ислам, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы қалам тартып жүр. Оқырманға ой салар деген ниетпен төменде Қуаныштың дін жайында жазған туындысын ұсынып отырмыз.
Қалқан ғып ұста алдымен зейініңді беткі,
Аллаға сосын тап-таза пейіліңді жеткіз.
Кешілмес күнәң болмайды сонда басында,
Кешірімді Жаратқан, мейірімді шексіз.
Ойыңды жина, байыптап барлағын бәрін,
Мойындап қана қоймағын Алланың барын.
Алланы бар деп танысаң айтқанын істе,
Адаспас екі дүниеде арманың қалың.
Ойыңда берік ұстай біл бес парызыңды,
Өткізіп алма жазың мен босқа күзіңді.
Өртінен ешкім тозақтың құтқара алмайды,
Өліп те кетсең өтемей еш қарызыңды.
Парыздарыңды болар еді қиын көрмесең,
Қиын болады әрине, пейіл бермесең.
Бес парызыңның біреуі Меккеге бару,
Онда да бар деп айтпайды күйің келмесе.
Садақа беру, оны да сауыңда жаса,
Ешбір әлемде қылмайды бағыңды аласа.
Жақсы сөз, көркем іс қылсаң ол да - садақа,
Дүниемен өлшеп барлығын сабылма адаса.
Иман келтіргін Алланың барына сеніп,
Жалғаннан көшсең болады жаныңа серік.
Қиын ба сонша «Алладан басқа тәңір жоқ»
Деген бір сөзді жаттату жадыңа берік.
Ораза тұту, былайша қанағат қылу,
Жаратқан құлым дегенге жара бақтыру.
Жыл он екі айдың бір айы нәпсіңді байлап,
Бар менен жоқтың арасын шамалап білу.
Бақыт қой бес намазыңды тұрсаң өткеріп,
Деп жатса біреу жұмыс көп, мұрша жоқ дедік.
Жиырма төрт сағат тіршілік берген Аллаға,
Қалайша құлдық ұрмайсың бір сағат бөліп.
Сонда тірлігің леп беріп өңінен жылы,
Шуаққа көмер күнің де көгінен күліп.
Шомылар нұрға жаның да Жаратқаным деп,
Мұсылман болсаң Пайғамбар жолымен жүріп.
Құранға мән бер, әр сөздің астарын қара,
Тереңдеп ойла, бер жағын бос қабылдама.
Ақылды пенде Алласыз күн кеше алмайды,
Себебі, сынақ дүние қас-қағым ғана.
Дініңді таптың жақсылығы жаңа ғасырдың,
Айырмасын ұқ енді адал арам асыңның.
Өзің түсінсең өзгеге түсіндіруді ойла,
Қайғысын ғана күйттемей қара басыңның.
Ниетті түзе, Аллаға арыңмен жүгін,
Еліктеп кетпей өзің де, барыңмен бұрыл.
Сыныққа сылтау іздемей, өлімді ойла да,
Жүрегіңді ұйыт, намазға жаныңмен жығыл.
Бұл жастар бүгін жасауда індетті бір іс,
Көбейіп кетті Құдайға құр бетті бұрыс,
Бастау да оңай, намазды тастау да оңай,
Түсінбеген соң сүннет пен міндетті дұрыс.
Міндетті білсек, дәл бұлай ақсамас едік,
Ескермейсің-ау жұлдызың жатса да сөніп.
Адам заңындай қарама Алла заңына,
Әкеңе сеніп немесе ақшаңа сеніп.
Сектадан сақтан, сұғынба керек емеске,
Мақұлдай берме әркімді неге деп естен.
Әлімсақтан-ақ өзіндік пікірі жоқтар,
Өзгенің қуыршағы боп келеді емес пе?!
Менікі дұрыс деп жұрттан өктем көрінбе,
Мәсхабтан мәсхаб қуалап көптен бөлінбе.
Өзіңе өзің би болмай, имамға ұйы,
Көсемсіз қандай тірлік бар көк пен жеріңде.
Аллаға ешкім бөлінбейді ақ, қара болып,
Адаспай жүрсең һәм жалғыз хақ дана көріп.
Әзірейілдің де жылиды сонда қабағы,
Алам деп ажал тұрғанда қақпаңа келіп.
Кезі келгенде арнаймын сезімді Аллаға,
Әзірге жоқ деп уақытым өзіңді алдама.
Арам су ішіп, қыз іздеп Алла түгілі,
Алдындағы көрмейсің көзің қандана.
Қайғырмайсың-ау дүниенің жалғанын ойлап,
Қиялым кеткен шарықтап арманың әйбат.
Сорлатар соңы солардың қайыры болмай,
Әр қадамыңды баспасаң алға Құдайлап.
Дұшпаныңды ойлап салынба жалған намысқа,
Достарыңды ойлап иманды жаннан қалыспа.
Аллаға жағар алдымен жайлы мінезің,
Ақылға салмай әр істі далбаңдап ұшпа.
Оң мен солыңа салмақпен, сабырмен қара,
Жақсылық қылсаң біреуге жаныңмен қала.
Артыңнан дұға оқитын адамдар болсын,
Қадірін ұғып білесің қабірден ғана.
Алалама да ешкімді ғайбаттама да,
Біріңе бірің тісіңді қайрап қарама.
Кеудеңді керіп қайтесің мынау өмірде,
Басыңа мәңгі Жаратқан байлап қоя ма.
Ажалдың оғы көрсетіп көрегендігін,
Адаспай келе жатыр ғой көнеден бүгін.
Ертеңіңді ойла ертерек есіңді жина,
Еңкейіп кетіп жүрмесін төбеден күнің.
Қуаныш ШАРМАНОВ, ақын, Павлодар қаласы.

