ХАЗІРЕТІ МҰХАММЕД (С.Ғ.С.) ПАЙҒАМБАР КІМ ЕДІ?

Араб жазирасының ми қайнатар ыстығында табанын құмға, маңдайын күнге күйдіріп, өзінің бүкіл ғұмырын адамзаттың бақытына арнаған Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) кім еді? Әрине, ол Ұлы Жаратушы Алла Тағаланың адамзатқа жіберген елшісі болатын. Хазіреті пайғамбарымыз - адамзат өркениетінің тарихында аса ерекше орын алатын тұлға. Сондықтан оған бас иіп, дұға бағыштау - барша мұсылман қауымының парызы.

 

Пайғамбарымыз надандықтың, қараңғылықтың тас түнегінде болған араб қоғамында өмір сүрді. Ол заман «адам болып өмірге келген соң, адам болып өмір сүру керек» деген тұжырымның санадан кетіп, сағымға айналған кезі еді. Алланың елшісі қағынан жеріген құстай, өз туған балаларын тірідей жерге көму дәстүрге, жезөкшелік кәсіпке, адам өлтіріп, кісі тонау батырлықтың белгісіне айналған қоғамда тұрмыс кешті. Осындай дүрбелеңі басым қоғамда адам баласының әділдік пен бақытты, тура жолды көрсетуші тұлғаны армандауы - заңдылық.

Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне Ұлы Жаратушының берген нығметі бойынша Пайғамбарлық міндет жүктелген күннен бастап көпқұдайшылдыққа, әділет-сіздікке қарсы күресті. Жақсылық жалауының жер жүзіне таралуына себепші болған Пайғамбарымызға, ол әкелген дінге әлем ғалымдары таң қалып, таңдай қаққан. Мәселен, атақты американдық жазушы, ойшыл сэр Бернард Шоу: «Егер қайсыбір дінге кейінгі жүз жылда Англияны, тіпті бүкіл Еуропаны басқару мүмкіндігі туар болса, ол тек Ислам діні ғана болар еді. Мен ертеңгі Еуропаның Мұхаммед (с.ғ.с.) дінін қабылдайтынын болжаймын. Тіпті, Еуропа қазірдің өзінде оны қабылдай бастады. Мен Мұхаммед (с.ғ.с.) әкелген дінге оның ғажайып өміршеңдігі үшін үлкен құрметпен қарадым. Менің түсінігімше, бұл (Ислам діні) барлық жастағы адамға ұнауы мүмкін. Егер қазіргі әлемді басқару құқы сол секілді (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар) бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселелерді шешер еді. Бұл шешімдер тыныштық пен бақыт әкелер еді»,- деген екен. Ал немістің біртуар ақыны  Гете: «Анау-мынау нәрсе туралы оңды-солды ой толғау қандай ақымақтық?! Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз. Бір Аллаға деген сенім рухыңды биік етеді. Өйткені, ол адамның рухани тұтқасының өлшемі болып табылады»,-дейді.

Белгілі ғалым Майкл Харт өзінің «Тарихтағы 100 адам» атты еңбегінде Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) ешқандай адам дәрежелес бола алмайтындығын көрсетті. Ғалым аталмыш еңбегінде: «Мұхаммед (с.ғ.с.) тұтастай алғанда Исламның ғылымы мен моралін дүниеге келтірді. Ол сонымен бірге, бұл дінге сенушілердің қатарын көбейтуде басты рөл атқарып, тұңғыш рет Ислам қағидаларын өмірге енгізді. Оның үстіне ол Құдай рухы сіңген Қасиетті Құран кітапты жұртшылыққа ұсына білді. Құранға енген Мұхаммедтің (с.ғ.с.) барлық айтқандары дерлік оның көзі тірісінде жазылып, ол дүниеден өткен бойда-ақ біртұтас аяқталған формаға айналып үлгерді. Одан басқа, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Христостан ерекшелігі, ол тек діни ғана емес, биліктің де көшбасшысы бола білді. Егер оның араб жаулап алушыларын жігерлендіре білген ролін еске алсақ, онда дүние жаралғалы бері ең ірі ықпалды саяси көсем болды деуге толық негіз бар. Тарихта (жаулап алған кеңістігі тұрғысынан) онымен теңдесетін бір-ақ мысал бар. Ол – ең алдымен Шыңғыс ханның арқасында XIIIғасырда жүзеге асқан жаулап алулар. Бірақ, сол жаулап алулар кеңістігі жөнінен арабтардан артық бола тұра, уақытша ғана болып шықты. Қазір сол иен даладағы моңғолдар Шыңғыс хан тұсындағы аймақты ғана мекендеуде... Аса зор діни және үстемдік ету тұрғысынан қарағанда, осындай берік тұтастық Мұхаммедті (с.ғ.с.) сирек кездесетін тарихи тұлға деп айрықша бөліп алуыма мәжбүр етт»,- деп шындықты жазған.

 

 НЕ ҮШІН ЖІБЕРІЛГЕН?

Ислам дініне бет бұрған бір ақын:

Әй, адамзат!

