ИСЛАМ ДІНІ ІЗГІЛІККЕ БАСТАЙДЫ

Екібастұзда сәждеге жығылушылар қатары көбеюде
Ертістің Павлодар өңіріндегі «Қажылар қаласы» атанған Екібастұзда асыл дініміз Исламға бет бұрушылардың қатары көбейіп келеді. Алланың үйінде құлшылық жасайтын намазхандардың дені - жастар. Хақ Тағаланың ақ жолымен алға қадам басқан ұл-қыздарымызға үлгі-өнеге көрсетер ата-әжелеріміз де аз емес. Мешітке келушілердің саны жыл сайын артуда. Тіпті, жұма, айт намаздарында сәждеге жығылушылардың қарасы көбейіп, Алла үйіне сыймай кететін жағдайлар болады. Мұндай жағдайға жеткенімізге шүкіршілік еткеніміз жөн. Адамдар ақиқаттың ақ жолына түссе, қоғамда зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық деген жағымсыз іс-әрекеттер жойылады. Бұл ретте Екібастұз қалалық мешітінің атқарып жатқан игі істері баршылық. Осыған орай, аталмыш Алла үйінің бас имамы Әбілхан Балтаұлы Жәпішевпен әңгімелескен едік.
2009 жылдың ақпан айында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұйрығымен Екібастұз қаласындағы орталық мешіттің Бас имамы болып тағайындалған Әбілхан Балтаұлының өскен ортасы мен көрген тәлім-тәрбиесі оның Ислам дініне деген құлшынысын арттырады. Сонымен қатар, атасы Жәпіш кезінде білімді молда, дуалы ақсақал болған. Содан болар, асыл дініміздің ізгі қасиеттерімен сусындаған Әбілхан Балтаұлы бүгінгі таңда «қажылар мекеніндегі» жамағатты ақиқат жолына бастауда.
- Ислам институтында, Нұр-Мүбәрак университетінде алғашқы уақыттарда павлодарлықтардың саны өте аз болатын. Алматы қаласындағы Ислам институтында оқыған шақта Павлодар облысынан екі адам ғана болдық. Жасыратыны жоқ, ол кезде діни білім алуға ешкімнің құлшынысы болмайтын-тұғын. Ал қазір, Аллаға шүкір, діни білім ордаларында оқып жатқан павлодарлықтардың қатары көбейіп келеді. Нұр-Мүбәрак университеті ашылғаннан бері біздің өңірден жыл сайын екі-үш бала аталмыш білім ошағына оқуға түседі. Сондай-ақ, жас өрендерді аймағымыздағы кейбір мешіттер өз қаражаттарына жыл сайын оқытады. Мәселен, биылғы жылы Екібастұз орталық мешітінің қаржысына үш шәкірт Нұр-Мүбәрак университетінде білім алуда. Елімізде Ислам дінін меңгеруге арналған бір университет, бір имамдардың білімін жетілдіру институты, екі республикалық және жеті аймақтық медресе, сонымен қатар, былтырдан бастап республикалық «Әбу Ханифа» қарилар даярлайтын орталық жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі - Павлодар қаласындағы Әбу Бәкір Сыдық медресесі. Ол жерде білікті ұстаздармен қатар Мысырдан, Түркиядан келген ұстаздар дәріс беруде. Аталмыш медресе жергілікті балалардың діни сауатын ашып, білім алуына мол мүмкіндік жасауда»,- деді бас имам.

