Иманды адам ешқашан сотқарлық пен содырлыққа ұрынбайды. Керісінше, қоғамның тыныштығы мен бірлігінің негізіне кепіл болып, адамгершілік, мейірімділік, достық секілді қасиеттерді бойына дарытқан ізгілік иесіне айналады.
Осы ретте өскелең ұрпақтың бойына ізгілік нұрын дарыту, имандылық кәусарынан сусындата тәрбиелеу - маңызды міндет. Жуықта Ақтоғай ауданында «Аллаға мадақ, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат» деген атаумен діни-әдеби сайыс болып өтті. Өңірімізде бұрын-соңды болмаған, діни-әдеби сайыс түрінде өткен игі бастама ақпан айының басынан қолға алынған болатын. Үш кезеңнен тұратын сайысқа аудан көлемінен 50-ден астам үміткер қатысты. Алғашқы кезеңде әр қатысушы Абай Құнанбайұлының өзі қалаған бір шығармасын жатқа оқуы шарт болды. Кейінгі екі кезеңде мешіт тарапынан ұсынылған діни өлеңдер мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін мәнерлеп, нақышына келтіре жатқа оқып, жүргізуші ұсынған хадис үзіндісін жалғастырудан тұрды. Өнеге мен өнерді қатар көздеген сайысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты екі топқа іріктеліп жарысты.
Тартысты өткен әдеби сайыс қорытындысы шығарылып, әр топ қатысушыларынан жеңімпаздар анықталды. Бұл ретте қатысушылар сахнада өзін-өзі ұстауы мен мәнерлеп оқу шеберліктеріне орай бағаланды. Жүлдегерлерді марапаттау қорытындысын шығарған қазылар алқасының төрағасы, өңірімізге белгілі айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажанов игі бастамаға белсене қатысқан жас өрендерге алғысын білдіріп, бата берді.
Аталмыш шараның өтуіне себепкер болған Ақтоғай ауданы Жандарбек қожа атындағы мешітінің имамы Ахмедолла қажы қашанда елді имандылық пен береке-бірлікке, татулық пен достыққа үндейтін бастамалар көтеруде. Аудан орталығында Мәуліт мерекесін жоғары деңгейде өткізгендігін атауға болады. Шара соңында сөз алған Ахмедолла қажы бұл бастаманың жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуін көздейтіндігін айтты. Өнегелі де, өрелі шарадан жиналған қауымның әсері ерекше, алғысы мол.
Ж.АМАНТАЙ.

