Ақсу өңірінің мұсылман жамағаты қалалық мәдениет сарайында Мұхаммед Пайғамбардың туған күні - Мәуліт мерекесін атап өтті.
Қасиетті мерекеге жиналған ақсулықтарды Ақсу мешітінің бас имамы Нариман Қажы мен шаһар басшысы Оразгелді Қайыргелдинов құттықтап, шынайы ықылас-тілектерін білдірді.
Мерекеге арналған кешті Астанадан арнайы шақырылған айтыскер ақын Арман Бердалин жүргізіп, тәрбиелік маңызы бар бірқатар мысал-әңгімелерді майын тамызып әңгімелеп берді. Сондай-ақ, кеш барысында облыс орталығындағы «Мұрагер» пансионаты шәкірттері Пайғамбар құрметіне арналған салауаттар айтты. Астаналық мейман Әнуар қажы уағыз айтып, Құран аяттарына түсініктемелер берді. Өңіріміздің танымал айтыскер-ақыны Қуаныш Шарманов Мәуліт мерекесіне арнау-толғаудан шашу шашса, ақсулық домбырашы Лейла Нысанбекова күй орындап, халықтың көңілінен шықты.
Мерекелік шара соңында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның президенті Абдуазим Рустамбаев 100 мың теңге көлемінде тіккен бәйгеге Ислам тарихына арналған сұрақ-жауап ойыны өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша №3 кәсіптік лицейінің студенті Ерболат Салтанат пен астаналық Мәдина Салманова ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ерсін НҰРМАҒАМБЕТҰЛЫ.