Ағымдар көбейсе, адасушылар қарасы арта түседі
Бас имамның сөзіне сүйенсек, екібастұздықтардың дінге деген құлшынысы өте жоғары. Әсіресе, жастар жағы көптеп бет бұруда. Өкініштісі, ұл-қыздарымыздың ертеректе және бүгінде шетелде, әсіресе, Сауд Арабиясында оқығандары басқа мәсхабты ұстанады. Міне, осыларға еліктеп, ықпалында кеткен жастардың да көп екенін алға тартты Әбілхан Балтаұлы. Мәсһабты мойындамайтын мұндай бауырларымыздың бетін бері қарату үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз. Өзіміздің Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бекіткен Әбу-Ханифа мәсһабын насихаттаудамыз. Екібастұз ауылдық аймағындағы барлық мешіттерде аталмыш мәсхабты насихаттауға байланысты уағыздар айтылып, үгіт шаралары жүргізіледі. Себебі, ертеректе тамыр жайып алған індетті тамырынан бастап шаппаса, құр бұтағын бұтағаннан не қайыр? Яғни, бұл кезінде бауырларымыз Сауд Арабиясында оқып келіп, елге жайлап мешіт ішінде уағыз жүргізуінен де жапырағын жайып алғаны өкінішті. Бүгінгі таңда жоғарыда айтқан өзіміздегі діни жоғары оқу орындарынан дін ілімінен бастау алып, білімін Мысыр, Түркия сияқты елдерде шыңдаса құба құп»,- деді Бас имам.
Бүгінгі таңда Екібастұз қалалық мешітінде оқушыларға арналған үш айлық және орта жас пен қарияларға арналған он айлық сауат ашу курстары жұмыс істейді. Курстың басты мақсаты – балаларға діни сабақ беріп, зейінін ашу. Мұнда көбінесе пайғамбарлар тарихынан, Құран Кәрім жайынан көп деректер айтылады деді Әбілхан Балтаұлы. Имамның мәлімдеуінше, білімі таяз жандар ғана басқа ағымдардың жетегінде кетеді. Ал ақсақалдар мен апаларға намаз оқу, жаназа мәселелері кеңінен түсіндіріледі.
Ғылым мен техниканың кең өріс алған заманында жастардың басым көпшілігі интернетті пайдаланады. Осыған орай, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының интернеттегі арнайы сайты жұмыс істейді. Былтырғы жылы Екібастұз қалалық мешіті де өзінің веб-сайтын ашуға қол жеткізді. Осы сайт арқылы намаз уақыттарын, діни мақалалар мен жаңалықтарды біліп отыруға болады. Сонымен қатар, онлайн Құран оқу, Құран тыңдау мүмкіндіктері қаралған. Сайтқа жергілікті жердегі намаз уақыттары орналастырылып, сондай-ақ, мұсылман бауырлар оқысын деген ниетпен мешіт қызметкерлері Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын Әбу-Ханифа мәсһабын насихаттайтын мақалаларды жүктеп отырады. Қала берді, мешітке уағыз тыңдай келген жандарға осы мәсхабқа үгіттейтін шағын кітапшаларды таратады. Діни мерекелерде үнпарақтар таратылып тұрады.  
- Қоғамдағы жастардың басым бөлігі орыс тілді. Сол себепті Ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрлерінің арасындағы байланысты  көбі біле бермейді. Діннің салт-дәстүріміз бен шариғатқа қайшы келмей байланысқан кейбір жерлерін түсіне бермей, дінге қарсы деп санайды. Міне, осылардың барлығы діндегі алауыздықты тудырады. Осы себептен көптеген ғасырлардан бері бабаларымыз ұстанып келген Әбу Ханифа мәзһабын насихаттау бірлігіміз үшін де маңызы зор. Басқа ағымдағылардың барлығын бір сәтте тоқтату мүмкін емес. Сондықтан, әлсін-әлсін дұрыс бағытты насихаттаудамыз. Тек уақыт керек. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» демекші, барлығы өз сабасына түсіп жатса, оларды сұрақтың астына алып, титықтатудың еш қажеті жоқ»,- деді Ә.Жәпішев.