Тоқта, ойлан, ақиқатқа назар сал,

Бұл өмірге сенің қандай пайдаң бар?

Айтшы өзің, еріккеннен келген бе,

Үмметім деп,

үмметім деп шырылдаған Пайғамбар!, -

деп жырлайды. Шынында да Пайғамбарымыз не үшін жіберілген?              Ол адамзат баласына тура жолды көрсету үшін жіберілді. Өйткені, Алла тағала            Құран Кәрімде: «Расында Сені бүкіл әлемге Рахмет етіп жібердік»,- дейді. Ол шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап тас мүсінге (пұттарға) табынған жандарды  күллі әлемнің Жаратушысы бір Аллаға ғана құлшылық қылуға шақырды. Бай мен кедейдің Алла алдында теңдігін жариялап, пенденің дәрежесі пешенесіне жазылған мал-мүлкінің артықшылығынан емес,             иман дәрежесімен ажыратылатындығын ұқтырды. Ертеден қара кешке дейін бастарына әңгір-таяқ орнаған құлдарды азат ету үлкен сауапты іс екенін айтып, сүйіншіледі.

Бүлдіршіндей жас қыздарын тірідей жерге көміп, құдыққа тастағандарға жас сәбилердің еш күнәсіз екендігін жеткізді. Өмір есігін жаңа ашқандардың тағдырына балта шапқандар Алланың қаһарына ұшырайтынын ескертіп, мұндай істерден аулақ жүруге шақырды. «Жұмақ - ананың табанының астында» деп, анаға құрмет көрсетуді бұйырды. Бірде - бір сахаба келіп: «Иә, Аллаһтың елшісі, жақсылықты алдымен кімге жасауым керек»,- дейді. Пайғамбарымыз: «Анаңа» дегенде, әлгі сахаба: «Одан кейін ше?»,- деп сұрайды. Пайғамбарымыз тағы да: «Анаңа» дегенінде, келген сахаба үшінші мәрте: «Одан кейін ше?» деп сұрағанда Аллаһтың елшісі «Анаңа» деген екен. Содан соң «Әкеңе» деп жауап береді.

Ислам - адамның өмірі мен ар-ожданын, құқығы мен бостандығын жоғары орынға қоюмен қатар, адамның қажеттілігі үшін жаралған бүкіл жаратылысқа оң көзбен қарауды бұйыратын дін. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) он мың сахабасымен Меккеге келе жатқанында жаңа ғана күшіктеген бір итті көреді.  Сосын бір сахабасын күшіктер мен итке қамқор болсын деп сол жерге қалдырады. Мініс көлігіне ауыр жүк артуға тыйым салып, тілі жоқ хайуандарды ұрып-соғудан қайтарған да Пайғамбарымыз. Бұл мысалдар адамзаттың ардақ тұтар тұлғасының тіршілік атаулыға ерекше мән беретіндігін көрсетеді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен жақсы мінез қылықтарға кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін»,- дейді. Оның көркем мінезіне, аманатшылығына сахабалары сүйсінетін еді. Тіпті, Ислам дініне қарсы шыққан дін дұшпандары бағалы заттарын Пайғамбарымызға аманаттайтын. Мұның барлығы - Пайғамбар мінезінің жас сәбидің көңіліндей пәк екендігінің айғағы. 

Жанары тұманданған жесір мен жетімнің кем-кетігін толтырып, оларға қамқор болуды жаны сүйетін Пайғамбарымыз Үмметіне: «Жетімге  қамқор болған адам жәннатта Менімен бірге болады»,- дейді. Жетім балалардың жағдайын ойлап, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай қамқор болуға шақырады. Бұл істі Аллаһтың жақсы көретінін айтып әрі Өзі осындай ізгі іс жасаушылардың алғашқысы болды. Пайғамбарымыз жетімдерді ойлап қана қоймай, жетімдіктің жолына тосқауыл қоя білді. Ойнастық пен ішімдіктің жолына қарсы тұрып, адамзатты ақиқаттың ақ жолымен жүруге шақырды. Ислам дінінің мақсаты - пенденің күнәлі іске ұшырап, азапталғанын емес, сол күнәлі істерге апаратын жолдардан, адамзат құндылықтарын жоятын зұлматтардан,             Алла Тағала тыйым салған істерден бойын аулақ ұстау.

«Алла – бір, Пайғамбар - хақ» деп, ұл-қызын тәрбиелеген ұлан-ғайыр даланы сұқ көзден қорғап келген батыр бабаларымыздың арманы мен мақсаты Пайғамбарымыздың жолымен жүріп, Ол әкелген дінмен өмір сүру болған. Пайғамбардың үмметі болғанын өз  жырына арқау еткен Мұқағали Мақатаев «Пайғамбар үмметімін» деп мақтан етуі тегіннен-тегін болмаса керек.

Ол – ұлты мен ұлысына қарамайтын күллі адамзатқа ақиқат пен жалғанды,                  ақ пен қараны ажыратып, тура жол көрсету үшін жіберілген Аллаһтың хақ Пайғамбары. Баршамызға Алланың нұры жауып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты бұйырсын!

Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31