Бүгінде мұсылмандыққа ден қойған жастардың қатары күн санап арта түсуде. Бұл - әрине, жақсылықтың нышаны. Мешітке жұма намазына бара қалсаңыз Құбылаға бет түзеген жастардың әртүрлі амалмен намаз оқып тұрғанына куә боласыз. Осыған қарап, «кімдікі дұрыс, кімдікі теріс» деген сұрақ туындайтыны анық. «Біз ата-бабамыздың ұстанған жолынан ажырап кеткен жоқпыз ба?» деген ойға қаласыз. Бұл ретте, мәселе мәзһаб пен оны ұстану-ұстанбауда болып отыр. Мәзһаб – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінен кейінгі ислам ғұламалары көрсеткен «нақты сара жол» деген мағынаны береді. Қазір мұсылмандықты қабылдаған жамағаттың бір тобы мәзһаб ұстау керек десе, келесі бір тобы бұған қарсы болып жатады. Аталған мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы - Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлымен сұхбаттасқан едік.
- Жолдас Қоспақұлы, жалпы мәзһаб мәселесі жайлы не айтасыз?
- Алдымен, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтамыз. Ең соңғы ақпар бойынша біздің зайырлы мемлекетіміздегі халықтың 70 пайызы мұсылман дінін ұстанатыны белгілі болып отыр. Осы орайда мәзһаб төңірегінде біршама пікірлер айтылуда. Негізінен, исламда төрт мәзһаб бар. Олар - Ханбали, Шафиғи, Малики, Ханафи (Имам ағзам) мәзһабтары. Ислам тарихындағы осы төрт атақты ғұламаның жолы бір-бірін теріске шығармайды. Олардың арасын- дағы айырмашылық бір-бірінен артықшылығы емес, абзалырағы деп қана ажыратылады. Біз мұсылмандар діни басқармасы тарапынан елімізде алдымен Құран Кәрім кітабы, екінші Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті -ал ақидада (наным-сенім) Матрудидің ілімін фиқ (ілім) мәселесінде Имам Ағзам (Ханафи) мәзһабын ұстанамыз. Ал кейінгі кезде мәзһаб мүлде ұстанбаймын дейтін топ пайда болды. Бұл қателік адасуға ұрындырары.
- Мәзһаб ұстанудың маңыздылығы мен ұстанбаудың қателігі жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
- Мәзһаб ұстану - жамағат арасында жиі айтылып жүрген мәселе. Біз де осыны көпшілікке барынша түсіндіруге тырысудамыз. Әрине, бұл ретте түрлі сұрақтар туындайтыны анық. Оның себебі «мен тек Құран Кәріммен және Пайғамбарымыздың сүннетімен тікелей ғана жүремін» деген ойдан туады. Ал мәзһаб сол Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеттерін түсіндіріп беретін жол екендігін қабылдай алмайды. Құранды 15 ғасырдан кейін де өздігіңнен түсіну оңай емес. «Мен ислам дінін ұстана тұра, мәзһаб ұстанбаймын» деген адамның білімі ұшан-теңіз болуы керек. Мәселен, Құран Кәрімді жатқа білуі, оның мағынасын толық меңгеріп, барша мұсылман ғұламаларының ойларын түйсінуі, хадистерді толық, араб тілін жетік игеріп, грамматикасын жатқа талдауы тиіс дегендей, өте көп дүниені сіңіруге міндетті. Бір сөзбен айтқанда, мұсылмандықтың сара жолын көрсетіп отырған, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге болған сахабаларының көзін көрген, солар арқылы тікелей дін үйренген атақты ғұламалардан асып түсуі қажет. Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес! Бұл әуелі мыңнан біреуге бұйыра қояр ма екен?! Сондықтан қазіргі намазға тұрысымен мен мәзһаб ұстанбаймын деп жүргендердікі қателікке ұрындырады.
- Біздің ата-бабаларымыз қандай жолды ұстанған?
- Ислам діні қазақ даласына алғаш келгеннен бастап Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Бұқар жырау, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сынды текті бабаларымыздың барлығы да осы жолды - Имам Ағзам мәзһабын ұстанған. Ата діннен ажырамау деген - осы. Ал мұсылмандықты мешіттен үйренбеу, дін жолында қателесу ауызбіршіліктің әлсіреуіне әкелері хақ. Сондай-ақ, қазіргі таңда мұсылмандық шарттарын тым ауырлатып түсіндіріп, ұлттық салт-санамызға қайшы ретінде танытып жүрген жастар да жоқ емес. Мұндай діни қателіктерді қазірден түзеп, түсіндіріп қолға алуымыз - маңызды міндет. Сондықтан, дінге келген жастар исламдық шарттарын сырттан емес, мешіттерден үйренгені абзал.
Сұхбаттасқан: Ж.АМАНТАЙ.

