Жомарттық туралы
Аллаһ тағала: «Ей, Адам баласы! Дүние-мүлкіңді игі жолда жұмсағын. Сонда саған да молынан берілетін болады»-деп айтты.
* * *
Уа, Адам баласы! Егер өзіңнен артылған дүниеңді садақа ретінде берсең, сол сен үшін сөзсіз хайырлы болмақ. Ал сараңдық қылсаң, сол дүниең түбінде өзіңе сор болып жабысады. Өзіңе жететін дүние –мүлікке ие болғаның үшін саған айып тағылмайды. Қолыңдағы дүние-мүлкіңді алдымен өзің асырап отырған жандардың қажетіне жұмсағын.
* * *
Садақа берген адамның дәулеті еш уақытта ортаймаған. Аллаһ Тағала өзгелерге кешіріммен қараған құлының мерейін үстем қылады. Сондай-ақ, Аллаһ үшін кішіпейіл болған әрбір адамның дәрежесін өсіреді.
* * *
Расында Аллаһ Тағала адал садақаны ғана қабыл алады. Кімде-кім адал табысынан бір ғана құрманың бағасындай мөлшерде садақа берсе, Аллаһ тағала ол садақаны оң қолымен қабыл алады (міндетті түрде). Содан соң, қайсыбіріңнің мініс тайын баптап өсіргені секілді, Аллаһ Тағала да, адал садақаның берекесін арттырып, берген адам үшін таудай сауапқа айналдырады.
* * *
Торсығыңның аузын буып, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе, Аллаһ Тағала да саған берер ризығын байлап тастайды.

