Ертеде бір кедей жігіт хан үйіне ұрлыққа түскен екен. Ұрының аяқ дыбысынан оянып кеткен хан дереу қулыққа көшеді. Қасында жатқан әйелін оятып, әдейі даусын ұрыға естілетіндей етіп шығарып:
- Кемпір, а, кемпір, қызымыз болса бой жетіп отыр. Оны кімге ұзатсақ екен, а?-дейді.
- Қайдан білейін, әкесі-ау, лайық деп тапқан адамыңызға берерсіз. Түн жарымда осыған бола мені оятқаныңыз қалай?- депті әйелі.
- Онда былай етейік, - дейді хан сөзін жалғап – Ертеңнен бастап мешітке бір бақылаушы қояйық. Кімде-кім қырық күн бойы намазын қаза қылмастан оқитын болса, сол мұсылманға қызымызды қалыңсыз-ақ берейік. Әрі біздің бар қазынамыз да соған мұра болып қалсын.
Бұл сөздерді естіген кедей жігіт ханның үйінен бірде-бір затты ұрламастан шығып кетеді. Сөйтіп қырық күн бойы мешітке барып намаз оқып жүріпті. Қырық күн өткен соң хан оны алдына шақырып, қызын бермек болады. Алайда, қырық күн бойы намаз оқып иманы артқан жігіт өзінің ұрлық жасамақ болғаны үшін қысылып:
- Тақсыр, маған сіздің қызыңыздың да, қазынаңыздың да керегі жоқ. Мен осы күніме ризамын. Қазір сізді алдап қызыңызды алып, ана дүниеге барғанда ол үшін жауап берер жайым жоқ, - деген екен.