Атқарылған іс аз емес
«Атқарып жатқан жұмыстарымыздың нәтижесін уақыт көрсетеді. Ал алға қойған мақсат-міндеттеріміз көп» дейді бас имам. Екібастұз қалалық мешітінің ұжымы алдағы уақытта жастар клубын ашуды жоспарлап отыр. Клубты ұйымдастырудағы басты мақсат – қаладағы оқу орындарындағы студенттердің теріс ағымдарға еріп кетпеуін қадағалау. Алла қолдап, клуб ашылып жатса, ұл-қыздарымызды тура жолға бастайтын орталықтың жұмысы жемісті болары даусыз. Имамнан бүгінгі таңдағы оқу орындарында намазхана ашу мәселесі жайлы сұрағанымызда: «Намазханалар ашу мәселелері де енді қарала бастады. Былтырғы жылы Шідертідегі жазасын өтеушілер мекемесінде намазхана ашқан едік. Осы уақытқа дейін өкінішке орай, қаламызда намазханалар болмапты. Бәрі Алланың қалауымен болады. Алла қаласа, қаламыздағы жоғары оқу орындарынан намазхана ашылып та қалар. Жалпы, Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғандықтан көп жерлерде бұл мәселеге аса көңіл бөлінбей отыр. Рас, жастардың көбі оқу орындарында намаз оқитын орын таба алмай қиналады, кейде сабақтарын осы үшін босатып алатын жағдайлар да кездеседі, сондықтан аталмыш орындарда намазхана ашуды оқу орны басшылары ескерер болса, нұр үстіне нұр болар еді»,- деді.
Екібастұз қаласының сыртында қуғын-сүргін құрбандарының бейіті орналасқан. Христиан дінінің өкілдері сол бейітке өздерінің белгілерін қойыпты. Ал бұл жерде зұлмат жылдары қуғынға ұшыраған мұсылмандардың қабірлері жатқаны анық. Көп уақыт бойы ескерусіз келген бейітке Ә.Жәпішев бастаған мешіт ұжымы 2009 жылдың сәуір айында құлпытас орнатты. Мұның өзі келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие болары анық. Белгітасты орнатуда қалалық әкімдіктің сіңірген еңбегі ерен. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында қалалық мешітте ардагерлерді арнайы шақырып ас беріліп, сый-сыяпаттар жасалды. Балалар күнінде қаладағы «Үміт» жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне Алла үйінде тегін ас беріліп, балаларға қажетті құрал-жабдықтар үлестіріледі. Мешітте білім алып жатқан шәкірттер Павлодар қаласындағы көрікті жерлерді үнемі аралап, саяхат жасап отырады. Бұл да мешіт тарапынан атқарылатын келелі істердің бірі. Былтыр мешітте оқыған шәкірттеріміздің үздіктеріне мешіт атынан мадақтама қағазы берілді. Сондай-ақ, мешіттің көптеген құжаттары реттелді. Мешіттің ішіне, Құран оқылатын бөлмеге бақылау камералары қойылды. Мешіт бөлмелеріне ішкі телефон байланысы құрылды. Мешіттің намаз оқитын залындағы кілемі ауыстырылып жаңа кілем төселді. Әйелдер намаз оқитын бөлмеде уағыз айтушы имамды көріп отыруларына арналып камера мен монитор қойылды. Ауылдық жерлердегі мешіттердің де құжаттары реттеліп жатыр. Биыл Сарықамыс пен Комсомол ауылдық мешіттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Оған Тамара Белгібайқызы апайымыз жанашырлық танытып, қолдау көрсететіндігін және алдағы айдан бастап Комсомол ауылының имамының жалақысын көтеретіндігін мәлімдеді. Айта кету керек, Сарықамыс ауылының имамына да ай сайын 20 000 теңге жалақы төлеп келеді. Ауылдық мешіттерді ұстап тұру - өзекті мәселелердің бірі. 2009 жылы Құлакөл ауылында Ясынжан Тайыров деген азаматтың қаражатына мешіт салынып, ашылды.
Биылғы жылдың мамыр, маусым айларында Бәйет ауылында ағайынды Жақан, Айхан бауырларымыздың демеушілігімен салынып жатқан жаңа мешіттің ашылуы жоспарланып отыр.
Екібастұз қалалық мешітінің асханасына қажетті аспаздық құралдар алынды. Асхананың ыңғайсыз болып келген үстелдері мен орындықтары ауыстырылып, жаңа дыбысзорайтқыш алынды. Ыдыс-аяқтары да бірте-бірте ауыстырылуда. Асхананың қақпасы жылжымалы қақпаға ауыстырылды. Асхана алдына демеушілер тарапынан шыршалар егілді. Биылғы жылы мешіт асханасын кеңейтуді жоспарлап отырғандарын жеткізді бас имам. Сонымен қатар, мешіттің дәретханасын кеңейтуді, мешіт есігі алдындағы баспалдақты стандартқа сай қайта қалау жұмыстары да жоспарымызда бар, деді Әбілхан Балтаұлы.
Мұндағы кітапханада Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мақұлдаған «Көкжиек» баспасынан жарық көрген діни кітаптармен қатар өлкеміздің тарихынан сыр шертер кітаптар қойылған. Алдағы уақытта еліміздің тарихы мен отансүйгіштік тақырыбындағы кітаптар алынатынын айтып өтті бас имам.
Сондай-ақ, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің кітаптары мен мақалалары арнайы «Бас мүфти бағаны» атты сөреде орын алған. Биылғы жылы қасиетті кағбаның үлгісін жасаттық. Бұл қажылық сапарға аттанушыларға сабақтар жүргізуге мүмкіндік туғызып отыр. Жемісті жұмыстардың бірі ретінде мешіт айналасының әсем гүлдермен көмкерілуін атап өтуге болады. Әбілхан Балтаұлы биылғы жылы көріктендіру жұмыстарын былтырғыдан да артық орындауды жоспарлап отырғанын алға тартты. Бүгінде Екібастұз қалалық мешітінде 26 адам жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындарды ақиқаттың ақ жолына насихаттаушылар халық мүддесі, Ислам діні үшін аянбай еңбек ететіндерін жасырмады. Алайда, мешіттегі жалақының төмендігінен, кейбір қызметкерлер басқа жұмыстарға ауысып жататыны да кездеседі.  

