Бұдан бірер жыл бұрын қала көшелерінде қолдарына түсініксіз кітаптар ұстап, өткен-кеткен адамдарға тегін таратып жүрген діни ұйымдардың өкілдерін көргенде, әрқайсымыз түрліше қабылдағанымыз рас. Бір өкініштісі, мысықтабандап арамызға кірген кейбір жат діни ағымдардың арам пиғылдарын дер кезінде бағамдай алмай қалдық. Сол салғырттығымызды пайдаланған әлгілер ел арасында сыналап еніп, өз саясаттарын жүргізе бастады. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, елімізде экстремистік бағыттағы 16 діни ұйым әшкереленіп, сот шешімімен тиісті жаза қолданылған. Жақында Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің мекемесінде психолог мамандармен өткен кездесуде облыстық дін істері жөніндегі департаменттің бастығы Дәулет Зәкариянов осы тақырыпты кеңінен талқылады. Ол жиналғандарға діни экстремизмнің қауіптілігі жөнінде бірнеше мысалдар келтірді. Психолог мамандардың сұрақтарына жауап берген департамент басшысы жиналғандарды алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге шақырды.
Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ, Екібастұз қаласы.