Мәуліт мерекесі мазмұнды өтті
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесін екібастұздықтар биылғы жылы ерекше атап өтті. Қаланың орталығында өткен мерекені есепке алмағанның өзінде, Екібастұз ауылдық аймағында мешіті бар ауылдардың барлығында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл туралы бас имам Әбілхан Балтаұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәуліт мерекесін атап өтуге барша екібастұздықтар бір адамдай атсалысты. Қаладағы Алла үйінің өкілдері ауылдық жерлердегі мешіттерде жамағатты жинап, уағыздар айтып, оларға «Мұхаммед Пайғамбар» атты кітап тегін таратылды.
- Бұл күні мешіттің асханасында құдайы ас берілді. Шаһардағы «Нарық» базарының директоры Тамара Белгібайқызы өз қаржысына жылқы сойып, жұма намазына келген жамағатқа ас берді.  Бұл – Тамара апайдың жамағат үшін жасап жатқан алғашқы жақсылығы емес және соңғысы да болмайды деп ойлаймыз. Себебі, Тамара апай Айт күндері, Қадыр түнінде жамағатқа ақ дастарқан жаюды дәстүрге айналдырған. Екі жыл қатарынан ораза тұтқан мұсылмандарға мешіттің асханасында сәресі беруге мүмкіндігіміз болды. Міне, осындай игі істердің басы-қасында Тамара Белгібайқызы жүреді. Биылғы Мәуліт мерекесіне көкшетаулық айтыскер ақын Арман Бердалинді шақырдық. Оның орындауындағы діни нақыштағы термелер, өнегелі әңгімелер көпшілік қауымға рухани азық болды деп ойлаймын.

Жаны жомарт жандар көп
Діннің қанат жайып, өрістеуіне жалғыз имамның қосар үлесі аздық етері анық. Сондықтан Екібастұз қаласының мешітіндегі рухани кештер мен діни мерекелерді ұйымдастыруға жергілікті билік, кәсіпкерлер мен қаланың құрметті азаматтары өз үлестерін қосады. Екібастұз қаласының әкімдігі мен әкімшіліктің басқару бөлімдерінің басшыларына алғысымыз шексіз. Әкімнің орынбасарлары Ғ.Оспанқұловқа, Н.Құлжановқа, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Е.Қабдыловқа, әкімдіктің тұрғын үй, көлік және автомобиль жолдары бөлімінің бастығына, қалалық салық басқармасына, жер қатынастары  басқармасына, сәулет және қала құрылысы басқармасына алғысымызды білдіреміз. Алла үйіне көмек қолын созатын белгілі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар жетерлік. «Нарық» базарының директоры Тамара Белгібайқызының жасап жүрген игі істерін жоғарыда сөз еттік. «Нарық» базарында доңыз еті мен халал өнімдерді бөлек сату қадағаланады. «Айдабол» ЖШС директоры Қайрат Ибраев мешіттегі діни шараларға әрдайым қол ұшын береді. 2009 жылы Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Тай ауылында өз қаражатына мешіт тұрғызған кәсіпкер Серік Сәдуақасов та мешіт жұмыстарына көмектесуден қалыс қалған емес. Ағайынды Тасболат пен Бекболат Абғужиновтар жыл сайын қалалық мешіт пен ауылдық елді мекендердегі мешіттерді қысқы отынмен қамтамасыз етеді. Ағайынды Абғужиновтар былтырғы жылы Екібастұз қалалық мешітінің қоршауын тұрғызып берді. «Тамыр» ЖШС директоры Болат Сұңғашұлы мешіттің жылуға төлейтін қаражатын өзі көтереді. Сондай-ақ, ол былтырғы жылы мешітке үлкен кілем алғанда да өз үлесін қосқан азамат. «Шығыс» кеніші директорының орынбасары Әлижан Найымұлы мешітке үнемі жәрдемдесіп отырады. Алла үйінің шаруашылық жұмыстарына «Богатырь-Көмір» ЖШС директорының орынбасары Еркін Рахманқұлов көмектеседі. «Шығыс» автопаркінің директоры Еркен Қабасұлы мешітте білім алатын шәкірттерді өзге облыстарға қыдыртып апарғанда көлікпен қамтамасыз етеді. «Көркем» ЖШС директоры Теміржан Қайыртасұлы да діни билборд, баннерлерді тегін жасап, қайырымдылық көрсетіп жүрген азамат. Өткен жылы Төртқұдық ауылында мешіт тұрғызған «Төртқұдық» алтын комбинатының президенті Әмірхан Могамедұлының да өнегелі істері баршамызға үлгі. Осы аталғандардың барлығы мешіт десе, ішер асын жерге қоятын асыл азаматтар. Сонымен қатар, МАИ қызметкерлері де мешіт маңындағы көлік кептелісін үнемі қадағалап отырады. «Күзет» полициясы Рамазан айында мешіт айналасын бақылайды. Рамазан айында «Таза су» ЖШС таза ауызсумен  қамтамасыз етті. Мешіт жұмысына Екібастұздың бірінші, екінші ГРЭС-тері де үнемі көмектесіп, көмек қолын созады.
                                                                                   Фархат ӘМІРЕНОВ,
                                                                                   Екібастұз қаласы.

                                                                                  

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 31